Басты бет » Мәдениет » Өткенді зерделеу

Өткенді зерделеу

Туған өңіріміздің, жалпы кешегі күніміздің тарихын тасқа түсіріп, таңбалап үлгере алдық па? Бұл сауалдың жауабын іздестіргенімізде, көп өкінішіміздің іште тұратыны шындық. Дегенмен, ештен кеш жақсы.

Осы тұрғыдан қарағанда, қос автор — Жақсылық Айжанұлы мен Шәріп Адаевтың «Үстірт хикаялары немесе тектілер тірлігі» деп аталатын баспадан таяуда ғана жарық көрген жинағы жалпы жұртшылыққа біраз мағлұмат берері анық.

Кітап аннотациясында айтылғандай, «Бұл кітап Үстірт, Сам-Матай, Оймауыт өңірінде өмір сүрген батыр бабалардың өз дәуіріндегі халқы үшін жасаған тірлік әрекеттері туралы аңыз және тарихи деректер негізінде жазылған. Онда Асау, Дәуіт, Тәпеке, Алдаш, басқа да батырлар туралы ел жадындағы әңгімелер жинақталған».

«Үстірт хикаялары» Арқар батыр туралы әңгімемен басталады. Ол заманында өте батыл, ел намысын қорғаған жан болған. Сол кездің өзінде найзагерлігі айналаға аңыз сынды тараған. Мәселен, жиырма шақты барымташы қалың жылқысын қапысын тауып айдап кеткенде, олардың соңынан жалғыз дара қуып шығады. Тосқауылда тұрған ол жақтың жас батырын жер жастандырып, қалған шапқыншылардың да сазайын беріп, елдің ақ адал малын өз өрісіне қайтарады.

Енді бірде түрікпендер бейбіт ауылға шабуыл жасап, малмен бірге бойжеткен қызды да өңгеріп ала кетеді. Дәуіт батыр бастаған жасақ шабуылдап малды қайтарғанымен, қазақ аруын құтқара алмай қалады. Желмая мінген түрікпен із шалдырмай кетеді. Бірақ намыскер найзагер індетіп отырып, жауды қуып жетіп, желкесінен найза сұғып өлтіреді.

Арқар батыр туралы басқа да естеліктер бар. Оқырман ел қорғаған тұлғаның басқа да адамгершілік, абзал қасиеттерін, мінезді келбетін осы әңгімелерден ұғына түседі. Арқар батырдың өзгеше тұлғасын мына жайттан да байқауға болады: ол дүниеден өтер алдында ана жаққа кететінін ескертіп, «алты құлаш найзамды өзіммен бірге көмерсіңдер, ол жаққа да керек болып қалар» депті-мыс.

Көпшіліктің құлағына есімі кеңінен тарала қоймаған Тәпеке батыр туралы мәліметтер де құнды. Оның бір ерекшелігі — ата-баба жерін қорғаймын деп түрікпендермен көп шайқасқан. Бес қаруды өте шебер меңгерген жауынгер болыпты. Содан да болса керек, өмірі жаудан беті қайтпаған. Алайда дұшпандары оның намазға жығылған сәтін аңдып, қапыда қастық жасайды. Сонда жаужүрек батыр өткір қылышпен қиылып түскен басын шекпенінің етегіне орап ұстап, біраз жер жүргенге ұқсайды. Сонда түрікпендер «бұл батыр ғана емес, әулие де адам болды-ау» деп шошыныпты. Батырға қылыш сілтеген түрікпеннің көп ұзамай екі көзі көрмей қалыпты.

Жинақта ел жадында сақталған батырлар жырының үзінділері де келтіріліпті. Мұның барлығы тарихымызды зерделеуге, өткенімізді тани түсуге ұмтылыс, тамшыдай болса да қосылған үлес деп бағалауға негіз іспетті.

 Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*