Басты бет » Денсаулық » Әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты

Әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты

«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігі мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын сақтау» жобасы бойынша дөңгелек үстел өтті.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған шараның басты мақсаты —  мүгедек азаматтардың, оқушылар мен студенттердің ақпарат алу деңгейін көтеру, өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға үйрету, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға денсаулығын сақтауға бағытталған ақпарат және кеңес беру мектебін ұйымдастыру.

Басқосу барысында қатысушыларға жобаның мақсаты мен міндеттері, бағыттары айтылды. Өз еркімен қозғалыс мүмкіндігінен айырылған жандардың қосалқы дерттері, тері жамылғыларының зақымдалу қауіптері және оның алдын алу туралы толық ақпараттар берілді.

«Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Байменованың айтуынша, бірлестіктің негізгі қызмет түрлерінің бірі — арбамен жүретін мүгедектер мен олардың отбасы мүшелерін түрлі акциялар мен семинарлар, шерулер, спорттық жарыстар, байқаулар мен денешынықтыру іс-шараларын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік қоғамға араласуға тарту. Басты мақсат — әлеуметтік күйзеліске жол бермеу, тиімді әрі пайдалы ақпарат беру. Бұл аталмыш жоба аясында мектеп қабырғаларында да тәжірибелік сабақтар мен дәрістер жүргізілуде.

— Денсаулық сақтау саласындағы негізгі концепция — «Әр азамат өз денсаулығы үшін жауапты» деген ұранмен өскелең ұрпаққа қауіп-қатердің алдын алу мақсатында дұрыс ақпарат беру. Денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін ескеру.  Бүгінде мемлекет тарапынан мүгедек жандарға медициналық, әлеуметтік оңалту шаралары өткізіледі. Егер медициналық көрсетілімі болса, санаториялық ем алуға мүмкіндік бар, — деді «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Гүлмирам Сражова.

Аталған шараға қатысушылардың бірі — Айбек Ахметкереев 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. 5 жыл бұрын жол апатына ұшырап, мойын омыртқасына зақым келген. Бүгінде арнайы ем алып, жаттығулармен айналысып жүр. Тезірек аяққа тұрып кетсем деген Айбектің жақсылықтан үміті зор.

Бүгінгі шараның тақырыбы өте маңызды. Кез келген жан алдын ала қауіпсіздік шараларын ескеріп, хабардар болып жүрсе, түрлі сырқаттар орын алмас еді. «Бірінші байлық — денсаулық» демекші, жастарымыз жолда жүргенде абай болып, өз өміріне бейжай қарамаса екен, — деді ол.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*