Басты бет » Басты жаңалықтар » Мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс

Мемлекет қаржысы тиімді жұмсалуы тиіс

Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспары — бес институттық реформаны іске асырудың «100 нақты қадамы» аясында атқарылуы тиіс шаруаларды халыққа кеңінен түсіндіруді «Нұр Отан» партиясына жүктеген болатын. Елбасының осы тапсырмасына байланысты «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев бастаған делегация Ақтөбеге келіп, «Өрлеу» облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ғимаратында семинар ұйымдастырды. Басқосуға партияның облыстық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері жиналды. Сондай-ақ, партияның Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы филиалдарының қызметкерлері семинарға бейнебайланыс арқылы қатысты.
Жиынды ашып, шараның мақсаты туралы қысқаша түсіндірген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрхан Ағниязов сөз кезегін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашевке берді.
Астаналық мейман өз сөзінде мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың іске асырылуына және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына партиялық бақылаудың тиімділігін арттыру бойынша партия қызметінің негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді.
— Бюджет қаржысының жұмсалуына тиімді бақылау жүргізуді қамтамасыз ету, оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуына бақылауды күшейту бағытында партияда арнайы бұйрық қабылданып, «аудан-облыс-орталық» принципімен ай сайын ақпарат жинау және мониторинг жүргізу тәртібі енгізілді. Оған бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері, партияның барлық филиалы (242) және мәслихат депутаттары жұмылдырылып отыр. Мәжілістегі және мәслихаттардағы фракциялардың «Нұрлы жол» бағдарламасын бақылау комиссияларының ережесі қабылданып, өзара іс-қимыл күшейтілді, — деді Қаныбек Жұмашев. Оның айтуынша, жалпы, бюджеттік қаражаттың жұмсалуына, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылуына да партиялық бақылау ережесі әзірленген. Үкімет басшылығымен туындаған мәселелерді тұрақты қарау бойынша келісім жасалып, бұл мәселелер ай сайын өтетін отырыстарда қаралып жатыр.
Филиалдардың жұмысын бағалау үшін бірыңғай мақсатты индикаторлар бекітіліп, 2016 жылдан бастап облыстық филиалдардың төрағалары — әкімдермен индикаторларға қол жеткізу үшін нақты жұмыс жоспарына қол қойылады. Партия инспекторларының өздері бекітілген өңірлерге ай сайын іссапарларға шығуы міндеттелген.
Жалпы тиімді жұмыс жүйесін орнықтыру бағытында 21 регламенттік құжат қабылданған. Оның ішінде, басты бағдарламаларға партиялық бақылау мен бағалау жүйесін орнату, мәслихаттардағы партия фракцияларының жұмыс ережесі, партия мүшесінің этика кодексі, қоғамдық-саяси ахуалды бақылау, заңнаманы жетілдіру жұмысының ережелері, филиалдардың қызметін бағалау ережесі бекітіліпті.
Қаныбек Жұмашевтің айтуынша, жыл соңына дейін партияның кадрлық резерві туралы ережесі қабылданады. Қос санатты кадрлық резервтің құрамы бастауыш партия ұйымдарының белсенділері мен партияның белсенді қолдаушыларынан, «Жас Отан» ЖҚ және белсенді жастар мен партия аппаратының қызметкерлерінен жасақталады.
— «Жас Отан» жұмысын нақты бағытқа ауыстыру мәселесінде жастар саясаты саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына бақылау орнатылады. Осы орайда мемлекеттік жастар саясатының тиімділігін бағалау және интернет пен әлеуметтік желілерде жастардың әлеуметтік көңіл күйіне тұрақты мониторинг жүргізу ережесі қабылданды, — деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы.
Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын күшейту мақсатында барлық бастауыш партия ұйымдарының (5665) материалдық-техникалық және әдістемелік базасын нығайту жұмыстары қолға алынған. Партия мүшелерінің сапалық құрамын ірі кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері мен агроөнеркәсіптік кешен есебінен арттыру көзделіп отыр.
2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында «Электронды партия» жобасы аясында мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымы және «Қазпошта» жүйелерімен партияның электрондық құжат айналымы ұштастырылып, партиялық жарналарды интернет арқылы төлеудің онлайн жүйесі енгізіледі. Халықтық проблемаларды жедел анықтау және оларды жедел шешу үшін ахуалдық орталық құрылып жатыр.
Партияның қоғамдық қабылдауларына биылғы он айда 73 183 өтініш тіркелген. Бұл туралы Қаныбек Жұмашев былай деді:
— Азаматтар көтерген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер беріліп, оң шешілуіне ықпал етіліді. Дегенмен жұмыстың нәтижелілігін арттыру мақсатында қажетті шешім қабылдауға құзыреті бола тұра мәселені шешпегендер анықталып, оларға шара қолданылады.
«Нұр Отан» партиясының хатшысының айтуынша, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының шалғай ауылдарда көшпелі қабылдаулары жылына екі мәрте өткізіледі. Халықтың проблемалары, бағдарламалардың іске асырылуы, сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылықтар бойынша «Жедел желі» және «WhatsAPP» мессенджерін іске қосу жоспарланып отыр.
Партияда Елбасы саясатын іске асыру шараларын жариялау бойынша жүйелі жұмыс ережесі қабылданып, бірыңғай медиа жоспар жасалған. Қоғам алдындағы жариялықты қамтамасыз ету мақсатында баспасөз орталығы ашылып, онда құрылым басшылары, фракция депутаттары, филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері аптасына екі рет брифингтер өткізіп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпараттар береді.
Семинар барысында «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратынан келген жауапты қызметкерлер жиынға қатысушыларға партияның қолға алған жұмыстары туралы жан-жақты баяндап, олардың сауалдарына тұшымды жауап берді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>