Басты бет » Мәдениет » Дайдидау…

Дайдидау…

(Қозғайсың қатып қалған-ай іштің дертін…)

Ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайбергеннің «Славян базарында» топ жарып, күллі қазақтың даңқын асқақтатқанына көп бола қойған жоқ. Сол байқаудан кейін Димаш әлемдік музыка мамандарының назарына ілікті. Өйткені әлемде бес октаваны еркін игеретін дауыс иесі — аз! Санаулы ғана. Димаш — сол аздың бірі! Бұл — бір! Екіншіден, Димаштың орындауындағы «Дайдидау» қазір әлемдегі ең тыңдалымды әндердің біріне айналды. Әртүрлі «қоспа» қосылған дүбәра дүние емес, саф алтындай қазақтың халық әні! Оны жарқыратып көрсете білген Димашқа мың алғыс!
Белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіп өзінің фейсбуктегі парақшасына Димаш туралы жылы пікір қалдырған екен. Кәнігі маман көпшілік «Жақсы екен…», «Мықты екен…» — деуден аса алмаған Димаштың ерекшелігін дөп басыпты. «Абай кз» көшіріп басқан сол дүниені біз де «Ақтөбенің» оқырмандарына ұсынғанды жөн деп таптық.

Мына заманда кімді, немен таңғалдыруға болады деп ойлаймыз ғой. Ол да мүмкін емес нәрсе болмай шықты. Тек өнер өлкесіндегі жауыннан кейін қаптап шыққан саңырауқұлақтай арзанқол өнерпаздарға, бірінен екіншісі айнымайтын құбатөбел орындаушыларға, күнкөрістің күйін шерткен базбіреулерге құлағымыз да, құлқымыз да бейімделіп бара жатқаны болмаса. Соның салдарынан таңдайы жарылып туған қас таланттарымызды тани алмай келеміз. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең» болған мына заманы түспегір оларды шындап тануға құлықты емес. Таланттылардың сорына талантсыздарды өсіруден бір жаңылмай-ақ келе жатырмыз. Әзірге бұл жағынан алдымызға жан салып, қара түсірер түріміз жоқ…
Өмірге жүз жылда бір-ақ рет келетін өте сирек әншілер болады. Олар ән үшін, ән айту үшін ғана туады. Туған топырағы қадірін білмесе Мәскеу мен Еуропаның жалаңдаған менеджерлері қазір-ақ қағып алып кетуі ғажап емес. Кешегі келмеске кеткен кеңестер одағының тұсында ондай ерекше жандарға үкімет қолдау көрсетіп, әкелік қамқорлығына алушы еді. Мына балапан басына, тұрымтай тұсына кетіп, жақсы мен жасықты ажырата алмай тұрған абыржы, дүдамал кезеңде мұндай біртуарларға кімнің емешесі езіле қояр дейсің. Сөйтіп жүріп күндердің бір күнінде Сені де қу құлқынның құлына айналдырып алмасақ болғаны ғой…
Мен бірдеңе білсем, мына әнші бала қазақ деген ат төбеліндей халықтың бағына туған. Дәл осындай деңгейдегі бұлбұл көмейді көрмегеніме көп жылдың жүзі болған екен. Оның дауысында дәуірлердің қасиет тұнған сағым-дірілі, бағзыда қалып кеткен асыл рухымыздың күбірі, өзегімізді жайлаған өрт пен өкініш тұр. Мен оны тыңдаған сайын соны сеземін. Содан соң жан дүнием алай-түлей арпалысты күй кешіп, күйзелген санам сан саққа кетеді. Ол ән айтып тұрғанда қазақтың ер кезі, баяғы салтанаты мен бағы басында тұрған берендігі, болмысы биік шағы елестейді көз алдыма. Әр елдің тілінде айтқан өрелі әніне әлем тыңдаушылары дүр сілкініп, дүрілдете қол соғып, тілін түсінбесе де табиғатын таныған биік талғамды жандар риясыз риза болуда. Ал біздің бауырларымыздың не ойлағаны бар екенін қайдам, әзірге бірі емес, бәрі де үнсіз, құдды бір ауыздарына мұздай су ұрттап алғандай…

Оған қиған атағың мен даңқың болса ертең емес, бүгін бер дер едім Мен! Ол осы жасында-ақ оның әкесіндей өнерпаздардың айта алмағанын бір ғана «Дайдидау» әнімен жеткізіп берді. Мен мұны осыншама сұлу, биік, шерлі ән деп ойламаппын (Соған қарағанда нағыз орындаушысынан тыңдай алмағанмын ғой). Ал Сен болсаң бұл қарапайым әннің иін қандырып мың бұрадың, Димашжан! Мен сенің орындауыңда осы әнді тыңдап отырып бүгінгі сахналастарың мен келешектегі әншілерге кәдімгідей жаным ашыды. Сенен кейін олар бұл әнді қайтып айтады енді (әй, бірақ біздің бауырлар айта береді ғой)? Өзіңнен кейінгілерге орын қалдырмай, бар кеңістік атаулыны нәзіктік пен сұлулыққа толтырып, жеріне жеткізіп шегелеп жібердің ғой, айналайын. Шын өнерпаздығың осы болмысыңнан-ақ байқалады.
Иә, бізде әнші көп, бірақ Сен сияқты Жаратқан Жалғыздың өзі жер бетіне ән айту үшін жіберген құбылыс таланттар мүлдем жоқтың қасы. Сен және сен сияқтылар туса тек дәуірлер аралатып, жылдарды тыныстатып қана келуі мүмкін мына жарық жалғанның жүзіне. Ешкімге ұқсамайтын ғажап дауысыңдағы жылт еткен сәулеге, сол арқылы сұлу табиғатыңа, өзегіңдегі биік талғамыңа тәнті болдым. Сен біздің бағымызға туған баласың. Тек таланттылардың тағдырынан сақтасын. Әлде де көретін көз табылатын шығар, көпке топырақ шаша алмаспыз. Әлем көріп, дүние жүзі танығанды біз тани алмайтындай қазаққа не көрініпті?! Сені қолдайтын, қадіріңді білетін қазақтың қалжа жеп туған талай ұл-қыздары жүрген шығар арамызда. Қолымда болса Мен саған бәрін де қазір, бүгін-ертең еншілер едім. Әттең… Ал сен болсаң дәл осы қалпыңның өзінде тым биіксің.
Неге екенін қайдам, әйтеуір Сен «Дайдидауды» шырқағанда мына жалғаншыңның көмескі жарығы біртүрлі сәулелене түсетін сияқты…

Берік ЖҮСІПОВ,
фольклортанушы.

2 пікір

  1. ТОлқын Қабылша

    Рас сөз.Димашты,әсіресе,дәл осы әнді тебіренбей тыңдау мүмкін емес.Бір ғана әнннің өн бойында қазақтың тағдыры да,теперіші де,мұңы мен мазмұнды ғұмыры менмұндалайді ұғынғанға. Әнді тыңдаған сайын қазақ болып туылғаныңа, осынау ұлық мінезді ұлттың ұрпағы екеніңе айрықша мақтаныш кернейді көңілді. Жүрекпен толғап айтатын,жүрек қылын шерте білетін дарынды әншінің аман жүрсе,әлі талай бәсі бөлек биіктерді бағындыратынына сенім мол.Тәңірім қолдасын тек қана. Осындай талантты ұлды өмірге әкелген Қанат пен Света отбасына мың алғыс.

  2. Бауыржан Әміркен

    Тәңіріміз “тіл,көзден” сақтағай!Тегіне тартқан, деп осындайда айтқан ау!Айналайын,”АҚ ЖОЛ”!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*