Басты бет » Жаңалықтар » Мәжіліс депутаттары алғалықтармен ашық әңгімелесті

Мәжіліс депутаттары алғалықтармен ашық әңгімелесті

Бұған дейін Мәртөк, Қобда аудандарында болған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абай Тасболатов пен Бақтықожа Ізмұхамбетов дүйсенбіде Алға қаласына да барды. Мұнда олар №3 Алға қазақ орта мектебінде бір топ белсенді алғалық азаматтармен кездесіп, ашық әңгіме өрбітті.

Әуелі Мәжіліс депутаттары құрылғанына 50 жылдан асқан мектепті аралап көріп, қазіргі жағдайымен танысты. Қонақтарды облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен аудан әкімі Мавр Абдуллин бастап жүрді. Өткен жылдың соңында осы мектептің 6 кабинеті жаңартылыпты. Депутаттар оқушылармен шүйіркелесті: осы жерде қазіргі таңда техника ғылымдарының докторы Бақтықожа мектепті алтын медальмен бітіргенін, 1964 жылы республикалық пәндік олимпиадада математикадан бірінші орын алып, Бүкілодақтық олимпиадаға қатысқанын білдік. Сондай-ақ, генерал-лейтенант, тарих және әскери ғылымдарының докторы Абай Тасболатов оқушыларға математиканы жетік білмегенде әскери училищеге түсе алмайтынын айтып, осы пәнге маңыз беру керектігін баса айтты. Сондай-ақ, әскери шенді депутат мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Бақытхан Тұрардан сабақ барысын сұрап, әскери-патриоттық тақырыптағы көрнекіліктерді әлі де көбейту керектігіне кеңес берді.

Кездесуді бастаған Бақтықожа Салахатдинұлы алдымен еліміздің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына абыройлы жеткенін, ең бастысы, тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқанымыздың да сол Тәуелсіздіктің жемісі екенін айтып өтті.

— Біздің мақсат —  өңірдегі мәселелерді көтеру. Сол үшін де сіздермен кездесіп, өз ауыздарыңыздан естуге келдік. Ұсыныстарыңыз бен сұрақтарыңыз болса айтыңыздар. Жергілікті жерде шеше алмасақ, мәселені Мәжілісте көтеретін боламыз. Барлық айтылған сұрақтар мен ұсыныстарды жазып аламыз, — деді ол.

Алғадағы орталық аудандық ауруханада қырық жылдан астам дәрігер болған еңбек ардагері, зейнеткер Сағынғали Тәженов: «Мәселе көп. Бірақ, аудан әкімінің оның бәрін шешуге құзыреті жете бермейді. Мысалы, біздің Алғада алкоголь өнімдерін шығаратын зауыт болды. Былтыр сол зауыт жабылып, 200-дей адам жұмыссыз қалды. Бір кездері ол аудан бюджетіне салық түрінде 50 пайыздан астам табыс түсіріп отырған еді. Тағы бір көңіл аударарлық мәселе — Ақтөбе-Атырау тасжолы құрылысы. Өз уақытында осы жоба көп айтылды, 2016 жылы құрылысы басталуы керек еді, алайда ештеңе жасалған жоқ. Бұл жоба жол қатынасын реттеп қана қоймайды, кәсіпкерлерге де зор мүмкіндік берер еді. Бұл жай жол емес, кемпинг, автошеберхана және жаңа жұмыс орындары ғой», — деді алғалықтардың көкейінде жүрген мәселелерді қозғап.

Ал «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Амангелді Сейдалиев көптеген маңызды мәселелерді алға тартты:

— Біз күн сайын дүкендегі ең бірінші кезектегі керек азық-түлік бағасын көтермеуін қадағалау мақсатында мониторинг жүргізіп отырамыз. Бірақ, бағаны тұрақты ұстап тұруға біздің күшіміз жетпейді, баяу болса да, баға шарықтап барады. Мүмкін, бағаны өсіру-өсірмеуді жергілікті жерде емес, өнім өндіретін жерде шешу керек шығар?

Сондай-ақ, оралмандардың да мәселелерін ойлауымыз керек. Кейде олар бір анықтама үшін мыңдаған шақырым жердегі Өзбекстанға немесе басқа елдерге баруларына тура келіп жатады. Осындай құжат рәсімдеуді жеңілдетуге, яғни, осы жерде реттеуге болмас па екен?

Депутаттарымыз мемлекеттік бағдарламалардың кейбір бөлімдеріне зер салып қараса екен. Мысалы, жақсы бағдарламаның бірі — «Дипломмен — ауылға» тек қана ауылдық жерлерге ғана тиесілі, осыны қала статусы бар аудан орталықтарына да таратуға болмас па екен? Айталық, Алғаның өзінде жоғары білімді мамандар тапшы.

Тағы бір жайт, ауылда «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары кейбір жағдайларда іске аспай жатады. Басты себеп — жаңа іс бастап немесе бизнесін кеңейткісі келетін кәсіпкерлердің көбінде кепілдікке қоятын мүлкі жоқ. Бұл мәселені де ойластырса, жақсы болар еді, — деді Амангелді Сейдалиев.

Басқа да тұрғындар сауалдарын қойып, тілектерін айтты. Бақтықожа Ізмұхамбетов кездесу барысында қойылған сұрақтарға шолу жасаса, Абай Тасболатов осындай кездесулердің маңызды екенін, осы залда айтылған ұсыныс-тілектерді жазып алғанын, бәріне де жауап берілетініне уәде берді.

Одан соң Мәжіліс депутаттары бастаған топ Алға ет өңдеу кешеніне барып, кәсіпорын қызметкерлерімен кездесіп, жағдайларымен танысты. Кәсіпорын директоры Вахтанга Джиджиешвили неміс техникасымен жабдықталған комбинат ішін аралатып көрсетіп, шикізат өздерінен екенін, яғни асылтұқымды абердино-ангус сиырларын өсіріп, ет және ет өнімдерін нарыққа ұсынатындарын, өнімдердің халал стандартымен өндірілетінін әңгімеледі.

— Мұндай кәсіпорындар өте қажет, — деп атап өтті Бақтықожа Ізмұхамбетов. — Олар тек жаңа жұмыс орындарын ғана ұсынып қоймайды, сондай-ақ, отандық өнімдерді де ұсынуға мүмкіндік береді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>