Басты бет » Таным » Тылсым күшпен тілдескен Құлқай ата

Тылсым күшпен тілдескен Құлқай ата

Қазақ халқының таным мен наным-сенімінде тылсым күшке сенетін ырым бар. Ғалымдардың пікірінше, бүгінгі оның арнасы жаңаша көзқарасты талап етіп отырғандықтан, түп тамыры наным, дін, философия сияқты үш тұғырдың үстінде тұрғанын көруге болады.

Қазақ салт-дәстүрі, наным-сенімдері мен ырымдары — ұшан-теңіз, бойына талай сырды бүгіп жатқан әлем. Сондықтан да  қазақ халқының аңыз-әңгімелерінде, қисса, жыр-дастандарында кездесетін Тәңірі, Ұмай ана, Баба Түкті Шашты Әзиз, Қыдыр ата, қырық шілтен,  әулиелер мен емшілер, сынықшылар, т.б. кейіпкерлердің әр алуан нұсқада айтылуы — көне замандар адамдарының өздеріне тән танымдық кеңістіктері болғандығының айғағы.

«Миф — нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының (социумның) өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі-сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәлірек айтқанда, «түсіндім» деген стереотипі», — деп анықтама береді Серікбай Қондыбай «Мифология құрылымы мен рәміздері» атты еңбегінде.

С.Сейфуллиннің айтуынша: «Адам ол заманда түрлі хайуандар туралы, жаратылыстың түрлі заттары, құбылыстары туралы әңгіме қылғанда, өздерінің түсінулеріне шындап нанып әңгіме қылатын. Және оларды неше түрлі «керемет», «сиқыр» істеуге, неше түрлі құбылуға қолдарынан келеді деп те сенген. Солардың бірін әңгіме қылған өзінің қиялын шын тәрізді қылып айтатын. Сонымен, бұрынғылар шын деген әңгімелер соңғыларға ертек болып қала берген».

Қандай халық болмасын оның тарихында және салт-дәстүрі мен өмірінде тылсым құпиялар және қазіргі замандағы адамды қайран қалдыратын құбылыстар өте көптеп кездеседі. Мұндай құпиялардың ерекшеліктері мен оған халықтың нанымы мен сенімі, оны өзінің салтымен байланыстыра қарағандығы туралы қазақтың жусан иісі аңқыған сары даласын кезген талай жиһанкездер жазып кеткен. Олар қазақ елінде жиі кездесетін тылсым күш иелері мен емшілік қасиетке ие адамдардың осындай ерекше дарындылығын қарапайым халық құрметтеп, пір тұтқандығын және осындай тылсым күш иелеріне әрдайым сыйынып, оған бас игендігін көреміз.

Атақты Адольф Янушкевич өзінің қолжазбасында: «Қарт қожаның бір қазақтың тілін байлап, ләм-мим дегізбей қойғаны рас па», — деп мен Құнанбайдан сұрадым. Бәрі де осылай болғандығын растады. Бұл қазақтың аты — Айтбай, ол Шалғынбай ауылында тұрады, ол қожаны алдапты, қожа ақиқатқа жетпек болып біраз тырысқанымен Айтбай өз кінәсін мойнына алмай қасарысып отырып алады. Сонда қожа: «О, Алла,өзіме жапқан жаласы үшін мына адамды, мен әділ жазғырсам, ендігәрі өтірік айтпайтындай етіп, сен оның тілін байлап таста», — деп сыйыныпты. Ертеңіне Айтбай тілінен айырылған. «Айтбайға неге қайта тіл бітірмейді», — деп сұрағанымда, «Оған қатты ашулы, оны басқаларға сабақ болатындай қатты жазалағысы келеді» деп жауап берді  Құнанбай», — деп жазады «Саяхаттар күнделігінде».

Атақты Шоқан Уәлиханов та: «…қасиеттерімен қоса білікті, талантты, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, күйші де, сәуегей, емші де, ол сегіз қырлы бір сырлы адам болған. Қазақтар оларды бақсы дейді, ол сөз монғолша — оқытушы, ұйғырлар  бахшы десе, түркімендер осы атаумен өздерінің ақындарын атайды», — деп көрсетеді («Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары».) Академик Әлкей Марғұлан: «Қазақтар бұл атақты ескі жырауларды бақсы дейді, монғолша — үйретуші, ұйғырша — бітікші, түркмендер — бахшы деп өздерінің ақын-жырауларын айтады, қазақ арасында әрбір кісі бақсы бола бермейді, сол сияқты біздегі әрбір адам ақын бола алмайды», — деп жазады («Қазақтың халық музыкасындағы  Қорқыт дәстүрі»). Қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық іргетасын қалаушы тұңғыш профессор Құдайберген Жұбанов: «Табиғаттан тысқары сыртқы бір ірі күштер мен адамның астарласуына керек болған магиялық бір бөлшек екенін көреміз. Олай болса музыканың алғашқы кезде пайда болуы, даму жағдайын осындай істердің маңынан іздеуіміз керек. Ежелгі дәуір адамдары әр заттың, нәрсенің не жақсы, не жаман иесі бар деп түсінген. Сондықтан жақсы жақтағыларды құдай, періште, пайғамбар, әулие деп атап, жаман жақтағыларды шайтан, албасты, пері (мұның да екі түрі бар) деп сенген. Алғашқы қоғамдағы адам бұларды нақты өмір сүретін нәрселер деп білген. Адам баласы: «әлемде бір күш бар, біз соның кұралы», — деп  түсінген. Ол заманда «Қойшы ән салды» дегенді әлгі күш қойшымен ән салады деп түсінгенбіз», — деп жазғаны осы күнге дейін ғылыми маңызын жоймай келе жатқанын көреміз («Қазақ тіл білімінің мәселелері»).

Осындай қазақ халқының өмірі мен тарихында толып жатқан сиқыры мол оқиғалар мен әңгімелерді естіп, атақты ғалымдардың тұжырымдамалары мен пайымдауларын оқи отырып, ел ішіндегі көнекөз қариялардың таңғажайыпқа толы әңгімелеріне құлақ түре жүріп, әлдебір тылсым күштің бар екендігіне сенеміз. Адамзат аспан әлемінің түкпір-түкпіріне ұшып, оны игеруге жанталасып жатқанда, осы бір тылсым күштің адам баласына тигізетін әсерін қазақ халқы көне замандардан бастап-ақ танып, біліп, соған сыйынып, табынып, ондай қасиетке, тылсым күшке ие адамдардың есімдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген.

Сондай ел аузында аты қалған, қалың ел аруағына бас иіп сыйынатын адамдардың бірі — Құлқай ата Түменбайұлы. Құлқай атаны таратып айтатын болсақ, Қабақ — Ханкелді — Пұсырман — Жарас — Түменбай — Құлқай. Құлқай атаның әулиелігі мен емшілік қасиеттері туралы ел ішінде әңгімелер мен аңызға бергісіз болған оқиғалар өте көп. Құлқай атамыздың аруағы жылан болып келеді. «Бір сапарында Түменбай айдаһар жыланға кездесіп, оны арпалысып өлтіріп келгенде, Жарас батырдың сұрауынан кейін ғана айдаһар жылан жатқан жерге алып барғанда, оның тілінің астынан жыға (алтын) алады. Сол жығаны алған адамға оташылық әлулиелігі қонады» деп елдің үлкен ақсақалдары айтып отыратын» (Ж.Оралмағамбетов, М.Есмағанбетов. «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі» кітабы, А.Көздібаев, «Жарас мерген Пұсырманұлы» кітабы). Құлқай атамыздың аруағы жылан болып келеді деген әңгіме осындайдан шыққан.

«Жарас мерген Пұсырманұлы» қоғамдық қорының төрағасы Ислам Имановтың атына Мұғалжар ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Әміралин және ауылдың ақсақалдары Қ.Әжіғұлов, Ә.Намазбаев, А.Достанов, М.Балышев, Ж.Ерекешов, С.Өтемісов қол қойған хат келді. Хаттың негізгі мазмұны сол ауылдың үлкен қорымында жатқан Құлқай атаның басына келген адамдар түнейтін қонақүй салу мәселесін шешуге көмектесуді сұраған өтініш еді. Араға көп уақыт салмай, шілде айының аяғында, ораза біткеннен кейін «Жарас мерген Пұсырманұлы» қоғамдық қорының төрағасы Ислам Иманов, Мұздыбай Сәңкібаев, Дүйсенбай Өтепов және осы жолдардың авторы Мұғалжар ауылына барып, Бақберген ағамыздың үйіне түстік. Ақжарқын жүзді ағамыз түнделетіп келсек те, қуана қарсы алып, бала-келіндері жүгіріп, шай-судың қамына кірісіп жатты. Шай үстінде келген шаруамыз туралы Ислам ағамыз айтып өтті. Ертеңіне таң ата Шалқар жақтан Мамай және Әубәкір ағамыз бен Темірбай Өтепов бастаған адамдар келді. Мақсатымыз осы елдің үлкен ақсақалдарымен келісе отырып, Құлқай атамыздың басына шырақшы отыратын қонақүй салу мәселесін шешу еді. Бұл мәселе бойынша Мұғалжар ауылдық округінің әкімі Ғалым Дәрімбетовке барып жолығып та үлгердік (қазір ол Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары). Жүзі жылы ауыл әкімі мен бас маман Айдар Атаев біз шаруамызды айтқаннан кейін, бірден құп алып, шешуге көмектесетіндерін айтты.

Ауылдың ортасында орналасқан үлкен қорымның ортасындағы Құлқай ата зиратына барып, ауылдың үлкендері Құранның аяттарын барша аруаққа, оның ішінде Құлқай атаның арауғына бағыштады. Шаруаларымызды шешіп үйге келсек, сол ауылдың үлкен ақсақалдары мен әжелеріміз, жеңгелеріміз жиналып қалған екен. Үлкен ас үстінде келген шаруамыздың жай-жапсарын Ислам Иманов айтып, ақсақалдардың пікірін сұрады. Ауыл адамдары бұл мәселені толық қолдайтындарын, қолдан келетін көмектің бәрін жасайтындығын айтты.

Осы жерде сәл шегініс жасап, атамыздың әулиелігі туралы, Құлқай атамыздың жатқан жерін белгілеп, басына құлпытас қоюдың өзі үлкен бір әңгіме болғандығына тоқтала өтсек.

Бірінші  желі.  Бұл әңгімені сол ауылға барғанда естідік: «Мен, Жолбаева Ажаргүл  Төлмағанбетқызы, 1960 жылы Мұғалжар ауылында, қарапайым теміржолшылар  отбасында дүниеге келдім. Әкем Төлмағанбет, анам Шамшырақ 10 бала тәрбиелеген теміржолшылар. Біздің ата-бабамыз екі ғасырдан бері осы таудың қойнауында тұрады. Назардың Бәйімбет руынан тараған Ермағанбет атамыздан өрбіген төрт ағайынды — Қазмағанбет, Жолбай, Құспағанбет, Әділ деген аталарымыз болған. Біз ес білгелі ауылда Құспағанбет деген атамызды танимыз, қалған аталар ертеректе өмірден өтіп кеткен. Осы атамыз ауданға, облысқа белгілі, көрік ұстаған, ағаштан түйін түйген, құлыптас шапқан шебер, ұста болды. Бұл атамыздың өмірден өткеніне  биыл 40 жыл болыпты. 12-13 жасымда атамның айтып отырған әңгімесінен есімде қалғаны мынау. Таңертең малды өріске жібере салып, ат жегіп, арбамен шөпке бет алғанда, қырдың басынан жалғыз аққудың ұшып шыққанын көреді, яғни бейттің ортасынан. Атын доғара салып, дәл сол жерге барып, таспен белгілеп кетіп, көп ұзатпай  құлыптас шауып, белгі қояды. Қазіргі таңда Құлқай атаның кесенесінің ішінде сол құлыптас тұр. Атамның айтуынша, жергілікті халық әулие атаның сол қауымда бар екенін білгенімен, дәл жерленген жерін нақты білмейді екен. Атамыз жалғыз киелі аққу ол жерден тегін ұшпайды, ол сол атаның аруағы маған көрінген деп отыратын. 1999 жылы жаз шығысымен үйімізге Шалқардан Айсан, Иманияз, Нұрдәулет сияқты белгілі ағаларымыз келіп түсті, енеме  келген шаруаларын айтып ақылдасты. Біздің үйге жақын қауымдағы Құлқай атамыздың бейітін көтеріп, біздің үйге ас беретін болып келісті, көрші-көлемнен 10-11 үй дайындадық. Облыстан, Алматы, Ресейден  көптеген қонақтар келді».

Екінші желі. Сол ауылдың тұрғыны Қалиев  Бекасыл: «Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында үлкен апамның үстіне қазандағы қайнаған су төгіліп, денесінің 90-95 пайызы күйіп қалды. Ауданнан келген дәрігерлер бұл кісі енді адам болмайды, өледі деп диагноз қойып кетті. Сонымен үйіші болып, жанында күні-түні күзетте отырдық. Бір күні түнде апам оянып, маған қарап: «Түсіме ата кірді, мені айналып, арқамнан сипап, «енді, балам, өлмейсің» деді де есіктен шығып кетті. Атаның басынан бір уыс топырақ алып кел», — деді. Ертеңгісін ерте тұрып, қорымның басына келіп, білген дұғамды ішімнен оқып, шет жағынан бір уыс топырақ алдым. Үйге келгеннен кейін, әлгі топырақты кәдімгі қара суға қайнатып ішті. Денсаулығы күн өткен сайын жақсарып, ақыры жазылып кетті. Араға жиырма жыл салып барып, балалары мен немерелерінің алдында өсиетін айтып, бұл дүниеден өтті».

Үшінші желі. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Шалқар жаққа шаруаларымен барған Ислам Иманов қасында екі-үш жігіт бар, таудан өткеннен кейін Мұғалжар ауылындағы Бақберген ағамыздың үйіне түседі, алды түн болғандықтан ағамыздың ауласындағы өсіп тұрған үлкен теректің түбіне төсек салдырып, жатып қалады. Себебі, ағамыздың зайыбы қатты ауырып, төсек тартып жатыр екен. Ертеңгісін ертерек тұрып, шай-су ішкеннен кейін, қош айтысып жолға шығады. Үлкен күре жолға шыққаннан кейін артынан Бақберген ағамыз телефон шалып: «Сендер аман қалдыңдар, сендер жатқан жерден жуандығы кішкентай баланың білегіндей ақ сарыбас жылан шықты. Ол бірден үйге қарай тартты, алайда табалдырыққа жеткізбей, күрекпен ұрып өлтіріп, есіктің алдындағы құдықтың түбіне көміп тастадым», — деп хабарлайды. Сонда Ислам ағамыз: «Қап, аға, ол атамыздың аруағы еді ғой, үйдегі ауырып жатқан жеңгемізге бара жатқан ғой, бекер олай істеген екенсіз, енді не болғанда да болар іс болды, жаңағы жыланды көмген жерді барып қараңыз, жылан бар ма, жоқ па?», — депті. Шамалы уақыт өткеннен кейін ағамыз: «Көмген жерімде жылан жоқ», — дейді.

Құлқай атамызға қатысты әңгімелерінде ауыл ақсақалдары тылсым күшті меңгерген аруақты адам екенін айта отырып, осы ауылда туып-өскен, көп жылдан мектеп басқарып, мұғалім болып сабақ берген жігіттің отбасы туралы да айтты. Жас жігіттің келіншегі алғашқы перзентін дүниеге әкелгенде қатты қиналыпты. Дәрігерлер енді бала көтеруге болмайтындығын, оның өз өміріне қауіпті екенін айтады. Ол кезде жас отбасы басқа ауылда мектепте жұмыс жасайды екен. Кейін олар өздерінің туған ауылына көшіп келіп, садақа беріп, атаның басына түнеп, тілек тілейді. Араға жыл салып барып әлгі отбасы ұлды болыпты, біз отырған бөлмеде сол кішкентай бала шауып ойнап жүрді, бәріміз де «тіл-көзден аман болғай, үлкен азамат болсын» деп тілек айттық.

Мұны айтып отырған себебіміз, қазірге дейін атаның зиратын іздеп келіп, басына түнейтін адамдар көп. Олардың келгенде жататын үйлері болмай таныстары мен туысқандарының үйлерін жағалайтын көрінеді. Егерде аудандық әкімдік пен жергілікті жердің билік өкілдері «Жарас мерген Пұсырманұлы» қоғамдық қорының ұсынысын қолдап, шырақшы отыратын және қонақүй салуға рұқсат берсе, қоғамдық қор барлық шығын мен қаражатты өз мойындарына алып, тездетіп салуға мүдделі болып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруда атамыздың ұрпағы Дүйсенбай Өтепов бас болып қазір жұмыстар жасап жатыр. Ең алдымен қонақүй салатын жер белгіленіп, қаржы жағы шешілуде. Алдағы жылы  атамыздың басына үлкен ас беру де жоспарлануда.

Сөз соңында айтарымыз, қазақ халқында сөзі мен ісі ерекше бір тылсым күшпен  байланысқа түскен, соның иесі болып халыққа көмектескен, ел аузында сақталып қалған адамдардың аса күрделі де құпия жұмбақ өмірі әлі де болса қызығушылық тудырып келеді. Біз бұл қысқаша мақаламызда қазақтың сайын даласында өмір сүрген тұлға Құлқай ата туралы айта отырып, атамызға қатысты материалдарды топтастыруда әлі де болса көптеген жұмыстардың бар екеніне көз жеткіздік.

 Нұрдәулет АЛДАШЕВ,

филология ғылымының кандидаты, доцент.

Ақтөбе қаласы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*