Басты бет » Әкімдер есебі » Алдағы мақсат — 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру

Алдағы мақсат — 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру

Әкімдер есебі

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың жұртшылық алдында қорытынды есеп беру кездесуі өтті.

Бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова қатысты.

Бұған дейін қала басшысының есеп беру кездесулері Благодар, Қарғалы, Қурайлы, Жаңақоныс, Сазды ауылдық округтерінде және облыстық филармонияда өткен болатын. Жалпы алғанда бұл кездесулерге облыс орталығының және қалаға қарасты ауылдық округтердің екі жарым мыңдай тұрғындары қатысты.

Тұрғындар үшін қала әкіміне телефон желісі бойынша ұсыныстар енгізуге

және сұрақтар қоюға, электронды пошта арқылы хабарласуға мүмкіндіктер туғызылды,  сондай-ақ қалада және ауылдық округтерде арнайы белгіленген жәшіктер қойылды.

Жұртшылықты толғандырған мәселелерді жедел шешу, қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында Ақтөбе қалалық әкімдігі Ашық есік күні аясында азаматтарды қоғамдық қабылдауды ұйымдастырды. Қоғамдық қабылдауға 700-ден астам адам келді.

Қорытынды есеп беру жиынында қала әкімі Ілияс Испанов атқарылған жұмыстарды талдап көрсетіп, алдағы міндеттер мен  нақты тапсырмаларды айқындады. Ол шаһардың экономикасы мен инвестициялық жобалар туралы сараптама жасап, өнеркәсіпті, аграрлық секторды дамыту, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдау бағдарламалары жөнінде айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту, аумақты абаттандыру және инженерлік коммуникациялар, құрылыс, әлеуметтік сала жұмыстары туралы баяндады.

Өткен жылы қалада өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 364,1 миллиард теңгені құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 17,7 пайыз өсімді білдіреді. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 153,9 миллиард теңгені көрсетіп, 2015 жылғы көрсеткіштен 23,5 пайызға артты. Тауар айналымының көлемі алдындағы жылғы деңгейден 4,2 миллиард теңгеге артық.

Баяндамашы Елбасының биылғы жылғы Жолдауында атап көрсетілгендей, бизнес-ортаны жақсарту мемлекеттің басым бағыттарының бірі болып қала беретіндігін жеткізіп, осы бағыттағы ахуалға тоқталды. Бүгінгі күні шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 42 мың бірлікті құрайды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы 146 жеке кәсіпкерлік нысаны 12,3 миллиард теңгеге мемлекеттік қолдауға ие болды. Нәтижесінде бағдарламаға қатысушылар 4888 жұмыс орнын сақтап қалып, қосымша 1603 жаңа жұмыс орнын ашты.

Қала әкімі бүгінгі күні маңызды болып отырған сала — ауыл шаруашылығы өндірісіне кеңінен шолу жасады. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 18,8 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 22,5 мың гектар алқапқа егін екті. Орташа түсім гектарына 13,1 центнерді құрады, 9464 тонна дәнді дақыл жиналды. Биыл егістік көлемін 27 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспар 33,6 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 8,6 пайызға орындалды. Ал «Алтын асық» бағдарламасы жоспардан 5 есеге артық орындалып отыр, бұл — облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.

Қалаға қарасты өңірде суармалы егістікті дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы суармалы жерлердің көлемі 3689 гектарға жеткізілмекші. Бұдан басқа суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін қосымша құрылыс жұмыстары қолға алынады. Осылайша, 2018 жылы суармалы алқап 9 мың гектарға жеткізілмекші, бұл 1991 жылғы деңгейді білдіреді.

Инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асыру маңызды бағыттардың бірі болып қала бермекші. Есепті жылда қала аумағында құны 4,8 миллиард теңге болатын 4 құрылыс іске қосылды. Бұл аумақта 388 жұмыс орны құрылды. Ал биыл 14,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Осы жұмыстарға сәйкес 546 жұмыс орны құрылымдалмақшы. Бұл қатарда қатты-тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын өндірістік кешен, рельс дәнекерлеу зауыты, жылыжай кешені құрылыстары бой көтереді деп күтілуде.

Ақтөбе қаласы республика бойынша агломерация орталықтарының бірі болып белгіленгені мәлім. Осыған байланысты құрылыс секторы стратегиялық басымдық ретінде дамудың жоғары қарқынына ие болып отыр. Мұның мысалы ретінде жыл ішіндегі өсімнің 11,5 пайызға тең болып отырғаны айтылды.

Тұрғын үйлерді іске қосуда да оң қарқын қалыптасты. 2016 жылы 479,3 мың шаршы метр тұрғын үйдің пайдалануға берілуі — осының айғағы. «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында 540 пәтерді құрайтын 3 биік тұрғын үй тапсырылды. Сондай-ақ 1278 пәтерлік 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды.

Жаңадан іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тез салынатын аз қабатты тұрғын үй сынама жобасы биыл қанат қақпақшы. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында жалпы аумағы 56 мың шаршы метр болатын 430 аз қабатты тұрғын үйлер салынатын болады. Құрылыс салу барысында инженерлік инфрақұрылымдар, сумен, газбен жабдықтау, сондай-ақ кәріз жүйелері жоспарға сәйкес іске қосылып отырады.

Қалада жол инфрақұрылымын жақсартуға айрықша көңіл бөлінуде. Былтыр облыс орталығының автомобиль жолдарын жөндеуге 3 миллиард 100 миллион теңге бөлініп, осы бағыттағы 43 жоба жүзеге асырылды. 36,4 километр жол жөнделді.

Биыл жол жөндеу жұмыстары бойынша 50-ден астам жоба қолға алынбақшы.

— Көше жолдарының көп ұзамай жарақсыздыққа ұшырауының басты себебі — көшелерде судың жинақталып қалуы. Былтыр 5 көшеде суағарлар жасалды. Олар — Ғазиза Жұбанова, 101-атқыштар бригадасы, Иманов, Оспанов көшелері және Сәңкібай батыр даңғылы. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады, — деп атап көрсетті қала әкімі.

Қала инфрақұрылымын тиімді басқару мақсатында былтырдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 28 кәсіпорын құрылды. Олар қала мен қалаға қарасты селолық округтердегі 28 учаске жауапкершілігін мойындарына алды. Басқарудың бұл формасы қазірдің өзінде өз нәтижесін беруде. Осы басқарушы компаниялар иелігіне қызмет көрсету үшін 71 иесіз қалған тұрғын үйлер берілді. Қаланы жылыту маусымына әзірлеу барысында басқарушы компаниялар тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды.

Биыл қала келбетін жаңғырта түсу мақсатында халық тарихының мәдени құндылықтары негізінде жұмыстар атқарылмақшы. Атап айтқанда, «Батыр аналарға тағзым» мұражайлық кешені, «Жұбановтар әуені» музей-үйі, Есет батыр, Бөкенбай батыр, Жалаңтөс Баһадүр батыр және ғалым Нағашыбай Шәйкеновтің ескерткіштері бой көтермекші. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы паркті кеңейту шаралары атқарылады.

Есепті кездесуде тұрғындар үшін маңызды мәселе — жеке үй салу үшін жер алу жайы туралы да айтылды. Қазіргі уақытта кезекте 112 мың адам тұр. Былтыр 3700 жер учаскесі берілсе, биылғы жылы кезек 10000 адамға ілгері жылжымақшы.

Баяндамада басқа да әлеуметтік мәселелер, білім беру сапасын көтеру, денсаулық сақтау, спорт саласын дамыту жайы да сараланды.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер туралы ойларын білдірді. Зейнет жасындағы бірқатар адамдар көлікте тегін жүру жеңілдігін қалпына келтіруді сұрайды. Автобус маршруттарын адамдардың қатынасына қолайлы бағытта өзгерту туралы ұсыныстар айтылды. Жер учаскелерін алу, көше аттарын беру, жарықтандыру, жолдарды жөндеуге, көше тазалығына қатысты сұрақтар қойылды.

Қала әкімі барлық сауалдар бойынша нақты жауап беріп, кейбір түйінді мәселелер бойынша түсіндірме жасады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.      

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>