Басты бет » Жаңалықтар » Аудандарда бизнес-инкубатор ашылады

Аудандарда бизнес-инкубатор ашылады

Брифинг

 Бизнес-инкубатор — бизнесті дамыту үшін қаржылай және техникалық жәрдем іздеуге көмек көрсетеді. Биыл облыстың әр ауданында бизнес-инкубатор ашылады. Қазір бұл пилоттық жоба Хромтауда жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы кеше «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен брифингте мәлім болды.

Брифингте облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова мен «Даму» қорының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жеделбек  Мұрзағалиев өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп берді.

Қай мемлекет, қай өңір болмасын, сол жердегі ішкі өнімнің, оның ішінде шағын және орта бизнестен түскен өнімнің қаншалықты екені — ең маңызды мәселе. Бұл — өңірде ішкі өнімнің қанша пайызы шағын және орта бизнестің үлесіне тиеді деген сөз.  Өткен жылдың қорытындысы бойынша, аймақта бұл көрсеткіш жоғарылады, яғни 22,1 пайыз. 2015 жылы бұл көрсеткіш облыста 17,8 пайыз болды. Қазір облыста экономикаға қабілетті адамдардың шағын және орта бизнес саласында еңбек ету көрсеткіші — 30 пайыз. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсу тенденциясына ие болып отыр. Былтыр 11 айдың қорытындысы бойынша аймақта шағын және орта бизнеске қабілетті адамдардың саны 50600-ден асып, бүгінгі күні 100 пайыздан астам жоғары көрсеткішке ие болып отырмыз.   Әрине, облысымызда мұндай көрсеткіштердің өсуі, шағын және орта бизнестің өсуі — ең басты кезекте мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдаудың жемісі, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы А.Даржанова.

2016 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау және дамытудың бірыңғай бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша Ақтөбе облысы республикада бірінші қатардан көрініпті. Ж.Мұрзағалиевтің айтуынша, былтыр жыл басынан бастап аталған бағдарлама бойынша барлығы 15,6 миллиард теңгеге 157 жоба субсидияланған. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық.

Ауылдық жерде жүзеге асырылған жобаларды мемлекет тарапынан субсидиялаудың саны өсті. Яғни, ауылдық жерлердегі 52 субсидияландыру жобасы барлық жобалардың 33 пайызын құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысы аймақтық үйлестіру комиссиясы оң шешім қабылдаған субсидиялау жобаларымен республикада екінші орынды иеленді, — деді Ж.Мұрзағалиев.

Қор басшысының айтуынша, өткен жылы ақтөбелік кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар аясында «Даму» қоры арқылы барлығы 529 қаржы құрылғылары бойынша жалпы құны 33,1 млрд теңгеге қолдау көрсетілген.

Ж.Мұрзағалиев өз сөзінде аймақта жаңадан қолға алынған тың әрі қызықты жобаларға да тоқталып өтті. Өткен жылы «Даму» қоры арқылы «Кең Дала» аймақтық қаржыландыру бағдарламасы бойынша жалпы құны 505,8 млн теңгеге 43 жоба қаржыландырылса, «Ақтөбе ЖасСтарт» бағдарламасы шеңберінде 15 жобаға (182,1 млн теңге) қолдау көрсетілген.

Биыл да қор тарапынан кәсіпкерлерге, әсіресе жас кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетілмек. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға айрықша басымдық берілмек.

Өз сөзінде А.Даржанова биылдан бастап облыстың әр өңірінде бизнес-инкубаторлар ашылатынын айтты. Бұның өз кезегінде бизнесті дамыту үшін кәсіпкерлерді қаржылай және техникалық қолдауда тиімділігі өте зор. Бүгінгі күні бұл пилоттық жоба «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы  Хромтау ауданында жүзеге асырылып жатыр.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*