Басты бет » Басты жаңалықтар » Ұлы қолбасшы һәм дін қорғаны

Ұлы қолбасшы һәм дін қорғаны

Өз заманында туған жұртының сүйеніші әрі мақтанышы болған Әбілқайыр ханның тұлғасына беріде түрлі жалған жала жабылып, оны тарихта өз шынайы бет-бейнесінен мүлде бөлек, ұлтты кері сүйреген, билікқұмар, жағымсыз билеуші ретінде қалдыруға тырысты. Әбілқайырдың шынайы болмысын танытуға талпыныс жасаған тарихшылардың бірі — Ирина Ерофеева. Біз бұған дейін де оқырмандарымызға Ирина Ерофееваның осы тақырыптағы еңбектерінен, сұхбаттарынан үзінділер аударып ұсынған болатынбыз. Бұл жолы жуырда, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы аясында, Ақтөбеде өткен «Қазақ мемлекеттігінің дамуы: дәуірлер, оқиғалар, тұлғалар» атты халықаралық ғылыми конференцияда оқыған баяндамасын аударып беріп отырмыз.

Ирина ЕРОФЕЕВА

Ұлы қолбасшы һәм дін қорғаны
(Әбілқайыр ханның тарихи портретіне жаңа штрихтер)

Алдымен Кіші жүздің, одан соң үш жүздің бас ханы болған Әбілқайырдың тарихи ғұмырбаяны азды-көпті зерттеліп, ғылыми әдебиеттен орын алды. Қазақ елі тарихындағы бұл атақты тұлғаға арналған еңбектер көп, сөйтсе де, оның маңызды қыры — әскери-ұйымдастырушылық, қолбасшылық қызметі тарихи зерттеулерде әлі күнге дейін қамтылмай, көрсетілмей келеді. Төңкеріске дейінгі ресейлік, Кеңес тұсындағы және қазіргі қазақстандық, сондай-ақ шетелдік ғалымдар еңбектерінде Әбілқайырдың ержүрек жауынгер болғаны, өз дәуіріндегі даңқты әскери басшы — сардар екені, жат жұрттардың әскери агрессиясына қарсы қазақтардың жалпыұлттық күресін ұйымдастыруда зор роль атқарғаны, жоңғарлармен күреске қазақ әскерін бастап шыққаны сан мәрте атап өтілді. Бірақ оның көрнекті қолбасшы ретіндегі ерекшеліктері, нақты істері, қолданған айла-әдістері туралы тарихшы–мамандар тарапынан тұшымды ештеңе айтылған жоқ.
Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен деректерге сай, Әбілқайыр ерте жетім қалған. Ата-анасынан бөлек, үлкен ағасы Тоқтамыс пен басқа да жанашыр жақындарынан жастай айырылғандықтан, жоқшылық көріп ержетеді. XVII ғасырдың 90-жылдарының соңы мен XVIII ғасырдың басында Еділ қалмақтарының Қазақстанның батысына жасаған шапқыншылығы кезінде оны қалмақ ханы Аюке (1672-1724 жж.) тұтқынға түсіріп, біраз жыл өз ордасында қызметте ұстайды, артынан Әбілқайырдың қандай жағдайда, қалай бостандыққа шыққаны белгісіз.
Бұдан кейінгі жылдарда жас сұлтан Дала жұртының алдында өзінің абырой- беделін көтерген көптеген істерге араласты және XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығының ортасына таман тек ержүрек, әскер шеберлігі өте жоғары жауынгер ретінде ғана емес, әскери жорықтарды ұйымдастыру кезіндегі тапқырлығы, айрықша дарыны арқылы да көзге түсті. Болашақ даңқты қолбасшының өмірінің бұл кезеңі туралы тарихи деректер мардымсыз, оның үстіне Әбілқайырдың Кіші жүз билігіне қалай келгені жөнінде айтылатын қолда бар құжаттық айғақтардың қай-қайсысы да өткен шақпен баяндалады, яғни Еділ-Жайық аймағындағы сол айтылған жорықтар, оқиғалар орын алғаннан соң, араға 15-20 жыл салып барып қана, қағазға түсірілген. Жас қазақ сұлтанының кейбір ерлік істері баяндалатын ең ерте жазба деректерге мыналар жатады: 1722 жылы башқұрт Арслан Аққозиннің «жолдастарымен» бірге I Петрге жазған арызы,
(мұны беріде башқұрт тарихшысы С.У.Таймасов тапты); ташкенттік сарт Нұрмұхаммед Әлімовтың 1735 жылы «айтқандары»; Қазан губернаторы Румянцевтің және Орынбор экспедициясының бастығы И.К.Кирилловтың «башқұрттар туралы ойлары»; ағылшын суретшісі Джон Кэстлдің 1737 жылдың соңында құрастырылған Әбілқайыр ханға саяхат «журналы». Бұларда 1707-1709 жылдары, яғни Әбілқайыр хан 27-30 жастан асқаннан кейін орын алған оқиғалар баяндалады.
Солардың ішінде, башқұрт Арслан Аққозин мен оның жолдастарының айтуынша, 1707 жылғы желтоқсанда Әбілқайыр Ноғай даруғасындағы Жүректау тауының маңында өткен атақты тархан Алдар Исекеев бастаған башқұрт көтерілісшілері мен дворян Петр Хохлов басшылық еткен патша әскерлері арасындағы шайқасқа қатысқан. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, Әбілқайыр шайқастан соң жау қолына түспей, сытылып кеткен. Бұл жөнінде кейін башқұрттар Ресей императорына былай деп жазды: « В прошлых же годах… приходили из Киргиз-казачьей орды два хана — Зангир да Оболгаир с воинскими людьми под
Уфу-город и многие жилища наша и русских вырубили, а коней и животы побрали… Под Юряктавом — горою с ними бились, а на том бое Оболгаир ранен ушел, а из войска его поймали двух человек: постельщика да трубача».
Осы деректе көрсетілгендей, Әбілқайыр сол кезде-ақ қазақ жерінен жырақтағы ауыр әскери жорықтарға қатысып, қандай жағдайда да жаудың құрған торынан құтылып шыға алатын тәжірибелі де табанды әскери басшы ретінде белгілі болған. 1709 жылы ол башқұрт көтерілісшілерінің көсемі Алдар Исекеевтің шақыруымен қайтадан Шығыс Башқұртстанға барды және осы жерде башқұрттар оны хан көтерді.
Бірақ, арада бір жыл уақыт өткенде, Сыр өңіріне жоңғарлардың басып кіруіне байланысты, Ноғай даруғасындағы қоныс-жайын тастап, қазақ даласына оралды.
Башқұрттардың хан көтеруі, ойраттарға қарсы соғыстағы жетістіктері, жеңістері Әбілқайырдың Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары арасындағы беделін одан әрі асқақтатты, ол көптеген қазақ руларының ықпалды тұлғаларының ықылас-сеніміне ие болды. ХVІІІ ғасырдың алғашқы он жылдығы аяқталар тұста, ержүректігі, жеке ерліктері, қолбасылық дарынының арқасында, Әбілқайырдың абыройы ата-бабасынан бері билікте келе жатқан әулеттерден шыққан, өзінен дәрежесі биік сұлтандардан әлдеқайда жоғары болды, ол баһадүр деген құрметті атақты иемденді. Бұл шақта қазақтар мен жоңғарлардың, Еділ қалмақтарының, башқұрттардың арасы ушыға түсті, ал мұндай жағдайда жоғары монархиялық лауазымға қол жеткізу үшін дала көсемінің жеке басының қасиеттері мен қазақ арасында ықпалы зор тұлғалар — батырлардың қолдауы аса маңызды еді. Сөйтіп, 1710 жылдың көктемінде Арал маңындағы Қарақұмда Орта жүз бен Кіші жүз өкілдерінің құрылтайы шақырылып, әлімұлының шекті, қаракесек және басқа ірі руларының, Кіші жүздің байұлы, жетіру тайпаларына қарасты рулардың басым бөлігінің басшылары, сонымен бірге Орта жүздің қыпшақ, найман тайпаларынан жиынға қатысқан әулеттер Әбілқайырды өздеріне хан етіп сайлады. «Дәстүр бойынша», Бұхар билеушісі Аштарханид Әбілпейіз хан өз мөрі басылған құжатпен жаңа сайланған дала билеушісінің хандық лауазымын бекітті. Жаңа хан 1718 жылдың аяғына дейін І Қайып ханның кіші саяси әріптесі саналды және өз ордасын Ырғыз бойына тікті. І Қайып хан қайтыс болғаннан соң, 1719 жылдан бастап, ақсүйектер арасында Әбілқайырдың дәрежесі өсіп, ол 1724 жылға дейін Түркістан өңірінің де үлкен бөлігін иемденді, Түркістан қаласында тұрақты резиденциясы болды. 1721 жылы Ташкентке де иелік еткен. Мен Мәскеудегі Ресейдің федеральдық мұрағаттарының бірінен, мерзімі ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінің соңына сәйкес келетін, Сыртқы істер коллегиясына тиесілі құжат кезіктірдім. Осы құжатқа сүйеніп, біз Әбілқайырдың Даладағы ең жоғарғы монархиялық титул — үлкен хан, яғни үш жүздің үлкен ханы дәрежесіне, тарихи әдебиетте көрсетіліп келгендей, Ақтабан шұбырындыдан кейін бес жыл уақыт өткен соң емес, жоңғарлардың қазақ жеріне жаппай шапқыншылығынан үш-төрт жыл бұрын жеткенін айта аламыз. 1720 жылдардың басында ол қазақтардың жоғарғы билеушісі және Сыр өңірінің толыққанды иесі болған. 1722 жылы қалмақ тайшысы Доржы Назаровтың Сатыбалды, Қонай, Қосбармақ есімді қазақтардан сұрап-біліп, Шідір-зайсан арқылы Мәскеуге, Сыртқы істер коллегиясына жолдаған мәліметтеріне сай, Әбілқайырдың иелігіне: Түркістан өңірі (қала және оның маңындағы қоныстар), қазақ астанасынан солтүстікке қарай орналасқан Қаратау жоталары, Талас ұлыстары, басқа да дала аймақтары кірген. Осы мәлімет бойынша, Әбілқайырдың өзі «Сыр өзенінің екі жақ бетінде, қарақалпақтармен бірге, бір жерден екінші жерге», сондай-ақ, Ырғыз бен Талас аралығында, осы жақтардағы тағы басқа жерлерде көшіп-қонып жүрген. Демек, Әбілқайыр 1723 жылы қоңтайшы Сыбан Раптанның ұлы Лоузан-Шоно бастаған жоңғар әскерін Түркістан жерінде қарсы алды және, түпнұсқа дерек көздерінде көрсетілгендей, қазақтардың ұзаққа созылған азаттық күресін басқаруға нақ сол жерде және нақ сол жылы кірісті. 1724 жылдың басында, бірнеше ауыр шайқастардан соң, Әбілқайыр Түркістан қаласын ойраттардан азат етті, жау енді Қаратаудың солтүстік бөлігіне қарай шегінді. Дегенмен, саны жағынан әлдеқайда басым қарсыластың қысымы оны бір жылдан кейін Түркістан өңірін тастап шығуға мәжбүр етті, бұл жерден ол — Бұхар хандығы аумағына, одан әрі — Хиуаға өтіп, Сырдарияның төменгі ағысы арқылы Арал өңіріне келді.
Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ауызша тарихтың айтуынша, 1726 жылдың қысында қазақ пен ойрат қоныстарының оңтүстік-батыс шекарасында, Арал маңындағы Қарақұмда, қазақтың хандары, сұлтандары мен басты ықпалды адамдары жиналып, Әбілқайыр ханды сардар, яғни үш жүздің біріккен қолының басшысы етіп сайлаған. 1727 жылы қазақтар Даланың әртүрлі аймақтарына шоғырландырылған ойраттардың әскери бөлімдеріне қарсы кең көлемдегі шабуылдарға шықты, жан алып, жан беріскен шайқастар үш жылға созылып, қазақтар өз жерінің негізгі бөлігінен жауды қуып шықты. Осы уақыт ішінде Әбілқайырдың батылдығы, табандылығы, сирек кездесетін қолбасылық дарыны барынша жарқырай көрінді, ол қазақ жұртының басын қосып, ұлы жеңіске бастай білді. Қазақ-ойрат соғысындағы ең ұзаққа созылған және қамтыған аумағы жөнінен де ең көлемді саналатын әскери жорықтар кезінде Әбілқайырдың қолбасшы ретінде сіңірген еңбегі, шеберлігі туралы сөз қозғағанда, алдымен мынаны ескеру керек: Даланың әр-әр түкпіріне, жағалай бекініп алған ойраттардың қарауыл отрядтары өте көп еді. Әрқайсысы, орта есеппен кем дегенде — 500, тіпті 4-5 мың адамнан құралған, жақсы қаруланған отрядтар болатын. Әбілқайыр оларға қарсы кезең-кезеңмен шабуылдау мақсатында, бүгесі мен шігесіне дейін ойластырылып, барынша тиянақталған жоспар жасады және осы жоспарын жүзеге асыра алды.
Даланың әр пұшпағын, әр өңірдің табиғатын, жер бедері ерекшеліктерін жақсы білетін хан жоңғарлардың қарауыл отрядтарының орналасқан орнын, әр отрядтағы қаруланған адам санын есепке ала отырып, негізгі мал айдайтын және керуен өтетін жолдарды жылдың қай мезгілінде қалай пайдалану мүмкіндіктерін саралады, өз жоспарын әзірлеу барысында осы мәліметтерге сүйенді.
Әбілқайыр хан қазақтың арғы-бергі тарихында үш жүздің әскерін ортақ жауға қарсы алып шығып, батыстан-шығысқа қарай — Ұлытау мен Арал маңындағы Қарақұмнан Бетпақдаланың оңтүстік бөлігі мен Қырғыз Алатауының солтүстік жоталарына дейінгі аралыққа және солтүстіктен оңтүстікке қарай Шұбартеңіз көлі мен Шідерті өзені жағасынан Қаратау жоталарына, Шу-Талас өзендері арасындағы жазықтық пен Шу-Іле тауларына дейінгі аралыққа созылған ұлан-ғайыр аумақтағы әскери жорықтарға басшылық жасады. Ол үш жыл бойы осы ұланғайыр кеңістікте сансыз көп қазақ отрядтарының әскери іс-қимылдарын реттеп, үйлестіріп қана қойған жоқ, алып даланың о шеті мен бұ шетіндегі табиғаты әрқилы, бір-біріне мүлде ұқсамайтын өңірлерде күрделі тактикалық әдіс- тәсілдерді іске асырды. 2007, 2010 және 2011 жылдары белгілі геолог Б.Әбубәкіровпен және оның қызметкерлерімен бірге, Бұланты мен Білеуті өзендері аралығындағы аумақта арнайы ландшафтық-геоморфологиялық зерттеулер жүргіздік. Бұдан 280 жыл бұрын қазақтар нақ осы жерде жоңғарларға қарсы алғашқы ірі жеңістерге қол жеткізген еді. Зерттеулер ол уақытта бұл өңірдің тек тіршілік етуге ғана емес, сондай-ақ соғыс қимылдарына, әсіресе атты әскердің алға жылжуына қолайсыз болғанын көрсетті: топырағы — жабысқақ саз; тұщы су көздері де жоқ; ойлы-қырлы, т.б. Енді заңды сұрақ туындайды: 1727 жылдың ерте көктемінде жан-жақтан лап қойған қазақтардың екпініне шыдамай, Ұлытаудан Бетпақдалаға қарай ығысқан жоңғарлар Сарыарқадан Жетісу жеріне жету үшін неліктен осы Бұланты мен Білеуті аралығына жылжыды? Неге Сарысу мен оның сол саласы — Қаракеңгір арқылы өтетін Үлкен қалмақ жолына қарай бет алмады? Жоңғарлардың өздері үшін, қай жағынан алғанда да, қолайлы әрі жақсы таныс жолға түспеуін қалай жоруға болады? Зерттеулер нәтижесінде белгілі болғандай, бұл — Ұлытау мен Сарыарқаның көршілес өңірлерінде жауға қарсы жаппай шабуылдар ұйымдастырған Әбілқайырдың алдын ала ойластырып қойған ісі еді: жоңғарлардың Бұланты мен Білеуті аралығынан басқа «таңдауы» болмады. Қазақ қарулы күштерінің бас қолбасшысы мен оның басты көмекшілері — Сәмеке хан, Барақ пен Әбілмәмбет сұлтандар, Орта жүз батыры Жәнібекке жер жайы әбден таныс, топырақтың ерекшелігі, Бетпақдаладағы өзендердің толып-тартылатын уақыттары белгілі еді, олар жоңғарлардың шегініп барар жерін алдын ала айқындады да, қажетті жаққа бағыттай білді.
Өз бастауын Ұлытау бөктерлерінен алып, оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа қарай ағатын Тамды, Жезді, Жыланды, Қаракеңгір, Қумола, Сарысу сынды өзендер бар. Төменге қарай олар тарам-тарам болып құлап, жазыққа шыққанда бытысып-шатысып, салалары мидай араласа ағады, ал бұл жағдай, әрине, атты әскердің бір жағадан екінші жағаға жетуі, азық-түлік тиелген арбаларды арғы бетке алып өту секілді іс-қимылдарды өте-мөте қиындатады. Жалпы, Жоңғария мен Ұлытау және Еділ-Жайық алқабы арасын жалғайтын түрлі жолдардың бір бөліктері осы маң арқылы өтеді, бірақ күздің соңы мен көктем кезінде қатынас үзіледі. Мұның жоғарыда айтылғаннан бөлек тағы бір себебі: палеоген, неогеннен қалған шөгінді жыныстар сазды болып келеді де, күздің соңы мен көктемде, яғни ылғал түскен шақтарда ми батпаққа айналып, бұл жерде аттының да, жаяудың да жүруі мүмкін болмай қалады. Батпақтан бөлек, Бетпақдаланың сортаң топырағы тағы бар. Міне, осының бәрін алып қарағанда, Әбілқайырдың түпкі ойы түсінікті болады: шегінерге басқа жолы жоқ ойраттар өте қиын жағдайда қалды… Қазақтар шабуылды ең бір қолайсыз, көктемгі тасқыннан кейінгі аласапыран шақта бастап, жоңғарларды лайсаңға, ми батпаққа айналған Бетпақдала жаққа қуып әкелді. Жау өзінің оңтүстіктегі қарауыл отрядтарынан мүлде қол үзді, оларға Шу-Іле тауларынан көмекке келетін әскердің жолы жабылды.
Жоңғар әскерінің Ұлытаудан Бұланты-Білеуті аралығына шегінген жолы мен 1727 жылы басты шайқас өткен Қарасуырдың ландшафттық-геоморфологиялық сипаттары Әбілқайыр мен оның серіктерінің жоңғарларға қарсы шайқаста еуразиялық көшпенділерге ежелден таныс аң аулаудағы «қаумалап ұстау» әдісін пайдаланғанын көрсетеді. Мұндағы басты мақсат — жауды жан-жақтан қаумалап, бір бағытқа қарай қуалай жүріп, алдын ала әзірленген «торға» әкеліп түсіру. Қазақ жасақтары әр тұстан бір-біріне қарай қозғалып, жауды тиісті бағытқа қуалай отырып, ақыры белгіленген орын — Қарасуыр маңындағы ұрыс өткізуге қолайлы, құрғақ жазықтықта қоршауға алды. Ұрысты ұйымдастыруда «қаумалап ұстау» әдісіне тән: әскерді кем дегенде үш ірі топқа бөлу; оларды орталыққа және оң-сол қанаттарға орналастыру; түрлі деңгейдегі әскербасылар арасында тәртіптің қатаң сақталуы; қатардағы жауынгерлердің бұйрыққа бағынуы; бөлінген топтар іс-қимылдарының мейлінше үйлестірілуі сынды принциптер орындалған. Әбілқайыр хан ұрыс жүргізудің мұндай әдісін жоңғарларға қарсы 1727 жылы Сарыарқа мен Бетпақдала аумағында ғана емес, кейіннен Шу-Іле аймағының шығыс бөлігінде, Аңырақайда өткен шайқаста да қолданды. Әрине, бұл жолы стратег өз әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсті және басқа ландшафтық-геоморфологиялық ерекшеліктерге сәйкестендірді.
Қазақ әскерінің буддист-ойраттарға қарсы соғыста 1727-1730 жылдары қол жеткізген жеңістерінен соң, ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарынан бастап Әбілқайыр хан мұсылман әлемінде басқа діннің басқыншылығына тосқауыл қойған билеушілерге берілетін «Ғази» дәрежесіне ие болды. Ол — мұндай құрметті атаққа ие болған қазақтың екінші ханы. Әбілқайырдан бұрын бұл атақ Тәуке ханға (әз Тәуке — ред.) берілген болатын. Осы кезден бастап ол шетелдерге жіберген хаттарына «Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баһадүр хан» деп қол қоятын болды. ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарының аяқ шенінде Бұхар мен Хиуа хандықтары шииттік бағыттағы Иранның қол астында қалды, ал бұрынғы Моғолстанның оңтүстік бөлігіндегі мұсылмандар ХVІІ ғасырдың соңғы ширегінен-ақ будда дінін ұстанатын Жоңғар мемлекетіне тәуелді еді. Сондықтан Әбілқайыр хан сол тұста бүкіл Орталық Азиядағы басқа діндегілерге бағынышты емес бірден-бір мұсылман билеушісі саналып, 1740 жылдың 7-8 қарашасында Нәдір шахқа жіберген хатын «барлық мұсылмандардың билеушісі» және «ақиқат діннің» қорғаны ретінде жолдапты.
Әбілқайыр хан ұзаққа созылған қазақ-ойрат соғысында қазақтарды жоңғар шапқыншылығына қарсы бастап шығып, осы күрес тарихындағы басты тұлға болды; солтүстік, батыс аймақтарда қазақ қоныстарын ұлғайтты; Орта жүз бен Кіші жүз қазақтарын казактардың, Еділ қалмақтары мен башқұрттардың шапқыншылығынан қорғады; солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығыс көршілермен арада дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, сауданы дамытуға, олармен алыс-беріс жасап, бастамалар, ақпараттар бөлісіп отыратындай байланыс орнықтыруға күш салды. Өз заманындағы қазақтар арасында ол ұлы хан ретінде шексіз сый-құрметке бөленді және кейінгі бірнеше буын ұрпақтың есінде де сол даңқымен сақталды.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*