Басты бет » Мәдениет » «Халық жауының» баласы

«Халық жауының» баласы

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.

Күніне тоқсан тоғыз пәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан, — дейді қазақтың қара өлеңі. Рас сөз. Әке-шешесінің тағдырына көз жүгіртсек,  біздің кейіпкеріміз, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Мирал Жармұхамбетовтің  дүниеге келмеуі де мүмкін екен. Бірақ Хақ Тағала үшін мүмкін емес нәрсе жоқ қой…

Жә, бәрін басынан бастайық.

Әке

Миралдың әкесі Балмұқан әке-шешесі бола тұра… балалар үйінде өскен. Әкесі Құлмұхамбеттен Балмұқан, Қайраш, Әбдірахман атты үш ұл, Қамқа атты бір қыз туған. Қазан төңкерісі, жаппай колхоздастыру, аштық… Қазақ даласын жайлаған нәубет елді қырып бара жатты.  Міне, осы кезде әкесі бұны балалар үйіне тапсырған. Өзге балалары өз атына жазылса, бұл — Жармұхамбетов екен. Атасының атында. Сонымен алдында ғана медреседе оқыған ұл енді әке-шешесі жоқ бала есебінде Орынбордың балалар үйінен бір-ақ шығады. Әкенің ниеті дұрыс еді. Ең болмаса, бір балам тірі  қалсын деген…

«Детдомнан» кейін Ақтөбедегі педагогикалық техникумды  бітірген ұл  білім бөліміне балалар үйлері бойынша нұсқаушы болып орналасады. Милиционерлермен бірге теміржол вокзалында, базарда, тура мағынасында қаңғып жүрген ұл-қыздарды  ұстап алып, балалар үйлеріне орналастырады. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен,  аштық буған заман ғой, көбі әке-шешесінің қайда екендігі тұрмақ, олардың  кім екендігін де  білмейтін.  Тегін өзі қойып, құжатты солай рәсімдейтін. Біразына өз тегін беріпті. Жармұхамбетов…

Көп ұзамай, басына қара бұлт үйірілді. 1935 жылы қазіргі Петропавл ауылының аумағындағы балалар үйіндегі екі бала суға кетіп өледі. Қырағы сәбет өкіметі «кінәлілерді» дереу анықтапты. Соның бірі — Балмұқан. «Кеңес өкіметінің өсіп келе жатқан буынына балта шапқан». «Халық жауы». Кінә ауыр. Ақталуға жатпайды. Әуелі Пермь облысындағы тұз шахтасында біраз тер төкті. Сосын Колымаға жер аударылды. Құрылысқа ағаш әзірлейді. Күн суық. Жағдай мүлде жоқ. Әр күні оянғанда тірі екендігіне тәубе дейтін…

1941 жылы соғыс басталды. Айып батальонындағылар үшін  күнәңді қаныңмен жууға  зор мүмкіндік. Тұтқындардың бәрі дерлік соғысқа сұранды. Балмұқан Мәскеу түбіндегі шайқасқа түскен. Кәдімгі сарбаз ретінде емес. Айып батальонын алға салыпты. Тура мағынасында ажалға итермелеген. Кейбірінде тіпті қару да болмаған. Алда — жау, артта — өз әскері. Тек оларға да бұлар кері шегінетіндей болса, атуға рұқсат берілген. Екі оттың ортасы. Әуелгі шайқаста-ақ айып батальонындағы 120 кісінің 3-уі ғана тірі қалған. Онда да ауыр жаралы болып. Үшеудің бірі — Балмұқан…

Госпитальда жатқанда командирі жазып берген «Айыбын қанымен жуды» деген анықтама Балмұқанның алғашқы «ордені» еді. Алты жыл сүргінде басынан неше түрлі жағдайды өткізген ол үшін бұдан артық марапат жоқ-тын. Бірақ әлі толық ақталған жоқ-ты. Жазылғасын тағы да майданға аттанды. 1943 жылы 26 наурызда Калинин майданының Әскери кеңесінің қаулысымен «Неміс басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсеткені үшін» Балмұқан Жармұхамбетов толық ақталып шықты.

Содан кейін-ақ жұлдызы жарқырай бастады. Әуелі сержант атанып, атқыштар бөлімін басқарды. Партия қатарына өтті. Кіші офицерлерге арналған алты айлық курсты бітіріп, взвод командирі атанды. Сөйтіп жүргенде тағы оқ тиді. Қырық күн есін білмей жатты. Есін жиғасын да ұзақ емделді. Бір аяғы кем бітті.  Ақыры балдаққа сүйеніп елге оралды. Жалғыз емес. Ұзақ уақыт өзін емдеген, бар мейірін төккен медбике Агрипина Парамоновамен бірге.

Әрине, оның орыс келіншегін бес уақыт намаз оқитын әке-шешесі қабылдай алған жоқ. Оның әр қылығы оғаш көрінді. Қазіргідей қатынның  ыңғайына жығылу деген ол кездің еркегінде жоқ. Әкең мен шешең әулие.  Сосын екеуі ақылдаса келе, ажырасуды дұрыс деп тапты. Агрипина Мәскеуге қарай бет алды. Бұл қимай шығарып салды. Бірақ арақатынас үзілген жоқ. Біраз жылдарға дейін хат алысып тұрды. Тіпті Балмұқанның келіншегі кезекті ұл тапқанда Мәскеуден Ақтөбеде өте қат мол жаялық, түрлі түсті мата да келген. Міне, махаббат!

Шеше

 Соғыс басталғанда көптеген зауыттар мен фабрикалар, кәсіпорындар қауіпсіз жерге, ішке қарай көшірілді. Еркеккіндіктілердің бәрі майданда, негізгі салмақ әйелдердің иығына түскен. 1941 жылы күзде  Орталық Азия мен Қазақстан қорғаныс наркоматының  жетекшілігімен құрылыс батальондары мен жұмысшы колонналары құрыла бастады. Жер-жерден адамдар тартылды. Міне, осы науқан кезінде  қазіргі Мәртөк ауданына қарасты Сарыжар елді мекенінде тұрып жатқан  Салиха Жармағамбетова да еңбек армиясына ілікті. 1942 жыл еді. Небары  17-де болатын. Негізі Салиха емес, оның анасы бару керек еді. Бірақ бір жылдан астам еңбек армиясының қатарында Қарағандыдағы шахтада еңбек еткен әкесі Хасен өте ауыр жағдайда елге жеткен. Оған қарайтын адам керек еді. Сондықтан еңбек армиясына Салиха аттанды…

Әуелі Орынборға тоқтаған. Сол жерде отрядтар құрылды. Ағаш әзірлеу керек екен. Теміржол колоннасындағы қыз-келіншектер вагондарда тұрды. Ағаш төсектердің үстінде жатты. Кезекті бекетке келгенде олар жүк көліктеріне немесе тракторға мініп, ағаш кесуге жөнелетін. Нәп-нәзік саусақтарымен ағашты да кесті, нәзік иықтарымен бөренелерді де тасыды. Басқа амал жоқ еді. Соғыс. Бір жыл ішінде Орынбор, Куйбышев облыстарының Құтылық, Бұзылық, Новосергеевка, Бугурслан елді мекендерінде еңбек етті. Ай сайын екпінді еңбек еткені үшін 350 рубль айлық алатын. Бір қалада базарға барып, 1500 рубльге көйлек алғанын ескерсек, оның қандай айлық екенін есептей беріңіз…

Елге келді. Бірақ 1944 жылы оны тағы да еңбек армиясына шақырды. Бұл жолы Құрашасайдағы көмір шахтасына. Жеті кластық білімі бар оны ауылдық кеңестің хатшысы етіп сайлады. Осы жерде ол іш сүзегімен ауырды. Асқындырып алғаны сондай, ауруханаға қалай түскенін де білмейді. Тіпті оны өлді деп есептеген дәрігерлер мәйітханаға апарып тастапты. Есін жиса, айналасы кіл мәйіттер. Ыңырсығанын естіген  дәрігерлер қайтадан палатаға ауыстырыпты. Көп ұзамай шашы түсіп қалды…

Әбден әлсіреген, ештеңені естіп те жарымайтын ол бір күні қабырғаға сүйеніп, далаға шықты. Дымы құрып, отыра кеткен. Айнала жүгіріп, бір-бірімен құшақтасып  жатқан  елді көрсе де түкке түсінген жоқ. Бір кезде кенет  құлағы ашылды. Жұрт «Жеңіс, Жеңіс» деп бір-бірінен сүйінші сұрап жүр екен. Қайтадан есін жоғалтты…

Көп ұзамай аяққа тұрып, әскерден келген жаралы жауынгер Балмұқан Жармұхамбетовке тұрмысқа шықты. Жаңа өмір басталды.

Ұл

Жас отбасының көретіні әлі алда екен. Балалары тұрмады. Бірінен соң бірі төрт сәби шетінеді. Сонда ескінің көзін көрген ақсақалдар ақыл айтты: «Қоныс аудару керек». Бұлар бірден құп алды. Алғаға көшті. Көп ұзамай қыз, сосын ұл келді өмірге. Атын Мералы деп қойды. Ақсақал соғыста өзіне тамақ тасимын деп жүріп, оққа ұшқан жігітке ұқсатып, Мирон қойғысы келген. Қазақы болмысты келіншегі көнген жоқ. Мералы.  Біздің кейіпкеріміздің азан шақырып қойған ныспы — осындай. Құзырлы орындағылар Мирал деп таңбалапты. Миралдан соң тағы үш бала дүние есігін ашты.

Пысық бала боп өсті. Мектепте орысша оқыды. Әуелі 8 жылдықты тәмамдап, кейін оқуын Алғадағы  3-мектепте жалғастырды. Жақсы оқыды. Мектепте оқып жүргенде-ақ жазу-сызуға, суретке түсіруге құмар болды. Кеңес өкіметінің бір жақсы жері, мектептегілер қосымша мамандық алып шығушы еді ғой, бұл киномеханик атанып шықты. КазГУ-дің журналистика факультетіне тартып-ақ кеткісі келген, бірақ сәті болмады. Кәсіби-техникалық училищеге түсіп, энергетик мамандығын иеленді. Атақты Алға химия зауытына жұмысқа тұрды.  Көп ұзамай әскер қатарына алынды. Семейдегі шекара қорғайтын әскери бөлімнен бір-ақ шықты. Қытай тиіп тұр. Пысық бозбала мұнда да дереу көзге түсті. Мектеп қабырғасында жүріп еркін күреспен айналысқаны бар-ды. Қимылының ширақтығын  аңғарған командирлердің бірі мұны бірден әскерилердің республикалық додасына салып жіберді. Сөйтіп, әлі ант қабылдап үлгермей жатып, талай жыл арман болған Алматыдан бір-ақ шықты. Әрине, кіл мықтылар жиналған жарыста бұған орын  тиген жоқ, бірақ осындай додаға қатысудың өзі жас сарбаз үшін үлкен жетістік еді. Араға ай салып, Алматыға тағы да жол түсті. Бұл жолы әскерилер арасындағы комсомол жиынына. Ақыры Алматыдағы әскери бөлімге ауысып тынды. Сол кездегі астананың қақ ортасында қызмет етті. Бір жолы Қазақстан Жазушылар одағында өткен әскери тақырыпта жазатын жас қаламгерлердің жиынына қатысты. Бауыржан Момышұлы, Дмитрий Снегин секілді нағыз соғыс қаһармандарының дәрісін тыңдады. Әттең, қазіргідей суретке түсудің мүмкіндігі жоқ. Бірақ сол жиынның әрбір сәті көз алдында тұр. Айтпақшы, әскерде жүріп, өзінің құрдасы, қазақ эстрадасының жарық  жұлдызы Роза Рымбаевамен бірге телевизияның бір хабарына қатысқаны да бар. Розаның  Болгариядан «Алтын орфейді» жаңа алып келген кезі…

Әскерден келгесін зауытқа қайта оралған. Бірнеше жыл ең қауіпті цехта жұмыс істеді. Аудандық газетке мақала жазып тұруды ұмытқан жоқ. Ақыры аудандық газеттің редакторы, көп журналистің ұстазы болған  Көпжан Жалдыбаевтың шақыруымен «Жұлдыз-Звезда» газетінің тілшісі болып шыға келді. Өз болмысын енді тапты. Фототілшілік өнері де кәдеге асты. Суретті өзі ретуштай беретін. Соны аңғарған редактор бұны көп ұзамай жауапты хатшы етіп бекітті. Кейін өз еркімен бөлімге ауысты. Сексенінші жылдардың аяғында облыстық телевидениеде де бір жылдай еңбек етті.

2006 жыл бала күнгі дос Жұбаныш Байгуриновтің шақыруымен облыстық  «Актюбинский вестник» газетіне келді.

Арман

Мирал  жаратылысында бір орнында тұра алмайтын мазасыз  адам. Басында идеялар қайнап жүреді. Облыстық газетке келгесін де сол қалпынан айныған жоқ. Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Ресейде тұратын бір қоғамдық ұйымның мүшелерімен бірге республиканың батыс облыстарын аралап шыққаны бар.

Біздің облыстағы Елек өзенінің экологиялық ахуалы өте нашар екені мәлім. Ана жылы Миралдың бастамасымен «Актюбинский вестник»  газеті арнайы экспедиция ұйымдастырды. Мақсат — қоғам назарын өзеннің аянышты жағдайына аударту. Құрамында санитарлық-эпидемологиялық стансаның, балықшылардың құқығын қорғайтын ұйымның өкілдері бар экспедиция Елек бастау алатын Мұғалжар тауларынан бастап, Ресейдегі Жайыққа құяр тұсына дейін жүріп өтті. Көптеген сынамалар алынып, газет бетіне жарияланды.

2013 жылы бұрынғы алғалық, қазір Екатеринбургте тұратын Миралдың достары хабарласып, Орталық Азия мен Қазақстанға туристік сапар ұйымдастыру туралы ойларын айтты. «Іздегенге сұраған», Мирал оларды Қазақ хандығы тарихында орасан зор орны бар үш би — Төле, Қазыбек, Әйтекелердің басына баруға көндірді. Олар да құп алды.

Әуелі Үстірт арқылы Қарақалпақ елінің бер жақтағы  қақпасы сынды Қоңырат ауданына түскен экспедиция әрі қарай атақты Хиуаға тартты. Одан кейін Бұқараның сән-салтанатын тамашалады. Содан соң Нұратадағы Кіші жүз биі Әйтеке бидің басына тәу етті.   Ташкент шаһарындағы жергілікті жұрт «Қалдырғаш би» деп қатты қадірлейтін Ұлы жүз биі Төле бабамыздың кесенесіне барып, зиярат етті. Сосын әрі қарай киелі Түркістанға жол тартты. Қазақтың аруақты хандары мен батырларының басына барып, дұға жасады. Орта жүз биі,  қаз дауысты  Қазыбектің зиратына Құран оқыды. Орыс достары қол жаймаса да рухани аураны сезгендері хақ.

Сапар барысында қызықты хикаяттар да болды. Бұларды ұстаған өзбектің жол полициясы қызметкеріне  журналистік куәлігін көрсетіп, «Екі ел арасындағы арнайы келісім бойынша жолға шыққан экспедицияны тоқтатқаны үшін жазаға тартылатыны» туралы «соғып»  жіберген сәтте ананың екі көзі тас төбесіне шыққаны бүгінде күлкілі әңгіме. Бірақ өздерінің де жандары шығып қорыққаны рас. Қанша дегенмен бөлек мемлекет, бөтен заң. Бірақ әйтеуір тілекшілер көп болды.

Келгеннен кейін Қарабұтақтағы Әйтеке би атындағы музейге жиналған халыққа сапар туралы әңгімеледі. Орыс достары да әңгімеге жиі араласты. Сапар қорытындысы бойынша газетке әдемі материал шықты.

Екі жыл бұрын «Актюбинский вестниктің» бас редакторы Айгүл Нүркеева «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға аттанғанда редакцияның тізгінін Мирал Жармұхамбетов ұстады. Газеттің бас редакторы болу айтуға ғана оңай жұмыс. Билік пен оқырманның көңілінен шығу өз алдына, өз ұжымыңның, шығармашылық иелерінің қыбын табу, жұмысты ұйымдастыра білу де  аз шаруа  емес. Мирал сол жұмысты абыроймен атқарып келеді.

Былайғы өмірде өте қарапайым адам. Әсіресе жиын-тойларда ерекше жарқырап, бидің түбін түсіретініне  қарап, оның алпысқа келіп қалғанына күмәнданатындар көп. Бірақ адамды өмірді сүйгені үшін кінәлауға болмайды ғой.

Өмірді сүйгені үшін дегеннен шығады, осыдан екі жыл бұрын есінен кетпейтін оқиға болды. Кезекті медициналық  тексеруден өткенде дәрігерлер бұның бауырынан ісік тапты. Қайта тексерілуін сұрады. Егер олар қауіптенгендей ауру болса, бірнеше ай ғана су ішерлігі қалған екен. Шіркін, өмір қандай тәтті?! Бүкіл ғұмыры көз алдынан өтті. Бірнеше күннен кейін іштей бекіді. Ешкімге тіс жармады. Тіпті жары Балым да, ұлы Кемел де түк сезген жоқ. Отбасын алып, әйелі жиі армандайтын Түркияға тартты. Теңіз жағалауында армансыз сайран салды. Олай-бұлай боп кетсем естелік болып қалар деп суретке де армансыз түсті.

Келгесін қайта тексеруден өтті. Бақытына қарай, ақ халаттылардың қаупі бекер болып шықты. Дәрігер досы соны айтқанда көзінен жас ыршып кетті. Бас алып құшақтап, иығы селкілдеді. Несі бар,  кейде ер жігіттің де көзінен жас шығады…

Әлі күнге дейін спортпен айналысады. Былтыр Оралда өткен журналистер арасындағы республикалық турнирге алпысқа жақындаған Мирал да барып, облыстың намысын қорғады.

Бірнеше арманы бар. Біріншісі, Ақтөбеден  әкесі соғысқан Волоколам шоссесіне дейін жаяу бару. Айтпақшы, әкесінің бауырлары Қайраш пен Әбдірахман да Мәскеуді қорғауға атсалысқан. Қайраш соғыстан аман келіп, барақат ғұмыр кешті. Ал Әбдірахманның сүйегі Мәскеу түбінде қалды. Қолы боста ғаламторды шарлап, сол ағасын іздейтін Мирал жақында оның қайда жерленгендігі туралы дерек тапты. Енді Мәскеуге бару туралы арманы тіпті ұлғая түсті.

Тағы бір арманы бар. Қиын күндерде әкесінің жанынан табылып, қолтығынан демеген, жаралы солдатқа жар болып, қазақ даласына келген аяулы орыс қызы Агрипина Парамонованың қабірін іздеп тауып, тәу ету. Айтпақшы,  шешесінің айтуынша,  оның бойында бала кеткен. Сол бауырын бірнеше жылдан бері іздеп жүр. Әйгілі «Жди меняға»  да хат жіберді. Әзірге хабар жоқ.  Түбі бір табарына, бауырымен жолығарына сенеді.

Ал өмір ғажайыптарға толы ғой. Армандар орындалады!

P.S. Бүгін Мирал Жармұхамбетов  60 жасқа толды. «Ақтөбе» газетінің ұжымы Мирал Балмұқанұлын мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс, адами бақыт тілейді.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>