Басты бет » Тарих » Қазақ мемлекеттілігі: қарсы пікірлерге уәж

Қазақ мемлекеттілігі: қарсы пікірлерге уәж

Қазақ жерінде бұрын мемлекеттік құрылым болды ма деген мәселе бүгінге дейін тартыс тудырып келді. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойының атап өтілуі осы алыпқашпа сөздерге нүкте қойды.
Бірақ Кеңес кезінде үстем болған қасаң ой-пікірлер мен жаңаша еркіндік жағдайындағы тұжырымдардың үйлесім табуы оңай емес екен. Бұрынғыдан әлдеқайда қатары көбейген заңгер, тарихшы мамандармен қатар, әдебиетші және басқа зиялы қауым өкілдерінен тұратын зерттеушілер арасында бұл мәселе турасында сан түрлі пікірлер, ал жинақтап айтсақ, негізінен біріне-бірі қарама-қарсы екі түрлі көзқарастың барын байқаймыз. Біріншілері — қазақ мемлекеттігі дегенді өткен замандағысы болсын, қазіргісі мен болашағы болсын, мүлдем қабылдай алмайтындар; ал екіншілері — қазақ мемлекеттігінің көне заманнан бергі ұзақ тарихы барын алға тартып, болашағына сеніммен қарайтындар. Тарихшы-саясаткер Б.Ермұқанов «олардың аражігін этникалық фактор ажыратып тұр» дей келіп, қазақтардың мемлекеттігіне қарсы пікір айтатындар «орыс авторлары» екендігін жазады. Бірақ осындағы «этникалық фактор», «орыс авторлары» дегеннің біршама негізі болғанмен, толық келісу қиын, себебі бұл пікірді қолдаушылар арасында ұлты қазақ авторлардың (Масанов, Әміреқұлов және т.б.) барын және олардың пікір-пайым әсірешілдігі ұлты орыс авторлардан асып түспесе кем түспейтіндігін, ал екінші пікірге қосылушылар арасында К.Пищулина, С.Кляшторный сияқты қазақтан басқа ұлт өкілдері барын да айта кету керек. Турасына келсек, әлгі терминдер орнына «орыс тілді авторлар» немесе қазақ мемлекеттілігіне екі көзқарас арасындағы «еуроцентристік фактор» десек, дұрыстау болар.
Қазақстан 1990 жылы өз егемендігі туралы декларацияны қабылдап, арада бір жыл өткенде, тәуелсіз Қазақстан Респуликасын құруы мұң-ақ екен, Ресей жақтан қазақтың мемлекеттігіне тыжырына қараған айқай-шу толқыны көтерілді. Тарихшы В.Козлов Қазақстандағы ұлттық мемлекеттіліктің өзін заңға қайшы деп бөсті. Солженицын «Қазақтардың қойының тұяғы тиген жерді менікі дегеніне иланып, коммунистер Қазақстанды ақылға сыймайтындай далитып жіберген» деп жазды. Горбачев Одақ тұсындағы оқиғаларды бытыстырып, Хрущевтің Қырымды Украинаға бергенін, керісінше Қазақстанның солтүстік бес облысын Ресейге алып бермекші болғанын шатастырып, Қазақстанға Ресейдің бес облысы берілді деп көкіді. Бұл — Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болғанын ашық түрде жаны сүймейтіндердің сөзі. Ал енді, Қазақстанның ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы тарихын зерттеген маман ретінде белгілі В.Моисеев тарихты «әріден қозғап», Қазақ мемлекеттілігінің түптен «шикілігін» «ғылыми негіздеп» бағады. Ресейге қосылуының бастапқы кезеңіндегі қазақтардың мемлекеттігі мәселесін зерттей келіп, мынадай тұжырым жасайды: «Ол тұстағы қазақ қоғамы өзінің саяси даму үрдісінде әскери демократия деңгейінде тұрған еді, қазақтардың саяси құрылымының мемлекетке дейінгі сипаты тұрақты армиясының жоқтығынан-ақ көрінеді, қазақтарда ерте феодалдық мемлекет болған деген түсінік сын көтермейді, Қазақ хандығы — бастан-аяқ шартты ұғым»… Хандықты ол мемлекет құруға қабілеті жоқ ру-тайпалық құрылымдардың әлжуаз одағы ғана, оның өзінде де «көшпелі шаруашылықтың ішкі табиғатынан туып отыр» — деп санап, «Сондықтан экономикалық және мәдени тұрғыдан дамыған халықтардың сырттай серпіні болмаса немесе олар жаулап алмаса, дербес тұрлаулы мемлекет құра алмайды», – дейді.
Мұның астарынан да әлгі саясаткерлер қыжылымен үндес сарын айқын байқалып, дамыған халықтар (орыстар) «жаулап алмаса», көшпелілер өздігінен мемлекет құруға қабілетсіз деген отаршылық пиғыл анық сезіледі. Дегенмен бұл ғалымның пікірлерін ой елегіне салып, жауап беріп көрейік. Біріншіден, Моисеевтің қазақтарда ерте феодалдық мемлекет болмады деуі шындыққа үйлеспейді. Қазақстан территориясында ежелгі және орта ғасырларда өмір сүрген империяларды, қағанаттарды, мемлекеттерді мекендеген түркі тайпалары мен ұлыстарының көпшілігі — қазақтардың тікелей ата-бабалары. Оның бергі жағында Қазақ хандығы — Алтын Орда мен Ақ Орданың мемлекеттік дәстүрлерін толық қабылдаған құрылым. Мұны Шыңғыс әулетінің бұларды мұрагерлікпен басқаруы-ақ дәлелдеп тұр. Екіншіден, бұл мемлекеттердің басым көпшілігі көшпелі түрік тайпаларының мемлекеті болғандықтан (Ғұн, Түрік, Үйсін, Түркеш, Ақ Орда), осы тарихи фактының өзі В.Моисеевтің көшпенділер, көшпелі қоғам мемлекет құруға қабілетсіз деген тұжырымының түкке тұрғысыздығын көрсетеді. Бұл — тарихи үрдістерді түсіндіруге формациялық тұрғыдан келген қасаң қағидалардан туындаған тұжырым. Бұл теорияның капитализмге дейінгі үш формацияға: алғашқы қауымдық құрылыс, құл иеленушілік және феодалдық кезеңдерге деген көзқарастан туғаны белгілі. Ал өндірістің азиялық тәсілі, саяси қондырғысын қоса алғандағы шығыс деспотизмі де, көшпелі қоғам да бұған тәуелді емес. Олар бұл тарихи үрдістен тыс. Егер маркстік социализмнің еуроцентризм идеяларының ықпалынан туғанын ескерсек, формациялық көзқарастың өзі бастан-аяқ Еуропа тәжрибесіне негізделген. Яғни Азия елдері бұл тарихтан тыс қалған. Айтқандай, тарихи және тарихтан тыс халықтар жөніндегі Гегель идеясы еуроцентризм теориясының іргетасы емес пе еді?
Көшпенділік, көшпелі қоғам өзінің экономикалық базисімен және саяси қондырмасымен бірге ешкімге ұқсамайтын көшпелі өркениет бола отырып, марксизмнің формациялық теориясының өлшеп-пішкен тар аясына сыймады. Ал ол теория кеңес қоғамтануында жеке-дара билік құрып келгені және белгілі. Қазір маркстік социологияның бесаспап жан-жақтылығының өзі асыра сілтеу екені айқындалып отыр. Көптеген зерттеушілер бүгінде әділ атап көрсетіп отырғандай, көшпелі қоғам мәселелері өркениетті көзқарас тұрғысынан ойдағыдай шешілері күмән туғызбайды.
Үшіншіден, Моисеевтің «қазақтардың саяси құрылымының мемлекетке дейінгі сипаты оның тұрақты армиясының жоқтығынан-ақ көрінеді» деуі — еуроцентристік көзқарастан туындаған тұжырым. Сонау хұндардан келе жатқан дәстүр бойынша көшпелілер мемлекеттілігінің өзіндік ерекшелігін мемлекеттің күштік органдары құрылымынан байқауға болады. Мәселен, оларда тұрақты армия болмаған, бірақ оны жаппай әскери міндеттілік (халық жасағы) алмастырды. Сол сияқты олардың сайланатын шенеуніктері мен қазылары, полициясы мен түрмесі де болмаған. Ақсүйектер мен қарапайым көшпенділердің арасында мүліктік алшақтық тым терең болмай, қарапайым қоғамдық қатынастар өріс алған. Ал мұндай мүліктік айырмашылық мол болған жағдайда, Еуропадағы сияқты қуатты жазалау және атқару органдарын ұстау қажет болар еді.
Л.Гумилев көшпелілердің мемлекеттілігі жөнінде сөз қозғағанда: «жаппай әскери міндеттілік тайпаларды тұтастырып, рулық құрылыстың ыдырауына жол бермей, оны сан ғасыр бойы сақтап қалуға жағдай жасаған», — деген болатын.
Өзінің негізгі ұстанымдары бойынша хұн мемлекеттілігі Еуразия көшпенділерінің мемлекеттік құрылымдары үшін әмбебап үлгі болды. Қазақ мемлекеттілігі де, міне, осы үлгіден арна тартады. Ол рулық құрылысты, рулық қарым-қатынасты мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси базисі ретінде сақтаған хандық биліктің үстемдік құруынан көрінеді. Сондай-ақ, халық жасағы ретіндегі әскердің міндеті де айқын болды.
Дала дәстүріне орай хан көтеру мемлекеттің құрылуын білдірген. Өйткені хан жай ғана символ емес, мемлекеттіліктің нақтылы саяси-құқықтық жүзеге асуының кепілі саналған.
Қазақтың мемлекеттігіне қатысты осы теріс көзқарасқа өз ішімізден де үн қосқандар аз болған жоқ. Н.Масанов көшпенділер туралы зерттеуінің арқауын «көшпенділерде мемлекет болған емес» деген қорытынды айналасында «жасап шығарды». Бірақ «жаңалықтарының» бәрі алдыңғы Моисеев қағидаларымен үндескен, Солженицын сындылардың айтқанын теориялық негіздеуге ғана бағытталған. Турасын айтсақ, ол теорияның еш жаңалығы жоқ, бір кездегі батыс ғалымдарының: «көшпенділер жатыпішерлер (были «трутнями человечества») болған» деген әңгімесін қайталаған. Бұл — ескірген сөз.
Кейіннен өзімен пікірлес бір топ тарихшылармен бірге дайындаған «История Казахстана: народы и культуры» деп аталатын кітабында әлгі ойын жалғастыра түсіп: «С самого начала своего выхода на авансцену истории тюркоязычные народы никогда не являлись однородной и интегрированной группой племен. Тем более они никогда не осозновали своего единства. Они были сильно дифференцированы как по хозяйственно-культурным признакам, так и по языку и этническому происхождению» — дей келіп, одан әрі көшпенділер туралы «…само кочевничество настолько не обременено материальной инфраструктурой, что почти не оставило каких-либо памятников культуры и вещественных свидетельств своих деяний. Вследствие этого, не обладая фундаментальной источниковой базой (ни письменными источниками, ни археологическими данными), мы не можем в полной мере проследить их историю и культуру» — дейді. Ал Л.Н.Гумилев болса: «…Тюрки не только играли роль посредников, но и одновременно развивали собственную культуру, которую они считали возможным противопоставить культуре Китая, и Ирана, и Византии, и Индии. Это особенная степная культура имела древние традиции, глубокие корни…» — деген, бірақ Масанов оны көрмеген де, оқымаған да сыңай танытады.
Масановтың: «С самого начала своего выхода на авансцену истории тюркоязычные народы никогда не являлись однородной… Они были сильно дифференцированы как по хозяйственно-культурным признакам, так и по языку и этническому происхождению» деген тұжырымының негізі тайыз. Көне еуропалық, Үнді, Қытай мемлекеттері де іштей сан тайпаларға бөлінгені, мемлекеттік құрылым арқылы ортақ тіл, мәдениет қалыптастырғаны тарихтан белгілі. Түркі мемлекеттері де іштей ру-тайпалықтарға бөлінгенімен, жер ыңғайына қарай мал өсірумен айналысып немесе мал және егін шаруашылығын араластыра жүргізіп, бірыңғай түркілік мәдени-этникалық белгілері мен ортақ түркі тілін қалыптастырған. ХІІ ғасырдағы ұлы түрік ғұламасы Махмұд Қашқари түріктің сол ортақ тілінің көп томдық «Диуани лұғат-ит түрк» сөздігін құрастырып, әлемге түркілердің ортақ тілін, мәдени, салт-ғұрып үлгілерін танытты емес пе? Сондай-ақ, «кочевничество… не оставило каких-либо памятников культуры и вещественных свидетельств своих деяний» деу — барып тұрған өтірік. Көшпелі түріктердің мол рухани мұрасы туралы сонау грек тарихшысы Геродот айтқан. Көшпелі түріктердің қалдырған теңдесі жоқ мәдени мұрасы, оның заттай куәсі: әрідегі жылқыны үйретіп мінуі, үзеңгіні, доғалақты ойлап табуы; одан берідегі Орхон ескерткіштері, руна жазуы және басқа мәдени құндылықтары туралы батыс, орыс, қытай зерттеушілерінің жазбалары әлгі сөздердің түкке тұрғысыздығын дәлелдейді. Соңғы кездері Қазақстанның әр аймағынан табылып жатқан көшпелілердің озық мәдениетінен хабардар ететін археологиялық қазбалар нәтижелері: үш алтын адам, бұрынғы оңтүстіктегі қалалардан басқа қазақ жерінің батысынан, орталығынан, шығысынан табылып жатқан қалалар орны далалық өркениеттің көшпелі мәдениетімен қатар, қалалық мәдениетінің болғаны қиял (миф) емес, реалды жағдай екеніне, олардың бірін-бірі толықтыра қатар өмір сүргеніне дәлелді жауап болары сөзсіз. Сонымен қатар Т.Жұмағамбетовтің көптеген батыс, орыс тарихшылары мен құқық қорғаушылар еңбектеріне және деректеріне сүйеніп: «Современными исследованиями доказано, что чистых кочевников, кочующих по неустойчивым маршрутам, не существует. Подавляюшее количество номадов – это т.н. «полукочевники», которые передвигаются по замкнутому маршруту, имеют своеобразные земельные отношения с сочетанием частной и родовой собственности на пастбища, имеют сопутствующие хозяйственные уклады в виде внесемейного ремесла, охоты, богарного земледелия скотоводов и т.д., а также тесные торгово-экономические отношения и связи с населением оседлой, контактно-маргинальной зоны» – деген пайымдауы әлгі ойды негіздей түседі.
Масановтың қазақ қоғамының жүзге, руға бөлінісі туралы айтқандарына қайта оралып, тарих көрсеткендей, мұның кейбір жағдайларда елдің ыдырауына әсері болатынын жоққа шығармай, бірақ соншама ұшындырып көрсететіндей құбыжық еместігін айта кету керек. Қазақтан басқа қай мемлекетті алсақ та, қайсыбір кезеңдерде, жағдайларда оларда да ауызбіршілік болмай, ыдырауға ұшыраған. Гумилевтің қазақтың жүздері мен рулары туралы масановшылдық көзқарастан тіпті басқа пікірі бар. Ол: «…эти внутриэтнические единицы необходимы для поддержания самого этнического единства. Путем разделения на группы регулируются отношения как отдельных особей к этносу в целом, так и родовых и семейных коллективов между собой. Между прочим, только этим способом вводится и сохраняется экзогамия, предотвращая кровосмесительные браки. Представители родов выражают волю своих соплеменников на народных собраниях и создают устойчивые союзы родов для ведения внешних войн, как оборонительных, так и наступательных» деп, ру-тайпалық ерекшеліктің жасампаздық жағын көре білген.
Қанша қарсы пікірлер көлденең тартылғанмен, қазақ мемлекеттілігі — тарихи шындық болып қала бермекші. Бартольдтің: «Қазақтар ХVІ ғасырдың басында өз хандары бар құдіретті халық болып, өз тайпаластарын уысында ұстап, Самарқан мен Бұхарды билеп тұрды» дейтіні тегін айтылмаған.
Қазақ мемлекеттілігі — Ақ Орданың құрылуынан бастап патша өкіметі хандық билікті жойғанына дейін — бес жарым ғасырдай өмір сүрді. Арада бір жарым ғасыр өтіп барып, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін, көптеген шектеулерден тұратын формальді түрде болса да, мемлекеттілікті қайта орнату мүмкін болды. Аталған тарихшылар мемлекеттілік тұрғысындағы барлық теориялық білімдерін, мысқылы мен кекесінін сол «Қазақ ССР» атты қуыршақ мемлекеттілікті сынауға жұмсағанда дұрыс болар еді.
Тарихшы Б.Ермұқановтың қазақ мемлекеттілігі туралы: «Дала өркениетінің құрамды бөлігі болып табылатын дәстүрлі қазақ қоғамында биліктің екі түрі: саяси және потестарлы жүйесі орын алғандығы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен даму тамырлары тереңде жатқанын байқатады. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ хандығы мемлекеттің далалық дәстүрлерін бойына жинақтаған иерархиялық әлеуметтік-саяси құрылым болып табылады» деген тұжырымымен келісу орынды болып көрінеді.
Соңғы он-он бес жылдың көлемінде Елбасы мұрындық болған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бұрын болып көрмеген кең көлемде және еліміздің әр өңірінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, алыс-жақын шетелдерден қазақ мемлекеттігі, өркениеті туралы көптеген деректер мен мәліметтер жинақталғаны белгілі. Сол материалдар негізінде ҚР Ғылым Академиясының Археология және этнология иститутын көп жылдар басқарған академик Карл Байпақовтың көшпелілер өркениеті деген ұғымды кеңейтіп, қазақ жерінде номадтықпен қатар отырықшылық, егіншілік белгілердің көптігіне, қала өркениетінің кең дамығанына сүйене отырып, Қазақстан территориясында әлгі айтылған үш жақты мәдениеттің симбиозы — далалық өркениет болғандығын толық дәлелдеп шықты.
Келтірілген деректер, мәліметтер, тұжырымдар кейбір бұра тартқан пікірлерге қарамастан, қазақ жерінде қандай атаумен (Сақ, Ғұн патшалығы, Түрік, Батыс түрік қағанаты, Алтын Орда, Қазақ хандығы) болса да, мемлекеттіліктің қай заманда да болғанын көрсетеді. Қазақ хандығы — сол тізбектің бір буыны ғана.

Баян БОРАШ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
мемлекеттік университетінің профессоры.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*