Басты бет » Тарих » «… Неліктен біздің хандар жаман болған?»

«… Неліктен біздің хандар жаман болған?»

Жақында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Баян Бораштың «Қазақ фольклорындағы хандар бейнесінің көріністері» және «Хандар тұлғасы — авторлық әдебиетте» атты екі еңбегі жарық көрді. Бұл еңбектерде қазақ қоғамындағы хандық билік пен хандар тұлғасының көркемдік бейнесінің даму жолдары қарастырылған.
Тұтас қазақ әдебиетіндегі хандар бейнесі қалай жасалды? Кеңестік кезеңдегі таптық идеологиялық көзқарас әдебиеттегі қазақ хандығы тақырыбына қалай әсер етті? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде аталған тақырып бойынша бірнеше жылдан бері зерттеу жүргізіп келе жатқан ғалым Баян Борашпен сұхбаттасқан едік:
— Бұл тақырыпты зерттеуге не түрткі болды?
— Кеңес дәуірі кезінде державалық саясаттың салқыны еліміздің тарихи шежіресі, тарихта ізі қалған қайраткерлеріміздің өмірі туралы ел аузындағы, халық жадындағы, көркем туындылардағы деректерге бір жағынан сенімсіздік білдіріліп, жазба деректермен дәлелденбеген деген желеумен тарихи зерттеулерге оң қабақ танытқан жоқ. Ақын Ғафу Қайырбековтің:
«Бір сұрақ — әлі күнге мен аңғарман,
Сұрап келем ақылды адамдардан,
Басқаның патшасының бәрі жақсы,
Неліктен біздің хандар жаман болған?» — деп ашынып жазатыны содан ғой. Сол таптық көзқарас салдарынан тарихи тұлғаларымыздың ролі төмендетіліп, хандарымыз, ел билеушілер халықты қанаушы деп танылып, олардың бейнелері бұрмаланып көрсетілді, тіпті бұл тақырыптар әдейі оқулықтардан аластатылды. Мысалы, Мәскеуді шапқан ноғай-қазақ билеушісі Едіге, Қазанды қорғаған Шора батыр туралы жырлар оқулықтан шығарылды. Осы «Едіге» жырын жарыққа шығартқаны үшін академик Қаныш Сәтбаевқа кінә тағылды. Хандар туралы жылы лебіз білдіріп, ел көсемдері туралы оң көзқарас танытқаны үшін Мұхтар Әуезов, Қалижан Бекқожин сияқты ақын-жазушылар, Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев сияқты зерттеушілер қуғынға ұшырады.
Бұл тақырып негізінен, кейде біржақты болса да, тарихтан гөрі әдебиетте көбірек жазылды. Осы мәселеге байланысты тоқсаныншы жылдары біздің оқу орнының алғашқы ректорларының бірі ұлтжанды азамат Мұхтар Арынның бастамасымен елімізде алғаш болып «Қазақ әдебиетіндегі хандар бейнесі» тақырыбын зерттей бастадық. Кейін белгілі бір себептермен бұл тақырыпты зерттеу менің құзырымда қалды. 1992 жылдан бастап осы тақырыпты қаузап келемін, біраз зерттеу жұмыстары жүргізілді, ғылыми мақалалар жазылды, бірнеше монография жарыққа шықты. Осы тақырыпты зерттеу барысында бір ғалымның маған: «Бұл бір мақалаға еркін сыйып кететін тақырып», — дегені бар, алайда олай болмай шықты: хандарымыз туралы ауыз әдебиетінде — аңыз-әфсаналарда, ертегілерде көп жазылған, сондықтан бұл тақырыпты фольклорды зерттеуден бастадық.
— Ертегілерде хандар бейнесінің, олардың тұлғалық сипатының ашылуы қаншалықты деңгейде көрінген?
— Қазақ халқының өз атағымен жеке халық, тәуелсіз мемлекет болып, өз ел билеушісі болған тұста ертегі фольклордың барлық жанрымен араласа дамыды. Ертегілердің жанрлық түрінің қай-қайсысында да қоғамдағы билік, ел билеу мәселесі қамтылмай қалмайды. Жақында «Қазақ ертегілері» деген алты томдық ертегілер жинағы жарық көрді. Осы алты томдықтағы жоғары билік туралы айтылатын ертегілердің 85 пайызында хандық билік сөз болады. Бұл деректер — 80-інші жылдардың ортасына дейін еңсемізді басып келген «қазақта мемлекеттілік болмаған, бұндай құрылымға қазақтар тек кеңес билігі кезінде ғана қол жеткізді» деген қасаң қағиданы жоққа шығаратыны тағы бір дәлел. Ертегілерде хандар әртүрлі кейіпте сипатталады. Мәселен, «Аяз би» аңыз-ертегісінде хан парасатпен ел билейтін адам ретінде суреттеледі. Мұнда оқиға болып жатқан уақыттағы билік қызметі кезіндегі Мадан хан мен халық арасынан шыққан болашақ хан Жаманның, яғни Аяз бидің іс-әрекеттері арқылы хандық биліктің принциптері беріледі. Бұл ертегіден көретініміз — Аяздың би ретіндегі тұлғасынан бөлек хан ретіндегі тұлғасын көрсету арқылы халықтың «ел билеушісі осындай болуы керек» деген идеалын жасауы.
Халықтың ертедегі қоғамдық, әлеуметтік құрылысынан, тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан хабар беретін аңыз әңгімелерде де хандар бейнесі барынша көрсетілген. Жәнібек пен Керей, Кенесары хан, Едіге мен Тоқтамыс хандар, Абылай хан сынды ел билеушілер туралы аңыздар баршылық. Мәселен, Жәнібекке қатысты ауыз әдебиетінде Жиренше мен Қарашашқа, Асан қайғыға байланысты аңыздар жиі ауызға алынады. Асанның: «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» атты толғауын көпшілігіміз білеміз. Сол толғауда Асан қайғы Жәнібекке: «Саған сарайды орыстар салып берді, күңді ханым еттің және құладынды аққуға салмақ болдың», — деген сыңайлы өкпесін айтады. Бұл аңыздан біз Жәнібектің заманында прогресшіл істерімен көзге түскенін байқаймыз: біріншіден, бұл толғаудан ханның отырықшылыққа ойысып, құрылыс жүргізгендігін көреміз, екіншіден, хан айналасында қалыптасқан салт бойынша тек тектіден ғана қыз алу сынды патриархалдық дәстүрді бұзып, қарадан шыққан, тіпті есікте жүрген күңіне — ақылы мен көркі сай әйелге үйленуі оның өзгеше ойлайтын адам екенін айғақтап отыр, төртіншіден, бұл аңыздарда біз ханның мінсіз идеалды тұлға емес, кәдімгі ет пен сүйектен жаратылған пенде екенін, оның да қателіктерге жол беретінін — құладынды аққуға салып, киесіне ұшырау қаупіне душар бола жаздағанын байқаймыз.
— Ауыз әдебиетінде болсын, жыраулар поэзиясында болсын, көп жағдайда хан қасында жүрген билердің, жыраулардың айтқандары бар да, хандардың жауаптары жоқ. Мәселен, жаңағы Асан қайғының «Ай, хан, мен айтпасам білмейсің» атты толғауына ханның жауап бермеуі мүмкін емес қой. Неге осы хандардың жауаптары, хандардың сөздері аз келтірілген?
— Бұл — жоғарыда айтып кеткен таптық саясаттың салдары. Ел билеушілерін халықтың басына әңгіртаяқ ойнатушылар сипатында көрсету үшін ақын-жыраулардың шығармалары бойынша хандардың бейнесі біздің санамызға «хан емес, қасқыр, қара албасты басқыр» адам ретінде сіңірілді. Хандар халыққа тізесін батырды, ал жыраулар халық өкілі ретінде оларға тиісті сөзін айта алған деп дәріптелді. Әйтпесе, ел билеген тұлғалардың жырауларға, ақындарға бір ауыз сөз айтпауы мүмкін емес еді. Мәселен, жоғарыда айтылған Асан қайғының таққан кінәсіне Жәнібек хан міндетті түрде жауап берер еді. Ол отырықшылықтың пайдасы мен қарадан не үшін әйел алғанын түсіндірер еді. Жәнібектен кейінгі қазақ хандары аңыз әңгімелерде қазақ хандығының негізін қалаушы Әз Жәнібектей көп айтылмайды, дегенмен біраз ұшырасады. Олардың арасында негізінен ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы белгілі ел билеушілері Есім, Салқам Жәңгір, Тәуке, Әбілқайыр хандар бар.
— Жыраулар поэзиясындағы қазақ хандарының бейнесі қаншалықты ашылған?
— Жалпы, әдебиетте жыраулардың бейнесі анық көрініп, хандар бейнесі тасада қалған. Біздің мақсат — осы олқылықтың орнын толтыру, хандар бейнесін таза, боямасыз көрсетуге тырысу. Жыраулар мен ақындар поэзиясы туралы алғаш болып қазақ әдебиетіне үлкен олжа салған Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясында, әдебиетші Ханғали Сүйіншәлиевтің қазақ дәуіріндегі әдебиетке арналған оқулығында да жыраулардың бейнесі анық көрінген. Алайда хандар бейнесі жыраулар бейнесінің тасасында қалған. Десек те, кезінде кеңестік идеология талаптарына томпақтау келгеніне қарамастан, жырауларды ханның ақылшысы, хан саясатын қолдаушы ретінде көрсетудің өзі үлкен ерлік екені айтпаса да түсінікті. Жыраулар поэзиясы арқылы сол дәуірдегі хандардың бейнесіне талдау жасай аламыз. Мәселен, XIV-XV ғасырлардағы Сыпыра жырау, Қазтуған жырау толғауларындағы хандар тұлғасы, хандық билік мәселесі, XVI-XVII ғасырлардағы Шалкиіз толғауларындағы ел билеуші бейнесі, Жиембет пен Марғасқа шығармашылығындағы Есім ханның суреттелуі, одан кейінгі Үмбетей, Тәтіқара, Қожаберген, Бұқар жырау, Көтеш пен Шал ақындардың шығармаларындағы хан бейнелерінің сипатталуы, XIХ ғасырдағы Дулат Бабатайұлы, Орынбай Байқожаұлы, Сүйінбай Аронұлы мен Бөкей ордасы ақындарының шығармаларындағы хан тұлғаларының суреттелуі соның айғағы.
— Ал кейінгі жазба әдебиетте хандардың, хандық дәуірдің шынайы бейнесі жасалды ма?
— Мағжанның «Батыр Баян» поэмасында Абылай ханның бейнесі шынайы, еш боямасыз көрінген. Ал Ілияс Есенберлиннің трилогиясында ол идеалды тұлғаға жақындайды. Жалпы, айта кету керек, көркем әдебиетте хандық билік өміріндегі ең маңызды шаралардың бірі — хан сайлау дәстүрі сараңдау бейнеленеді. Кеңес билігі тұсында, 70-інші жылдарға дейін хан сайлау салтын жазбақ түгілі, айтуға тыйым салғаны белгілі. Дегенмен қазақ жазушылары бұл тақырыпқа барынша қалам салды. Мәселен, Есенберлиннің «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдарындағы қазақ хандарының сайлануына байланысты азын-аулақ мәлімет бар. Бұл трилогияда Керейдің, Бұрындықтың, Қасымның, Тәукенің, Кенесарының хан сайлануы жөнінде айтылатын тұстарының сараң берілуі сол таптық саясаттың талаптарынан туған.
Хан сайлауын көркем әдебиетте тереңірек қарастырған қаламгерлердің бірі Әбіш Кекілбаев болды. «Үркерде» автор жоңғар шапқыншылығы алдындағы жауапты кезеңде қазақ ордасындағы хан сайлауының кең панорамасын суреттейді. Оны автор үлкен таққа дәмелі, алайда хандыққа сайлана алмай қалған Әбілқайырдың көңіл күйі, көзқарасы арқылы көрсетеді.
Кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінде де хандық биліктің, хандардың бейнесін барынша шынайы суреттеуге бағытталған шығармалар жарыққа шықты. Кәкімбек Салықовтың «Кенесарының соңғы сөзі» поэмасындағы Кенесары ханның тұлғасын, Софы Сматайдың «Жарылғап батыр» атты өлеңмен жазылған романындағы Абылай ханның, Серік Тұрғынбекұлының «Махамбет пен Жәңгір хан» поэмасындағы ел билеушілердің бейнесі сөзіміздің дәлелі.

P.S. Жалпы, хандар дәуіріндегі ел билеушілердің бейнесін зерттеу тұрғысында тарихшыларға да, әдебиетшілерге де артылар жүктің салмағы әлі де болса ауыр. Сондықтан автордың «Қазақ фольклорындағы хандар бейнесінің көріністері» және «Хандар тұлғасы — авторлық әдебиетте» атты еңбектері — қазақ хандарының әдебиеттегі бейнеленуі тақырыбын ғылыми тұрғыда зерттеу сынды ауқымды жұмыстың бір бөлшегі. Алдағы уақытта Баян Бораштың осы тақырыпта жоғары оқу орындарына арналған тағы да екі оқу құралы жарық көрмек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*