Басты бет » Билік » Бағдарламалар қалай орындалып жатыр?

Бағдарламалар қалай орындалып жатыр?

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыруға тапсырма берді. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалу мәселесі талқыланған жиналыс облыстық әкімдікте болып өтті.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму жоспары бойынша Ұлттық қор қаржысынан 5,7 млрд теңгесі игерілгендігін айтып өтті. «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының аясында үстіміздегі жылы 648 млрд теңге көлемінде ШОБ құру күтіліп отыр. Шағын және орта бизнестің дамуына бөлінген 4,1 млрд теңгенің 1,9 млрд теңгесі игеріліп, 109 жоба қаржыландырылған. «Ауыл бизнесін несиелеу» пилоттық жобасының шеңберінде 1,2 млрд теңге бөлініп, 886,9 млн теңге сомасында 277 жоба несиеленген.

«Ауыл кәсіпкерлігі», «Кең дала», «Жас старт» бағдарламаларының аясында ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті және жаңа бастап жүрген жас кәсіпкерлерді қолдау үшін 1,8 млрд теңге тартылып, 256 жоба қаржылай қолдауға ие болды. Ауыл шаруашылығындағы бағдарламалардың орындалуы негізінен жағымды жағынан көрініп отыр. Осылайша ауыл шаруашылығының нақты көлем ауқымы 102,2 пайызды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында 99,5 және мал шаруашылығында 102,6 пайыз болды. Жылдың басынан бері ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6,7 млрд теңге тартылды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасына республикалық бюджет пен Ұлттық қордан 7,2 млрд теңге қарастырылса, оның 3,7 млрд теңгесі игерілді.

— «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасының 1-бағытының аясында 49 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылдардағы ағымдағы жөндеу жұмыстары мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге құны 1,1 миллиард теңгелік 162 жоба бойынша конкурстық шаралар өткізіліп жатыр, тағы 65 жоба бойынша 2,4 миллиард теңгеге республикалық бюджетке өтінім түсірілді. Бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерліктің дамуына арналған 2,3 миллиард теңге 100 пайызға игерілді. Қайта даярлауға 170 адам жіберілді, 156 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа тұрды, 294 адам жастар тәжірибесінен өткізіліп жатыр, – деді Рузия Айдашева.

Бұған қоса 2011-2020 жылдарға арналған ҚР білім беру мемлекеттік бағдарламасының аясында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту облыста 89 пайызды құрап тұр. Жылдың аяғына дейін МЖС (мемлекеттік-жеке серіктестік) жобаларын жүзеге асыру есебінен, республикалық бюджет есебінен мектепке дейінгі ұйымдарды ашу көрсеткішін 92 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр. Үш ауысымды оқу мәселесін шешу үшін облыстық бюджеттен 7 мектептің құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын жасауға қаржы бөлінді. 2015-2019 жылдарға ҚР ҮИИД бағдарламасы бойынша көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Жиналыста облыс әкімі бағдарламалардың орындалуы бойынша кейбір басқармалардың жұмысты нашар жүргізіп отырғандығын айта келіп, негізінен алғанда бағдарламалардың жүзеге асырылуына қанағаттанбайтындығын жеткізді.

— Шағын және орта бизнесті әсіресе ауылдық жерде дамыту жұмыстарын күшейту керек. Кәсіпкерлікті қолдауға шақыратын бағдарламалар бар. Сондықтан біз оларды жүз пайызға пайдалану үшін барынша күш салып, өткен жылғыдан кем емес деңгейдегі көрсеткіштерге қол жеткізуіміз қажет, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Бұған қоса жиналыста Ақтөбе қаласының жасыл белдеуін, питомниктерді дамыту мәселесі талқыланды.

Ақтөбе облысы — республикадағы орманы аз аймақтардың бірі. Мемлекеттік орман қорының жалпы жер көлемі 989,1 мың гектарды құрайды, оның ішінде  орман жерлері 101,86 мың га. Орманды алқап 52,3 мың га құрайды.

ҚР АШМ Ауыл шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің облыстық инспекциясының деректері бойынша облыстың ормандылығы 30 062,9 мың га жалпы алаңының 0,17 пайызын құрайды. Ведомствоның басшысы Қуаныш Аязовтың айтуынша, дақылдардың бәрінде құрғақтық, құрғақтай көктеу құбылысы бар. Бұл облыстың барлық орман шаруашылығы мекемелері бойынша қараағаш тұқымын ағаштың басқа тұқымына алмастыру технологиясын енгізе отырып бағасы төмен және суала бастаған көшеттерге жаңарту жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

— Облыста жалпы көлемі 93 гектар болатын 7 орман питомниктері бар, оның өнім беретіні 25,1 гектар. Өткен жылы орман питомниктерінде 3641,9 мың дана көшет отырғызылды. Көптеген орман мекемелерінде орман питомниктерінің жағдайлары қанағаттанғысыз, суару желілері тиімсіз, тұқымды отырғызу, топырақты өңдеу механикаландырылмаған. Сондай-ақ орман питомниктерінің пайдаланған жерлерін себу айналымына алу жүргізілмеген, — деп хабарлады Қуаныш Аязов.

Осы айтылғандарға байланысты табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына өсірілетін тұқымдардың ассортиментін көбейту және өткізілу аймағын кеңейту тапсырылды.

Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов 2016 жылдың қыркүйек айының аяғына дейін қаланы абаттандыруға пайдаланылатын гүлдер өсірілетін жылыжайдың салынатындығын айтты. Бұрын оларды Тараз бен Ресейден әкелетін, енді өзімізде болмақ.

Жиналыстың аяғында Бердібек Сапарбаев облысты көгалдандыру, ағаштар егіп, оларды суару туралы бірқатар тапсырмалар берді.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*