Басты бет » Жастар » Тәуелсіздік құрдастары

Тәуелсіздік құрдастары

1991 жылы еліміз егемендік алып, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы уақытта дүниеге келген жігіттер мен қыздар да қазір қазақ елінің өркендеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосып келеді. Жуырда олардың бірқатарымен әңгімелескен едік.

Самұрат САДРИЕВ, Ырғыз аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

— Мен еліміз азаттық алған жылдың 27 тамызынды дүниеге келдім. Бұл жылы халқымыз сарылып күткен Тәуелсіздікке қол жеткізді. Балалық шағым Ырғыз ауданына қарасты Нұра селосында өтті.  Бұл кездері ата-анам жұмыстарынан қысқарып, жеке саудамен айналысуға тура келді. Ауылда жиі жарық сөніп, жол қатынасы қиындады, байланыс та нашарлаған кез болатын. Десек те, халқымыз сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Бүгінде біз азаттық таңы атқан тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Егемендік алғалы ауданымызға барлық жағдай жасалуда. Шымкент-Самара тасжолы салынып, облыс орталығына 12 сағат жүретін жол 4 сағатқа қысқарды. Жаңа мектептер мен балабақшалар бой көтерді. Аудандағы «Жігер» спорт кешені күрделі жөндеуден өтіп, қазақша күрес пен бокс залдары ашылды. Үйлерге көптен күткен көгілдір отын кіріп, халық қуанышқа бөленуде. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін.

Сондай-ақ 25 жылдың ішінде мемлекеттік рәміздерімізді анықтадық, Елбасымызды сайлап, ұлттық тілімізді өрістеттік.

Өзім Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде денешынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алдым. 2014 жылдан бастап Ырғыз аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шәкірттер даярлап келемін.

Еркін күрестен Ақтөбе құрамасының спортшысымын. Биыл өткен Конфедерация кубогының қола жүлдегері атандым.

Бос уақытымды жаттығу залында өткіземін. Кітап оқығанды ұнатамын.

Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғаныма шексіз бақыттымын. Егемен еліміз­дің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамын. Барлық буын тәуелсіздік туының тұғырлы болуына өз үлестерін қосудан жалықпауы керек. Туған жердің өркендеуіне барынша атсалысу перзенттік парызым деп санаймын.

Кәмшат ОМАРОВА, Хромтау қаласындағы №6 гимназияның мұғалімі:

— Мен өзімді бақытты жандардың бірімін деп есептеймін. Себебі еліміз Тәуелсіздік алған жылдың тамыз айында Хромтау ауданына қарасты Ақжар елді мекенінде өмірге келдім. 2013 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық университетін тәмамдап, бүгінде еліміздің одан әрі қарыштап дамуына ұстаз ретінде өз үлесімді қосудамын. Өйткені жас ұрпаққа саналы тәрбие, жаңа заманға сай сапалы білім беруде ұстаздардың алатын орны ерекше.

Анам әлі күнге егемендік алған алғашқы жылдардың өзіндік қиыншылықтарын айтып отырады. Дүкен сөрелерінде азық-түлік мөлшері аз болып, халық арасында жұмыссыздық жиі орын алған. Қазірде еліміздің жағдайы біршама жақсарды. Әсіресе қала мен аудандарда көше атаулары өзгертілді. Мәселен, өзім дүниеге келген Ақжар ауылы бұрын Новоресей деп аталды. Қазір тұрып жатқан Центральная көшесіне бүгінде қазақтың қайсар батыр қызы Әлия Молдағұлованың есімі берілді.

Әрине, Тәуелсіздіктің құрдасы болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттің жастарға жасап жатқан қолдауын терең сезініп, ұтымды пайдалану керек.

Жастарға Елбасы жоғары сенім артып отыр. Бізге жүктелген міндет пен парыздың салмағы қаншалықты екенін заман­дастарым жақсы сезінеді деп білемін.

Венера ЕСЕНЖОЛОВА, Ойыл ауданы, Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебінің әлеуметтік педагогі:

— Еліміз Тәуелсіздік алған жылы Ойыл ауданы Саралжын селосында отбасымды үлкен қуанышқа бөлеп, ата-анамның сүйікті перзенті атандым. Алда үлкен мереке келе жатыр. Бұл мейрам біздің қазақ халқының өмірінде ерекше орын алады. Сондықтан жылда осы күнді асыға күтемін.  2011 жыл Ақтөбе гуманитарлық колледжінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру мамандығын бітірдім. 2015 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетінде психология мамандығы бойынша әлеуметтік білімдер бакалавры мамандығын меңгеріп шықтым.

Алғаш еңбек жолымды Қобда ауданы Егіндібұлақ ауылы И.Құрманов атындағы орта мектепте  бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Қазіргі таңда өзім өсіп-өніп, білім алған  Ә.Дербісәлин атындағы Саралжын орта мектебінде әлеуметтік педагог мамандығы бойынша қызмет атқарудамын.

Ата-анамыздың арқасында елімізде болған қиыншылықтарды сезбей өстік десем  қателеспес едім. Әженің ақылы, әкенің мейірімді құшағы, ананың аялы алақаны біздің отбасымызға тек қана береке мен тыныштық алып келді.

Бүгінде ауданда жол қатынасы жақсарды, бірқатар мектеп ғимараттары жаңартылды, жаңа балабақша, медициналық амбулатория ашылды, Спартак Төремұратов ағамыздың бастамасымен соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш жаңартылып салынды. Жақында ғана Тәуелсіздік күніне орай ауылымызда жастар саябағының тұсауы кесілді.  Өзім қызмет етіп жатқан мектебім  екі жыл қатарынан облыс көлеміндегі «Үздік мектеп» атағына ие болды. Өзім облыстық педагогикалық олимпиаданың 3-орын жүлдегері атандым. Мектеп қабырғасындағы барлық қоғамдық шараларға белсене атсалысамын.

Бос уақытымда әдеби кітап пен мәнерлеп өлең оқығанды, түрлі тағамдар әзірлегенді ұнатамын. Отбасылымын, жолдасым Дастан екеуміз екі қыз тәрбиелеп отырмыз. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» демекші, отбасымыздағы қос бәйтерегіміз аман болса екен деймін.

Тәуелсіздіктің құрдасы болғаным үшін  бойымды мақтаныш сезімі билейді.Ендігі мақсатым — өзім бір перзенті болып табылатын туған жерім мен сүйікті Отаныма адал қызмет ету.

 Әңгімелескен Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>