Басты бет » Спорт » Арман «Алтын тұғыр» алды

Арман «Алтын тұғыр» алды

Астана қаласында ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы «Алтын тұғыр» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімін өткізді.

Қауымдастық жыл қорытындысын жасап,  үздік спортшыларды арнайы номинациялармен марапаттады. Осы шарада ақтөбелік спортшы Арман Сағымбаев «Үздік аударыспақшы» номинациясын жеңіп алды.

Елордадағы «Астана» концерт залында үздіктерді қауымдастық президенті Бекболат Тілеухан марапаттады.

Арман Сағымбаев — аударыспақтан облыс намысын қорғап жүрген спортшы. Ат спорты мектебіне 15 жасында келген. Қалада туып-өссе де жылқы жануарына жақын бала жаттықтырушысы Мейрамбек Әлиевтен тәрбие алады. Аударыспақ ойынының әдіс-тәсілін  үйренеді.

— Бала кезімнен жылқы жануарын жақсы көрдім. Ат үстінде айқасқан батырлардың ерліктері туралы әңгімелер қызықтыратын. Содан болар ұлттық спортқа жақын болдым. Жалпы аударыспақ — батырлардың ойыны. Бұл ойында  атқа отырысы мығым, білекті жігіттер жеңіп шығады, — дейді Арман Сағымбаев.

Ақтөбеде өткен ҚР Ұлттық ойындардың чемпионатында Арман бірінші орын алған болатын.  Спортшының жетістіктері бағаланып, жылдың үздігі атанды. Арманға спортта жеңіс тілейміз!

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*