Басты бет » Әлеумет » Ешкінің «қымызы»

Ешкінің «қымызы»

Ақтөбелік Мұхамбетәли Қойшыбаевтың ешкі бағып, оның сүтін сатып, бұл кәсіпті тиімді табыс көзіне айналдырып отырғаны жайындағы мақала газетімізде бұған дейін де жарияланған болатын. Биылдан бастап шаруақор жігіт осы кәсіпті бір ізге түсіріпті. Ешкі сүтінен жасалған қымызды нарыққа шығара бастады. Жаңа өнім туралы кәсіпкерден сұрап, білген едік.

Нубийка — төзімді теке

Мұхамбетәли Қойшыбаев алғаш бұл кәсіпті анасының денсаулығы үшін қолға алған болатын. Анасы Зәуре асқазан ауруына шалдығып, дәрі-дәрмектің барлығы аллергия тудырады. Аурудың азабын тартып жүрген Зәуреге біреулер осындай кеселден ешкі сүтін ішіп, құлан-таза айыққанын айтады. Осыдан кейін Мұхамбетәли бір қазақы ешкі сатып алады.
— Аллаға шүкір, қазір анамның денсаулығы жақсы. Әкем Сайфуддин екеуі шаруашылыққа қатысты ақыл-кеңестерін айтып отырады, — дейді Мұхамбетәли.
Жалғыз қазақы ешкінің сүті отбасының түгел ішуіне жетпеген соң, Мұхамбетәли Ресейдің Ставрополь өлкесінде ешкі шаруашылығымен айналысатын азаматтардан голландық заанин және орыстың русско-горковский секілді сүтті тұқымды ешкілерінің лағын сатып алады. Ал 2010 жылы мал басын көбейту мақсатында Ресейдің Мәскеу қаласы маңайындағы шаруалардан сүтті тұқымға жататын никоновский текесін сатып алып, қатарға қосады. Жергілікті тұқымды ешкілер тез көбейеді. Ал сүтті тұқымды ешкі баяу өседі. Алғашқыда жеті ешкі сауылса, қазір олардың қатары қырыққа жетті. Кәсіпкер жігіт істің ілімін білген сайын, ешкі тұқымына да мән бере бастады. 2013 жылы Мәскеуден 3 мың долларға африкалық нубийка тұқымды теке сатып алады.
— Нубийка тұқымды теке ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді. Қазақтар орыс ешкісі атап кеткен, түбі голландиялық заанин ешкісімен будандастыру арқылы сүтті әрі төзімді тұқым алып отырмыз. Бұндай тұқым Ақтөбеде жоқ. Жалпы сүтті ешкінің екі жүзге тарта түрі бар. Ешкінің сүтті болуының сексен пайызы текеге байланысты. Тұқымды асылдандырғаннан кейін сүт те молайды. Жазды күндері күніне жүз литрге дейін сүт аламыз. Күн суытқан кезде сүт азаяды. Ешкі қойға қарағанда көп ауырмайды, төзімді келеді. Табанынан сыз өтсе, ол жерге мүлде жоламайды. Шөп таза әрі құрғақ болу керек. Ешкі сүтінің құнарлы болуы да осыған байланысты. Егер ерінбей еңбек етсең, ешкіден түсер пайда көп. Қазір кәсіпті әрі қарай жандандыру үшін күш салып жатырмыз. Әкем ешкі өсірумен айналысатын ресейлік азаматтармен жиі байланыс жасап отырады. Арнайы Мәскеу, Уфа секілді қалаларға барып, танысып келеді. Уфа қаласының маңында екі жүз ешкі ұстайтын Мақсым есімді башқұртпен ұзақ жылдардан бері байланыс жасап тұрамыз. Текені сол кісінің шаруашылығынан аламыз, — дейді Мұхамбетәли.

Әрі сусын, әрі қорек

Осылайша сүтті тұқымға қол жеткізген кәсіпкер жігіт, шаруаны әрі қарай кеңейтуді көздейді. Ұлының бұл ісін құп алған Сайфуддин інілерімен ақылдаса келіп, шаруашылықты бастауды жөн көреді. Мемлекеттің ешқандай көмегінсіз, інілерінің қаржылай қолдауының арқасында «Қыпшақ» шаруа қожалығын құрды. Сазды ауылдық округінің маңынан жер алып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Қора салып, жұмысшыларға арнап үй тұрғызды. Мұхамбетәли арнайы сауын аппараты мен сүт өңдейтін цехқа қажет құрал-жабдықтар сатып алды. Бұл жұмыстардың барлығына 50 миллион теңге жұмсалды. Төрт адамды тұрақты жұмысқа алды. Күн сайын сауыншылар осы жерден сүтті қаладағы цехқа жөнелтеді. Ол жерде арнайы технология бойынша сабада пісіліп, салқындатылып құтыларға құйылады. Сұраныс бойынша «Дина» супермаркетіне жіберіледі. Құны — 502 теңге. Ал сүт қожалық басында бір литрі 600 теңгеден сатылып жатыр.
— Қазақ жылқының сүтін — қымыз, түйенің сүтін — шұбат, ал ешкінің сүтін қуат деген. Жылқының қымызы сусын болса, ешкінің сүтінен жасалған қымыз сусын әрі қорек болады. Ағзаға пайдалылығы жағынан жылқының қымызынан артық болмаса кем емес. Дәмінен де айырмашылық жоқ. Саудаға шығаратын кезде өнімнің атауына қатысты көп ойландық. «Қуат» десек көпшілік энергетикалық сусындармен шатастырып алуы мүмкін. Сондықтан дәміне қарай «Қымыз» деп атадық. Бұл қымыздың құрамында табиғи биологиялық қоспалар сақталған. Мәселен, біздің елге сырттан келетін ешкі сүтінен жасалған сусындардың құрамында табиғи биологиялық қоспалар жоқтың қасы. Себебі олар ұзақ сақтаулы үшін сүттің құрамындағы табиғи қоспаларды өлтіреді. Содан кейін өнім өзінің табиғи күшін жояды. Ал біздің мақсатымыз — тұрғындарға экологиялық таза өнім ұсыну, — дейді Мұхамбетәли.

Он жыл және жүз ешкі

Ешкі сүті сиыр сүтіне қарағанда ағзаға анағұрлым пайдалы. Мұндағы май түйіршіктері сиыр сүтіне қарағанда өте ұсақ болғандықтан ағзаға тез сіңеді. Ешкінің сүтінде кальций көп. Бұл, әсіресе, балаларға өте пайдалы. Ал қымызы бойға қуат береді. Ешкі сүтінің тұрақты тұтынушылары — балалары сал ауруына шалдыққан, сәбиінің сиыр сүтіне аллергиясы бар аналар мен асқазан, бауыр, жүрек-қан тамырлары ауыратын адамдар.
— Науқас адамдар сүтті де, қымызды да сатып алады. Дертіне шипа тапқандар алғысын айтып жатады. Халықтың сұранысына ие болсақ, біз үшін үлкен жетістік.
Ешкі сүтінің дәмі сиыр сүтіне қарағанда өзгеше болғандықтан, көп адам бірден іше алмайды. Сондықтан білмейтін адамдар кейде сүттің тазалығына күмәнданып жатады. Бірақ біз тазалыққа қатты мән береміз. Осы он жыл уақыт ішінде өнімнің сапасына шағым айтқандар болған жоқ. Ешкілер жылына екі рет бруцеллезге қарсы тексеріледі. Сауда нысандарына шығатын өнім алдын ала санитарлық қадағалаудан өтеді, — дейді Мұхамбетәли Қойшыбаев.
Кәсіп иесінің өзі де ешкіні қалай күту керектігін жақсы біледі. Уақытында мал дәрігеріне қаратып, екі айда бір рет тұяғын қиып отырады. Себебі бүгінгі ешкінің түпкі атасы — жабайы тау ешкілері. Ілгеріде олардың тұяқтары тасқа қашалып, табиғи жолмен қиылып отырса, қазіргі қолға үйренген Сексек ата тұқымы таста көп жүрмесе, тұяғы өсіп, жүргізбейді екен.
Қазір қожалыққа қарасты жүзге жуық ешкі Сазды өзенінің маңайында жайылады. Сауын ешкілер күніге екі рет сауылады. Жазды күндері сауын аппараты пайдаланылса, сүт азайған кезде қолмен сауылады. Сауыншылар әр ешкіге 500 теңгеден алады. Ешкіні Мұхамбетәлидің өзі де сауады. Сүтті ешкілер бір сауғанда 5 литрге дейін сүт береді.

Шығыны көп шаруа

Қазақ әу бастан ешкіні төрт түліктің қатарына қоспаған. Бірақ сүті мен етінің ауруға ем, сауға қуат екенін жақсы білген. Жүні мен терісін шаруашылыққа кеңінен қолданған. Кейін келе бұл кәсіп кенжелеп қалды. Алайда дамыған Еуропада бұл шаруашылыққа үлкен қолдау көрсетіледі. Олар Сексек ата тұқымын мыңдап өсіріп, оның сүті мен етін нарыққа шығарып, қыруар пайда тауып отыр. Қазір біз жүні мен терісін былай қойғанда сүтінің өзін кәдеге жарата алмай отырмыз. Бұндай шаруаны қолға алған кәсіпкерлерге кейде мемлекет тарапынан көмек жетіспей жатады.
— Ешкі — өсімтал әрі өзін-өзі артығымен ақтап шығатын тиімді түлік. Тек түбіті мен сүтінің өзін кәдеге жаратып-ақ, қыруар пайдаға кенелуге болады. Алайда қазіргі жағдайда мемлекеттен аз-кем көмек болмаса бұл кәсіптің ілгері басуы қиын. Себебі ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы қашанда мемлекеттің қолдауына зәру. Дамыған елдердің өзінде бұл сала мемлекет қаржысының арқасында ғана жанданып отыр. Жалпы ойға алған жоспар көп, бірақ шаруаны әрі қарай дамыту үшін қыруар қаржы керек. Ең алдымен жұмысшылардың жағдайын жасау қажет. Қазір малдың тілін білетін, күтімін жасайтын бақташы мен сауыншы тапшы. Айына ақысын төлесең де адамдардың мал бағуға құштарлығы аз. Сондықтан бірінші кезекте жұмысшы жағдайын ойлаймыз. Қазір қожалық басындағы үйде көгілдір отын жоқ, электр пеш арқылы жылытылып отыр. Қажетті құжаттарды дайындап қойғанымызға біраз уақыт болды. Егер мемлекет тарапынан осындай шаруаларға көмек болса, бізге үлкен қолдау болар еді, — дейді қожалық басшысы.
Мұхамбетәли қарамағындағы жұмысшыларға уақытында еңбекақысын төлеп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады. Өзі де солармен бірге ешкі сауып, қора тазалап, шаруаның басы-қасында жүреді.

P.S.
Сирек кездесетін кәсіптен нәпақасын тауып, бірнеше отбасын тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Қыпшақ» шаруа қожалығы мемлекеттің қолдауына зәру. Себебі шаруашылық базасы орналасқан жерде ешқандай инфрақұрылым жоқ. Қанша талпынса да бұл әрекетінен еш нәтиже шығар емес…

Кәмшат ҚОПАЕВА.

2 пікір

  1. шуиншкалиев меирбек

    ол кисини кала табуга болады жане номери бармекен

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*