Басты бет » Мәдениет » Күй өнерінің киесі бар

Күй өнерінің киесі бар

Республикаға танымал күйші Жайлау Асылхановтың арғы аталары Мәңке Дағарұлы, Қонақбай Думаұлы сияқты кісілердің Доңызтау жағында асқан күйшілігімен аты шыққанын көпшілік біледі.  Бүгінде осы әулеттен тараған ұрпақтар шетінен күй өнеріне ден қойған.  Бабадан қалған қасиетті қара домбыра арқылы қазақтың рухын аспандатып, халықтың алғысына бөленіп жүрген Асылхановтар әулетінің де өнеге боларлық  жағы көп.

Жайлаудың атасы Мәңке Дағарұлының (1850-1918) шебер күйші болғаны жайлы ел ішінде ауызекі   әңгімелер сақталған. Соның бірі мынау. Темір деген жерде бір үлкен жиын өтіп, сонда  айтыс ұйымдастырылады, сол жерде бір атақты бай адам: «Кімнің өнері асса, соған қызымды берем» деп, сал-серілерді жарыстырса керек, сонда күйшінің бағы асып, Сырым бидің қарындастары болып келетін қалыңдыққа қол жеткізген екен дейді. Сол Мәңке күйшінің тікелей шәкірті Тасыбайдан ел ішінде Машалақ атанған атақты күйші Нажмадин Мәмбетәлин сабақ алған, 40-50 күй шығарған Мәңкенің кейінгіге жалғыз «Қоңыр» деген  күйі жеткен, оны халыққа жеткізген сол кісі. Бұл күй Жайлаудың орындауында «Қазақтың мың күйі» антологиясына енген.

Жайлаудың өз әкесі Жанша Мұстафин — Ұлы Отан соғысына қатысып, Берлинге дейін барған кісі.  Байғанин ауданының Оймауыт кеңшарында агроном, есепші сияқты түрлі жұмыстар істеген, 1957 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысқан еңбек адамы.

—  Күй өнерінің киесі бар ғой. Мәңке, Қонақбай аталарымыздан келе жатқан күйшілік өнер  бізге дарыған болар. Әңгіме әулет туралы болғаннан кейін,  Мұстафа атамның кемпірі, өзімнің әжем Торқа Битенкеліні туралы айтпауға болмайды. Әжем медреседе оқыған, сауатты, жыр-дастандарды жатқа айтып отыратын адам еді. Қазір Қандыағашта тұратын әкемнің інісі 87 жастағы Сағынбай ағамыз да шежіреші,  жас кезінде «Асау-Барақ» секілді жыр-дастандарды жатқа білген кісі. Осындай әулеттен тараған ұрпақтардың өнердің жолын таңдауы табиғи заңдылық сияқты.

Әкем Жанша  тура мінезді, талапшыл, өтірікті суқаны сүймейтін адам еді. Тіпті соғыс ардагері ретінде газетке жазуға да қарсы болды. «Аллаға берген уәдем бар еді, аман-есен елге жетсем болды» деген, маған ештеңенің керегі жоқ, осы күніме қанағат» дейтін. Күй тартқан жоқ, бірақ атадан келе жатқан киелі күй өнерін таңдауымызға қарсы болған жоқ. Бізге күй тартқызып қойып, тыңдағанды жаны сүйетін.

Мектепте биология пәнінен сабақ берген анам Айман Өтекешова домбырамен ән айтатын, өнерге құштар жан болды. Анам маған арнайы домбыра сатып алып берді. Мектепте домбыраны Бейбіт Қалышева апай үйретті. Алғаш үйренген күйлерім — халық күйі «Кеңес» пен Дәулеткерейдің «Қосалқасы», — дейді Жайлау.

— Ақтөбеде оқып жүргенімде 1981 жылы драма театрдың алдында өткен бір мерекелік шарада қазіргі белгілі  күйші Тұрар Әліпбаев екеуміз күй тарттық. Сонда мықты күйші Ысқақ Райымбергенов ағаның: «Мына бала домбырашы болайын деп тұр екен» деп маған  баға бергені бар еді. Жасымнан үлкен кісілерге үйір болдым. Доңызтау жағындағы Қазанғап мектебінің өкілі болып табылатын Машалақтан көп күй үйрендім, үлгі-өнеге алдым. Машалақ ағамыз — біздің Оймауыттың адамы,  сол сияқты кісілердің қолына су құйып жүріп, өнерімді жетілдірдім. Кейін Ақтөбеде өтетін концерттерге қатысуына себепкер болдым. Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» деген кітабында Қазанғаптың алғашқы ұстазы Доңызтау жағындағы Төреш деген күйші болғанын, одан кейінгі  ұстазы Орынбай болғаны жайында жазылған. Қазанғап күйлерін жеткізушілердің бірі күйші Қонақбай Думаұлы Мәңкемен бірге туған, ол да атам. Тымат Мерғалиевтің «Домбыра сазы» деген кітабында Қазанғаптың шәкірті Қадірәлі Ержановтың күй жарыста Қонақбай мен оның шәкірті  Тасыбайды  «Қасқа әне жерде, қасқа мына жерде» деген әзіл күйімен жеңіп кеткені жайлы жазады.

Консерваторияда оқып жүргенде Сәдуақас Балмағамбетов ағамыздан Қазанғаптың «Жем суының тасқыны» күйін үйрендім. Ол кісінің тартысы бөлек еді. Өте шебер орындаушы. Және де өзінің ісіне қатты берілген адам еді, ағадан Қазанғап күйлеріне қатысты көп нәрсе алдым. Маған: «Жәлекеш Айпақовтай мықты күйші бол» деп бата берді.

Содан кейінгі үлгі тұтқан ел ішіндегі ұстазым — Шалқардағы Қадірәлі Ержановтың шәкірті Жұмабай Жансүгіров ағамыз, — дейді көп сөзге жоқ, келістіріп күй тартуды ғана білетін  Жайлау ініміз.

Жайлаудың ұлы Құрманғазы Асылханов — Қазанғап атындағы байқаудың Бас жүлдегері, А.Жұбанов атындағы облыстық ұлт асаптар оркестрінің домбырашысы. Құрманғазы  дүниеге келгенде Оймауыттағы Жанша атасына немересіне ат қойсын деп хабар салып, біраз  күтіңкіреп қалады, ол кезде қазіргідей  сәт сайын хабарласып отыратын мүмкіндік жоқ. Содан Жайлау  перзентханадағылар асықтырған соң тұңғышына Құрманғазы деп өзі ат қойып жібереді. Сол күні түстен кейін барып әкесінен: «Немеремнің есімі Нұрмұхамбет болсын» деген хабар жетіпті.  Атасының қойған аты қазір шөбересіне, яғни Құрманғазы мен Күнсәуленің  ұлы Нұрмұхамбетке бұйырыпты.

А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің оқытушысы, «Достық сазы»  фольклорлық ансамблінің домбырашысы Төребек Мұстафин — Жайлаудың туған інісі. Ол да музыка колледжінің, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі. Төребектің келіншегі Гүлнәр Асылханова — А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінің қобызшысы. Олардың қыздары Аманай Жаншина Құрманғазы атындағы консерваторияның қобыз бөлімінде оқиды. Ал ұлдары Дәулет А.Жұбанов атындағы музыка колледжінде күйші Талап Хамзиннен сабақ алуда.

Жайлау:

— Құрманғазыға күй үйреткен жоқпыз, өзінің табиғаты соған жақын болды, бес жасынан домбыраға қол созды. Шынында домбыраны да кез келген адам үйрене алмайды, ол да қабілетке байланысты. Ал кіші ұлым Құрманғали  Алматыда ұлттық техикалық университетте  оқиды. Кезі келгенде осы салаға қайырылып соғады деп ойлаймын. Домбыраны жақсы меңгерген, бойда бар өнер түбі шығады ғой, — дейді.

Жайлаудың зайыбы, ҚР мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Қосмағамбетова да өнер адамы. Ақтөбедегі республикалық мәдени-ағарту училищесін бітірген. Облыстық филармонияда әнші болып қызмет жасағанына 30 жылдай болып қалды.  Жайлау екеуі әріптестерімен бірге облыс аудандарын, ауылдарын, көрші облыстарды гастрольдік сапармен аралап, көп жүрді. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан, жолдың азабына шыдап, елді өнерімен сусындатты. Б.Қосмағамбетова әлі күнге Шәмшінің «Ақмаңдайлым», Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» сияқты тамаша әндерін орындап, ел ықыласына бөленіп жүр. Отбасында Жайлау, Құрманғазы Асылхановтар сияқты күйшілердің бабын жасап, өзі де сахнадан қол үзбей жүрген Бағдагүлдің қашанда қабағы ашық, жарқылдап жүреді. Немересіне бір сәт мейірімін төгуді ұмытпайды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*