Басты бет » Жастар » Ар-Ожданның арманы

Ар-Ожданның арманы

ЕҢБЕК АДАМЫ

Бүгінге дейін бірде-бір аттасымды кездестіргенім жоқ деген Ар-Ождан Байқадамовтың қызметі де көпшілікке онша таныс болмауы мүмкін. Ол мұнай компаниясында геолог болып жұмыс істейді. Әкесінің тілегімен осы саланы таңдаған кейіпкеріміз қызметінің өте жауапты, ал еңбекақысының жұрт ойлағандай тым жоғары емес екенін айтады.

Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінде инженер мамандығын игерген, кейіннен халықаралық мұнай-газ кәсібі бойынша магистратураны да тәмамдаған жігіт бірнеше жылдан бері «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-да қызмет етеді. Әуелі қарапайым зерттеу операторлығынан еңбек жолын бастаған ол кейіннен шебер болған, қазірде жетекші геолог. Кезінде әкесінің нұсқауымен әрі сол кісінің жолын жалғау мақсатында кәнігі еңбек адамдарының кәсібін таңдаған әңгімелесушімізге: «Уақыт өте келе неге ғана осы мамандықты таңдадым?» — деген өкініш болған жоқ па дегенімізде, ол бірден бас шайқады. «Бір рет те ондай ой тумапты» деп ағынан жарылған Ар-Ождан әрі қарай сөзін былай сабақтайды:

—  Жұмысым өте қызық әрі қиын. Ақ пен қара түстердің қатар жүретіні сияқты ғой бұл. Көпшілікте мұнайшылардың жалақысы едәуір, олар ең бай адамдар деген пікір қалыптасқан. Бұл — қате ұғым. Елімізде экономикалық қиындықтар пайда болғалы, бізге де оның салқыны тиді. 200 мың теңгелеп ақша табамыз деп айта алмаймын, жалпы бұған нақтылы тоқталмай-ақ қояйыншы. Ең бастысы, мамандығым өзіме ұнайды.

Ал жетекші геолог ретінде техникалық режимнің түзілуіне, мұнай ұңғымасының жұмысына, оған қатысты жан-жақты есепке, бұрғылауға, бір сөзбен айтқанда, барлығын бақылауға тиіспін. Сондай-ақ, бізге келген зерттеушілердің қызметін қадағалап, бағыт-бағдар беремін.  Арасында сараптама жасайтынымыз бар. Жалпы, қағазбен жұмыс та көп. Сол себепті, менің кәсібім ерекше жауапкершілікті, шапшаңдық пен шыдамдылықты қажет етеді десем, артық айтпаспын.

Мұғалжар ауданындағы кен орнында 15 күн жұмыс істеп, сонша тәулік демалатын мұнайшы бұл күндері бұрғылаудың бұрынғыдай қарқынды жүргізілмейтінін, десе де соған қатысты ресми қағаздардың, сараптаманың көптігін баян етті. «Мұнайды қайта өңдеумен де айналысамыз. Жалпы алғанда, тәулігіне 2,5 тонна мұнай өндіреміз. Бұл да, салыстырмалы түрде қарасақ, аз емес», — дейді сөз арасында ол.

29 жастағы жігіттің жұмыс орнында жас мамандар кеңесі де бар. Оның төрағасы — Ар-Ожданның өзі. Аз қамтылған, мүгедек отбасыларға көмек көрсетіп, қарттарды да қамқорлауды ұмытпайтын ұйымдағылар қоғамдық жұмысты қоса алып жүретінін айтады. Өндіріс орнында еңбек ететін 800-ге тарта адамның 30-40 пайызы жастар екенін ескерсек, игі іске ұмтылатындардың қарасы көптігін байқауға болады. «Бұйыртса, Жаңа жылға таман Балалар үйіндегі ұл-қыздарды боулинг ойнауға апарып, бір қыдыртуды  жоспарлап отырмыз», — дейді жетекші геолог.

Одан бөлек, Ар-Ождан Байқадамов жастардың түрлі деңгейдегі басқосуларынан қалмай, белсенділік танытып жүретіндердің бірі. Осы айдың басында елордада Мемлекет басшысының қатысуымен өткен республикалық жастар форумына да қатысқан ол сапардан жақсы әсермен оралған.

— Әрине, алған әсерім ерекше. Өзіміз сияқты жастар Президентке сұрақ қойып, оны бетпе-бет көріп, дидарласуға мүмкіндік алды. Меніңше, бұл да үлкен жетістік. Осы орайда, мені сол жерге жіберген басшылығыма ризашылығымды білдіргім келеді. Құдай қаласа, мұндай жиындарға әлі талай қатысамын деп ойлаймын, — деп ой бөліседі Ар-Ождан.

Екеуара әңгімемізден ұққанымыз, бүтін бір үйдің сүт кенжесі енді шаңырақ көтеріп, әке-шешесіне келін сыйлауға ниеттеніп отыр. Ал қызмет жолында, әлбетте, өзі тер төгіп жүрген кен орнының басшысы болуды армандайды. Біз сөзі салмақты, ойы орнықты Ар-Ожданның бұл мақсат-тілектерінің орындалатынына әсте күмәнданбаймыз.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*