Басты бет » Білім » Биыл балалар тоңбайды

Биыл балалар тоңбайды

Жақында жылу беру маусымы басталады. Ауа райының өзгерісіне байланысты кейбір мектептерде жылу қазанның 1-інде беріле бастайды. Жалпы, барлық білім беру мекемелері айдың 15-іне дейін жылумен қамтылуы тиіс.

Биылғы  оқу жылында облыс мектептері үшін 6535 тонна сұйық отын (641 млн. 185 мың теңге), 42 105 тонна көмір (307 млн 053 теңге) алу жоспарланған. Сонымен қатар 12 млн. 771  мың теңгеге 258 тонна пеш  отынын (мазут) алу керек-тін.

Облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов отын аудан орталықтарына жеткізіліп болғанындығын айтады. Мектептердің басым бөлігіне сұйық та, қатты  да отындар түсірілген. Тура алты күннен соң, қалған білім шаңырақтары да отынмен қамтылатын болады.

Біз білім ордаларының қысқа әзірлігін білмек ниетпен тиісті мекеме өкілдерімен тілдескен едік. Сонымен…

Облыс мектептеріне отын түсіріліп жатыр. Бір аптадан соң білім шаңырақтары толықтай қысқа әзір болады. Ең жақсысы, былтырмен салыстырғанда,  көмірдің сапасы жоғары. Бұл – балалардың көңіл-күйі көтеріңкі болады деген сөз. Себебі, оқушылардың жүздері жадыраңқы,  білім сапасының көрсеткіші жоғары болуына отын мәселесінің де үлкен ықпалы бар. Мектеп салқын болса, оқушылардың мазасы кетеді. Тоңып отырған баланың оқып-үйренуге құлықты  болмайтыны анық. Ал бұдан білім сапасы төмендейді.

Биыл отын мәселесіне байланысты проблема болмайды, – дейді облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов.

Жалпы облыста 466 мектеп бар. Олардың 188-і көмір, 153-і дизель (сұйық отын), 29 мектеп мазутпен жылытылады. Яғни, аудан мектептерінің басым бөлігі қатты және сұйық отындарға тәуелді. Мысалы, Мәртөк ауданындағы 34 мектептің 30-ы көмір жағады. Мұндағы №2, №3, №4 және Хлебодар орта мектептері ғана газбен жылытылады.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Еркінғали Таумышев қысқа дайындық ерте басталатындығын айтады.

– Жылыту маусымына әзірлік оқу жылы аяқталған соң қолға алынды. Нақтырақ айтқанда, маусым айынан бастап тендер өткізілді. Содан кейін жеңімпаз мекеме  мектептермен келісім-шарт жасады. Алдын ала отын тасуды міндетіне алған мекемеге әкелінетін отынның 30 пайыз ақшасы аударылды, – дейді білім бөлімінің әдіскері. Оның айтуынша, отын алдымен ауданға қарасты алыс ауылдардағы білім беру мекемелеріне түсіріледі екен.

– Жаңбыр жауса, жер балшық болып, көліктің жүруі қиындайды. Отын жеткізуді шалғайдағы елді мекендерден бастайтынымыздың себебі содан.

Жалпы Мәртөк ауданы бойынша 6008 тонна отын қажет. Қазір мұның басым бөлігі алынып үлгерді. Қалғаны қазан айының 1-іне дейін түсіріліп болуы тиіс. Отын мәселесін шешу үшін жергілікті бюджеттен 48 млн. 64 теңге бөлініп отыр, – дейді Е. Керейұлы. Ол биылғы көмірдің сапасы жақсы екендігін айтады.

– Бұған дейінгі жылдары алынған көмірлер ұсақ болатын. Былтырғы отынның қоспасы болғандықтан болар, жел үргіш болмаса, жанбайтын еді, – дейді Е.Таумышев.

Білім беру мекемелері қатты және сұйық отындармен жылытылатын аудандардың бірі – Байғанин. Аталған аудандағы Алтай ауылына қарасты А.Пушкин атындағы орта мектепте де отын мәселесі толық шешілген. Мектеп директоры Асылгүл Арықованың айтуынша, мектепке 221 тонна көмір түсіріліпті.

Бұған дейін аталған білім шаңырағы, сұйық отынмен жылытылып келіпті. Биылдан бастап жаңа жылу жүйесіне қосылған. Бұл мақсат үшін аудандық бюджет тарапынан 700 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыға жылу қазандығы жаңартылыпты.

– Мектептегі жылу батареялары мен құбырларын да ауыстыру керек. Бұл  жұмыстарды шешу –  келесі жылдың еншісінде. Себебі, 2010 жылы «Жол картасы» бағдарламасы бойынша, білім ордасына 15 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргіземіз деген жоспар бар. Жақында облыстық білім басқармасына жұмыстың сметалық құжаттарын тапсырдым, – дейді А.Арықова.

Ал Шалқар ауданындағы білім шаңырақтарын қысқа толық әзір десек те болады.  – Кесте бойынша отын тасылу ісі тамызда басталып, қазан айында аяқталу керек-тін. Отын жеткізуді міндетіне алған мекемелердің арқасында бұл шаруа дер уақытында орындалады, – деп сөз бастаған аудандық білім бөлімінің бас маманы Сенбай Қобыландин әңгімесін әрі қарай былай өрбітті:

–  Жалпы Шалқардағы 40 мектептің қыстан қысылмай шығуы үшін 4 480 мың теңгеге 560 тонна көмір, 89 666 500 теңгеге 935 тонна дизель отынын алу жоспарланған болатын. Қатты отын жеткізу ісін мойнына алған «Ақтөбе строй сити» ЖШС  жоспарды 99 пайызға орындады. Ал дизельдің  қамтамасыз етілуіне жауапты «Ойл контракт Продакшн» отынның 96 пайызын жеткізді.

Жалпы ауданға қарасты 12 мектеп қатты отынды пайдаланса, 14 білім ошағы сұйық отынды қолданады екен. Сонымен қатар, 14 мектеп газды тұтынады.

– Білім шаңырақтарының барлығына дерлік қазанның 1-іне дейін отын жеткізілетін болады. Біз «Ақтөбе строй сити» ЖШС мен «Ойл контракт Продакшн» мекемелерімен осылай келіскенбіз. Егер көрсетілген мерзімде отын жеткізілмесе, онда аталған мекемелерден ақшаның белгілі бір пайызы ұсталады, – дейді С.Нағымұлы. Білім бөлімінің өкілі биыл отынның сапасына қатты мән беріліп жатқандығын тілге тиек етті.

– Көмір де, дизель де қатаң тексеруден өтеді. Жақында Сарысай негізгі мектебі (Бершігүр селолық  округі) сұйық отынның сапасы нашар болғандықтан қайтарып жіберді.

Расын айтқанда, бұрын отынның сапасы нашар болатын. Мысалы, Сарысай мектебіне былтыр түсірілген көмір дұрыс жанбады. Әлсін-әлсін сөне беретін. Тіпті, кейбір мектептерге әкелінген қатты отын көп ұзамай өзінен-өзі жанып кетті. Мәселен, мұндай жағдай №59 және Орынбасаров атындағы мектептерде болды. Кейін жауапты мекеме аталған білім ордаларына отын түсіріп берді.

Айта кету керек, жалпы соңғы жылдары отын мәселесі түбегейлі шешіліп, оң жолға қойылып отыр.

Былтыр Шалқардағы кейбір мектептер электр қуатынан қиындық көріп еді. Биыл бұл олқылықты түзеу үшін аудан  әкімі 1 млн. теңге бөлді. Бұл қаржыға әрқайсысы 4 Вт-ты  7 электр стансасы алынды. Оларды Бершігүрдің мектептеріне және Базойдың балабақшасы мен мектебіне беру жоспаранып отыр. Сондай-ақ, Қаратоғай, Айшуақ және Сүлейменов атындағы мектептерге де беріледі, – дейді С.Қобыландин.

Білім бөлімінің бас маманының айтуынша, 2009-2010 оқу жылының күзгі-қысқы жылыту маусымына байланысты барлық мектептердің жылу  қазандықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мысалы, №6 орта мектепте жалпы құны 1 млн. теңгеге қазандық ауыстырылған. Ал Аяққұм негізгі мектебіндегі үш от жағатын пешке жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жаңақоныс орта мектебі  бұдан былай газбен жылытылатын болады. Мектептердегі газ қондырғылары да қысқа дайын. Газ қондырғылары мен есептегіштері, электр қуатына байланысты есептегіштер тиесілі мекемелер арқылы тексеруден өткізілген.

Облыстық білім басқарамасының  бастығы қысқа әзірлік жоспар бойынша жүзеге асатынына сендірді. Отын жеткілікті. Балалар тоңбайтын болады.

Ыстық тамақ әзір. Тасымал түзелді

Балаларды ыстық тамақпен қамту және тасымал ұйымдастыру. Бұл – мектептердегі алдыңғы лекте жүзеге асырылуы тиіс шаруалар. Осыған байланысты біз Мәртөк және Шалқар аудандарының білім беру бөлімдеріне хабарласқан едік.

Мәртөк ауданында балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету ісі жақсы жолға қойылған.  Жалпы аудан бойынша 4858 оқушы бар. Білім бөлімінің әдіскері Еркінғали Тауышевтің айтуынша, бастауыш сынып оқушыларының (1792)  барлығы дерлік тегін ыстық тамақпен қамтылған. Сонымен қатар аз қамтылған отбасы балаларына да ыстық тамақ ақысыз беріледі. Олардың жалпы саны – 796. Аталған ауданда жалпы ыстық тамақпен 2588 оқушы қамтылыпты.

Аудандық білім бөлімінің әдіскері тұрмысы төмен оқушылардың кейбіріне киім-кешек те алынып берілетіндігін айтады. Сонымен бірге, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары үшін оқулықтар да тегін таратылады екен.

Енді тасымал туралы деректерді «сөйлетсек». Аудан бойынша 3 мектептің жанында интернаттар бар. Мәртөк мектеп-гиназиясының жанынындағы интернат 120  балаға арналған.  Вознесенск және Междуреченск орта мектептеріндегі интернаттардың әрқайсысы 36 орындық. Оқушылардың тасымалдарын ұйымдастыру үшін арнайы көлік бар. Әрбір сенбі сайын балалар үйлеріне барады. Келесі күні интернатқа қайтады.

Жалпы, ауданда балалар тасымалы үшін 5 көлік бөлінген. Енді 3-еуі алынады деп жоспарланып отыр.

Облыс орталығынан шалғайдағы Шалқар ауданында да жоғарыда аталған екі мәселе оң шешілген. Мектептердегі әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың толық есебі жүргізіліп, «Білім туралы» Заңның талабына сәйкес, оларға тамақ тегін берілуде. Қыркүйектің 5-і күнгі мәлімет бойынша аз қамтылған отбасы балаларының саны – 1942.

Ауданға қатысты 40 мектептің 27-сінде асхана бар. Бұл білім шаңырақтарындағы 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Жалпы, Шалқардағы 8340 оқушының 6112-сіне ыстық тамақ беріледі екен. Оның ішінде, 1911 бала тегін тамақтанады. Буфеттен ауқаттанатын оқушылардың саны – 3031.

Өткен оқу жылында Шалқар қаласындағы барлық мектептер толықтай жаңа орындық, үстелдермен қамтылыпты.

Аудандық білім бөлімінің бас маманы С.Қобыландиннің айтуынша, тұрмысы төмен отбасы балалары үшін қала орталығында 1 және ауылда 2 мектеп жанындағы интернат бар. Онда жалпы саны 180 оқушы білім алуда.

№6 орта мектептің жанынан құрылған интернатта негізінен теміржол бойының оңтүстік бағытында орналасқан теміржолшылардың балалары қамтылып отыр. Интернат үйіне бұдан 5 жыл бұрын еуро жөндеу жұмысы жүргізілген. Бір мезгілде 100 адамды қамтитын асханаға 2007 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, үстел, орындықтары жаңартылған. Тәрбиеленушілер 3 мезгіл тамақтанады.

Білім бөлімінің өкілі Шалқарда оқушылар тасымалын ұйымдастыру жақсы жолға қойылғандығын айтады. Сарысай негізгі мектебін бітірген оқушыларды Бершігүрдегі (қашықтығы – 4 шақырым) мектепке тасу үшін арнайы көлік бөлінген. Көлік балаларды Бершігүрге таңғы сағат 8-де алып кетіп, түскі 13-те кейін қайтады. Сонымен қатар Газшылар қалашығының (КС-12-нің) балалары да 8 шақырым қашықтықтағы Шалқар қаласындағы №8 мектепке қатынап оқиды. Ал №6 мектепке жаңа автобус алынған. Онда «Ұлпан», №69 разъездердің балалары тасымалданады. Әр сенбі сайын оқушылар үйлеріне мектеп автобусымен барады. Келесі күні арнайы көлікпен мектепке қайтады. С.Қобыландиннің айтуынша, мектеп көліктеріне жанар майды аудандық әкімшілік алып береді екен.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Бір пікір

  1. каратогай орта мектебі ушін куаныштымын

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*