Басты бет » Жастар » Ақтөбеде мұнайшы жастар бас қосты

Ақтөбеде мұнайшы жастар бас қосты

Ақтөбе қаласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ІІІ жастар слеті өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, компанияның адам ресурстарын басқару  басқармасының вице-президенті Серік Әбденов,  сондай-ақ компания мен оған еншілес 45 мекемеде және өзге де мұнай компанияларында  жұмыс істейтін жастар қатысты.

Жиынның ашылуында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ел экономикасы үшін мұнай-газ  саласының маңызы зор екенін, мұнай өнімінің бағасы төмен екеніне қарамастан Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз экономикалық қиндықтан шыға білгенін айтты.

— Тәуелсіздік алған күннен бастап  Елбасы жастар саясатына ерекше назар аударды. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты жастар мәселесін шешу, олардың әлеуетін көтеруге бағытталды. Балаларға білім, тәрбие беру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді. Халықаралық стандарттарға сай білім алу үшін барлық жағдай жасалды. Мемлекет басшысының бастамасымен жиырма жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы қолға алынып, оны оқып келген жастар қазір ел экономикасын көтеруге атсалысып жүр.

Сіздер энергиясы мол, ақылды, талантты жастарсыздар. Қазір сіздердің қай салада болмасын  тың идеяларды іске асыруға мол мүмкіндіктеріңіз бар. Мемлекет қашанда жастардың бастамасын қолдайды, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ басқосуда жастардың жұмыстағы жетістіктері, өндірістегі  еңбек қауіпсіздігі, жастар тәжірибесі  және өзге де мәселелер сөз болды. Дуальды оқыту жүйесінің тиімділігі айтылды. Бұл ретте өткен жылы осы жүйені енгізген «Ембімұнайгаз» АҚ тәжірибесі ортаға салынды.

Сондай-ақ шара аясында «Атамекен» ұлттық палатасы және Неміс қолөнершілер палатасының дуальды оқыту жүйесі бойынша бірлескен әріптестік жоба бойынша дайындалған тәлімгерлердің жұмысы талқыланды.

Биылғы жылдың мамыр айында «Ембімұнайгаз» АҚ-ның  алты маманы «Кәсіби және еңбек педагогикасы» тақырыбындағы  үш модулді тәлімгерлерге арналған арнайы курста оқып қайтты. Форумда тәлімгерлерге сертификаттар берілді. Жиын барысында жастар өзара пікір алмасты. Сондай-ақ белсенді жастар облыс әкімдігі мен компанияның Алғыс хаттарына ие болды.

Форумның екінші күні жастар Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап Тұңғыш Президент атындағы саябаққа  ағаш екті, қала тұрғындарына концерт қойды.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*