Басты бет » Денсаулық » Тұмаудан сақтанайық!

Тұмаудан сақтанайық!

Дәрігерлердің айтуынша, қаңтар, ақпан айлары —  вирусты инфекциялардың өршитін уақыты.

Биыл қазан айынан бастап желтоқсан айының ортасына дейін жедел-респираторлық аурумен 1350 адам ауырған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны — 953. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық азайған, яғни былтыр 2034 адам тіркеуге алыныпты.

Тұмауға жеңіл қарауға болмайды.  Ауру асқынып кетсе, тыныс жолын, жүйке жүйесін, қан тамырларын, жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмауды қоздыратын вирустар тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ, бұл вирус науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және сол секілді басқа да нәрселері арқылы жұғып, тез тарайды. Бір мезгілде бір ауыл, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Сондықтан ауру басталғанда дереу дәрігердің кеңесімен дәрі қабылдау керек.  Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен жапқаны жөн. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы, т.б. заттары болуы және олар жиі қайнатылып, жуылуы тиіс.

Тұмауратқан адам тәулігіне екі литр сұйықтық ішкені дұрыс. Ол ағзадан вирустың өсуін тежеп, тез шығып кетуіне әсер етеді. Қолды күніге  5-6 рет сабындап жуу керек. Бұл тұмаудың жұғуын екі есеге дейін азайтады.

Сондай-ақ тұмаудан халық емі арқылы да айығуға болады. Бал қосылған сүт немесе шайды ыстықтай ішу тұмаудың бірден бір емі. Ыстық шайға лимон, таңқурай қосып ішу арқылы да ағзадағы вирустарды жоюға болады.

Сонымен бірге иммунитет көтеретін препараттарды да қолданған жөн. Мәселен, анаферон, интерферон, виферон дәрілері мен оксалин, антивир майларын пайдаланған дұрыс. Ал тамифлю, реленза секілді дәрілерді дәрігердің кеңесімен ішу керек.
Бүгінгі күні тұмаудың алдын алудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі — вакцина. Ақтөбе қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, биылғы жылы осал топтағы қала азаматтары мен медицина қызметкерлерін иммунизациялау үшін бюджеттен  11 758 235 теңге қаржы бөлінген. Оған 13391 вакцина сатып алынған. Вакцина Ресейде өндірілген. Атауы — «Гриппол». Қала тұрғындарының он пайызы ғана екпе алған.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*