Басты бет » Жаңалықтар » Астана төрінде — Ақтөбе!

Астана төрінде — Ақтөбе!

Автокөлік алуға арналған миллион теңге, бай тарихи мұралар экспозициясы мен қазіргі өнер шеберлерінің жоғары деңгейде орындалған қолөнер көрмесі, міне, Ақтөбе облысының еліміздің басты ордасы Астананы сүйсіндірген талғамы осындай болды.

Астанада, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейінде «Алға ұмтылған Қазақстан» атты аймақаралық жоба шеңберінде біздің облысымыздың музейлер қорының көрмесі ашылды.

Мәдени мұра мен шығармашылық туындыларды насихаттау Ақтөбе өңірі басшылығының басты нысанасы болды. Мұның куәсі — еліміздің мәдени өміріндегі ерекше оқиға: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейіне осы көрменің ашылу салтанатында облыс әкімі Елеусін Сағындықов 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

«Алға ұмтылған Қазақстан»

Қазақстан РеспубликасыТұңғыш Президенті музейі қызметінің негізгі бағыттарының бірі — әр түрлі елдер мен алуан халықтардың рухани және тұрмыстық мәдениетінің ескерткіштер коллекцияларын ұсынатын тақырыптық және іссапарлық көрмелер ұйымдастыру. Тек биылғы жылдың өзінде ғана Президенттің Бірінші резиденциясының аумағында «Жапонияның сәндік қолданбалы өнері», «Көктем көріністері», «Сиқырлы қылқалам бояулары», «Мәңгілік мұрат», «Балалық шақтың жұлдызды әлемі» көрмелері, «Жаңа талғам» фотокөрмесі тәрізді қызықты шаралар өтті.

Тұңғыш Президент музейінің қызметкерлері жасақтаған «Алға ұмтылған Қазақстан» атты көрмелер жобасы қалың көпшілікке біздің еліміздің барлық аймақтарындағы тарихи мұраларды кең қамтуды мақсат тұтқан болатын. Расында да, Батыс Қазақстан, Атырау, Қызылорда, Қостанай, т.б. облыстардың көрмелері жылы қабылданды.

Кезек жетінші болып Ақтөбе облысына да жетті. Облыстық тарихи-өлкетану музейі (директоры Еркін Құрманбеков), көркемөнер музейі (директоры Марат Ғабдрахманов) және Әлия Молдағұлова атындағы мемориалдық музей (директоры Елена Қалтаева) өз экспонаттарын ұсынды.

Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова басқарған делегация құрамындағы құрметті қонақтар қатарында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, облысымыздың белгілі өлкетанушысы, «Құрмет» орденінің иегері Рысжан Ілиясқызы болды.

Көрменің ашылу салтанатында камералық оркестр мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері көрсеткен өнер жиналғандарды ерекше шаттыққа бөледі.

«Ақтөбе: ғасырлар биігіне көз салғанда…»

ҚР Тұңғыш Президенті музейінің биік шаңырағы астында ашылған көрме салтанатына мол жұртшылық жиналды, олардың арасында белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, өнертанушылар да мол еді.

Біздің көрмеміздің маңызы жоғары екендігін сол көрермендер қатарын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана әкімдігі өкілдері, Қазақстандағы дипломатиялық корпустар — Үндістан, Оңтүстік-Африка, Словакия елшілері, т.б. толықтыруы да анық аңғартып тұрды. Астаналық көркемөнер музейі, С.Сейфуллин атындағы мемориалдық музей, Президенттік мәдениет орталығы ұжымдары да әр бұйымға қызыға үңілді.

Көрме қожайындары — ақтөбеліктер қазір Астанада тұратын, қызмет істейтін жерлестерімізді ыстық ықыласпен қарсы алды. Олардың арасында қызын ертіп келген Гүлбану Мусина ханым (айта кетелік, Гүлбану Үкітайқызының Ақтөбе қаласының 140 жылдығына арналған фильмі көрме ашылуы салтанаты кезінде фойеде көрстетіліп жатты), ҚР Жоғарғы сотының судьясы Айсұлу Шайкенова, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұқамбетқалиев, т.б. болды.

Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының солисі Орал Байсеңгіров орындаған арнау зор ықыласқа ие болды. Ол туған жердің жетістіктері мен даңқты ұл-қыздарымыз туралы тебірене толғады.

Ақтөбе облысы ақсақалдарының атынан Өтеміс Әкімов сөз алды.

— Ақтөбе облысы — кең байтақ республикамыздың батыс өңіріне орналасқан, Елбасымыз «ел экономикасының локомотиві» деп бағалаған өңір. Өткені мен бүгіні еңбек пен ерлік дәстүріне бай өлкенің болашағы бұдан да жарқындығына, экономикасына қоса әлеуметтік-мәдени дамуы алда да қарыштай беретіндігіне сенім зор. Оны осыдан бір ай он күн бұрын Ақтөбедегі «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» трансконтиненталдық автокөлік магистралы тұсаукесерінде, бір жыл бұрынғы дәл осы уақытта болған Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлерінің V форумдық саммитінде де ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткен болатын.

Бүгінгі көрме кешегіміз бен бүгініміз арқылы болашағымызды білдіру мақсатында өткізіліп отыр. Асан қайғы дана жүріп өткен, Мөңке, Әйтеке, Әжібай билердің, Әбілқайыр ханның табанының табы, өнегесінің көзі қалған, Бөкенбай, екі Есет, Асау-Барақ, Арал мен Алтай сынды батырлардың ерлікке толы жорықтарының ізі қалған, тары өсіруден дүниежүзілік рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің тері сіңген, Шернияз бен Нұрпейіс Байғанин, Әбубәкір Кердері, Сарышолақ пен Батақтың Сарысы жырлаған өңірдің еліміздің тарихында, әдебиеті, мәдениеті мен өнерінде алар орны мен роліне бүгінгі көрмені тамашалау барысында көз жеткізерсіздер деп ойлаймын.

Хромы мен мұнайымен, Менделеевтің периодикалық жүйесіндегі барлық элементтері бар пайдалы қазбалар кенімен, өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өндірісін қатар дамытқан жағдайымен ерекшеленер облысымыз, халқымызға, елімізге, сырт жерлерге де кең танымал тұлғаларымыз — ғалымдар мен ақын-жазушылардың, өнер иелерінің, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің кіндік қаны тамған қасиетті өлке келер жылғы мамырда 65 жылдығы аталатын Ұлы Жеңіске Әлия бастаған 35 батыры, үш дәрежелі жауынгерлік «Даңқ» орденінің 9 толық иегері ересен ерлігімен үлес қосқан жер.

Ақтөбе облысы — ақиық ақындар Қуандық пен Сағидың, жазушы Тахауидың, өзіндік күй мектебін қалыптастырған Қазанғаптың, осы заманғы ұлттық музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірегейі Ахмет Жұбановтың, оның ізбасары композитор Ғазиза Жұбанова мен мың бұралған биші Нұрсұлу Тапалованың, Телжан Шонанов, Құдайберген Жұбанов тәрізді ерте үзілген ғалымдардың, академиктер Сақтаған Бәйішев пен Ишанбай Қарағұловтың, ғалым дәрігер-хирургтер Қуаныш Мәкіров пен Сайым Балмұқановтың, геолог Нәрен Имашевтың, еліміздің кешегі мемлекет қайраткерлері Темірбек Жүргенов,Сәлкен Дәуленов, Ахметжан Қойшығұлов, Марат Оспановтың, қазірде республика басшылығында жүрген Аслан Мусин мен Жақсылық Досқалиевтің, ғарышкерлер Виктор Пацаев пен Юрий Лончаковтың дүниеге келген, туып-өскен мекені.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде облысымызда мәдени-тарихи құндылықтарды сақтау және дамытуда, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында нақты шаралар іске асып келеді. Облыстағы 16 музей мен мемориалдық кешенде құнды экспонаттар қатары көбейді. Тарихи-мәдени ескерткіштер — Абай Байтақ, Қобыланды батыр, екі Есет, Дәрібай, Көтібар кесенелері, Қарағұл, т.б. тамдары қалпына келтірілді немесе жаңадан салынды. Облыс орталығы Ақтөбе қаласында Әйтеке би, Әбілқайыр хан, Мөңке би, Ахмет пен Ғазиза Жұбановалар, Шығанақ, Әлия, «Қан мен тер» романы кейіпкерлері ескерткіштері мен мүсіндері бой түзеп, қаламызға архитектуралық сән берген «Нұр Ғасыр» мешіті мен православиялық храм жаңадан тұрғызылды. Өткен айдағы сапарында Елбасымыз облыстық «Достық үйі» мен «Бірлік пен Келісім» гүлзары ашылуында болды. Биыл Ресей Федерациясының Орынбор қаласында өткен VІ саммитінде облыстан апарып тігілген «Қазақ аулы» этнографиялық аулын, ондағы ұлттық салт-ғұрыптағы нақышты экспонаттар мен бұйымдарды екі ел басшылары да көріп, дән риза болды.

Ақтөбе облысы мен облыс орталығы Ақтөбе қаласында сан ұлттар мен ұлыстар өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етуде. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың бастамасымен жаңадан ашылған облыстық «Достық үйіне» 17 мәдени-ұлттық орталық топтастырылып орналастырылды.

Облыстың өнер ордаларында қазақ және орыс драма труппалары, камералық және басқа да хорлар, үрлемелі аспаптар, ұлт аспаптары оркестрлері, «Аққу», «Әлия гүлі», «Жазира» би, ән, фолькорлық ансамбльдері, қуыршақ, эстрадалық-миниатюралық театрлар ұжымдары көрермендерге қалыпты қызмет көрсетуде.

Біз Астана төріндегі мәдени шараларға үлес қосқандарымызға бек қуаныштымыз. Былтыр ғана 10 жылдығы аталып өткен, бас жобалаушысы және ұйымдастырушысы Елбасының өзі болып табылатын Сарыарқаның төріндегі әсем Астана гүлденіп өсіп, көркейе берсін. Көрмемеізге қош келдіңіздер!

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Асқар Бөрібаевтың лебізі де біздің ақсақалымыздың сөзімен үндес шықты.

— Ақтөбе облысы батыс өңіріміздегі геосаяси орталық, еліміздің экономикалық және стратегиялық маңызды нүктесі ретінде белгілі. Өзінің бай тарихи мұраларымен және өнер шеберлерінің тұтас буындарымен орынды мақтана алады. Ақтөбе топырағының даңқты ұл-қыздары фотоматериалдарда, құжаттар мен музей экспонаттарында жеткілікті бейнеленген. Бұл көрме қазіргі Ақтөбеде де талантты өнер иелері бар екендігін байқатып тұр. Көрмені ұйымдастыруға ат салысқандардың барлығына алғыс айтамыз, шығармашылық табыстар тілейміз,— деді ол.

Ақтөбенің сыйы

— Ақтөбе облысы әкімдігі Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейі ұжымына жан-жақты қолдау көрсеткендері үшін шын жүректен алғыс айтамыз,— деді көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова. — Біздің әріптестік қадамдарымыз бұдан былай да жалғаса береді деген сеніміміз мол.

Осы лебізден соң Нәзира Сәрсенбайқызы музей директорына Ақтөбе облысы әкімі атынан 1 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Бұл сый салтанатқа келгендердің тарапынан қызу қолдауға ие болып, жарқын әңгімелерге жалғасты. Музей директоры Алма Сағынғали да қуанышын жасыра алмай:

— Расымды айтайын, мен тап қазір ерекше қуаныш пен толқу сезіміне, айрықша мақтанышқа бөленіп тұрмын. Оның мәнісі — мен өзім де ақтөбелікпін. Сіздердің барлығыңызды, әсіресе, жерлестерімді осы арада көріп тұрғаныма қуаныштымын. Біздің көрмемізді қолдауға келгендеріңіз үшін көп рахмет,— деді ол.

Музей директоры Ақтөбе өңірі үнемі лидерлер сапында жүретіндігін және өзінің зор масштабты өзгерістерімен таң қалдыратынын тағы да бір айтып өтті. Одан әрі:

— Бұл сөзімнің куәсі — бізге Ақтөбе облысы әкімі тартқан сый. Біз мұндай сыйды тұңғыш рет қабылдап тұрмыз. Менің жерлестерім қашанда осындай биіктерден көрінеді. Ал мына сертификаттың мақсатты міндеті — біздің музей қажет етіп отырған автокөлік алу. Музей ұжымы атынан ақтөбеліктерге және Елеусін Наурызбайұлына зор алғысымды білдіремін. Барлығыңызға рахмет. Сәттілік, табыс, амандық, денсаулық тілеймін, — деді.

Уақыт тынысы

Көрме залына тұсаукесерлік лентаны қиған соң, Өтеміс Әкімов пен Рысжан Ілиясқызы енді. Бұлардан соң жиналған топ та ішке лап берді. Музейге әдейі шақырылған ресми адамдармен бірге астаналық ақсақалдар мен кейуаналар да, жастар да жиналып қалыпты.

Көрме залында облыстық филармония оркестрінің артисі, жас та болса есімі облыстан тыс жерлерге кең танылып қалған күйші Асылбек Кенигесовтің күйлері әуелеп, Орал Байсеңгіровтің осы салтанатқа арналып жазылған «Нұр Астана» арнауы шалқыды. Айта кеткен жөн,  Асылбектің күйі мен Оралдың әнінің нотасы ҚР Тұңғыш Президенті музейінің қорына тапсырылды.

«Ақтөбе: ғасырлар биігінен көз салғанда…» көрмесінің «Уақыт тынысы» бөлімі арқылы астаналықтар мен қонақтар  Ақтөбе облысының даму кезеңдерімен, батырлардың жау жүрек ерліктерімен, билердің данышпандығымен, алғашқы металлургтер мен мұнайшылардың еңбекқорлығымен танысты.

Біздің облысымызды жете білмейтін кейбір көрермендер Қобыланды батырдың сүйегі Ақтөбе жерінде жатқанын, әлемге әйгілі Жұбановтар әулетінің тамыры Ақтөбеден бастау алатынын алғаш рет  естіп, танып жатты. Экскурсия жүргізушілер Орал Өтепова мен Күнзия Үмбетова әрбір экспонат туралы әңгімелерді кәсіби биік деңгейдегі шеберлікпен жеткізіп жатты.

Мынау Мәскеудегі Герасимов атындағы лабораторияда бас сүйек бітімі бойынша жасалған Қобыланды батырдың кеуде мүсіні. Тағы бір тұста ойылдық даңқты тары өсіруші, Ұлы Отан соғысы жылдарында әлемдік рекордқа қол жеткізген Шығанақ Берсиев туралы материалдар орын алыпты. Материалдарды тары, талқан, диірмен толықтырып тұр.

Ал Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мынау әскери гимнастерканы киіп майданға аттанғандардың бірі — Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова. Батыр қыздың майдан даласынан жазған хаттары көрме стендісінен берік орын алған.

Жәдігерлер жеткілікті. Ақын Нұрпейіс Байғанин «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып жатқанын бейнелеген әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің картинасының түпнұсқасы, ақынның шапаны мен домбырасы, Қазақстан музыка өнеріндегі алғашқы академик Ахмет Жұбановтың сюртугі мен дирижерлік таяқшасы, қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы композитор Ғазиза Жұбанованың барқыт көйлегі, Қазақстан қыздары арасындағы алғашқы балерина Нұрсұлу Тапалованың би киімі, алғашқы қазақ архитекторы Төлеу Бәсеновтің портреті, өткен жылы 90 жылдығын атап өткен «Актюбинский вестник» газетінің алғашқы нөмірлері, барлығы да мұқият жинақталған.

Осының қай-қайсысы да Ақтөбе облысындағы мәдени, рухани, тұрмыстық мұраның мол екендігін еркін дәлелдеп тұр.

Осы залға қазба байлықтарға мырза қазіргі Ақтөбенің жетістіктеріне арналған фотокөрме орналастырылыпты. Өңірдің бүгінгі гүлденген көріністерін баяндайтын кітаптар, буклеттер, фотосуреттер әбден жеткілікті.

Шығармашылық пен шабыт

Көрменің «Шығармашылық пен шабыттың шалқар дәстүрі» атты екінші бөлімінде ҚР Тұңғыш Президенті музейіне келушілердің назарына қазіргі ақтөбелік суретшілердің еңбектері ұсынылған.

Экскурсия жүргізуші Ботагөз Жәленова живопись пен мүсін өнеріне қызығушыларды өзінің дәмді әңгімелерімен ұйытты. Ал қызығуға тұрарлық еңбектер көп болды. Көрермендер май, гуашь, акриль, қалам, карандашпен салынған картиналарды ерінбей сүзіп шықты. Назарға ұсынылғандардың бір тобы — гратография, линогравюра, коллаж, триптих.. Сондай-ақ портреттер мен натюрморттар, пейзаждар мен экслибристер де ақтөбелік қылқалам шеберлерінің қолтаңбаларын терең танытты.

Әрине, авторлардың барлығын бірдей тізбелеп шығу мүмкін емес. Сонда да көркемөнер музейінің директоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Марат Ғабдрахмановтың еңбектері ерекше атап өтуге тұрарлық-ақ. Ол Тұңғыш Президент музейіне қымбат тастардан жасалған күміс тұғырлы скульптураларын әкелген екен. Оның «Алғашқы көктем», «Естелік», «Қазақметалл», «Қазақмұнай», «Шабуыл», «Амазонка» тәрізді еңбектері келушілердің ерекше ықыласына бөленді. Сондай-ақ тастан жасалған миниатюралық шахматтар, тас, сүйек, ағаш, күміс, мыс пен кораллдан жасалған бұйымдар экспозицияның әдемі бір сәні болды.

ҚР Тұңғыш Президенті музейінің директоры Алма Сағынғали келесі жылы Марат

Ғабдрахмановтың жеке көрмесі өткізілетінін хабарлады.

Гүлсім НАЗАРБАЕВА,

Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

Суреттерді түсірген автор.

Алма САҒЫНҒАЛИ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті көрмесінің директоры:

— Ақтөбе музейлері көрмесінің басқа облыстардан ерекшелігі — этнографиялық материалдарды мол әкелгені, яғни жеке тұлғалардың көптігі. Мен бұл шешім — Қазақстанға ғана емес, әлемге мәлім, ұлттық мәдениеттің, өнер мен ғылымның өркендеуіне мол үлес қосқан жеке тұлғалар туралы әңгімелеу шешімі сәтті табылған деп есептеймін.

«Алға ұмтылған Қазақстан» жобасы бір жылмен шектелмейді, біз барлық облыстардың экспозицияларын ұсынуды жоспарлап отырмыз. Ақтөбе облысынан соң, қараша айында Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорының көрмесі келеді.

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы,Қазақ гуманитарлық-заң университетінің профессоры:

— Уақыт шапшаң, кеше бүгінге, бүгін ертеңге жалғасып жатыр. Сол уақыт таңбасының ізі тарихта сақталады. Сол қалған іздердің орнын тауып, жүйелеп, халыққа көрсету — үлкен бір тәрбие. Сондықтан музей дегеніміз — үлкен тәрбиенің орны.

Ақтөбе облысының музейін Астана жұртшылығына таныстырудың бір үлкен мәні бар. Біздің еліміз — байтақ жұрт. Әлемде тоғызыншы орын аламыз. Ал барлық астаналықтар Ақтөбені білмейді. Сондықтан бұл музейдің танымдық маңызы бар. Ал Ақтөбе облысында жалпы жұрт білуге тиіс, мақтаныш етерлік тарих бар, жан-жақты экономикасы бар. Осының барлығы — астаналықтардың бойына даритын үлкен бір құдіретті күш. Сондықтан тарихты сүйейік, тарихтан үйренейік. Кешегімізді білмей, алға жылжу қиын. Маған Ақтөбенің бүгінгісі қызық. Бірақ Нұрпейіс Байғанин, Ахмет Жұбанов секілді тұлғалар Ақтөбе топырағында туғанын екінің бірі біле бермейді. Бұл да астаналықтар үшін жаңалық.

Мен Ақтөбе облысының өнер адамдарының, суретшілерінің көпшілігін білемін. Бірақ олар көрмелерде сирек тұрады. Ал ақтөбелік өнер иелері мен суретшілерінің әрқайсысының көрмесін Астанаға әкелуге болады. Бұрынғыдан қалған, шын өнер иелері Алматыда тұратындығы жөнінде пікірлер бар. Ал шын мәнінде таланттылар шалғайда жүр. Солардың өнерін көрсету дұрыс болады. Елімізбен бірге облысымызды да таныта берейік.

Қажығали МҰҚАМБЕТҚАЛИЕВ, жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:

— Ең бастысы — көрмеге Ақтөбенің шығармашылық өкілдерінің бүгінгі күнгі туындылары қойылыпты. Осының барлығы көрген жұрттың көңілінен шығып жатыр. Әрине, облыстық тарихи-өлкетану музейінде де, басқа орындарда да Астана жұртына ұсынар сирек кездесетін жәдігерлер жеткілікті ғой. Солар әкелінгенде тіпті жайнап кетер еді. Дегенмен осы көрмеге өте ризамыз. Бұл облыс басшысының елдегі, Ақтөбедегі мәдени өмірге үлкен мән беріп отырғанын көрсетеді. Қуаныштымыз.

Облыс басшысы Елеусін Сағындықовтың жасап жатқан игі істерінен әр кез хабардармыз, жан-жақты білеміз. Газеттерден соңғы сауалнама бойынша республикадағы облыс әкімдерінің арасындағы рейтингте бірінші орынға шыққанын көрдік. Ақтөбелік ретінде, ел азаматы ретінде Елеусін Наурызбайұлының осындай дәрежеге жеткеніне қуанып қалдым.

Душан ПОДГОРСКИ, Словакия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

— Бірнеше ондаған жылдар бұрын қазақтар қолданбалы өнерлері арқылы әйгілене қоймаған еді. Расында да, картинаны киіз үйге жапсырып қоймайсың ғой. Ал қазір нағыз тасқын басталыпты. Жаңа есімдер, белгілі суретшілер пайда болған. Бұл көрмеде мен ақтөбелік суретшілердің туындыларындағы алуан түрлілікке, жоғары кәсіи шеберлікке таң қалдым. Бірнеше картинаны жеке коллекциям үшін ойланбастан сатып алар едім.

Ал тарихи жәдігерлер бөліміне келсек, музейлер қорынан нағыз інжу-маржандар таңдалып алынған екен. Экскурсия жүргізушілер өңірдің тарихы туралы қысқа да нұсқа сөздермен өте мазмұнды әрі әсерлі әңгімелегені соншалықты, менің Ақтөбеге барып, барлығын өз көзіммен көргім келіп кетті.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*