Басты бет » Жастар » Бүгін — студенттер күні

Бүгін — студенттер күні

Әр адамның есінде ерекше естеліктерімен жатталып қалатын студенттік шақ ешқашан ұмытылмайды. Қызығы мен шыжығы мол студенттік кезең әрдайым әсерлі де қызықты әңгіменің арқауы болары хақ. Бүгінгі күні студенттердің әр күні мерекедей өтсе де, күнтізбеде белгіленген олардың өзіндік мейрамы бар. Ол — халықаралық студенттер күні.

Бүгінгі мерекеде осы атаулы күнге қатысты деректер мен жоғары оқу орындарында оқып жүрген талантты, жан-жақты студенттер жайлы жазуды жөн көрдік. Әлқисса…

 Мерекенің тарихын білесің бе?

 Студенттер күнінің өзіндік тарихы бар. Бүгінде бұл күн көңілді жастық шақ пен романтиканың күні болғанымен мұның тарихында көңілсіз жайттар жатыр.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1939 жылы 28 қазан күні фашистер басып алған Чехословакияның студенттері мен ұстаздары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына жиырма бір жыл болғанын атап өту үшін шеруге шыққан. Басқыншы бөлімдер шеруді басып тастап, сонымен бірге медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды атқан.

1939 жылы 15 қарашада Яна Оплеталды жерлеу рәсімінде студенттер қайтадан наразылық танытқан. Шеруге шыққандардың көбі қамауға алынып, 17 қарашада таңертең студенттік жатақханаларды қоршаған. 1200-ден астам студент ұсталып, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамалған. Студенттік қозғалыстың тоғыз белсенді студенті Рузина атты прагалық ауданда түрме қабырғасында сотсыз дарға асылған.

Арада біраз уақыт өткен соң 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде бұл күн Халықаралық студенттер күні болып белгіленген.

Міне, қайратты мінез, жігерлік пен жастық шақтың мерекесі – Студенттер күнінің шығу тарихы осындай. Алайда бұл мереке жағымсыз оқиғалармен бастау алғанымен, бүгінгі күні жастар осы бір күнді ерекше сән-салтанатпен атап өтеді.

Биыл дәстүрлі мерекені ақтөбелік студенттер де атап өтіп жатыр. Жоғары оқу орындарында концерттер, кездесу кештері, көңілді тапқырлар сайысы ұйымдастырылып, студенттер жас театрлардың қойылымдарын тамашалайды.

Ақтөбеде белсенді студенттер көп

 Бүгінгі күні ақтөбелік студенттер тек білім алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз үлестерін қосып жүр. Оның ішінде облыс көлемінде ұйымдастырылатын қайырымдылық шаралар мен акцияларға, форумдар мен басқосуларға ерекше белсенділікпен қатысады.

Бүгінде облыста «Ақтөбе жастары» қауымдастығы мен Жас ғалымдар кеңесі, 7 еріктілер тобы тұрақты түрде жұмыс жасайды. Олардың қатарында 4 мыңға жуық жас бар.

Сондай-ақ өңірімізде «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша бес мыңға жуық студент еңбек етеді. Бұл олардың уақытты тиімді әрі қызықты өткізуіне септігін тигізеді.

Сонымен қатар қазір жас мамандардың жұмыспен қамтылуына да барынша көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ,  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 274 жас маман ауылға барып, қызмет етуде. Алдағы уақытта бұлардың қатарын бүгінгі студент — ертеңгі жас  маман толықтырады.

ӘБІШТІ ОҚИТЫН СТУДЕНТ

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы мамандығының 4-курс студенті Бекарыс Олжабаев — Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевты сүйіп оқитындардың бірі.

Ол 2013 жылы Ақтөбе қаласындағы №33 қазақ орта мектебін «Алтын белгімен» аяқтап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ филологиясына оқуға түседі. Оқушы кезінен көркем әдебиет оқығанды ұнататын ол бүгінгі күні белгілі жазушылардың шығармаларын оқып жүр. Жуырда ол Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романын оқып бастапты.

— Біздің факультеттің студенттері қаламгер Әбіш Кекілбайұлының еңбектерін іздеп оқиды. Жазушының «Үркер», «Елең-алаң» романдары көптің жүрегінде мәңгілік жасай береді. Көпшілік оны қазақ әдебиетіндегі алып тұлға ғана емес, ел жанашыры ретінде де жақсы таныды, — дейді Бекарыс жазушы жайында.

Сөз арасында кейіпкеріміз қазір Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романы бойынша дипломдық жұмыс жазып жатқанын айтты.

  • Жазушының шығармалары туралы желтоқсан айында өтетін ғылыми жобалар жарысына да бірнеше мақала жазып жатырмын. Жақында жазушыны еске алу шаралары аясында біздің университетте «Әбіштану» дәрісханасы ашылды. Сол кабинетте біз лекция тыңдап, білім аламыз. Мұның өзі де бізге үлкен мақтаныш, үлкен демеу, — дейді Бекарыс.

Ол болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, ел дамуына өз үлесін қосқысы келеді.

  • Қазір мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақ беретін ер мұғалімдер аз. Мәселен, біздің факультетте Баян Бораш, Жұбаназар Асанов, Сабыржан Мұхтаров, Сабырғали Бишекен сияқты ер мұғалімдер сабақ береді. Олардың бізге беретін үлгісі мен тәрбиесі зор. Сол сияқты мектептерде ер оқушыларға ер мұғалімдер сабақ берсе, олар намысшыл, жігерлі, қайратты болып өседі. Себебі ер адамның тәрбиесін, үлгісін алған бала жаман болмайды. Тек өкініштісі, қазір жастар мұғалім болғысы келмейді. Қиынсынады, қашады, жалақысына көңілі толмайды. Сондай-ақ қазір педагог мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарында да ер балалар аз, — дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме барысында Бекарыс студенттік шақтың адам өмірінде ең бір қызықты, айрықша орын алатын кезең екенін жеткізді. Оның айтуынша, студенттік кезде жастар тек білім алуға ғана емес, өмір сүруге, ақ пен қараны ажырата білуге, өздігінен шешім қабылдауға үйренеді.

— Студенттік шақта жастардың көбі жатақханада жатып, бір үзім нанды бөліп жеп, достықтың қадірін түсінеді. Білімін тереңдетіп, ізденеді. Жаңа ортаға келген соң олармен араласу, сыйласуды үйренеді. Көп алдында сөз сөйлеу, лекция тыңдау, оны жылдамдықпен жазу, қоғамдық шараларға араласу сияқты әртүрлі қызмет етеді. Шындап келгенде мұның бәрі үлкен бақыт, — дейді студент.

«Жігітке жеті өнер де аз» деген ұстанымды ұстайтын Бекарыс кітап оқудан басқа ән айтады. Мерекелік кештерде, тәрбиелік сағаттарда патриоттық, лирикалық әндерді, оның ішінде «Әкеге тілек», «Анаға сәлем», «Анаға сый», «Жаса, Қазақстаным» әндерін, сондай-ақ Абайдың әндерін құйқылжытып орындайды. Өз тобында озат,өнерлі, жан-жақты студент әрдайым ұстаздарын сүйсінтіп, көптің алғысын алып жүреді.

  • Жылына бір рет атап өтілетін Халықаралық студенттер күні — мен үшін ерекше мереке. Сондықтан барлық ақтөбелік студенттерді мейрамдарымен құттықтаймын, — дейді Бекарыс.

 АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН БИБІХАНЫМ

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің 3-курс студенті Бибіханым Сертай — облыстағы Жас ғалымдар кеңесінің белсенді мүшесі. Қазір ол осы ұйымда үйлестіруші болып жұмыс жасайды.

Бибіханым университеттің жалпы медицина мамандығына түспестен бұрын Ақтөбе гуманитарлық колледжінің мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу мамандығын бітірген. Төрт жыл колледжде білім алып, оны қызыл дипломмен тәмамдаған. Кішкентайынан дәрігер болуды армандаған Бибіханым екінші мамандық алуды ұйғарып, осыдан үш жыл бұрын кешенді тестілеуге қатысады. Жолы болып, бұл сынақтан 94 балл жинап, грантқа түседі. Арманы орындалған дарынды қыз сөйтіп медицина университетінің студенті атанады.

Бибіханым университетке түскен соң өзінің ізденімпаздылығы мен пысықтығының арқасында көзге түсіп, 1-курста халықаралық қатысыммен өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысады. Бұл конференцияда ол «Медициналық қызмет саласында кәсіби жаргондарды қолдану» тақырыбында ғылыми жоба қорғап, II дәрежелі дипломмен марапатталады. Сондай-ақ ол кафедрааралық ұйымдастырылатын іс-шараларға белсене қатысып, бірнеше рет университет басшылығының Алғыс хаттарын да иеленеді. Ал биыл дарынды студент Ресейдің Волгоград қаласында Жастар ғылым қоғамы өкілдері федерациясының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге қатысып келді. Онда университет атынан барған төрт студенттің арасында «Оқушыларға әңгімелесу және дидактикалық ойындар арқылы медицина саласына қатысты өзекті мәселелерді түсіндіру» тақырыбында өз пікірін білдіріп, бүгінгі күні университеттегі студенттік ғылыми қоғамның атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.

Бұл шараға біздің елімізден басқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрамындағы елдердің өкілдері мен ресейлік студенттер қатысты. Дөңгелек үстел барысында медицина саласына қатысты бүгінгі өзекті мәселелер сөз болып, әр елдің студенті өз оқу орындарында қол жеткізіп жатқан жетістіктерімен бөлісті. Аталған іс-шарадан біз де көп мағлұмат алып, білімімізді тереңдетіп қайттық, — дейді ол.

Жуырда Бибіханым Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында өткен ««Әлемді өзгертетін идеялар» атты семинар-тренингке де қатысып қайтты. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын зерттеуге бағытталған шарада ол арнайы сертификатқа ие болды. Болашақта ол кардиолог болғысы келеді.

  • Мен қазір жалпы медицина факультетінде білім алып жатырмын. Екі жылдан кейін біз өзіміз қалаған саланы, яғни арнайы мамандығымызды таңдаймыз. Сол кезде мен кардиолог-дәрігер мамандығын таңдаймын. Қазір медицина саласы күннен-күнге қарыштап дамып келеді. Жаңа технологиялар, жаңа әдістер пайда болып, дәрігерлергеүлкен мүмкіндіктер жасалып жатыр. Ал жақсы білім алып, өз мақсатына жетем деген студентке қазір барлығы бар. Тек талмай еңбек етіп, ізденген жөн, — дейді ол.

Бибіханым бос уақытында фортепианода ойнағанды ұнатады. «Бандитский Петербург», «Настроение» сияқты белгілі шығармаларды орындайды. Сондай-ақ қолы қалт етсе ғылыми еңбектер оқыды.

  • Үйде 4 баланың ортаншысымын. Анам бар. Отбасым Темір ауданының Саркөл ауылында тұрады. Менің осындай жетістікке жетіп, жақсы студент болуыма анам Айгүл мен ұстаздарымның үлесі зор. Сол үшін анама және оқытушыларға айтар алғысым шексіз. Біз үшін әр күніміз мереке, ал Студенттер күні — үлкен мейрам, — дейді ол.

ҒАНИ — ЖІГІТ СҰЛТАНЫ

 Ақтөбе қалалық «Жігіт сұлтаны» байқауының жүлдегері, «Алаш» студенттер театрының актері Ғани Оразалы — Студенттер күнін асыға күтетіндердің бірі. Ол бұл күнді достарымен бірге айрықша атап өтеді.

  • Студенттер үшін бұл күн кішігірім той тәрізді. Барлық студент концерттік бағдарламаға қатысып, көңілді кеш ұйымдастырады. Әсіресе жатақханада тұратын студенттер бұл күнді ерекше етіп өткізуге тырысады. Студенттік өмір кімге болса да қымбат екенін бәрі біледі. Сондықтан қайталанбас осы бір ғажап шақта барлық студенттерге ұмытылмас әсерлі, шуақты сәттер тілеймін, — дейді ол.

Ғани С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығында оқиды. Өзі — Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Өнерлі, жан-жақты студент бүгінде жастар арасына танымал болып үлгерген «Алаш» театрында актер болып қызмет етеді. Бұған дейін ол «Қызыл орамалды шынарым» спектаклінде бригадирдің, «Махаббат FM» қойылымындағы басты кейіпкер — радио жүргізушісі Ілиястың рөлін сомдады.

  • Бойымдағы қабілетімді сынап көрейін деп өткен жылы кастингке қатыстым. Бағып жанып, сынақтан өтіп, бірнеше рөлді сомдап шықтым. Биыл Орынборда өткен «На Николаевской — 2016» байқауында бас жүлдені жеңіп алдық. Осы байқауға біздің театр «Қызыл орамалды шынарым» атты қойылымын апарған. Осы қойылыммен алдағы уақытта театр ұжымы аудан, ауылдарға баруды жоспарлап отыр. Қазір театр ұжымында 22 адам бар, — дейді Ғани.

Ол театрдан бөлек қолөнер бұйымдарын да жасауды жақсы көреді. Бұған дейін ол гипстен белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың мүсінін, сондай-ақ ақ, қара түймеден портретін жасаған. Қолы қалт етсе сурет салып, пайдалы дүниелермен шұғылданғанды ұнатады. Ғаниды ұстаздары да үнемі мақтап жүреді.

Отбасында бес баланың үлкені болған соң ол іні-қарындастарына үнемі қамқорлық жасайды. Достарына да адал. Университетте студенттер оны «Жігіттің сұлтаны» дейді.

Өзім жатақханада жатпасам да достарыммен көп уақытымды бірге өткіземін. Студенттік шақ керемет қой!  Қазір бізге барлық жағдай жасалып жатыр. Өнерлі, талантты жастарға мүмкіндік мол. Сол үшін жастарға үнемі қамқорлық көрсетіп жүретін Елбасына, облыс басшысына айтар алғысымыз зор, — дейді ол.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Бір пікір

  1. Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

    Құрметті студенттер сіздерді шын жүректен мерейлі мереке – Студенттер күнімен құттықтаймын!
    Сіздерге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұзақ өмір, таусылмас бақыт, ашық аспан, талмас қанат, қажымас қайрат,  оқуларыңызда сəттілік тілеймін!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>