Басты бет » Мәдениет » Біздің қаламгерлеріміз

Біздің қаламгерлеріміз

Мерей

Жыл басында өлкеміздің қаламгерлері туралы бірер лебіз келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз.

Биыл бірқатар ақындарымыз бен жазушыларымыздың туған күндері «дөңгелек» цифрларға тура келіп отырған жайы бар екен.

Тізім басында туғанына 8 қыркүйекте 105 жыл толғалы отырған Роман Трофимов тұр. 1932 жылы Калуга қаласында дүниеге келген, Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін ұзақ жылдар бойы Ақтөбе облыстық «Путь к коммунизму» (қазіргі «Актюбинский вестник») газетінде журналистік қызметте болған ол 84 жыл ғұмыр кешіп, әуелгіде Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан, кейін «Жазушы» баспасынан жарық көрген он шақты жыр жинағының авторы болды.

Барлық саналы өмірін Ақтөбе жерінде өткізген, соның ішінде облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде бөлім меңгерушісі, кейін, 1971-1987 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болған, облысымыздағы қаламгерлердің қадірлі ақсақалына айналған, Ақтөбе облысының Құрметті азаматы атанған белгілі ақын Мұхтар Құрманалин бұдан 90 жыл бұрын, 1927 жылы 10 қазанда дүниеге келіп еді. Қадірменді Мұхаң 84 жасқа қарағанда өмірден озды.

Ал бұдан 85 жыл бұрын, 1932 жылы 15 қаңтарда сол кездегі Темір ауданы территориясында дүниеге келіп, қырқыншы жылдары Қонжар балалар үйінде тәрбиеленген, орта білімді Темір қазақ орта мектеп-интернатынан алған Боранғали Ырзабаев журналистік қызметін Павлодар облысында бастап, Орал өңірінде аяқтады. Сол жемісті қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденін таққан ақынның «Қазақстан», «Қайнар» баспаларынан жарық көрген мақалалар мен очерктер жинағына қоса бес жыр жинағы жарияланды. Ол 1995 жылы Орал қаласында өмірден өтті.

Қазақ сатирасының белгілі тұлғаларының бірі, «Сыпыртқы командасы», «Оңай деймісің», «Махаббат минөті», «Қазығұрт-Қорасан» атты кітаптардың авторы, Шалқар ауданының Құрметті азаматы, 1937 жылы 18 наурызда дүниеге келген Төрежан Мәндібай биыл, міне, 80 жасқа толғалы отыр.

Биыл туғанына 80 жыл толатын қазақтың тағы бір қабырғалы қаламгері — Құрал Тоқмырзин. Аудандық «Ойыл», облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газеттерінде жарқын ізі қалған, оқырмандарға көптеген әңгіме-повестері, «Байтақ» романы, Кіші жүз өңірінде Есет Көтібарұлы басқарған ұлт-азаттық көтерілістің көркем шежіресін бейнелейтін үш кітаптан тұратын «Керзаман» трилогиясы арқылы кең танылған, 2014 жылы өмірден өткен жазушы 1937 жылы 23 сәуірде дүние есігін ашқан болатын.

Ал қос жазушымыз, «Тар кезең» романы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілген Қажығали Мұхамбетқалиұлы мен қоғам қайраткері, «Тауқымет» романы арқылы күллі қазаққа мәшһүр болған Бибігүл Иманғазина биыл 75 жастың есігін қаққалы отыр. Екеуі де соғыс өрті лапылдап тұрған 1942 жылы желтоқсан айында дүниеге келіпті.

Қазақ поэзиясына өз үнімен келген, оқырмандарға оннан астам жыр жинағын ұсынған, 1942 жылы 5 наурызда туған белгілі ақын Сәбит Баймолдин де тірі болғанда биыл 75 жасын тойлап отырар еді. Бірақ қазақ өлеңіне өз өрнегін салған ізденгіш қалам иесі екі ғасыр тоғысар тұста, 2000 жылы өмірден озды.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң Қарақалпақстаннан атажұртты аңсап оралған ақын, облысымызда өзі құрған «Қазақия» қоғамы арқылы көп шаруалар жасап жүрген азамат, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше жыр жинағының авторы, 1947 жылы 1 маусымда дүниеге келген Базарбай Иман биыл 70 жасын тойламақшы.

Міне, биыл ақтөбелік оқырмандар жерлес қаламгерлеріміздің осындай елеулі даталарын ескеріп жүрсе деген ықыласпен осы тізімді ұсынып отырмыз.

 Е.АХАТҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>