Басты бет » Білім » «Мектепке барғым келеді…»

«Мектепке барғым келеді…»

Биыл облыста 5 бала мектепке бармаған. Оның үшеуі – 9, 13, 14 жастағы балалар мектеп табалдырығын мүлдем аттамаған. Солардың бірі – Әсем. Ақтөбеде дүниеге келген Әсем, 14 жылдан бері Қызылорда қаласында тұрған. Облыс орталығында тұрса да, оқумен қамтылмаған, оның құжаттары да жоқ көрінеді.

Әсем неге мектепке бармады? Біз осы сауалдың жауабын білмек болып, Әсеммен, оған көмектескен адамдармен кездескенбіз. Сонымен…

– Оқығым келеді! – дейді 14 жастағы Әсем. Ол әлі мектеп табалдырығын аттаған жоқ. Өзінің құрдастары секілді алғашқы қоңырау үнін естімеуі де содан. Бұған бәлкім, сегіз айлығында әкесінің анасымен ажырасуы себеп болған да шығар.

Кейіпкеріміздің анасы Анна – қызылордалық, ал әкесі Әсет – орынборлық. Ақтөбеде тұрған  жастардың дәм-тұздары жараспай, Әсет туған жеріне үлкен қызы Әселді, ал Анна төркініне Әсемді алып кете барды…

Екі түрлі орта, екі басқа тәрбие, әрине, екі қыздың өмірін бір-бірінен өзгеше қалыптастырды. Әсел үшін әкесі қолынан келгенін аянбады: өзі жетелеп мектепке апарды, сабағын қадағалады, қатарынан кем қылмай өсірді. Ал Әсем мектеп партасына да отырған жоқ.

… Арада 14 жыл өткеннен кейін, әке мен бала табысты. Қызының мектепке мүлдем бармағандығын Әсет сонда бір-ақ білді. Осы уақытқа дейін Аннаның  жасырып келген «қылмысын» туыстары жайып салды. Болған жайды естіген Әсет әдепкіде сең соққандай күйге түскенімен, шұғыл шешім қабылдап та  үлгерді: Әсемді өзімен бірге әкетуге тас-түйін бекінді. Солай етті де. Әкесі Әсемді Ақтөбедегі әпкесінің үйіне әкелді. Өзімен бірге өзге елге, Ресейге, әкету әзір мүмкін емес: Әсемнің ешқандай құжаты жоқ. Қыздың қолында Ақтөбедегі перзентханада туғандығын растайтын анықтама ғана. Тіпті, ол нәресте кезінде міндетті түрде өтуі тиіс медициналық тексерулерден де өтпеген. Аурудың алдын алу үшін жүргізілетін екпелердің бірімен де егілмепті.

– Аурудың жақсысы жоқ қой. Салқын тиіп, ептеп жөтелгенім болмаса, қатты науқастанып көргенім жоқ. Суық тигенде, анам май ішкізеді. Содан тәуір болып кететінмін, – дейді Әсем.

Орта бойлы, талдырмаш қана, сүп-сүйкімді Әсемнің бар арманы – мектепке бару.

– Оқығым келеді. Менің де мектеп формасын киіп, сөмке ұстап мектепке барғым келеді, – деді Әсем – Бірге ойнап жүрген құрбыларым түстен кейін мектепке кеткенде, оларға қатты қызығатынмын. Кейде достарымды күтіп алу үшін мектепке баратынмын. Сонда мектеп ауласында асыр салып ойнап жүрген балаларды көріп, жылап алатын едім…

Әлі есімде, 4 сыныпта оқитын Әйгеріммен бірге кейде мен де өзімше үй тапсырмасын «орындайтынмын»: есеп шығарған боламын, өлең жаттаймын.

Қазір де күн сайын болмағанмен, мектеп жаққа барып келемін. Әпкемнің 9 сыныпта оқитын қызы Айсұлуды мектепке дейін шығарып салып, сабақ аяқталарда күтіп аламын. Сабақты өзім оқитын кейіпке еніп, мектепке сөмкесін ұстап барамын, үйге қайтарда да солай. Тезірек мектепке барсам екен…, – дейді Әсем. Ол әріп таниды, санау да біледі. Неліктен мекетепке бармағандығын білмейтіндігін айтады.

– Анама оқығым келетіндігін айтқанымда, мектепке бармауымның себебін әлдебір жағдайлармен байланыстырған емес. «Жақында барасың» дейтін еді. Күні кешеге дейін әкемді, басқа туыстарымды сабаққа баратындығыма сендіріп келдім. Себебі, анам солай айтуымды өтінген. Нағашыларым анама бірнеше рет мені  мектепке жіберуін түсіндіріп те, ұрысып та айтып көрді. Оларға да айтатын уәжі: «Жақында апарамын». Ақыры, анамның бауырлары әкеме шындықты айтты, – дейді Әсем.

Білім алуға құштар қыз болашақта әскери қызметте істегісі келетіндігін айтады.

«Әсемге көмектескендерге алғысым шексіз»

Самал, Әсемнің туысы:

– Біз Әсемнің оқымағандығын жақында естідік. Бұған дейін білгенде, өзіміз көмектесетін едік. Осы заманда баланың мектепке бармауы, адам сенгісіз жағдай ғой. Алғаш естігенде қатты абыржыдым.

Расын айтсам, Әсемнің болашағына алаңдаймын. Себебі, ол өтірік айтуға бейім тұрады. Мінезі шәлкес. Менен ғана ығады.

Қазақ тілін мүлдем білмейді. Өзімше ана тілін үйретуге тырысып жатырмын. «Бірін түсінсең, бірін түсінбессің, бірақ үйренуге тиіссің» деп, онымен үнемі қазақ тілінде сөйлеуді әдетке айналдырып жүрмін.

Жақсы қасиеттері де жоқ емес: үй шаруасына мығым. Тамақтың небір түрін әзірлейді. Үйдің жұмысын айтқызбай-ақ, өзі істей береді. Бір нәрсені бүлдіріп алса, «Кешіріңіз, байқамай қалдым» деп сыпайылық танытатыны бар.

Әсемді өзім тәрбиелегім келген, бірақ қызының осындай жағдайға түскеніне өзін қатты кінәлі сезінген әкесі Әсемді өзімен бірге Ресейге алып кетемін деп отыр.

Мүмкіндікті пайдаланып, облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментіне шексіз алғысымды білдіремін. Себебі, мен Әсемнің туу туралы куәлігін жасату үшін бірнеше айдан бері әуреге түскеніммен, еш нәтиже болмаған еді. Аталған департаменттің мамандары Әсемді медициналық тексеруден өткізу үшін де көмектесетіндіктерін айтты.

Жоғарыда аталған мекеменің бар екендігін «Нұр-Отан» ХДП-ның облыстық филиалынан Әсемге көмек сұрап барғанда естідім. Сондықтан, «Нұр-Отан» партиясына да ризашылығымды білдіремін.

Облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті жедел түрде іске кіріскендіктері сондай, мен аталған мекеменің бөлім бастығы Бағдат Орынбаеваға мән-жайды түсіндіріп, үйге келгенімде, №2 емхана мамандары Әсемді медициналық тексеруден өткізу жөніндегі шақыру қағазын әкеліп те үлгеріпті. Аталған емхана басшылығына да алғыс айтамын.

Балалар білім алуға құқылы

Бағдат ОРЫНБАЕВА, облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім бастығы:

-Мысылы, баланың білім алу құқығы көрсетілген. Нақтырақ айтқанда аталған баптың: «Әрбір баланың білім алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының білім туралы заңдарына сәйкес оған тегін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негізде тегін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім алуға кепілдік беріледі». Бұл – «Бала құқығын қорғау туралы» Заңның 15-бабы,  1-ші тармағы. Дегенмен, біздің өңірде  мектепке бармаған оқушылар бар. Мұны біз дәстүрлі «Мектепке жол» шарасы кезінде анықтадық.

Былтыр аталған акция кезінде біздің департаменттің мамандары сабаққа бармаған 27 баланы анықтап, олардың жағдайын жасап, мектеп партасына отырғызған болатын. 27 баланың барлығы да алдыңғы оқу жылын аяқтаған, 2008-2009 оқу жылы басталғанда екі айға жуық сабаққа бармай қалған балалар болатын. 1 жыл немесе одан да көп уақыт оқумен қамтылмаған балалар болған жоқ. Биыл 5 бала мектепке бармағандығы белгілі болды. Бала саны аз болғанымен, олар ұзақ уақыт сабаққа бармапты. Бір оқушы екі жыл қатарынан мектеп партасына отырмаған. 13 және 14 жастағы екі қыз бала мүлдем мектеп табалдырығын аттамаған. Мүшел жастағы Нұргүл бала кезінен – мүгедек. Соған байланысты ПМПК оған үйден оқуына рұқсат берген. Бірақ, анасы қызының білім алуы үшін жағдай жасамаған. Біз тиісті мекемелерге хабарласып, неге Нұргүлді оқумен қамтамасыз етпегендігін сұрағанымызда, анасы: «Бір рет барғанымда дәрігерлер дұрыс сөйлеспеді, анықтама бермеді. Одан кейін қызымды оқыту үшін әрекет еткенім жоқ», – деді. Біз Нұргүлдің ПМПК-дан кезексіз тексеруден өтуі үшін жағдай жасадық. Баланың үйде оқып, оқымауын сондағы мамандар анықтайды. Нұргүл – өте белсенді, пысық қыз. Біз үйіне барғанда қатты қуанды. «Алақай, маған мұғалімдер келді! Сабақ оқитын болдым», – деп мәз болды.

Оқумен қамтылмаған тағы бір бала – Вадим Ермұханов. Оны жатақханаларға рейд жүргізген кезде білдік. Вадим анасымен бірге тұрады. Анасы ішімдік ішеді екен. Кішкентай бөлмеде ит те, мысық та бар. Сонымен қатар, сол бөлмеде араққа әуес адамдар да жиі бас қосады екен.

9 жастағы Вадим мектеп табалдырығын аттамаған. Оған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың өзі қолдау білдіріп, киім-кешек, оқу құралдарын алып берді. Қазір Вадим №23 мектеп-лицейде 1 сыныпта оқиды. Оның мектепке баруын қадағалайтын боламыз. Біз өзіміз көмектескен балардың жағдайын әлсін-әлсін бақылап, оларға мерекелерде сыйлық тарту етеміз.

Ал 14 жастағы Әсемнің мектепке мүлдем бармағандығын апасы Самал айтқан болатын. Оның айтуынша, інісі Әсетке бұрынғы әйелі Анна хабарласып, Әсемді баға алмайтынын айтқан. Қызын іздеп Қызылорда қаласына барған әкесі Әсемнің мектепке бармағанын біліп, Ақтөбеге  алып келеді.

Әсем де өзінің мектеп табалдырығын аттап көрмегендігін айтады. Үй-үйді аралап тексеру жүргізетін мұғалімдерге Әсем үнемі «№9 қазақ орта мектебінде оқимын» деп айтатын болған.

Самал Әсемнің туу туралы куәлігін рәсімдеуге көмек сұрады. Біз мүмкіндігімізше көмектесіп жатырмыз. Шамамен, екі аптадан соң құжат беріледі.

Облыстың бас педиатры Аманжол Тұяқбаевқа хабарласып, ол кісіден Әсемнің медициналық тексеруден өтуіне рұқсат алдық. Себебі, Әсемнің құжаты, қалада тіркелмегендігіне байланысты ешбір медициналық мекеме оны қабылдамаған.  Қазір Әсем №2 қалалық емханада тексеріліп жатыр. Тегін тексеріліп қана қоймай,  бала кезінде егілуі тиісті екпелердің барлығын ақысыз қабылдайтын болды. Әсем үшін қажетті дәрігерлік көмектің барлығын көрсетіп жатқан емхана басшысы Ерлан Тәтімовке ризашылығымызды білдіреміз.

Қыздың әкесі өзінің тұратын жері Орынборға алып кеткісі келеді екен. Самалға егер Әсем Ақтөбеде қалатын болса, оның білім деңгейін тексеру арқылы 1 сыныптан жоғары класқа көшіретіндігімізді,  кешкі мектепте білім алуына мүмкіндік жасайтындығымызды айттық.

Әсемнің апасы сіңлісінің болашағына алаңдайтынын айтады. Аз-кем әңгіме барысында біз де «Әсемнің келешегі қандай болар екен?» деген сауалмен қоштастық. Себебі, «Қандай мамандықтың иесі болғың келеді?» дегенімізде, «Атқым келеді. Рас айтамын тапаншамен атқанды жақсы көремін» деп жауап берген қыз расында, бізді таң қалдырды.

Көмек көрсету жалғасады

«Мектепке жол»  акциясы кеше аяқталды. Бірақ, бұл игі шара көмекке мұқтаж балалар үшін жалғаса бермек». Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бөлім бастығы Бағдат Орынбаева солай деп отыр.

Өткен жылмен салыстырғанда биыл акция екі айға созылды.

«Әлеуметтік жағдайға байланысты кейбір балалар мектепке бармайтыны рас. «Мектепке жол» шараның негізгі мақсаты осы келеңсіздіктің алдын алу, яғни балалардың барлығын жалпы білім берумен қамту», – дейді Б.Орынбаева.

Қыркүйектің 28-і күнгі мәліметке сүйенсек, облыс бойынша жалпы 28 153 477  теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілген. Бала санының көптігіне байланысты Ақтөбе қаласында көмек көрсетілгендер басым.  Аудандардың арасында балаларға көбірек қайырымдылық танытқан – Темір. Бұл ауданда 1750 бала (3 700 000 теңге) оқу құралдары және киімдермен қамтамасыз етілген. Одан кейінгі кезек Қобданың еншісінде. Аталған ауданда бюджеттен және демеушілердің қаражаты (2 646 200 мың теңге) есебінен 1143 балаға қолдау білдірілді.

«Акцияның биылғы ерекшелігі, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың үндеу хатына орай, барлық мемлекеттік мекемелер белсене қатысты. 135 мекеменің мемлекеттік қызметшілері 3 317 000 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. Бұл қаржыға 992 бала киім-кешек, оқу құралдармен қамтылды. Айта кету керек, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен     мәдениет, құрылыс  басқармалары белсенділік танытып, алдымен ат салысты. Ал ең көп көмек көрсеткен мекеме – облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Жоғарыда аталған басқармалар негізінен оқушыларға оқу құралдарын алып  берген болатын. Ал медицина қызметкерлері 400 мың теңге жинап, 20 баланы киіндірді», – дейді бөлім бастығы.

Б.Орынбаева игі іске жеке кәсіпкерлер де белсенділік танытқандығын айтады. Мәселен, Ырғыз ауданындағы кәсіпкер Хамит Өтеуов өз қаражаты есебінен мектеп-интернат салған. Және 30-ға жуық баланың жағдайын (азық-түлік, киім-кешек) жасап отыр.  Тағы бір мысал, Мәртөк ауданындағы «Қызылжар» ЖШС-ның директоры Т.Сағызбаев 16 жылдан бері біраз оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келеді.

««Мектепке жол» акциясы аяқталды. Бірақ, бұл – қайырымдылық шарасы аяқталды деген сөз емес. Егер оқушылардың оқумен қамтылмаған деректері болса, онда азаматтар балалардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласуларына болады. Біз балалар үшін жағдай жасауға дайынбыз», – дейді Бағдат Орынбаева.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*