Басты бет » Білім » Балдырған

Балдырған

Жасыл әлем

Қырық шелек ылғал тартқан қайыңым

Қайың туралы ән мен жыр да көп, оны өздерінің картиналарында тамаша қылқалам шеберлері де әсем бейнелеген.

Қайың – сымбатты ағаш, ұшар басы үкідей шоқтанып, биік бойлап өседі. Дегенмен аса кәрі қайыңның ауыр бұтақтары мәжнүн талдай төгіліп тұрады.

Ашық жерлерде қайың кейде жеке-дара да өседі, бірақ көп ретте олар орман болып тұрады. Жазғы жап-жасыл шөп пен жайнаған гүлдің ортасында тұрған ақ балтыр қайың тоғайы – ол бір ғажайып сурет!

Қайың сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында, яғни жаңғақ ағашы мен талдан кейін гүлдейді. Оның гүлдері қарапайым сырға тәріздес болып келеді. Ал қайыңның жапырағы сарғая бастаған кезде қыркүйек айы да туады.

Қайыңның ұрықтары желмен тез ұшып кетеді. Ол орманның басқа ағаштары өсе алмайтын жерлерінде де тез өсіп-өнеді.

Қайың өзі тез өседі. Ширек ғасыр ішінде, әсіресе, дымқыл топырақта, бес қабат үйдің биіктігіндей болады. Осы жерден ол жаздың жылы кезінде тәулігіне қырық шелекке дейін ылғал тартады.

Қайыңнан алынатын нәрсенің бәрі де кәдеге асады. Оның бүршіктерінен дәрі-дәрмек әзірленеді. Бұтақтарынан сыпыртқы мен сыпырғыш жасайды. Қағаздай жұқа қабаттарға ажырайтын қабығынан халық шеберлері саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектер теретін себет, әртүрлі ыдыстар тоқиды. Қайың отыны пешке тамаша маздап жанады.

Карелияда, Белоруссияда, Латвияда, сондай-ақ Скандинавия елдерінде діңінің төмен жағы үйілденіп, шорланып, жуандап кететін қайыңдар бар. Оған тіпті балта да батпайды. Мұны карелия қайыңы деп атайды. Оның ағашынан әшекейлі әсем мебель, қобдиша және әртүрлі безендіру заттарын жасайды. Карелия қайыңы өте сирек ұшырасады.

Жаз кезінде қайың тоғайын аралау қандай ғанибет десеңші! Оған күн сәулесі жақсы түседі, кіршіксіз таза, мөп-мөлдір ауа да сонда.

Біздің байлық

Бензин пайдасыз сұйық саналған

Бізге мұнай осы заманның жаңалығы сияқты болып көрінеді. Олай емес. Адам баласы мұнайдың бар екенін бағзы заманда-ақ білген.

Кейде құдық қазған жерден су орнына өткір иісті, қарақошқыл майлы сұйық зат шығатын болған. Оның бір тамаша қасиеті болды, яғни ол өзімен бірге бөлініп шығатын газдар сияқты өте жақсы жанады.

Мұнайды шырағдандарға құйған, өртейтін жебелердің ұшына оралған жанғыш заттарды мұнайға батырып алатын болған, доңғалақ біліктерін майлаған. Одан әртүрлі кеселдерді емдейтін шипалы майлар да дайындаған.

Алайда іштен жанатын двигательдер ойлап шығарылғанға дейін мұнайды қатты қажетсіну бола қойған жоқ. ХІХ ғасырдың орта шенінде мұнайдан керосин бөлініп алынды. Ол жарық беру ісіне көп пайдаланыла бастады.

Ал мұнайдан керосинмен бірге алынатын бензинді пайдасыз нәрсе санап, оны теңізге төгіп отырған!

Қазір болса істің жайы басқаша.

Ғалымдар мұнайдың көмірсутектерден, күкірт, азот және оттектен тұратынын анықтады.

Мұнай көбінесе өте тереңде жатады. Сондықтан оны алу үшін тереңдігі бірнеше шақырым болатын скважиналар бұрғылауға тура келеді.

Жер асты кен орындарында мұнаймен бірге болатын газдар оған орасан зор қысым түсіріп тұрады. Сондықтан скважина бұрғысы мұнай қабатына жеткен кезде, ол өзі-ақ жоғары қарай шапшиды.

Мұнай скважинадан құбырлар арқылы қоймаларға жөнелтіледі, ал сонан соң темір жол цистерналарына құйылады, мұхиттар мен теңіздер арқылы орасан зор мұнай құятын кеме – танкерлермен тасымалданады.Алайда ең қолайлысы, оны жер немесе су астымен жүргізілген құбырлармен ағызу (айдау) болып табылады.

Оқушының өлеңі

Ақтөбем

Гүлденген бүгініңнен бақ көремін,

Өзіңе арналады тәтті өлеңім.

Жүрегімнен шыққан бұл сыйым менің,

Әр күні құтты болсын Ақтөбенің!

Ілесіп ағынына жыл, күндердің,

Туған жерім, өзіңмен бір гүлдермін.

Жаңылмастай жолымен жүру – арман

Шернияз, Нұрпейістей дүлдүлдердің.

Қобыланды – ұраным, күш-қайратым,

Есеттей екі батыр – күшті айбатым.

Сыйғызып сәлемімді өн бойыңа

Ақтөбем, жетсін саған құштар хатым.

Өзге жер қиялымды өрлетпейді,

Мың жәннәт шақырса да «кел» деп, мейлі.

Сен менің мақтаным да, ақ таңым да,

Ақтөбем, бір өзіңе жер жетпейді.

Бауыржан НӘРЕНҰЛЫ,

Жаңақоныс орта мектебінің оқушысы.

Аққайтым ауылы,

Шалқар ауданы.

Күнделік

Қайыңды орта мектебінің оқушысы Зияш Әмзина жазғы демалысында күнделік жазыпты. Көрген-білгендерін қағазға түсіріп, өзінің пікірлерін қосыпты.

Біз Зияштың осы күнделігіндегі  17 шілденің -бір күннің оқиғасын «Балдырғанның» оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Саябақтың салтанаты

…Бүгін күн ашық, ерте тұрып жолға шықтым, Мен анаммен бірге көрші аулыға тойға бардым. Бұл той шахтерлер тұратын Алтынды ауылының 40 жылдығына арналған.

Шахтерлер терең шахтада жұмыс жасайды екен. Олар алтын алынатын тастарды үлкен-үлкен қалаларға машинамен тасиды. Терең шахтадан машинамен жоғары көтерілгенде жер астынан шыққандай болады.

Шахтерлер 40 жылдық тойдан ескерткіш болсын деп ауылдан саябақ ашып, оның ішіне бірыңғай қайың отырғызған. Саябақтың ортасынан субұрқақ істеген. Оны Санкт-Петербургтен келген мамандар жасаған. Түнде ішінен жарық жанады екен. Субұрқақтың жан-жағында  мол электр жарығы бар, тастан отырғыштар орнатқан, гүлзарлар жасаған.

Аталар, әжелер, мұғалімдер, балалар субұрқақтан су шашып, «Құтты болсын!» деп жатты. Үлкен ақсақал барлығына бата берді.

Адамдардың барлығы да қуанды. Мен де олар үшін қуандым.

Зияш ӘМЗИНА,

6-сынып оқушысы.

Қайыңды ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Атаулы күн

Отыз жыл бұрын байқалған

Кеше халықаралық озон қабатын қорғау күні аталып өтті.

Атмосфераны яғни тіршілікті ультра-күлгін сәуледен қорғайтын – озон қабаты, сол себептен жер бетіндегі тіршілік үшін озон қабатының маңызы зор.

Озон қабатының жұқаруы 1980 жылы байқалған. Сондықтан 1987 жылдың 16 қыркүйегінде Канадада 36 мемлекеттің өкілі Монреаль хаттамасына қол қойды. Хаттама бойынша озон қабатына зиян келтіретін заттар өндіруге және пайдалануға тыйым салынған.

Ал 1994 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының қаулысымен 16 қыркүйек Халықаралық озон қабатын қорғау күні болып белгіленген.

Аманша СМАҒҰЛОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті.

Бір пікір

  1. Сәлем  достар! Ақ қайыңның суреті бар ма? Маған тығыз қажет еді

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*