Басты бет » Денсаулық » Дәрі қымбаттады ма?

Дәрі қымбаттады ма?

Редакцияға дәрі-дәрмек бағасына қатысты шағымданатын тұрғындар көп. Осы ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтен дәрі бағасына қатысты сұраған едік.
— Валюта бағамының өзгеруіне байланысты кейбір дәрілік заттардың, оның ішінде шетелден әкелінетін препараттардың бағасы өсті. Ал отандық өнімнің бағасы бір қалыпты. Бағаны тұрақты ұстап тұру үшін бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесе мониторинг жүргізіледі. Қазіргі күні аурханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Тұрғындардың көпшілігі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке кірмейтін, яғни дәріханалардағы бағаға қатысты шағым айтады. Әрине, бағаны өсірмеу үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Осы ретте тиісті орындармен меморандумға қол қойылып, 200 дәрі түрінің бағасын жыл соңына дейін көтермеуге уәде етілген еді. Бірінші қаңтардан бастап ол күшін жойды. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ірі дәрі өндірушілермен келісім жүргізіп, жаңа меморандумның негізін жасап жатыр. Дәрі-дәрмек тізімі, саны қайта қаралады. Тиісті орындармен келіскеннен кейін меморандумға қол қойылады. Осыдан кейін ғана облыстық денсаулық сақтау басқармасы жаңа меморандумның негізінде жергілікті жердегі дәріханалармен келісімге келеді, — деді Әсет Қалиев.
Басқарма басшысы дәрі бағасын көтерудің де өз тәртібі бар екенін айтты. Мәселен, көтерме қоймадан сатып алған дәріні дәріхана қожайыны өз ойына келген бағамен сата алмайды. Әрі кеткенде бір дәріге 25 пайызға дейін қоса алады. Егер белгіленген талапты бұзса, заңбұзушылық болып есептеледі. Әзірге бұндай заңсыздықтарға барған дәріханалар жоқ.
Сондай-ақ меморандумға кіретін дәрі-дәрмектерге қатысты да тұрғындар арасында түрлі пікір көп. Көпшілігі тізімге арзан дәрілер енгізілгенін айтады. Осы ретте тұрғындар арасында дәріге қатысты қандай да бір пікір, ұсыныс айтамын деушілер болса басқарманың дәрімен қамту бөліміне немесе 90-70-70 нөмірі арқылы анықтама орталығына және 56-53-44 сенім телефонына хабарласуына болады. Әсет Қалиев тұрғындардың ұсынысы ескерусіз қалмайтынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*