Басты бет » Мәселе » Жасөспірімдер арасында суицид неге көп?

Жасөспірімдер арасында суицид неге көп?

Облыс әкімі тапсырма берді

Біздің облыста жасөспірімдердің арасында суицид көбейіп кетті. Бұл мәселе, әсіресе, ауылдарда өршіп тұр. Былтыр Шалқар ауданындағы бір елді мекенде 3 оқушы өз-өздеріне қол жұмсап, көз жұмды.

Қоғамдық дертке айналған мәселенің алдын алуды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбековаға шегелеп тапсырды.

«2015 жылы 4 бала өзіне-өзі қол жұмсап, қайтыс болса, былтыр 12 суицид тіркелді. Яғни 3 есеге өсіп кеткен. Жасөспірімдер жүктілігі де азаймай отыр: 156 қыз бала жүкті болған. Ал сіз тәрбие жұмыстары туралы бір ауыз сөз айтқан жоқсыз», — деді Бердібек Сапарбаев облыстағы білім беру мекемелерінің өткен жылғы жұмыстарын  қорытындылауға арналған жиында. («Ақтөбе» газеті. 9 қаңтар 2017 жыл).

Жиында өңір әкімі облыстық білім басқармасының басшысына  оқушылардың тәртіп, тәрбие мәселесіне жіті көңіл бөлуді, балаларды мектептеп тыс уақытта қосымша сабақтарға, үйірмелерге тартуды, ол үшін қолайлы жағдай жасауды нықтап міндеттеді.

Дегенмен, біз облыстық білім басқармасының басшысынан облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында не жоспарлап, нақты қандай жұмыстар қолға алынатынын біле алмадық. Айтқан уәжі: «Суицид туралы жазуға болмайды. Бұл жазатын мәселе емес», — деді. Түсінбедік: дерек елге белгілі. Жасыратындай не қалды?

Суицидтің алдын алу үшін не істеу керек? Біз бұл жөнінде мамандармен сөйлескен едік. Сонымен…

«Суицидтің зардаптарын балаға ерте жастан түсіндірген дұрыс»

Руслан ЖАСАНОВ, облыс прокурорының аға көмекшісі:  

— Былтыр 31 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға әрекет етті. 12 оқушы өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмды. 2015 жылы төрт оқиға тіркелді. 2014 жылы — 7, 2013 жылы 14 суицид болды. Негізі, 2014, 2015 жылдары жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау біршама азайған еді. Бұдан 7-8 жыл бұрын өз-өзін өлтірген балалар 20-дан асып кеткен болатын.

2013 жылға дейін бұл мәселе көбіне облыс орталығында болған-ды. Соңғы жылдардағы талдау қорытындысы бойынша, бұл проблема, әсіресе, ауылдарда өршіп тұр. Мысалы, былтыр мамыр, маусым айларында Шалқар ауданында 10-11-сыныптардың 4 оқушысы асылып өлді. Оның үшеуі бір ауылда  тіркеліп отыр.

Тіркелген әр оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізілді. Оқиға орнына тек қана учаскелік полиция емес, криминалист, прокурор, тергеуші барып, тиісті жұмыстарды істейді. Сараптама жүргізеді. Дегенмен, бірде-бір іс сотқа жолданған жоқ.

Меніңше, Ақтөбеде суицидтің біршама азаюының бір себебі, соңғы 3-4 жылда  қала мектептерінде психологтар саны артты. Қазір қалада 400-ден астам мектеп психологі еңбек етеді. Дегенмен, соның өзінде кейбір мектептерде психологтар аздық етеді. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы №26 мектептің психологі бір өзі көп нәрсеге үлгере алмайтынын айтады. Өйткені мектепте 1200 оқушы бар. Оның үстіне, аралас мектеп.

Ауылдарда психолог тапшы. Сол себепті де, балалармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді.

Психологтар бір жылда екі рет оқушыларға психологиялық сауалнама ұйымдастырады. Сауалнама қорытындысында, өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балалар анықталады. Психологтар сол жасөспірімдермен жұмыс істейді.

Былтыр Бас прокуратураның ықпалымен суицидті насихаттайтын сайттар,  әлеуметтік желілердегі топтар жабылды. Әсіресе, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде мұндай топтар көп болды. Біз бұл жөнінде Бас прокуратураға ақпарат жібердік. Бұл сайттарда өз-өзіне қол жұмсаудың әдіс-тәсілдері насихатталады. Мысалы, дәрі қабылдаған дұрыс па, әлде асылып өлген жеңілірек пе деген мазмұндағы әңгімелер талқыға салынады. Мұндай топтарға облыс бойынша 34 бала тіркелген. Басым бөлігі — Ақтөбе қаласындағы мектептердің оқушылары. Олардың тізімін облыстық ішкі істер департаментіне, облыстық білім басқармасына тапсырдық.

Суицидтің нақты себебін айту қиын. Әлеуметтік мәселе немесе отбасылық жағдайға байланысты деп кесіп айтуға болмайды.

Бұдан үш жыл бұрын бір жасөспірім әжесі компьютер ойнауға рұқсат бермегені үшін тамырын кесіп, өлмекші болды. Абырой болғанда, аман қалды. Баланың айтуынша, ол бұл әрекетті өлу үшін емес, әжесін қорқытқу үшін істепті…

2015 жылы мамыр айында үш суицид тіркелді. Өз-өзін өлтіргеннің екеуі — кәмелеттік жасқа толған оқушылар. Сол кезде БАҚ арқылы «Бұл оқушылардың өз- өзіне қол жұмсау себебі — ұлттық бірыңғай тестілеудің салдары. Балалар ҰБТ тапсырудан қорыққан. Сол себепті, өз-өзіне қол жұмсады» деген мазмұндағы әңгіме айтылды. Тексердік. Қорытындысында, оқиғаның тікелей ұлттық бірыңғай тестілеудің кесірінен болмағаны анықталды. Мысалы, бір жағдай туралы айтайын. Өз-өзіне қол жұмсап, өлген бір қыз бала толық емес отбасында тәрбиеленген. Анасы: «Сабағыңды дұрыс оқып, тестілеуден жақсы балл алып, грант иеленбесең, сені ақылы оқытуға шамам келмейді» деген. Сол күні әкесі қызын кафеге шақырады. Кездесуге «Ата-анам татуласады» деген оймен барған қыздың үміті біржола үзіледі. Себебі, онда әкесі қызын жаңа отбасын таныстыру үшін шақырыпты. Сөйтіп, қыз үйіне көңіл күйі астан-кестен болып қайтады. Анасы ашуланып: «Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? Тестілеуге дайындалмайсың ба? Сені оқыту үшін несие алуым керек пе?» деп ұрсады. Бұдан кейін қыз өз-өзіне қол жұмсайды. Бір-екі ауыз сөз жазған: «Мама, несие алудың ешқандай қажеті жоқ. ҰБТ да болмайды» деп.

Негізі бұл қайғылы жағдай үшін ҰБТ-ның еш қатысы жоқ. Мәселе ата-анасының ажырасуы, әкесінің басқа әйелмен отбасын құруы, анасының қызын түсінбеуі… бірнеше  мәселе қабаттасып кетуінен болды. Сондай-ақ, өтпелі кезеңнің де кері әсері бар.

Астана мен Алматыдағы мектептерде психолог-суицидологтар жұмыс істейді. Олардың тәжірибесі көп. Сол себепті, жұмыс та нәтижелі. Біздің облысқа да сондай мамандар керек. Тым болмаса, сол мамандарды шақыртып, психологтарға тәжірибелерін үйретсек жақсы болар еді. Сондай-ақ, суицидтің алдын алу үшін профилактикалық шараларды барынша көбірек ұйымдастыру керек.

Меніңше, кез келген ата-ана баласына ерте жастан өз-өзіне қол жұмсаудың ақыры орны толмас қайғыға душар ететінін, өте күнәлі іс екендігін жете түсіндіруі керек. Мен бұл жөнінде екі балама 5, 7 жастарында-ақ айтып, түсіндірдім. Бастапқыда бұл туралы сөз қозғау қаншалықты дұрыс деп біраз ойландым. Кейін айтқан жөн деп шештім. Ресейлік телеарналардың бірінен жаңалықты балаларыммен бірге қарап отырған едім, кенет екі қыз баланың бір-бірінің қолынан ұстаған күйі балконнан секіргені көрсетілді. Дереу теледидарды сөндірдім. Балаларымның екеуі бірдей: «Папа, олар неге секірді?» деді. Дәл сол кезде жауап берген жоқпын. Арада 3-4 күн өткен соң олар: «Папа, олар неге секірді?» деп тағы да сұрады. Бұл жолы да сауалдарын жауапсыз қалдыруды жөн көрмедім. Сөйтіп, оларға суицидтің салдары туралы түсіндірдім. «Өмірде адам баласы қандай қиындыққа тап болса да, өз-өзін өлтірмеуі керек. Бұл — үлкен күнә» дегенді кішкентай балапандарым жақсы түсінді.

Ертең кеш болмау үшін балаға ерте жастан мәселенің мәнісін түсіндірген дұрыс деп ойлаймын.

Қоғамдық дертпен күрес — ортақ міндет

Айшуақ ДӘРМЕНҰЛЫ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  аға оқытушысы:

— Барлық жерде «мемлекет пен қоғам үшін басты байлық, ең жоғарғы құндылық — адам, оның өмірі мен бостандығы» деп жазылған. Ресми деректер мен баспасөзге сүйенсек, әлемде жыл сайын миллионға жуық адам өз өмірін қиятын көрінеді. Әлемнің алпауыт және бақуатты елдері АҚШ, Франция, Германияда да бұл проблема бар. Жапония суицидке қарсы күрес үшін жыл сайын 35 миллиардқа жуық доллар бөліп, кешенді түрде табанды күресіп келеді. Екі бүйірдегі көршілеріміз Ресей мен Қытай да қаралы статистика бойынша көш басындағы елдер қатарында.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Халықаралық суицидке қарсы күрес ассоциациясы ұсынысымен БҰҰ 10 қыркүйекті — суицидке қарсы күрес күні деп жариялады. Осы ұйымның есебі бойынша, әрбір 100 мың адам арасынан суицидке жиырма кісі барса, бұл қауіпті деңгей деп саналады. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл көрсеткіш 52-53 адамға жетіп отыр.

ҚР Парламентінің жалпы отырысында, депутаттардың өкіметке жолдаған ресми сұрауларында да бұл мәселе бірнеше рет көтерілген екен. Дүниенің ақпараттануы, адамның табиғаттан алшақтауы, неше түрлі компьютерлік ойындар, көбінесе жастардың арасында суицидтің көбейіп кетуіне әсер етіп отыр. Сондай-ақ, айтылған сынды дұрыс қабылдамауы, қиындықтарға төзбеуі себеп болады. Сонымен қатар, қоғамдағы жат қылықтарға әуес, нашақорлар мен маскүнемдер суицидке бейім келеді. Социология және психология ғылымында кездесетін «миллиондар арасындағы жалғыздық» деген ұғым бар. Яғни, айналасында адамдар толып жүрсе де, субъект өзін жалғыз сезінеді, оның жан дүниесін мүжіген, қажытқан қиындықпен жалғыз қалады.

Өткен жылы Алматыда «Логотерапия немесе өмірге құштарлық» атты академиялық еңбек жарық көрді. Бұл еңбек психология бойынша жиі жарық көріп жатқан басқа кітаптардан өзгерек. Қазіргі кез келген кітап дүкеніне бас сұқсаңыз, «Қалай баю керек?», «Өмірде қалай табысқа жету керек?» деген сықылды мотивациялық кітаптардан көз ашпайсыз. Олардың барлығы рухани болмыс-бітіміңді айшықтап, құндылықтар әлеміне жалғанып, көкірек көзіңді ашуға септесе алмайды. Бар болғаны, қалт еткен мүмкіндікті қапы жібермей, дереу жүзеге асыра қоятын прагматикалық кеңестер ұсынуға бейім. Ал мына кітапта адамның ең биік қалауы мен арманы жайлы түрлі ой-пікірлер егжей-тегжейлі талданған. Сондықтан да аталған кітап оқушының өзін-өзі тануға,  рухани болмысы, еркіндігі, жауапкершілігі туралы білуге септеседі.  Кітап әлемге танымал психотерапевт Виктор Франклдың еңбектерінен құрастырылған. Көптеген орта білім беру мекемелерінде суицидтің алдын алуға бағытталған қазақ тіліндегі оқулық ретінде пайдалы. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қыздар мемлекеттік педагогикалық институты, С.Демирел атындағы  университетте логотерапиямен таныстыру лекциялары өтті. Лекциялар әлемдік логотерапевт және суицидтің алдын алу бойынша докторлық диссертация қорғаған ғалым Виктор Франклдің методологиясымен оқытылады.

2013 жылдан бері «Ел-шежіре» қоғамдық қоры Франклдың идеяларын қазақ аудиториясына таныстырып келеді. «Өмірге ғашық болу!» деген тақырыпта сериялық мақалалары жарық көрді. Бейнероликтер түсірді. Әлеуметтік желілерде өте көп талқыланды. 2015 жылы Алматы қаласы ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, барлық орта мектептерде тақырыптық лекциялар ұйымдастырылды. 2016 жылдан бастап Алматы облысының білім басқармасымен бірлесіп, мектептің психолог мұғалімдерін логотерапия әдіс-тәсілдеріне баулып келеді. Сондай-ақ Алматы қаласында суицидтің алдын алуға бағытталған семинар-тренингтер ұйымдастырады. Пайдалы жаңалықты түсінген кісілер қазірдің өзінде Алматы, Жамбыл, Атырау, Қызылорда облыстарында семинарлар өткізіп үлгерді.

Жаһандану заманында ұлттық құндылықтарды насихаттау, рухани байлықты сақтап қалу да күн тәртібінен түспейтін және кезек күттірмейтін шаруа. Өмірге құштарлық, қиындықтарға мойымай жақсылыққа ұмтылу, өшпейтін үміт отын жандыру қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарында жатыр.

Ақтөбе облысы — республика бойынша маңызды, донор аймақтардың бірі. «Ақтөбе — ел экономикасының локомотиві» деген теңеуді Мемлекет басшысы  бекер айтқан жоқ. Облыс басшылығы оқушыларды мектеп оқулықтарымен тегін қамтамасыз етуге қол жеткізді. Әлеуметтік-мәдени демалыс орындары, бұқаралық спортқа арналған ғимараттар салынып жатыр. Бұл жұмыстардың бәрі айтар ауызға ғана оңай шығар. Бірлік пен табанды еңбек қашанда оң нәтиже беретіні сөзсіз. Суицидке қарсы күрес, бұл індеттің бетін қайтару бүкіл қоғам, барлық құзырлы орындар, білім мен тәрбие мекемелері жұмыла кіріскенде ғана шешуге болатын шаруа деп ойлаймын.

Өз-өзіне қол жұмсау — үлкен күнә

Нұрлыбек КҮЗЕНБАЕВ, «Нұр Ғасыр» облыстық мешітінің найб имамы, дінтанушы:

— Шариғат бойынша адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы — үлкен күнә. Себебі, жан, дене бізге Алланың берген аманаты. Жанды да, денені де жаратқан — Алла. Демек, біз өз-өзімізге қол жұмсап, өзімізді өлтірсек, Аллаға қарсы шыққанымыз. Алла өзі берген жанды өзі ғана алады. Бұл туралы қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 29-30 аяттарында: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында Алла сендерге мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, біз оны тозаққа өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» деген.

Суицид — қоғамдағы үлкен дерт. Әлемде солай. Өкінішке қарай, Қазақстан суицид жөнінен үшінші орында тұр.

Суицидтің себебі не? Бұл туралы әртүрлі мамандар: психологтар, дәрігерлер түрлі пікір айтады. Бірі: «Көктемде адамның ішкі жан дүниесі күйзеліске түседі» деп ауа райымен байланыстырса, бірі әлеуметтік жағдаймен байланыстырады.

Дінтанушы ретінде пікірімді айтайын. Суицидтің ең басты себебі, Алланы толық танып, білмегендіктен, иманның әлсіздігінен. Әр қазақ өзін мұсылман санайды. Дегенмен, өкінішке қарай, ислам дінінің құндылықтарын жете білмейді. «Аллаға сенеміз» дейміз. Дегенмен, Алланы жете танымаймыз. Алланың айтқанын орындамаймыз. Мысалы, ақырет туралы көп нәрсені білмейміз. Зерттеулерге қарағанда, ислам елдеріндегі суицид саны Еуропа, Африка елдерінен көп төмен.

Егер адам баласы иман деген қасиетті жақсы түсінетін болса, сол адам қандай күйге, қандай қиын жағдайға тап  болса да, өзін өлтірмейді. Болмашы нәрсе үшін жастар өздерін құрбан етіп жатыр. Сол кездегі эмоцияның жетегімен өз-өзіне қол жұмсау арқылы «өмірім тынышталды, жаным жай табады» деп ойлайды. Дегенмен, олар өздерін өздері тозаққа итермелегенін білмейді. Өйткені азаптың көкесі адам өз-өзіне қол жұмсап, өлгеннен кейін болады. Бұл туралы Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) былай деген: «Кімде-кім өзін-өзі өлтірсе, жаһаннамда қолына темір алып мәңгі бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал кімде кім у ішіп өлсе, жаһаннам отында мәңгілік у ішумен қалады. Ал кім өзін таудан тастап өлтірсе, жаһаннамда өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады» (Бухаримен Муслим риуаят еткен). Мысалы, адам көп қабатты үйден, биіктен секіріп өлсе, тозақта да сан рет биіктен секіріп, азапталады.

Көп ата-ана баланы бақылаусыз қалдырады. Күнделікті күйбең тірлік, отбасын асырау, несие төлеу керек деп жүріп, баладан алыстап кеткенімізді біле бермейміз. Кешкілік үйге келгенде де, оған көңіл бөліп, әңгімелесіп жарытпаймыз. Шаршағанымызды сылтау етеміз. Керекті заттарын алып берумен ғана шектелеміз. Яғни, балаларға рухани тәрбие, рухани азық жетпей жатыр.

P.S: Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда әр сағат сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болады екен.

Қазір ел ішінде үрей кезіп жүр. Суицидке итермелейтін ойындар көбейіп кетті. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Беги или умри», «Фея», «Көк кит», «Тыныш үй» ойындарына тартатын топтар бар. Мысалы, Ресейден бастау алған «Көк кит» ойыны тез таралып, Орталық Азия елдерін әбігерге түсіріп жатыр. 50 тапсырмадан тұратын ойын шартына сәйкес бала бірнеше күнін ұйықтамай өткізеді. Желідегі жетекшіге тәуелді болады. Виртуалды бұйрыққа бағынудың ақыры, өзін өлтіруге мәжбүрлейді. Олай етпеске амалы жоқ. Өйткені балаға, «ата-анаңды өлтіреміз» деген хабарлама келеді екен.

Деректерге сүйенсек, Ресейде 15 адам көк киттің құрбаны болған. Күні кеше ғана өз-өзіне  қол жұмсап, көз жұмған қарағандылық қыздың өліміне де осы ойын себеп болған деген болжам бар. Оның ұялы телефонында «Көк кит», «Тыныш үй» «4.20. мен ойындамын» деген жазбалар табылған.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

 

 

 

 

 

2 пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    СУИЦИД

    Суицид сөзін латын тілінен қазақ тіліне аударғанда өзін-өзі өлтіру, өзіне өзі қол салу немесе қасақана өз өмірін қию деген мағынаны білдіреді. Қазіргі таңда өзіне-өзі қол салуды мінез-құлқы біржақты ауру, ақыл есі кем адамның іс әрекеті деп айтуға болмайды. Бұл әрекет көп жағдайда есі дұрыс адамның мінез-құлқында да кездесетін жағдай екені анықталып отыр. Сонымен бірге, өзіне-өзі қол салуға қатысты әрекет деп те айтуға болады.
    Жасөспірім кезеңде суициалдық мінез-құлықтың кейбір өзгешеліктері болады. Жасөспірімдер арасында ересектерге қарағанда өзін өзі өлтіруге әрекет жасау жиі кездеседі. Бірақ олардың аз ғана бөлігі ғана өздеріне қол салады. Суициалдық мінез-құлық бұл жаста көп жағдайда демонстративтік сипатта немесе байбаламдық сипатты болып келеді. Жасөспірімдердің 10 пайызы шынайы өлгісі келетін ниет білдірсе, ал 90 пайызының іс әрекеті көмекке шақырған жан-айқайы екені дәлелденген.
    Жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе, отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылық,
    есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің тікелей әсері бар. Ғалымдар бұл абыройсыз өлім көбінесе өмірдегі таршылық, материалдық тапшылықтан, одан қалса ақыл-есі кемдіктен болады деген болжам айтып келеді. Алайда, бай, жағдайы жаман емес немесе мансапты, басшы адамдардың өзін-өзі өлтіруін қалай түсінеміз?
    Статистикалық мәліметке жүгінсек, өзіне-өзі қол жұмсағандардың 1/3 бөлігі маскүнемдік пен нашақорлықтың кеселінен, 2/3 бөлігі депрессияның себебінен көз жұмады – депті.
    Маскүнемдік пен нашақорлық түсінікті, сау кезінде өзін-өзі өлтіру ойында болған, мастықтың не нашаның кесірінен есінен танған кезде сол ойына түскен себепті, не істегенін өзі де білмей қалады.
    Соңғы жылдары мектеп жасындағы оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау оқиғасын жиі қайталануының дендеп кетуінің бір ұшы памперстің кесапатында жатыр. Себебіне үңілсек: «памперс» киіп ержеткен бала қай кезде, қай жерде, қандай күйде болғанына қарамастан(ұйықтап жатып та) дәретінке отырып қояды. Өйткені, ол балада дәретін уақыт пен орынға қарай реттеп, ұстап жүру қабілеті жойылған. Яғни, рефлекс әлсіз немесе қалыптаспай қалған. Сәби кезінде орнықпай қалған рефлекстің зардабын есейгенде тартпақ. Қысқасы, «памперстің» салдарынан дәрет сындыру рефлексі жойылып, «Энурез», яғни шыжың дертіне ұшыраған жасөспірім ақыры өзін-өзі мерт етіп тынады. Шыжың дерті балабақшаны қойып, мектептің жоғарғы сынып оқушылары арасында да көптеп кездеседі. Әрі жыл сайын көбейу үстінде. Дәретіне ие болмаудың ақыры қасіретті жағдайға әкеліп соғады. Ондай жағдайға ұшыраған баланың ішкі күйзелісін әдетте әркім түсіне бермейді. Депрессиялық жағдайға түскен баланы ата-анасы, тәрбиеші, мұғалім, достары, жақындары байқаған бойда психологтің кеңесін алғандары дұрыс.
    Депрессия – қазақтың жабығу, торығу, күйзелу секілді ұғымдарына балама ұғым. Бұл өзі нарықтық қоғам орнаған соң ең көп қолданылатын әрі ең бір сәнді сөзге айналды. Депрессияда жүр едім, депрессияның салдарынан жұмыстан кеттім, болмаса депрессиядан айыққан соң бәрін жаңадан бастаймын деген сөздерді жиі естіле бастады. Адам бойындағы стрестік жағдайлар мен жүйкенің шаршауы депрессияға жетелейді, сондықтан бұл жағдайдың қайсысы қайдан шығып жатқандығын ол біле бермейді. Сонда суицид жағдайында жанүзетіндердің көбі жабығудың, торығудың, күйзелудің торынан құтылудың жолы – өлім деп біліп, солай шешім қабылдайды деген сөз. Депрессиялық жағдайға түскен адам жиі агрессиялы (ұрысқа, қақтығысқа бейім) болады. Сонымен бірге, оның агрессиясы бірінші кезекте өзіне, содан соң жақынына және қоршаған ортасына бағытталады. Көп жағдайда жақындары немесе қоршаған
    ортасы оның бойындағы өзгерістерді түсінбейді де, қабылдай да алмайды. Ал бұл оны көптеген тығырыққа тіреп, соңы суицидке әкеліп соғуы мүмкін.
    Міне, осы жағдайлардың барлығында бірінші кезекте ата-анасының, отбасының, тәрбиешінің, мұғалімнің, медбикелердің, жалпы тәжірибелі дәрігердің, психолог пен психиатрдың, достарының көмегі қажет. Өкінішке орай, жалпы тәжірибелі дәрігергерлер депрессияны дер кезінде анықтағанымен, көпшілік психолог пен психиатр қызметінің не екендігін және оның не үшін қажеттігіне мән бере бермейді. Дегенмен, депрессиялық жағдайда адамға көбінесе отбасы мүшелерінің шынайы қамқорлығы, жақындығы, түсіністігі мен демеуі қажет екенін ескерген жөн.
    Қара түнектей қаптап келе жатқан бұл зұлмат мұсылман елдерін неге айналып өтеді? Өйткені, олар жан – Алланың адам баласына берген аманаты екенін, өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат екенін біледі. Сонымен қатар өзін-өзі өлтіру ауыр күнә екенін, ауыр күнә жасағандығы үшін тозақта азапқа тартылатынын да жақсы біледі. Құдіреті күшті Алла Тағала қасиетті Құранда: «өз өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын
    бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сендерді бұдан тыйған) Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят) дейді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әл-Бұхариден жеткен хадисінде: «Кімде-кім өзін темір қарумен өлтірген болса, ол тозақта әрқашан сол темірді көтеріп жүреді. Ал кімде-кім у ішіп өлетін болса, ол адам тозақта мәңгі у ішіп жүретін болады. Егер біреу өзін өлтірмек болып таудан құласа, ондай адам тозақта мәңгі құздан құлап бара жатады» депті.
    Ендеше, бұл қасіреттен құтылудың жолы – балаларымызға ерте бастан ислам тәрбиесін үйретіп, жүректерін тыныштандырғанымыз абзал. Алланы еске алмайтын жүрек тыныш таппайды. Ақиқатқа жүгінер болсақ Құранда: «Сондай иман келтіргендер; Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын; Алланы еске алумен жүректер орнығады» («Рағыд» сүресі, 28 аят) дейтін аят бар.
    Сіз өзіңізге жақын адамда депрессия басталғанын байқасаңыз, оның себептерін анықтауға тырысыңыз. Бұл – болатын қауіпті жағдайдың алдын алуға пайдасын тигізеді.
    Қазақ халқында «Алла тағаладан өлім тілесең, өмір бойы саған бейнет береді» деген де сөз бар екенін естен шығармаған жөн.
    Осыған орай ұсынылатын психологиялық, медициналық, педагогикалық кеңес:
    1. Депрессия кезінде өзі қызығатын жұмыспен, нәрсемен айналысуына ықпал жасаңыз, көмек беріңіз. Оның бір өзін жеке қалдырмауға тырысыңыз. Егер ол қарсылық білдірсе, онда жайына қалдырыңыз, мүмкін осылай болғаны жақсы шығар, бірақ, қадағалауды ұмытпаңыз.
    2. Оның Сіз үшін қадірлі екендігін, жақсы көретініңізді, оның қаншалықты жақындарыңызға керектігі туралы көп айтыңыз. Оның Сізбен бірге болуы өте қажет екендігін көрсетіңіз, дәлелдеңіз.
    3. Күн тәртібін жиі өзгертіңіз, егер мүмкіндік болса, оның барғысы келіп жүрген жаққа немесе оның жағымды естеліктер қалдырған жерлеріне барып қайтуға тырысыңыз. Бірге жүретін саяхатқа, қыдыруға немесе қонаққа баруды алдын ала жоспарлаңыз. Бұл оған көп көмегін тигізеді, себебі ол жақын болашаққа өз жоспарларын құра бастайды, сөйтіп теріс ойлардан арылуы мүмкін.
    Депрессия адамда жеңіл немесе ауыр өтуі мүмкін. Дегенмен одан сауығып кетуге әбден болады. Өзіңізге жақын адамдарға көңіл бөліңіз, оларды сүйе біліңіз, психолог пен психиатр мамандардан кеңес алудан қорықпаңыз.
    ҰСЫНЫСТАР:
    1.Балабақшаларда, мектептерде жалпы тәжірибелі дәрігерлер, психологтар, психиатрлар ата-аналармен, жасөспірімдермен, мұғалімдермен кездесіп лекция оқу, семинар өткізулері керек. Медбикелер санбюллетень шығару қажет. Мұғалімдер балалардың жасына қарай суицид тақырыбында диктант, шығарма жаздырса болады.
    2.Аурухана, емхана, медпунктерде санбюллетень шығару қажет.
    3.Газет-журналдарда мақалалар, радио-теледидарда психолог, психиатрлармен кездесу, әңгіме өткізу керек.
    4.Мешіттерде жиналған халықпен психологтар, психиатрлар әңгіме, семинарлар өткізгендері жөн.

    Ақтөбе медициналық колледжі,
    «Хирургия, акушерия және гинекология» ЦӘК төрағасы,
    Суицидтің алдын алу комитетінің төрағасы Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ.

    08.02.2017 жыл.

  2. Берік Дәндібаев

    Ең бәрінші ата ана балаға сәл қаттылау болғаны дұрыс тәк болмайынша тәртіп болмайды үйдегі бала бір адамнан ықпаса еркіне жіберсек ол баладан өр көкірек бір беткей болып өсетіні сөзсіз ол сабау емес әкеңе айтам демейтін бе еді мұғалім беделін кетіріп алдық ағайға не апайға айтам деп бір бірімізге сес көрсетуші едік ештеңеден кем болған жоқпыз оқыдық ел басқардық қазір басқаша обай баламды ұрыпты ондай мұғалім неге отыруға тиісті деп дау көтереміз сотқа береміз баланы оқытпайды деп кінәлаймыз тапқан пайдамыз қайда бос үйдег уақытына ешбір ата ана қадағаламайды бала білгенін істейді телефон, компютер ойнайды конки, шаңғы атымен жоқ үйде жұмсалмайды тамағын өзі ішіп киіне алмайтын масылдар көбейіп барады жаяу жүрмейді мектепке машинамен тасиды не деген келеңсіздік сосын олай бұлай дегіміз келеді оланайық ағайыні

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*