Басты бет » Спорт » Универсиада-2017: әзірлік қалай?

Универсиада-2017: әзірлік қалай?

Мәнерлеп сырғанаудан өнер көрсететін Қазақстан құрамасының ақырғы тізімі анықталды. Бұл туралы құраманың бас бапкері Құралай Үзірова мәлімдеді.

Ерлер командасына Денис Тен, Абзал Рақымғалиев және Артур Панихин кірген болса, әйелдер арасындағы сайыстарда Қазақстан намысын Айза Иманбек, Вероника Шевелева және Жансая Әдіханова қорғайтын болады.

Сочидегі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тен Алматыдағы Қысқы универсиада кезінде ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанау жарысының басты фавориттерінің бірі болмақ.

Сөз орайында айтып өтелік, Қысқы универсиаданың бүкіл тарихында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар екі медальді жеңіп алған. 1995 жылы Испанияның Хакасында Марина Халтурина және Андрей Крюков жұптық ойында алтын жеңіп алған болса, Дмитрий Казарлыга және Елизавета Стекольникова елімізге қола медальдарды сыйлады.

Қазақстанның керлинг бойынша құрамасы универсиадаға дайындығын жалғастыруда. Олар қараша айында Оңтүстік Кореяда оқу-жаттығу жиындарында болып, Тынық мұхиты-Азия ойындарында өнер көрсетіп қайтты.

Қазақстанда керлинг өте қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі болып табылады. 1998 жылдан бастап осы спорт түрі олимпиада бағдарламасына енгізілген болатын. Қазақстан Республикасы Керлинг қауымдастығының бас хатшысы Виктор Кимнің сөзіне қарағанда, Қысқы универсиадаға биік мақсаттарды көздеген жас команда қатысайын деп отыр.

«Біз Қазақстанның тоғыз аймағындағы спортшылардан ұлттық құраманы жинадық. Командамызда қазір 20 адам бар, алайда олардың керлингпен айналысып жүргеніне бар-жоғы 1-2 жыл ғана болғанын ескеру қажет. Ал Универсиада кезінде әлемдік деңгейдегі командалар қашанда күшті құраммен қатысады. Әрине, олармен бәсекеге түсу қиын болмақ, алайда біз бүкіл күшімізді салып күреспекпіз», — деді Виктор Ким.

Универсиада-2017 аясында керлингтен жарыстар «Алматы-Арена» кешенінің тегіс мұз төселген стадионында өтеді. Барлығы медальдердің екі жиынтығы бәске тігілмек.

Анықтама: 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада 2017 жылдың 29 қаңтарынан бастап 8 ақпаны аралығында Алматыда өтеді. Қысқы универсиада бағдарламасына мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы, сноуборд, биатлон, шаңғымен жарысу, шайбалы хоккей (әйелдер мен ерлер арасындағы), керлинг, шаңғымен трамлиннен секіру, шаңғы қоссайысы, конькимен жүгіру спорты, фристайл секілді 12 спорт түрі кірген. Жарыстарға 2 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Универсиада өткізілетін уақытта 3 мың ерікті, оның ішінде шетелдік еріктілер атсалысады.Студенттер арасындағы спорт ойындарына 30 мыңға жуық отандық және шетелдік турист келеді деп күтілуде. Сайыстарды әлемнің 80 еліндегі 1 млрд адам теледидар арқылы тамашаламақ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*