Басты бет » Денсаулық » Сәулемен емдеу орталығы ашылды

Сәулемен емдеу орталығы ашылды

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқу клиникалық орталығында сәулемен емдеу орталығы ашылды. Шараға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова қатысты.
Қазіргі таңда облыста алты мың адам қатерлі ісік ауруы бойынша тіркеуде тұр. Сәулемен емдеу бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Байзақовтың айтуынша, елімізде бірінші орында өкпе қатерлі ісігі, екінші — асқазан, үшінші сүт безі қатерлі ісігі тұр. Соңғы он айдың ішінде осы індеттен 500-ге жуық облыс тұрғыны көз жұмған. Жаңадан ашылған орталықта аталған дертке шалдыққан науқастарды жоғары деңгейде емдейтін «ТруБиим» аппараты іске қосылды. Америкада шығарылған аппарат дененің өзге ағзалары мен тіндеріне әсер етпей, тек қана қатерлі ісік ошағын сәуле арқылы емдейді. Орталық еліміздің батыс өңірі, яғни Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова орталықтың лентасын қиып, жаңа аппаратпен танысты.
— Республикада қатерлі ісік ауруынан көз жұматындардың саны көп. Сондықтан «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша қолға алынған жұмыстардың негізгі бөлігі қатерлі ісік ауруымен күрес жұмыстарына бағытталды. Бүгінгі ашылып отырған орталық та осы бағдарламаның жемісі, — деді министр.
Аталған бағдарлама бойынша еліміздің төрт аймағынан осындай орталық ашу көзделген. Қазіргі күні бұндай орталық Ақтөбеден өзге Алматы, Астана, Семей қалаларында ашылып отыр. Орталық жұмысымен танысқан соң Тамара Дүйсенова түстен кейін «Дару» оңалту орталығына барды. Науқастармен тілдесіп, орталық жұмысына оң баға берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*