Басты бет » Әлеумет » «Парыз» қорынан тағы 193 ақтөбелік отбасы көмек алды

«Парыз» қорынан тағы 193 ақтөбелік отбасы көмек алды

Былтырғы қарашада облыс әкімінің бастамасымен «Парыз» қайырымдылық қоры құрылып, оған мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, кәсіподақ ұйымдары бір күндік жалақыларын ерікті түрде аударды.

Құрылған қордың негізгі мақсаты – көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету.

19 қарашада өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған қайырымдылық акциясы өткізіліп, шара барысында 1000-нан астам ақтөбелік отбасыға 50 миллион теңге көмек көрсетілді.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында бұл игі іс жалғасын тауып, Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардан 193 мұқтаж жандарға «Парыз» қорынан 23,9 миллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Атап айтқанда, Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылының тұрғыны Нағиев Рахат ақсақалға  тұрғын үйін жөндеуге  503,0 мың теңге қаражат  берілді. Жөндеу жұмыстарын Ақкемер ауылдық округ әкімдігінің жетекшілігімен  «Қайрат» ЖШС  іске асырады.

Мұғалжар ауданындағы Ембі қаласының тұрғыны, жетім балалар үйінің түлегі Әмір Жағабаевқа пәтер беріліп, осы пәтердің  жөндеу жұмыстарына  қаражат бөлінді.

Ондаған отбасылар ҚР бойынша емханаларда емделуге, отын алуға, үйлеріне көгілдір отын кіргізу үшін материалдық көмек алды.

29 желтоқсанда Ұлы Отан соғысына қатысқан 100 ардагер және мүгедек жандарға 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Демеушілік көмек көрсету жұмыстары облыс бойынша жалғасады.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*