Басты бет » Денсаулық » Тайғақта тайып құлап қалсаңыз…

Тайғақта тайып құлап қалсаңыз…

Адам денесінің ішкі тірегі —  қаңқа. Сүйектің құрылысы дене қаңқасын құрайтын анорганикалық тұздар сіңген сырты қатты тіндерден, ал ішкі жағы кеміктен тұрады.

Сыртқы күштің әсерінен сүйек тұтастығының бұзылуын медицинада сынық деп атайды. Олар тайғақта тайып құлағанда, жол-көлік оқиғасында, спорт ойындарында (футбол, хоккей, шаңғы тебу), тұрмыстық және өндірістік  жарақаттарда кездеседі.

Адам жарақаттанған сәттен оны ауруханаға апарғанша біраз уақыт өтеді. Сондықтан алғашқы көмек тез көрсетілмесе, жарақат асқынып өміріне қауіп төндіруі мүмкүн.

Сынықтың негізгі белгілері: зақымданған орынның қатты ауыруы, тірек-қимыл қызметінің бұзылуы, сыртқы пішінінің өзгеруі, ісінуі, қанталауы, сынған сүйек бөліктерінің сықырлауы болып табылады. Сондай-ақ сынған аяқ-қол қысқарады. Бұл белгілер қарағанда оңай анықталады.

Сынықтар ашық және жабық сынықтар болып екіге бөлінеді. Жабық сынықтарда сол жердің тері жамылғысы мен жұмсақ тіндері бұзылмайды. Жабық сынықтардың ашық сынықтарға қарағанда асқынулары аздау және тез бітіседі.

Ашық сынықтарда тері жыртылып, сүйек сыртындағы еттер зақымдалады, сүйек бөліктері жарадан сыртқа шығып тұрады. Ол жараға сырттан микробтар түсіп ластайды, жара қабынады,  іріңдейді. Оқ тиюден пайда болатын сынықтар да ашық сынықтарға жатады. Қандай жара болсада бәрінен қан ағады. Сондықтан тез арада қан тоқтату үшін жараға таңғыш салған дұрыс. Жараны таңудың алдында айналасын спиртпен немесе йодпен тазартып сүрту керек. Мүмкін болса бинтпен,болмаса қолда бар матаны жыртып таңуға тура келеді. Жара үстіне мұз немесе қар басу,салқын компресс қою өте пайдалы. Олар ісінуді, қанталауды, ауырсынуды азайтады.

Бұғана, жауырын, қол сүйектері сынықтарында аурудың қолын үшбұрышты жаулық-орамалмен мойынға асып, кеудесіне таңып, дереу жақын маңдағы ауруханаға тоңдырмай жеткізу керек. Сынықшы іздеп сабылмаған абзал. Шыққан буынды немесе сынған сүйекті орнына саламын деп зардап шегушіні босқа қинамаған дұрыс. Ауруды әдетте отырғызып тасымалдайды, болмаса жаяу апаруға да болады.

Ортан жілік сынғанда қолда бар заттардан (тақтайша, картон, фанера, таяқ, т.б.) екі жақтау (шина) салады. Бірін санның ішкі жағына — шаптан бастап өкшеге дейін, ал екіншісін санның сырт жағына — қолтықтың астынан өкшеге дейін жетерліктей етіп салады және бинтпен, белдікпен аяқты қозғалмайтындай етіп орайды. Ал жақтау жасайтын заттар болмай қалса, онда сынған аяқты сау аяққа таңып орау керек.

Тізе, балтыр сүйектері сынғанда қолда бар заттардан екі жақтау таңған дұрыс. Бір жақтауды балтырдың сырт жағынан санның жоғары үштен бір бөлігінен өкшеге дейін, екіншісін балтырдың ішкі жағынан санның жоғары үштен бір бөлігінен өкшеге дейін салады.

Аяқ басы сүйектері сынғанда және тобық буыны зақымданғанда аяқтың басын және тобық буынын қимылдатпайтындай етіп сегіз тәріздес таңғышпен таңу керек.

Дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек ауыр асқынудан аман алып  қалатынын естен шығармайық, ағайын!

 З.Идиев, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік медицина университеті

травматология кафедрасының ассистенті.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*