Басты бет » Басты жаңалықтар » Мәжіліс депутаттары ардагерлермен кездесті

Мәжіліс депутаттары ардагерлермен кездесті

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары ардагерлермен кездесті. Астанадан келген халық қалаулыларын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы өңірде атқарылған жұмыстармен таныстыра келіп, аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне байыптама жасады.

— 2016 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысының  негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің төмендеуін болдырмау бойынша берілген тапсырмаларын толықтай жүзеге асырды. Облыста өнеркәсіп өндірісі көлемі, негізгі капиталға инвестициялар тарту, белсенді шағын және орта бизнес нысандарының саны, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі, облыстағы мемлекеттік кіріс бюджетінің  жылдық жоспары 100 пайыздан астам орындалды. Сондай-ақ,  құрылыс жұмыстары және бөлшек тауар айналымы көлемдері де жыл қорытындысы бойынша толық орындалады деп күтілуде, деді аумақ басшысы өз сөзінде.

Бердібек Сапарбаев облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтижелерге қол жеткізілгенін айта келіп, зейнетақыдан, жәрдемақыдан және жалақыдан бережақ болмағанын, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне тосқауыл қойылғанын атап көрсетті. Өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар биыл да жалғасатын болады. Осы жылғы бюджет былтырғымен салыстырғанда 15 пайызға артты. Сондай-ақ, мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі аясында балабақшалар, спорт ғимараттарын салу жалғасатынына тоқталды. Өңірде медициналық кластер құру қолға алынды және оның мол мүмкіндігі бар екендігі білінуде.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарының мақсаты, Парламент Мәжілісінің жұмысы туралы жан-жақты баяндады. Сондай-ақ ол өзі басқаратын республикалық ардагерлер кеңесінің атқарып отырған жұмысына да тоқталды.

Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылында қол жеткен табыстарымызды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаткерлігімен сабақтастыра баяндады. Мемлекет басшысының Қазақстанды әлемге танытуы жолындағы ерен еңбегін нақты деректермен дәйектеп, егемендіктің бастапқы тұсындағы қиындықтардан алып шыққан көшбасшылығын айрықша көрсетті. Сондай-ақ маңызды мәселелер — азық-түлік қауіпсіздігін, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жайы сөз болды. Жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, діни теріс ағымдардан сақтандыру сияқты жайлар да ардагерлердің назарында болуы керектігі айтылды.

Елімізде ардагерлерге тұрақты қамқорлық жасалып келеді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жиында Елбасы зейнетақыны 20 пайызға көтеру туралы тапсырмасының орындалып жатқанын, оның үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға артқанын, 1 шілдеден тағы 11 пайызға көтерілетінін еске салған депутат мұны Мемлекет басшысының  халықтың әлеуметтік жағдайын көтерудегі ауқымды істерінің көрінісі деп бағалады.  ҚР Парламенті Мәжілісінде қабылданып жатқан заңдар туралы түсінік берілді.

Жиналғандар алдында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов сөз алды. Ол өңірде қазіргі уақытта 85951 ардагер тұратынын, олардың 101-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1022-сі соғыс ардагеріне теңестірілгендер, сондай-ақ 8027-сі тыл ардагерлері екенін саралап берді. Қазіргі уақытта ардагерлердің 317 бастауыш ұйымдары жұмыс істейді. Жергілікті билік ардагерлерді толғантқан мәселелерге ұдайы назар аударып келеді.

Өткен жылы ардагерлерге жәрдемақы ретінде облыс бойынша  жергілікті бюджеттен 270 миллион теңге бөлінді. Облыстық және аудандық ардагерлер кеңестері ғимаратпен, қызметтік көлікпен, телефон және басқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов бұл жерден Қобыланды, Есет сынды аруақты тұлғалар және Әлия Молдағұловадай батырлар, Ахмет Жұбанов және Ғазиза Жұбанова сияқты өнер қайраткерлері шыққанын тілге тиек ете келіп, облыстың алар асулары әлі биіктей беретінін  алға тарта сөйледі. Ол облыс орталығының адам танымастай өзгергеніне риза көңілін білдірді. «Мен бұрын келгенімде қазіргі ұшқыштар даярлайтын әскери институт қаланың шетінде болатын, қазір еңселі көп қабатты үйлердің ортасында қалыпты» деп шаһардың өсу қарқынына өз бағасын берді.

Еңбек ардагері Өтеміс Әкімов еліміздегі ардагерлерге жасалып отырған қамқорлықтарға ризашылықтарын білдіріп, өз ойларын ортаға салды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Глеб Щегельский, Абай Тасболатов, Құралай Қаракен, Дәния Есбаева және Жамбыл Ахметбеков алдағы күндері қаланың бірқатар еңбек  ұжымдарында,  Қарғалы, Мәртөк, Мұғалжар және басқа аудандарда болып, тұрғындармен кездеседі, жұртшылықпен жүздеседі.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*