Басты бет » Жастар » «Ал-л-ло, бұл — Олжас…»

«Ал-л-ло, бұл — Олжас…»

ЕҢБЕК АДАМЫ

«Әлемде барлық нәрсе жұ­мыс­­шы қолымен жасалады. Біз ком­пью­тер алдында отырамыз. Алай­да, дәнді дақылды себетін, жи­най­­тын, нан пісіретін, темір қорытатын — жұ­мыс­­шылар. Олар маши­на жүр­гізе­ді, үйлер салады, жөн­дей­ді, зауыт­тар тұр­­ғызады. Бұл жерде ме­нің айт­пағым мынау: кез кел­ген эконо­ми­ка жұмыс­шы­­лардың арқа­сын­да дами­ды. Сондықтан жұмысшы жас­тар­ға құрмет көрсетейік».

Елбасы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ Астанада өткен

республикалық жастар форумында сөйлеген сөзінен. 

/1.12.2016 жыл/

Байланыс саласында еңбек ететін Олжас Сейдалы телефон желілерін жөндеп, абоненттерге техникалық қызмет көрсетеді. Ол бұл кәсібінің қашанда сұраныста болатынына бек сенімді.

Ұстаздар әулетінде туған жігітке байланыс саласының маманы атануға әу баста-ақ ешкім кеңес бермеген. Бұл — оның жүрек қалауы. Бір қызығы, кейіпкеріміз оқушы кезінен техникалық мамандық иелерінің жұмыссыз қалмайтынын жақсы түсінген.

— Өзім жастайымнан армандаған мамандығымды игеріп, 2014 жылы дипломымды алдым. Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің түлегімін. Мамандығым — байланыс технигі. Жұмысқа орналасарда ешқандай қиындық көргенім жоқ, бірден «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы облыстық телекоммуникация дирекциясының техникалық қызмет көрсету орталығына қабылдандым, — дейді ол.

Өзінің кәсібі үлкен сұраныстағы мамандықтардың қатарынан екенін айтқан Олжастың қызметтік міндетіне жұртшылыққа техникалық қызмет көрсету, соның ішінде істен шыққан телефон желілерін жөндеу, жалпы байланыстың жақсы болуын қамтамасыз ету кіреді. Күніне 6-7 үйге барып, жылдам хабар алғызатын телефонның ақауын ретке келтіретін жас маман 2 жылдың ішінде ешқандай оқыс оқиғаның болмағанына шүкіршілік етеді. Оның себебі туралы:

— Өйткені біздер барлық қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтаймыз ғой. Олай болмаған жағдайда, биіктіктен құлап, мертігіп қалуымыз, басқа да жарақат алуымыз бек мүмкін. Ең басында, осы қызметке келгенде үш ай тәжірибеден өткенде, соның барлығын алдыңғы буын өкілдері — аға-апаларымыз жете түсіндірді. Әйтпесе, біздің кәсіппен не нәрсені де көруге болады…

Қуантарлығы сол, бүгінге дейін ақтөбеліктердің тек ризашылығын білдіріп, алғыс айтқаны есімде қалыпты. Анау айтқандай көңілсіз оқиғалар атымен болған жоқ. Ондайдан Құдай сақтасын! — деп сыр ақтарады О.Сейдалы.

Кәсіпорынның техникалық қызмет көрсету орталығына қарасты №54 стансасында жұмыс істейтін Олжас негізінен Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы көп қабатты үйлердің байланыс жүйесін қадағалайды. Одан шақыртулар мүлде болмаған күндері не істейтінін сұрағанымызда, бұл сирек кездесетін жағдай екенін, ондай кезде көбіне-көп ескі желілерді жаңасына ауыстырумен айналысатынын білдік. Ал енді он жылдан кейін Олжас өзін бұл саланың білгір маманы ретінде көретінін, қандай жағдай болса да қызметін ешқайда айырбастамайтынын жеткізді.

Қоғамдық жұмыстарға да бір кісідей атсалысатын ол акционерлік қоғам жанынан құрылған «Жас телеком» ұйымының белсенді мүшесі. Қатарластары арасында қайырымдылық, мерекелік шараларды өткізуді қашанда құптайтын Олжас жоғары білім алу жайын да құнттап, бүгінде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде автоматтандыру және басқару мамандығының сырттай бөлімінде оқып жатыр. Оның ойынша, диплом қай кезде де артықтық етпейді. Егер ол техникалық мамандықтарға қатысты болса, тіптен жақсы.

«Неге екені белгісіз, жастар әлі де жұмысшы мамандықтарға қырын қарайды. Лажы болса, заңгерлікті немесе қаржыгерлікті тәуір көреді. Бірақ, меніңше, аталған кәсіптерге деген сұраныс бұрынғыдай емес әрі оларды игергендер қазірдің өзінде көп. Сондықтан техникалық мамандықтарды таңдағандар ешқашан ұтылмайды деп есептеймін. Елбасымыздың өзі мемлекетіміздің экономикасының өркендеуіне алдымен еңбек адамдары, яғни қарапайым жұмысшылар атсалысады деген жоқ па?» — дейді байланыс саласының маманы.

Айтпақшы, әңгімелесушіміз өнерден де кенде емес. Өзінің айтуынша, бос уақытында өлең шығарып, ән айтады екен. Тіпті соңғы уақыттан бері досымен бірге тойда өнер көрсетіп, қосымша табыс табуға көшіпті. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, оның пайдасы болмаса, зияны жоқ», — дейді кейіпкеріміз. Бірден айтайық, бұл — ақтөбелік жігіттің сүйікті ісі ғана, оқта-текте ғана думанды кештерге тапсырыстар қабылдайды. Әйтпесе, күнделікті жұмыс барысынан айнымайтын Олжастың әдетте телефон тұтқасынан айтатын сөзі мынау:

— Алло, бұл — Олжас Бақытұлы. Ақаудың телефон аппаратынан, болмаса желіден шыққанын білу үшін алдымен үйіңізге барып, қарау керек…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*