Басты бет » Жастар » Тәуелсіздік құрдастары

Тәуелсіздік құрдастары


Міне, ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікке 25 жыл толғалы отыр. Осы уақытта дүние есігін ашқан жігіттер мен қыздар қазір қазақ елінің өркендеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосуда. Олардың бірқатарымен жолығып, әңгімеге тартқан едік.

 

 

Мерей ҚҰПЖАНОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті жанындағы Гуманитарлық Зерттеулер Институтының ғылыми қызметкері:

«Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік..»

— Мен 1991 жылғы құрдастарымды ақжолтай құтты ұрпаққа балаймын. Себебі, біз дүниеге келген жылы халқымыз сарылып күткен Тәуелсіздікке қол жеткізе алдық емес пе? Мен азаттық алған сол ұлы күннен кейінгі төртінші таңда дүниеге келіппін.  Балалық шағым Қобда ауданына қарасты Егіндібұлақ аулында басталғанымен, көп ұзамай бірінші сыныптан кейін қалаға көшіп келдік. Сол жылдардан бастап, еліміз барлық қиыншылықты да, қуанышты да өз жұртымен бірге еңсеріп келеді. Әрине, маңызды сәттер өте көп болды. Айналдырған 25 жылдың ішінде мемлекеттік рәміздерімізді анықтадық, Елбасымызды сайлап, ұлттық тілімізді өрістеттік. Бір сөзбен айтқанда, барлық қазбалы да, рухани да байлықтарымызды мемлекет игілігіне жұмсап, Қазақстан Республикасының абыройын асқақтатуға күш салдық. Сол өзгерістер жаңа бастамаларға мұрындық болды, елімізді жаңа биіктерге шығарды деп ойлаймын.

Бүгінде өзім қызмет атқарып жатқан Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдадым. Ресейде магистратураны аяқтап, Қазан қаласындағы аспирантураға түстім. Қазіргі таңда филология ғылымдарының докторы, профессор Радиф Жамалетдиновтың ғылыми жетекшілігімен кандидаттық диссертациямды жазып жатқан жайым бар.
Бүгінде әлемде болып жатқан алаңдаушылықтардың барын ескерер болсақ, азаттық қадірі көз алдымызда арта түседі. Оның құнын түсіну мен абыройын түсірмеу біздің басты міндетіміз болуы тиіс.

Өзім ғылым жолын таңдаған соң, еліме сол бағыт бойынша шама-шарқымша үлес қосуға тырысамын. Тәуелсіздік таңы күлімдеп тұрса да, мемлекетімізде әлі де болса төл тіліміз де өткір әрі өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны мәлім. Соған сәйкес, бұл орайда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен ғылыми қазақ тілінің алға жылжуында отандық тілтанушы ғалымдар мен барша филолог қауымының қосар еңбегі орасан.

Барлық буын тәуелсіздік туының тұғырлы болуына өз үлестерін қосудан жалықпасын деген тілек бар. Абылай хан бабамыз: «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік. Білімге сенер заманда, қапы қалып жүрмелік…» деген екен. Сондықтан да қазақты ұлт ретінде сақтайтын бірден-бір дүние ілім-білім, ұлттық тәлім-тәрбие, дәстүрлі дін мен діліміз дер едім.

Гүлбағда ҚАЙРАТҚЫЗЫ, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасындағы «Жаңалықтар» бөлімінің редактор-жүргізушісі:

Бағындырар белесім алда…

— Мен 1991 жылы Шалқар ауданында дүниеге келдім. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының кино және ТВ және өнертану факультетін бітірдім. Телевидениедегі алғашқы қадамым «24 KZ» телеарнасында редактор ретінде басталды.

Тәуелсіздік алған жылдары отбасымызда бірнеше маңызды оқиғалар көп болды. Мен ата-анамның тұңғышы болып дүниеге келдім. Жаңадан отбасын құрған әке-шешем сол кездегі өмірдің қиын болғандығын әлі күнге дейін айтып отырады. Отын тапшылығы, жұмыссыздық, тағы басқалары бар. Десек те, олар сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Әкем әрқашан сол кезең құндылықтарының да өзгеше болғандығын айтып отырады. Маңызды сәттер көп болды. Мектепті үздік аяқтап, олимпиадалар мен байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған сәттерім әлі есімде. Еліміздің жетістіктерін теледидар арқылы көріп, газеттерді оқып, біліп отырдық. Ол кезде тек «Қазақстан» және «Хабар» арналары көрсетілетін. Кешкі сағат 5-те «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы бір сағатқа қосылатын. «Егемен Қазақстан», «Ақтөбе», «Шежірелі өлке» газеттеріне жазылып, тұрақты оқырман болдық. Ал қазір телеарна, газет-журналдар өте көп. Бұның өзі – Тәуелсіздіктің сыйы.

Әрине, Тәуелсіздіктің құрдасы болу үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекеттің қазір жастарға жасап жатқан қолдауы көп. Соны ұтымды пайдалану керек. Ата-бабаларымыз аңсап кеткен, батыр ұл-қыздардың қаны төгіліп, жандары пида етілген Тәуелсіздікті біз қадірлей білуіміз керек. Атақ пен абыройдан бұрын елдің дамуы жолында тер төгіп, қызметіңе адал болсаң, сол мойныңа артылған жүк пен жауапкершілікті орындай білгенің деп есептеймін.

Бос уақытымда қойын дәптерімді жазумен айналысамын. Күн ұзақ түсірілімде жүріп, талай адамдармен жүздесесің немесе қоғамдық көлікке отырып, сондағы адамдарға, іс-әрекеттеріне мұқият қарап, назар аударасың. Кешке қолым қалт ете қалғанда, сол көргенімді, ішкі түйсігімді түртіп, ойымды жазамын. Бүгін, ертең болмаса, бір күні қажетіңе жарайды. Кітап оқығанды ұнатамын.

Жаһандану заманында мақсатсыз өмір сүрмейтін адам жоқ шығар. Отбасылы болып, сәби сүйгеннен кейін мақсатым еселене түсті. Жалпы алғанда, елге елеулі, халыққа қалаулы адам болу – мақсатымның шыңы. «1 пайыз талант, 99 пайыз еңбекті» талап ететін журналистика жолындағы бағындырар белесім алда деп санаймын.

Әйгерім АЛҒАЗИНА, Мұғалжар аудандық ауруханасы, жедел жәрдем бөлімінің фельдшері:

Отандық медицина дамуда

2004 жылы ата-жұртымыз қазақ еліне Қарақалпақстан Республикасынан қоныс аудардық. Ақтөбе медициналық колледжінде білім алып, бүгінде халық саулығы үшін қызмет атқарудамын.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда қазіргі уақыттағы денсаулық саласы айтарлықтай дамыған. Маман жағынан да, сапа жағынан да, техника жағынан да жағдай жақсарды.  Қазақстан медицинасында орын алған бір өзгеріс — Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі. Бұл бағдарлама шетелдік үздік тәжірибелерден үлгі ретінде алынды. Халық бұрын күрделі ота түрлерін жасату үшін шетел асып ем іздейтін. Ал бүгін республикалық медициналық орталықтар әлемнің үздік медициналық мекемелерімен бәсекеге түсуге қауқарлы.

Қазіргі таңда өзім қызмет атқарып жүрген Мұғалжар аудандық ауруханасында жаңадан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның барлығы халық игілігі үшін. Жаңадан әкімшілік, прокуратура ғимараттары салынып, құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келеді.

Тәуелсіздіктің құрдасы болудың өзіндік жауапкершілігі бар екендігін шын жүрегіммен сезінемін. Ендігі алдыма қойған мақсатым — республикамыздың әлемдегі бәсекеге қабілетті  30 елдің қатарына қосылуына өзіндік үлесімді қосу.

Ақшагүл ЕЛЕУСІНОВА, Ақтөбе қаласындағы «Каспий банкі» АҚ менеджері:

Біз жанбасақ лапылдап…

— Мен еліміз егемендік алған жылдың ақпан айында Әйтеке би ауданына қарасты Жабасақ елді мекенінде дүниеге келдім. Ата-анам есімімді несібелі, ырысты болсын деген ниетпен Ақшагүл деп атапты. Міне, бүгінде қаржы саласында жемісті еңбек етудемін. Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетіндегі экономика факультетін  бітірдім.

Тәуелсіз мемлекеттің негізгі жетістіктерінің бірі — айналымда өз ақшасының болуы деп есептеймін. 1993 жылы Тәуелсіздік нышанының бірі — Ұлттық валюта – теңгенің шығуы болды.

Естуімше, біздің бала кезімізде мемлекетте қаржы бол­мағандықтан, кейбір зауыт, фабрикалар жабылып, жалақы төлей алмай, дүкендер босап қалған. Бала-шағасын асырау әр отбасының уайымына айналды. Осындай қиын-қыстау кезде Ұлттық валютамыз жасалып жатты.

Бүгінде туған жерім Әйтеке би ауданының барлық ауылдарында жаңадан мектептер салынды. Биылғы жылдың ең басты жаңалығы — үйлерге көптен күткен көгілдір отын кіріп, тұрғындар қуанышқа бөленуде. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін.

Маған тағдыр мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылда жарық дүние есігін ашуды бұйырыпты. Мен мұны мақтан етемін. Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу — менің ең басты мақсатым. Тәуелсіздіктің төл құрдасы болу екінің бірінің маңдайына жазылмаған болар. Қазір әр қадамыма есеп беріп, айналама ойлана қарайтын болдым. Буырқанған күш-қуатымды Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсасам деймін. Арман-мақсаттарым көп-ақ… Халқымның бақытты болуын қалаймын.

Қандай қызметте болса да, әрбір жас Тәуел­сіз еліне мінсіз қызмет етуі керек. Біз жанбасақ лапылдап, елдің ертеңі не бол­мақ?!

Райымбек ЛҰҚПАНҰЛЫ, Темір аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы:

Біз еркін елдің жастарымыз

— Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спорт саласына айрықша көңіл бөлуде. Соңғы жылдары көптеген спорт нысандары салынды. Спортқа жаны құштар жастарға жетістіктерге жетуге мол мүмкіндіктер бар. Осы күнге дейін олимпиадада қазақ баласы еркін күрестен жеңіске жеткен жоқ. Менің ең биік мақсаттарымның бірі — көк байрағымызды желбіретер, олимпиада чемпионын дайындап шығарсам деймін. Өзім бала кезімнен күреспен айналысамын. Әкем де 20 жыл дәл осы спорт саласында еңбек еткен жан. Сол алғаш додаларға қатысып жүрген кездері әлі есімде жерге төсейтін дұрыс кілем де болмапты. Ал бүгінде жасөспірімдерге барлық мүмкіндіктер жан-жақты қарастырылған. Тек соны ұтымды пайдалану керек.

Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы мерекесінің табалдырығында тұрып, осындай бірлігі мықты елде туғаныма шексіз бақыттымын. Егемен еліміз­дің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамын. Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды перзенттік парызым деп санаймын.

 

 Әңгімелескен Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*