Басты бет » Денсаулық » 11 адамға 100 мың теңгеден берілді

11 адамға 100 мың теңгеден берілді

Тәуелсіздіктің  25 жылдығына  арналған «25 қайырымды іс» акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Жақсылық сыйла!» атты қайырымдылық концерті өтті.
Тәуелсіздік мерекесі күні өткен шарада облыстың емдеу мекемелері аз қамтылған отбасылардан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балаларға материалдық көмек көрсетті. Концертке алдын ала билет сатылып, одан түскен қаржы мұқтаж балаларға берілді.

Жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Жиырма бес жылда облыс медицинасының қарыштап дамығанын айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Алдағы екі-үш жылдықта облыс орталығының өзінде сегіз нысан салынады. Олар — жедел жәрдем бекеті, облыстық туберкулезге қарсы диспансер, стоматологиялық,  офтальмологиялық клиникалар, «Нұр Ақтөбе» және «Батыс-2» аудандарындағы емхана, облыстық перинаталды орталық, позитронды-эмссионды томография орталығы.  Сондай-ақ жақын күндері экстракорпоральді ұрықтандыру зертханасы ашылады. Жыл сайын медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Жалпы қандай нысан салынып, құрал-жабдық сатып алынса да ол жерде жұмыс істейтін — дәрігерлер. Сондықтан басқарма тарапынан дәрігерлердің  біліктілігін арттыру мақсатында біраз жұмыстар атқарылды. Медицинасы дамыған елдермен тығыз байланыс орнатылып, мамандарды сырт елге оқуға жібердік. Хирургияның шыңы саналатын трансплантологияны да меңгеріп келеміз, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар Әсет Қалиев  медицина саласында еңбек еткен, бірақ бүгінгі күні денсаулығына  байланысты мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылған 11 адамға 100 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Сонымен бірге облыстың денсаулық сақтау мекемелерінің арасында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. «Үздік денсаулық мектебі» номинациясын №3 қалалық емхана иеленсе, «Үздік психо-әлеуметтік алдын алу бөлімі»  — №2 қалалық емхана, «Үздік дені сау бала кабинеті»  —  №1 қалалық емхана және  «Үздік темекіге қарсы күрес кабинеті» номинациясын Шалқар аудандық ауруханасы жеңіп алды. Ал Алға аудандық орталық ауруханасы «Үздік жастар денсаулық орталығы» номинациясына лайық деп танылды. Жеңімпаз мекемелер арнайы сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін бірқатар медицина қызметкерлері Алғыс хат және төс белілерге ие болды.  

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*