Басты бет » Білім » Еліміздегі тұңғыш ұлттық мектеп-гимназия

Еліміздегі тұңғыш ұлттық мектеп-гимназия

Білім шаңырағының ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты

 Бұдан тура 25 жыл бұрын еліміздегі тұңғыш ұлттық гимназия біздің Ақтөбеде ашылды! Оның тұсаукесер рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Бұл білім ордасы — Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназия.

Сол кезде, 1991-1992 оқу жылында мектеп-гимназияның 1-сыныбына қабылданған оқушылар өте көп болыпты: біреу емес, бесеу де емес, 18 класс-комплект ашылған! 90-жылдардың соңына қарай мұндағы жалпы  класс-комплектілердің саны 85-ке жеткен. Сол кездері бір жылда 150-ден астам түлек мектеп бітіріпті. Оқушылардың көптігі сонша, 90-шы жылдардың соңында Ақтөбе қаласындағы қазіргі  №37 мектеп осы мектеп-гимназиядан «енші» алып, өз алдына дербес білім ошағы болып ашылды.

Осы 25 жылдың ішінде аталған білім шаңырағы көп жетісікке қол жеткізді. Мысалы, 1999 жылы Сочиде өткен халықаралық жарыста бас жүлде иеленді. Әлемнің 103 мектебі қатысқан сайыста №32 мектеп-гимназияның көш бастауы облыстың ғана мерейі емес, күллі еліміз үшін де абырой болғаны анық.

Арада он жыл өткен соң, бұл білім ордасы республикадағы «100 үздік мектептің» бірі атанды.

Білім сапасының көрсеткіші — ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы. ҰБТ-дағы нәтижелері үшін №32 мектеп-гимназия бірнеше жыл қатарынан қаладағы үздік бестіктің қатарына енді. Әрине, мұның бәрі мектеп ұжымының тынымсыз еңбегінің жемісі.

Біз 1 желтоқсан —  Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы ашқан республикамыздағы тұңғыш қазақ гимназиясының тыныс-тірлігі туралы мектеп-гимназия директоры Айжан Жамбыловамен және осы білім шаңырағында 25 жыл бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан педаогтермен әңгімелескен едік. Сонымен…

Үздік 100 мектептің бірі

 — Қарашаңырағымыздың тарихы 1989 жылдан басталады. Ұлағатты ұстаз Мәрия Ғизатқызы Құрманғалиеваның ұйытқы болуымен Ақтөбеде ашылған алғаш қазақ  мектебі, арада екі жыл өткен соң, мектеп-гимназия атанды. Ел Тәуелсіздігімен құрдас білім ошағы Қазақстандағы тұңғыш ұлттық гимназия болуымен де ерекшеленеді.

1991 жылы салтанатты түрде өткен  шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Содан бері гимназия дарынды балалардың сүйікті ордасына айналды, — дейді Айжан Жамбылова.

Білім сапасы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысына байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда да мектеп-гимназияның  жетістігі өте көп. Мысалы, 2009 жылы №32 мектеп-гимназия «Облыстың ең үздік инновациялық мектебі» атанды. Сол жылы ұйымдастырылған педагогикалық жетістіктердің конкурс-марафонына  аталған гимназияның  23 мұғалімі қатысып, барлығы да жеңіске жетті.

Нақтырақ айтқанда, 18 мұғалім — «Облыстың ең үздік мұғалімі», 5 мұғалім — «Облыстың ең үздік класс жетекшісі» номинацияларының жеңімпазы атанды.

Сол жылы, 2009 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде республика бойынша мектеп бітірушілердің орташа балы жоғары болған 100 мектепке Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Үздік мектеп» атағы берілген болатын. Сол үздік мектептердің қатарында біздің гимназия да бар. 

2011, 2012 жылдары екі жыл қатарынан ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша қала мектептері  арасында біздің мектеп көшбасшы болды. Сөйтіп, мектебіміз екі жыл қатарынан «Облыстағы ең үздік жалпы білім беретін мектеп» атанды. 2012-2013 оқу жылының нәтижесі бойынша 4 миллион теңгелік грант иелендік. 

Қысқасы, әр жылдары мектептің ұлттық бірыңғай тестілеуден көрсеткіші 90 балдан төмен түскен емес. Мысалы, 2011 жылы біздің мектептің тестілеуден көрсеткіші 97,1 пайыз болды. Бұл — үлкен жетістік.

Мұның барлығы педагогтердің, оқушылардың тынымсыз ізденісінің жемісі, сол кездердегі мектеп-гимназия директоры Марта Есіркепқызы Малайдардың тынымсыз еңбегінің өтеуі, — дейді Айжан Жамбылова.

Ұстаздар табысы

— Білім сапасының жоғары көрсеткішке ие болуына үнемі тер төгіп, зор үлес қосып жүрген педагогтер көп. Мысалы, Күләй Бекетова, Несібелі Ізімбетова, Роза Райымбергенова, Айымгүл Исмайлова, Жанар Матаева, Гүлсім Сүйіншәлиевалар біздің гимназияда 25 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатыр. Олардың бірқатар жетістіктерін айта кетудің де артықтығы болмас.

Айталық, химия пәнінің мұғалімі Гүлсім Сүйіншәлиева 2014 жылы Астана қаласында өткен республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанды. Бірнеше жыл мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары болған ұлағатты ұстаздың еңбегі лайықты бағаланды деп ойлаймын. Оның «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Аға мұғалім», жоғары санатты химик-мұғалім тәрізді атақ-дәрежелері бар.

Немесе биылғы жылғы қазан айында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері Күләй Бекетова республикалық «Үздік авторлық бағдарлама»  конкурсына қатысып, ол қорғаған жоба үздік атанды.

Әр жылдары жетістікке жеткен осындай педагогтеріміз көп. Мысалы, Клара Қайырова «Өзін-өзі тану» оқулығын жарнамалау жөніндегі облыстық жарыста жеңімпаз болды. Республикалық семинарда сайыс материалдары көрмеге қойылып, «Өте жақсы» деп бағаланды.

Сондай-ақ, іс-тәжірибелері жинақталып, баспадан әдістемелік нұсқаулықтары  жарық көрген педагогтер де бар. Мәселен, Күләй Бекетованың «Ғұлама тағылымдары» атты шығармалар жинағы, «Сахна сыры» атты сценарийлер жинағы және «Интерактивті модульдік оқыту технологиясы негізінде құрылған сабақ жоспарлары» атты әдістемелік нұсқауы баспадан шықты. Ал бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Тоғымбаеваның жарық көрген дүниелері — «Қоршаған дүние» пәні бойынша оқу модульдері», «Этно-педагогика тағылымдарын оқу-тәрбие үрдісінде қолдану  жолдары» атты әдістемелік нұсқаулықтары.

Әрине, ілгеріде келе жатқан тәжірибе қостаусыз қалмайтыны белгілі, қазір жоғарыда есімдері аталған ұстаздардың ізін басып келе жатқан білікті, білімді жас мамандардың шоғыры өсіп келеді.

Ізденімпаз ұстаздарынан тәлімді тәрбие алып келе жатқан оқушыларымыз да көптеген білім сайыстарында топ жарып жүр. Мысалы, биыл 7-сыныпта оқитын оннан астам оқушымыз Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға қабылданды. Осының өзінен-ақ біздің оқушыларымыздың талантты, дарынды екенін даусыз аңғаруға болады, — дейді мектеп-гимназия директоры Айжан Жамбылова.

Тәуелсіздік тарту еткен жетістіктер

Күләй БЕКЕТОВА, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

— Бұл білім ордасын 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ашқанына куә болғандардың бірімін. Осы білім шаңырағына жұмысқа қабылданып, Қазақстандағы тұңғыш гимназияның директоры Мәрия Ғизатқызының мектебінен өттім. Сол кісінің тәлім-тәрбиесін, өнегесін алдым. Мәрия Ғизатқызы: «Гимназияның мұғалімінің бір басы артық болуы керек» дейтін еді. Ол гимназияға мұғалімдерді конкурс өткізіп, таңдап, іріктеп алатын-ды. Сол сыннан сүрінбей өткеніміздің өзі үлкен қуаныш болған еді.

Сол жылдары біздің облысқа іссапармен келген тұлғалар — «Бөбек» қайырымдылық қорының президенті Сара Назарбаева, көрнекті ғалымдар Мекемтас Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішев, қазақ жұртының қадірлі әншісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланова, дауылпаз ақын Фариза Оңғарсыновалармен кездесулер өткіздік.

Ол кезде кеңестік саясаттың құрығынан құтылып, Тәуелсіздікке енді қолымыз жетіп жатқандықтан ұлттық тәрбиеге, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге көбірек көңіл бөлінді. Осы мақсатта көптеген үйірмелер ашылды, тәрбие сағаттары өткізілді. Сол жылдары гимназияда Рая Жұмалина, Зоя Сағынғалиева сынды апайларымыз жемісті еңбек етті. Бұл кісілерден көп нәрсені үйрендік, үлгі, өнеге алдық. Қазір олар құрметті демалыста. Жалпы мектеп-гимназияның 21 ардагері бар. Олармен тығыз қарым-қатынас жасап тұрамыз. Мұғалімдер күні, Қарттар күні, Наурыз мерекесі секілді мейрамдарда хабарласып, құттықтап, мектепте өткізілетін іс-шараларға жиі шақырамыз.

Әлгіде айтып өткен Рая, Зоя апайларымыздың ізін басып, гимназия ашылған бастапқы жылдары жұмысқа қабылданған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Күлайым Алдиярова, Несібелі Ізімбетова, Роза Қуанышевалардың да білім сапасын арттыруға қосқан үлестері зор. Біздің ізімізді басып келе жатқан  Гүлмира Мұқашева, Гүлжазира Қалауова, Аралбай Құлжанов сынды ұстаздарымыз да жемісті еңбек етіп жатыр. Олардың да жетістіктері өте көп.

Осы мектепте үздіксіз жұмыс істегеніме биыл — 25 жыл. 25 жыл бойы үздіксіз, жүйелі түрде қалалық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлерін, жеңімпаздарын даярладым. Мысалы, 2001 жылы, ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы тұсында Әсем Шәмишева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткен республикалық пәндік олимпиадада І орын алса, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Гауһар Балқасынова республикалық  пәндік олимпиадада ІІІ орын иеленді. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Қанипа Бітібаева атындағы республикалық пәндік олимпиададан Айана Жылқыайдарова І орын, Мағжан Жұмабаев оқуларынан Гүлсезім Жүсіпова ІІІ орын алғаны да мерекелі жылдардың берекесі.

Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудегі еңбегім лайықты бағаланды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Сондай-ақ, үздік педагогтердің мәртебесін арттыру мақсатында ұйымдастырылған  конкурста «Облыстың ең үздік мұғалімі» атандым. Биыл республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсына қатысып, мен жазған «Тәуелсіздік түлеткен поэзия» бағдарламасы үздік авторлық бағдарлама атанды.

Биыл республика көлемінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлап жатырмыз. Тұңғыш ұлттық мектеп-гимназияға да биыл 25 жыл толады. Осы білім ордасында мен де 25 жыл бойы жемісті еңбек етіп келемін. 90-жылдары еліміз басынан түрлі қиындықтарды өткергені мәлім. Сол жылдары көптеген мұғалімдер мектептегі жұмысынан шығып, күнкөріс қамымен басқа салаларға ауысуға мәжбүр болды ғой. Мамандығыма деген адалдығым шығар, мен басқа салаға жұмыс ауыстыру туралы мүлде ойламаппын да.

«Мұрагер» ұлттық өнерді дәріптейді

 Роза РАЙЫМБЕРГЕНОВА, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері:

— Мектеп-гимназияның тұңғыш директоры Мәрия Ғизатқызы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға көбірек көңіл бөлді. Сол мақсатта гимназия ашылған кезден бастап-ақ көптеген үйірмелер ашылды. Сол жылы кілем тоқу және қобыз үйірмелерінен дәріс бердім.

Ал 1992 жылдан бастап «Мұрагер» бағдарламасы бекітіліп, пән ретінде оқу кестесіне енгізілді. Сол жылы екі сынып ашылған болатын. Ол кезде балалар домбыраны үйден әкелетін. Жансұлу Көшкімбаева апай жетекшілік ететін 1 «ә» сынып оқушыларының бәрі бірдей домбыраны Алматыдан тапсырыс беріп алдырған болатын. Кейінгі жылдары «Мұрагерге» қатысатын бала саны, сынып саны артып, 27 сыныпқа дейін жетті. «Мұрагер» пәніне 2-7 сыныптағы оқушылар қатысатын болды. Әр сыныпта 25-30 оқушыдан дәріс алды.

Осы «Мұрагер» пәнінен республика көлемінде ашық сабақтар, екі рет шығармашылық концерт өткіздім. Соның нәтижесінде, біздің мектеп-гимназияға екі рет жалпы саны 50-ге жуық домбыра тарту етілді.

Жалпы бағдарламаның басты мақсаты — өзінің тілін, дінін, дәстүрін, өнерін, әдет-ғұрыптарын біліп, халқының асыл қазынасының мұрагері сезінетін, өз елін, туған жерін, атамекенін сүйетін ұлтжанды азамат тәрбиелеу. Осы мақсатқа жету үшін бірнеше міндет қойдық: оқушыларға домбыра сүйемелдеумен ән айтып, күй тартуды үйрету, жыраулық дәстүр, айтыс өнерін меңгертіп, Батыс Еуропа және  Шығыс музыка өнерінің дәстүрлерімен таныстыру.

2003 жылы «Мұрагер» кабинеті ашылды. Қазір «Мұрагер» пәні тоғыз сыныпта жүргізіледі. Оқушыларға шәкіртім Амангүл Жұмабаева дәріс береді.

«Наурыз мейрамын ел болып тойладық»

 Несібелі ІЗІМБЕТОВА, мектеп-гимназия мұғалімі:

 — 1991-1992 оқу жылының басты ерекшеліктерінің бірі — 1-сыныпқа көп бала қабылданып, 18 сынып-комплект ашылды. Сол жылдары үй-үйді аралап, балаларын қазақ гимназиясына беру туралы ата-аналармен сөйлесіп, оқушылар тартқанбыз. Кейін, Тәуелсіздік алғаннан соң-ақ, біздің мектеп-гимназияға балаларын бергісі келетін ата-аналар күрт көбейді. Сөйтіп, 85 сынып-комплектіге дейін жетті. Гимназияның әдістемелік жұмысын жүргізу мақсатында директорымыз Мәрия Ғизатқызы бастаған бір топ мұғалім  Мәскеу қаласындағы №315 мектепке барып, тәжірибе жинақтап келді.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Мәрия Ғизатқызының ұйытқы болуымен мектепте Наурыз мейрамын кең көлемде тойлайтынбыз. Мерекелік шараға мектеп оқушылары, ата-аналар ғана емес, мектебіміз орналасқан 11-шағын ауданның тұрғындарының басым бөлігі қатысты.

1992 жылдан бері осы мектепте жұмыс істеймін. Тоғыз жыл бойы, 1996-1997 оқу жылынан 2005-2006 оқу жылына дейін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым.

P.S. Қазір Ақтөбе қаласындағы №32 мектеп-гимназияда 114 педагог еңбек етеді. Олардың 30-ы —жоғары санатты, 28-і — бірінші санатты ұстаздар. Гимназияда жалпы саны 1316 бала оқиды. Бұл балалардың жүзге жуығы — оқу озаттары.   

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*