Басты бет » Билік » «Нұр отан» кәсіпкерлерді қабылдады

«Нұр отан» кәсіпкерлерді қабылдады

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында республикалық «Кәсіпкерлерге қамқорлық» акциясы аясында кәсіпкерлерді бірыңғай қабылдау күні өтті.
Билік партиясы тарапынан даму институттары және екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып жүзеге асырылған шара кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының механизмдері мен шарттары түсіндірілді.
— Басты мақсатымыз — Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары, «Нұрлы жол» Жолдауы және бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылу жолдарын түсіндіру. Оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдеріне «Бизнестің жол картасы — 2020» секілді мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар беру, — дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің өкілі Асқар Қойлыбаев.
«Халық банкі» — «Бизнестік жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысып жүрген қаржы институтарының бірі. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер мен облыстағы жас кәсіпкерлердің бизнесіне қолдау көрсету мақсатымен облыстық әкімдік пен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арасында қол қойылған меморандум аясында қарастырылған жобалардың жүзеге асырылуы үшін де «Халық банкі» бас оператор ретінде белгіленді.
— Біздің банк «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 146 жобаны қаржыландыруға қатысыпты. Біз арқылы несиеге барлығы 9,4 миллиард теңге қаржы рәсімделген. Облыс бойынша, бұл бағдарлама аясында қолға алынып, қаржыландырылған жобалардың 25 пайызы біздің үлесімізде, — дейді кәсіпкерлерге кеңес беру үшін қоғамдық қабылдауға келген «Халық банкі» заңды тұлғаларды несиелендіру бөлімінің басшысы Асылбек Құлтасов.
Асылбек «Халық банкінің» аталған бағдарлама бойынша жұмыс жасауды жалғастыратынын айтады. Кәсіпкер бұл бағдарлама аясында банктен алатын несиесін жылдық 16 пайыз өсіммен рәсімдейді. Қолға алынған жобаның сала түріне байланысты несие өсімақысының 7 немесе 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Нәтижесінде, бұл жоба бойынша несие алған кәсіпкер қарызының 6 немесе 9 пайыздық мөлшеріндегі өсімін ғана өз қалтасынан төлейді. Сонымен қатар, биыл Ұлттық қордан бөлінген қаржы есебінен «Даму өндіріс» жобасы жүзеге асырылмақшы. Бұл жоба өңдеу саласындағы, яғни дайын өнім өндірумен шұғылданатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға бағытталған.
Қоғамдық қабылдауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері де келді.
— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асырамыз. Бұрыннан жұмыс жасайтын немесе кәсібін жаңадан бастағалы отырған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беріледі. Бұдан өзге, арнайы мемлекеттік гранттардың бар екенін де ескертеміз. Осы жаңа ғана бір адамға кеңес бердім. Оған біздің қордың субсидиялау немесе кепілдендіру тетіктерін пайдалануға болатынын түсіндірдім, — дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының мобилдік кеңесшісі Мейірхан Жангелдіұлы.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*