Басты бет » Басты жаңалықтар » Владимир Божко Ассамблея мүшелерімен кездесті

Владимир Божко Ассамблея мүшелерімен кездесті

Дүйсенбі күні Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ұлттық-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық кеңес мүшелерімен  кездесті.

Алдымен Владимир Божко облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге ұлттық-мәдени бірлестіктердің мұражайын аралады. Бұдан кейін мәжіліс залында ұлттық-мәдени бірлестік жетекшілері мен қоғамдық кеңес өкілдерімен кездесті.

Басқосу аясында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныс­тырды.

  • Бүгінгі күні біздің жұмысымыздың басты нәтижесі — ол тұрақтылық. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қиындықтарға қарамастан, бүгінде өңірімізде жағдай тұрақты, халықтың әл-ауқаты жақсы. Біздің облыста 90-нан астам ұлттың өкілі тұрады. Соған қарамастан олар тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлық ұлт өкілдері қоғамдық, мерекелік іс-шараларға белсене атсалысады. Бүгінде облыста 18 ұлттық-мәдени бірлестік жұмыс жасайды. Бірлестік мүшелерінің бәрі белсенді. Өткен жылды ойдағыдай аяқтадық. Ең бастысы, Президент назарда ұстап отырған зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақылар уақытында төленді. Облыс бойынша негізгі көрсеткіштер толықтай орындалды. Қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде шығарып жатқан өнімдерімізге, оның ішінде мұнай мен металға сұраныстың төмендегеніне қарамастан, облысымыз жақсы көрсеткіштерге жетіп отыр. Сондай-ақ биылғы жылы өңірімізде жаңа ұйымдар, кәсіпорындар ашылып, жыл артып өндіріс қарқыны дамып келеді. Ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласы да өткен жылмен салыстырғанда едәуір дамыды. Бүгінгі күні облыста жұмыссыздық деңгейі — 4,8 пайыз. Сонымен қатар өткен жылы облыста 8 мектеп, 42 мектепке дейінгі ұйым бой көтерді. Мұның бәрі — елдегі тұрақтылықтың арқасында жүзеге асырылған жұмыстар, — деді Б.Сапарбаев.

Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе филиалы хатшылығының меңгерушісі Бұлбұл Елеусінова өткен жылғы атқарылған жұмыстар туралы айтып, Ассамблеяның өңіріміздің дамуы мен алға жылжуына бағытталған бастамаларды қашанда қолдайтынын жеткізді. Өз сөзінде Бұлбұл Елеусінова Ассамблеяға, сондай-ақ ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысына облыс басшысы әрдайым қолдау көрсететінін атап өтті.

Кездесуде сондай-ақ тарих ғылымының докторы Нұртаза Абдоллаев, «Қазақстан корейлері» қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Константин Цхай және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Сергей Вишняк өңірдегі бірлік пен татулықты нығайту, жастарды теріс діни ағымдардан сақтандыру, келеңсіз оқиғаларға жол бермеу сияқты өзекті мәселелерге тоқталып, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарына өз ұсыныс-сауалдарын қойды.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев Владимир Божконың Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан депутат болып сайланғанын айта келе, Ақтөбе өңіріне арнайы келгені үшін оған өз ризашылығын білдіріп, сөз кезегін ұсынды.

Владимир Божко басқосуда сөз сөйлегендердің айтқан ұсыныс-тілектері жайлы өз ойын білдіріп, елдегі тұрақтылық пен бірлікті, достықты нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының ерекше рөл атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ ол өткен жылы Ақтөбеде болған қайғылы оқиғаға байланысты өңірде, жалпы елімізде діни сауаттылыққа көңіл бөліп, әр адаммен жұмыс істеу керектігін айтты.

  • Елбасымыз айтқандай, біз әрбір адамды тыңдай, зерттей білуіміз керек. Сонда ғана біз мұндай мәселелерден аулақ боламыз. Сондай-ақ билік өз азаматтарын естісе, сонда ғана мемлекетіміз тұрақты, баянды болады, — деді ол.

Басқосуда елдегі экстремизмнің пайда болуының экономикалық және  идеологиялық себептері, оның алдын алу, осы бағыттағы мәселелерді шешу туралы айта келіп, Ақтөбе өңіріне келгеніне қуанышты екенін жеткізген В.Божко сөзінің соңында:

  • Менің бұл өңірге жұмыс сапарымен келу себебім — бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттардың елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтауда қандай жұмыстар атқарып жатқандығын, сондай-ақ, Елбасының «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің маңыздылығын түсіндіру, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру. Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған үлкен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында экономикамыздың қарқынды дамып келе жатқандығын айтқан болатын. Сондықтан біз осы қалпымыздан таймай, алдағы уақытта бұдан да үлкен биікке ұмтылуымыз керек. 25 жыл бұрын «Бір ғана ұлт қалай мемлекетті басқарады?», «Бұл ел қалай өсіп, өркендейді?» дегендер болды. Алайда Елбасының арқасында біз егемен ел, жаңа мемлекет болдық. Елбасымыздың көрегендігі мен кө­семдігінің, батыл шешімдерінің арқасында еліміз экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, ертеңіне сенетін еңселі елге айналды, — деді.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*