Басты бет » Денсаулық » Ақтөбеде бесінші бауыр ауыстыру отасы жасалды

Ақтөбеде бесінші бауыр ауыстыру отасы жасалды

Бүгін алтыншы ота тегін жасалады

 Ақтөбеде бесінші рет бауыр трансплантациясы жасалды. Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Ли бастаған кореялық  және ҚР ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, профессор, медицина ғылымының докторы  Жақсылық Досқалиев бастаған ақтөбелік хирургтер отаны сәтті аяқтады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  кореялық мамандарды қабылдады.

Трансплантологияны дамыту бойынша Сеул ұлттық университеті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасындағы меморандумға сәйкес, биыл бес бауыр ауыстыру отасы жасалуы тиіс болатын. Кеше жоспарланған соңғы ота сәтті аяқталды. Екі елдің хирургтері 40 жастағы азаматтың бауырын ауыстырды. Алайда кореялық хирургтер еліміздің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толу мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан  қайырымдылық акциясына өз үлестерін қосуды жөн санапты. Олар бір науқасқа тегін ота жасап бермек.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  профессор Кванг Вунг Лидің бұл ісіне ақтөбеліктердің атынан алғыс айтты.

Соңғы уақытта сіздердің және  Жақсылық Ақмырзаұлының көмегімен бауыр ауыстыру оталары жасалып жатыр. Бұл біздің дәрігерлер үшін үлкен көмек. Сіздер тек қана ота жасап қоймай, дәрігерлерді үйретесіздер. Алдағы екі-үш жылдықта ақтөбелік хирургтер ешкімнің көмегінсіз бауыр трансплантациясын жасай алады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде олар бүйрек ауыстыру отасын сәтті жасап жүр. Ал қайырымдылық шарасына үлес қосып, бір науқасқа тегін ота жасап беру туралы ұсынысыңызды біз қуана қабылдаймыз. Бұл — науқас адам үшін үлкен көмек. Осы ретте сіздерге алғысымыз шексіз, рақмет, — деді облыс басшысы.

Бір отаның құны 20-22 миллион тұрады. Кепілдендірілген медициналық көмектің арқасында бұның барлығы тұрғындарға тегін жасалып жатыр. Ал осындай қаржы шығатын отаны тегін жасап бермек болған кореялық мамандардың бұл ісі сүйсінерлік. Жиында  профессор Кванг Вунг Ли облыс әкімінің медицина саласын дамытуға қатысты көзқарасына ризашылығын білдірді. Ақтөбе қаласын ұнатып қалғанын да айтты.

— Ақтөбеге осыдан бір жыл бұрын Жақсылық Досқалиевтің кеңесімен келдім. Алғашқыда қалаға үйренісе алмағаным рас.  Ал қазір Ақтөбе қаласын жақсы көремін. Басқа өңірлермен салыстырғанда бұл жердегі халықтың жүрегі кең, мейірімге толы. Адамдары белсенді түрде еңбек етеді, — деді.

Профессор алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істейтіндерін, облыс медицинасының мүмкіндігі көп екенін айтты.

Жиында облыс басшысы медициналық кластер құру бағытындағы жұмыстарға қолдау көрсеткені үшін Жақсылық Досқалиевқа алғысын білдірді. Сондай-ақ кореялық мамандардың батыс аймағы бойынша Ақтөбеде гепатоорталық ашу ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

Гепатоорталық дегеніміз не? Мәселен, қазіргі күні кореялық мамандар қаламызға бір-екі күнге ғана келіп, ота жасап жүр. Ал орталық ашылса, олар Ақтөбеде  бес жылға дейін тұрақты түрде қызмет ете алады. Сөйтіп, біздің дәрігерлермен бірге жұмыс істейді. Емдеу, алдын алу, ота жасау жұмыстарының барлығы бірлесе жүргізіледі. Бұл біздің дәрігерлер үшін де өте тиімді болмақ. Медицинасы озық елден үйренеріміз көп болады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев қазір шетел мамандарының елімізде ұзақ уақыт қызмет етуіне қатысты  кейбір заңнамалар бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.  Егер орталық ашылса, еліміздің батыс аймағындағы бауыр ауруынан зардап шеккен тұрғындар өзге жерге барып уақыт жоғалтпайды. Тиімді емді Ақтөбеден алуға қол жеткізеді.

Жиын соңында өңір басшысы Кванг Вунг Ли мен Жақсылық Досқалиевқа Тәуелсіздік мерекесіне орай естелік сыйлық тапсырды.

Кореялықтар алтыншы бауыр трансплантациясын бүгін жасамақ. Елу бес жастағы азаматқа баласы бауырын береді.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*