Басты бет » Басты жаңалықтар » Жауынгерлер құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Жауынгерлер құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының құрылған күні мерекесіне орай, өткен жылдың 5 маусымы күнгі қақтығыс кезінде қаза болған жауынгерлер рухына арналған мемориалдық ескерткіш тақтасының ашылуы өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Глеб Щегельский, Жамбыл Ахметбеков, Құралай Қаракен, ерлікпен қаза тапқан әскери азаматтардың ата-аналары мен туыстары, ардагерлер жиналды.  

Шара барысында сөз алған өңір басшысы:

— Әрбір мемлекеттің ең басты құндылықтары — бейбітшілік, тыныштық, тұрақтылық. Өткен 25 жыл ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты да осы құндылықтарды қазақстандықтардың өміріне енгізу болатын. Өкінішке қарай, терроризм мен экстремизмнің әсері Ақтөбе жеріне тиді. Жауынгерлер жас та болса, Отан алдындағы борыштарын ақтау кезінде, халықтың тыныштығын сақтау үшін ең қымбат өмірлерін қиды. Олар өсіп келе жатқан жас ұрпаққа тәрбиелік өнеге көрсетті. Елді сүю, ұлт алдындағы өзіндік борышыңды ақтау керек екендігін танытты. Сондықтан бұл азаматтардың ерліктері ұмытылмайды. Елімізде енді тек қана бейбітшілік болсын, — деді.

19 жасқа толар-толмас шағында әскери борышын өтей жүріп, ерлікпен қаза тапқан Досбол Сапардың әкесі Еркінбек Абдулқадыров баласының қазасы ауыр тигенін айтты.

— Досбол — тұңғыш балам. Ұлымның қазасы өте ауыр тиді. Әлі күнге сенгім келмейді.  Оқиға болардан бір күн бұрын анасымен сөйлескен болатын. Былтыр желтоқсан айында үйімізге оралады деп күтіп жүргенбіз. Әскери ант қабылдаған сәтінде арнайы өзім келдім.  Борышын өтеп шыққаннан кейін, оның арманы әскери қызметкер болу еді. Мұндай жағдай енді елімізде ешқашан орын алмаса екен деп тілеймін, — деді Еркінбек Абдулқадыров.

Мемориалдық тақтаны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Абай Тасболатов салтанатты түрде ашты.

Шара барысында оқиға орнында ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Берікжан Қалиевтің анасы Гүлжан Еренова сөз сөйледі.

— Ұлым Отан алдындағы борышын адал атқарды. Берікжан менің ғана емес, барша қазақтың ұлы деп санаймын. Жақында Елбасының шақыртуымен Астана қаласында болдым. Баламның еңбегін бағалап, 3-ші дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Бүгін ескерткіш белгі орнатуға атсалысқан барша азаматтарға рақметімді айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді ол.

Құқықтық тәртіп әскерінің құрылғанына 25 жыл толуына орай және мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін «Қазақстан Республикасының құқықтық тәртіп әскеріне — 25 жыл» белгісімен бірнеше азамат марапатталды. Олардың қатарында ефрейтор Жеңіс Табынбаев, сержант Ғабит Рақымжанұлы, медицина пунктінің аға маманы Ирина Балмағамбетова, ҚР Ұлттық ұланы Әскери институтының 1-курс курсанты Бақтияр Қайырбеков, басқа да әскери қызметкерлер бар.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлығы үшін майор Даниеэль Майлыбаевтың ағасы Аян Майлыбаевқа ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталып, «подполковник» әскери атағы берілді. Кіші сержант Берікжан Қалиевтің анасы Гүлжан Төлеқызы және қатардағы жауынгер Досбол Сапардың әкесі Еркінбек Абдулқадыровқа ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені тапсырылды.

Жаңадан орнатылған мемориалдық тақта алдына гүл шоқтары қойылды. Батырлар рухына үнсіздік жарияланып, тағзым етілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*