Басты бет » Басты жаңалықтар » Әбілқайыр ханмен қайта қауышқан күн

Әбілқайыр ханмен қайта қауышқан күн

Биылғы жылдың 2 қазаны қазақ үшін айтулы күн болып қалады: Ұлы Даласын, асыл жұртын қорғап, ақырғы деміне дейін ат үстінен түспеген ұлы бабамыз — Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашылды. Мемориалдық кешен Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықтағы «Хан моласы» қорымында орналасқан.
«Хан моласы» — XVIII ғасырдан бар көне қорым. Мұндағы Әбілқайыр бейітін қазақтар екі ғасырға жуық уақыт зиярат еткен. Тек ХХ ғасыр басындағы дүрбелеңдерден кейін ғана хан зираты ұмыт болған. Ел аузында да, қағаз бетінде де деректері сақталып қалғанымен, жермен-жексен болған Әбілқайыр бейітін анықтау бүгінгі зерттеушілерге оңайға түскен жоқ. Бұл жерде, облыс басшылығының қолдауымен, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали бастаған ғалымдар кешенді зерттеулер жүргізді. Сөйтіп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс, «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп, әрдайым өткеніне қарайлаған қазақтың бүгінгі ұрпағы ата-бабалары даңқты ханын, дана басшысын арулап көміп, аза тұтқан, қасиетті санап, тәу еткен жерде үлкен жиында бас қосты.
Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатына ҚР Парламенті депутаттары, облыстардан келген делегациялар өкілдері, еліміздің түкпір-түкпірінен келген тарихшылар, зиялы қауым өкілдері, Әбілқайыр ханның тікелей ұрпақтары, қалың көпшілік қатысты. Салтанатты жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.
— Өткенсіз болашақ болмайды. Әр елдің өз тарихы болады. Қазақтың да тамыры сонау тереңде жатқан өз тарихы бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында: «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз» — деген болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес, елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде де көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Ақтөбе жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға арналған шаралар кеше облыс орталығында өтсе, бүгін Әйтеке би ауданында жалғасып жатыр. Біз осынау байтақ даламызды сақтап қалған, Ұлы Даланың азаттығы жолында қаны мен терін төккен ата-бабаларымызды ұмытпауымыз керек, тарихты көбірек зерттеп, өсіп келе жатқан ұрпаққа олардың үлгі-өнегесін жеткізуіміз керек. Халқымыздың тарихында даңқты хандарымыз аз емес. Солардың бірі және бірегейі — Әбілқайыр хан. Әбілқайыр ханның рухына тағзым етіп, басымызды ие тұрып, осы жерде жүргізілген жұмыстардың бәрі ұрпақтар жадына ұлттық рухты, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру үшін істелгенін атап өтеміз, — дей келіп, облыс басшысы осы істердің басы-қасында болған азаматтарға алғысын жеткізді.
Бердібек Машбекұлы сөзін:
— Тамырын тереңге жібере алған ағаш қана жайқалып өседі. Өткенін құрметтеген елдің болашағы жарқын болады. Қазақ — елі мен жерін қорғаған ата-бабаларының әруағын қастер тұтқан, олардың ерлік істерін ешқашан ұмытпаған халық. Біз өзіміздің даңқты тарихымызды басқаларға да жеткізуіміз, насихаттауымыз керек. Қазақ хандығының 550 жылдық тойы баршаңызға құтты болсын! — деп, игі тілектермен аяқтады.
Бұдан соң Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов сөз алды. Өз сөздерінде олар жұртының арқасүйері болған Әбілқайыр бабамыздың аяулы ғұмырының даңқты парақтарына, оның ұлы қолбасшы, көреген саясаткер ретінде халқына сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды.
— Халқымыз үшін аса ауыр кезеңде саясат сахнасына шыққан Әбілқайыр ханның тарихымыздағы орны ерекше. Атақты Аңырақай шайқасында қол жеткізген жеңіс күллі қазақтың рухын көтеріп, айбарын асырды. Ол тек даңқты қолбасшы ғана емес, сұңғыла саясаткер ретінде де халқының қамын ойлап, ұлы істерге ұйытқы болды, — деді Архимед Мұхамбетов.
Елеусін Сағындықов:
— Он жылдан астам уақыт бұрын, Әбілқайыр бейітін анықтау мақсатындағы зерттеу жұмыстарын жандандыруды қолға алған едік. Бұл іске Ақтөбе өңірінің қарапайым адамдарынан бастап, қазақтың үлкен ғалымдары, алыс-жақын шет елдер зерттеушілері атсалысты. Бір кісідей жұмылып атқарған сол жұмыстардың нәтижесінде мынадай ғажап кешеннің бой көтеруі — үлкен қуаныш. Бұл іс халықтың сүйіспеншілігі арқасында жүзеге асты. Әбілқайыр феномені қазаққа мәңгі қызмет ететін болады, — деп атап өтті.
Облысымызды 2004-2011 жылдары басқарған Елеусін Сағындықов, 2011 жылдан кешеге дейін басқарған Архимед Мұхамбетовтер Әбілқайыр бабамызды ұлықтау мақсатындағы істерге үлкен үлес қосқан азаматтар екенін ерекше айту керек. Негізгі зерттеу жұмыстары Елеусін Сағындықовтың ұйытқы болуымен жүргізілсе, мемориалдық кешен тұрғызу ісі Архимед Мұхамбетовтің тұсында қолға алынды. Өз сөзінде мұны облысымыздың басшысы Бердібек Сапарбаев та атап өтті.
Жиында, сондай-ақ, ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жерлесіміз Қажығали Мұханбетқалиұлы, ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, Әбілқайыр хан мемориалдық кешенінің авторы, сәулетші Бек Ыбыраев сөз сөйлеп, жұртшылықты Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтады, ұйымдастырылып отырған шараның маңызы, Әбілқайыр хан тұлғасы төңірегінде ой-пікірлерін жеткізді.
Мемориалдық кешеннің лентасы салтанатты түрде қиылғаннан кейін, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ Әбілқайыр хан кесенесіне бет алды. Осы жерде ұлы баба рухына Құран бағышталды.
Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен тұрғызу мақсатында республикалық деңгейде конкурс жарияланған болатын. Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия келіп түскен жобалар арасынан белгілі сәулетші Бек Ыбыраевтың ұсынған нұсқасын мақұлдады. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Ескерткіштің биіктігі — 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы Даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған. Кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Диаметрі — 8,5 метр. «Құрылыс Консалтинг ұлттық орталығы» АҚ мамандарының айтуынша, кесене құрылысын бастар алдындағы сараптамалық жұмыстар кезінде, тереңдіктен көне кесененің қалдығы табылған. Оны сақтап қалу үшін кесене диаметрі ұлғайтылып, сегіз қырлы етіп салыныпты. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ағылай тасы пайдаланылған.
— Бұл тастың қасиеті — күн мен желге мүжілмейді, керісінше, берік бола түседі, — деді «Әлиханойл» ЖШС директоры Зұлқожа Қожаев. «Хан моласындағы» құрылыс жұмыстарын осы компания жүргізді. Сондай-ақ, «Әлиханойл» ЖШС еңбеккерлері күшімен бұл маңға ағаш отырғызылған.
Әбілқайыр ханның Нұралыдан тараған тікелей ұрпақтарының бірі — Есенғали Ерғалиев бізге өз лебізін:
— Әбілқайыр ұрпақтары кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстанның түкпір-түкпіріне, көршілес Ресей мен Өзбекстанға бытырап кетті. Мен өзім Батыс Қазақстан облысында туып-өскеніммен, біраз уақыттан бері Ақтөбеде тұрып келемін. Мәдениет саласында еңбек еттім, қазір зейнеттік демалыстамын. Кеңес заманында Әбілқайыр бабамыз туралы ештеңе айта алмадық, үлкендер де бұл тақырыпта сөз қозғамауға тырысып, білгендерін өз іштерінде сақтады. Тек сол кісінің ұрпағы екенімізді ғана ұмытпауға тырыстық. Бүгінде жан-жақтағы Әбілқайыр ұрпақтары мүмкіндігінше бас қосуға тырысамыз, естіген-білгенімізді бір-бірімізбен бөлісеміз. Әбілқайыр тұлғасын, еліне сіңірген еңбегін зерделеу мақсатында жүргізіліп жатқан зерттеулердің нәтижесіне елеңдеп отырамыз. Үлкейген шағымда осындай қуанышқа куә болғанымды зор бақыт санаймын. Заманында ата-бабасы Әбілқайырдың соңынан ермеген қазақ жоқ. Сол ата-бабалардың баршасының әруағы риза болсын! — деп жеткізді.
Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешеннің ашылуынан кейін, осы оқиғаға орайластырылған шаралар Толыбай ауылында жалғасты. Осында Әбілқайыр хан музейі ашылды. Музейге XVIII-ХІХ ғасырлардан қалған құнды жәдігерлер, Әбілқайыр хан ұрпақтары тұтынған бұйымдар, олардың арасында, белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевтың ұстаған бұйымдары, т.б. қойылған. Ең көрнекті экспонаттардың бірі — Әбілқайыр ханның жеке мөрі. Суреті арқылы жасап шығарылған көшірме түрінде болса да, бұл бүгінгі ұрпақ үшін қымбат дүние екені сөзсіз. Әбілқайыр ханның үлкен портретін Жеңіс Жұбанқосов салыпты. Жәдігерлер жинақталған бөлменің бір қабырғасына Аңырақай шайқасынан көрініс берілген.
Толыбайдағы этноауылда отыз киіз үй тігіліп, жан-жақтан жиналған қонақтарға ас берілді. Қонақтардың бір бөлігі — «Ұлы Дала» жауһарлары халықаралық фестиваліне қатысушылар. Фестивальға 100-ден астам музыкант, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан төрт фольклорлық ансамбль қатысқан. Белгілі жыршы Алмас Алматов, қазанғаптанушы, жерлесіміз Абдулхамит Райымбергенов, Ресейдің Хакасия, Таулы Алтай өңірлерінен Карыш Кергилов, Елес Тадыкин сынды өнер шеберлері фестиваль қонақтары болды. Фестиваль 1 қазанда Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол селосында басталып, келесі күні Толыбайда жалғасты.
— Кеңес заманында да шетелдерден шақыртулар алатынбыз. Бірақ, ол шақыртулардың арғы тағдырын Мәскеу шешетін. Ал қазір ешкімге жалтақмай, ешкімнен рұқсат сұрамай, өнерімізді бар әлемге паш етіп, насихаттап жүрміз. Жуырда Сингапурда болдық. Жергілікті адамдар бізден кімсіңдер, қай елденсіңдер деп сұрады. «Қазақстан» дегенді ести сала, «боксшылар елінен екенсіңдер ғой» — деп жатыр. Елімізді әлем жұртшылығы таниды, біледі. Жер бетінде 2000-нан астам ұлт пен ұлыс болса, соның 93-інің ғана байырғы жеріндегі өз мемлекеті бар екен. Біз — солардың біріміз. Ата-бабаларымыз құрған мемлекеттің 550 жылдығын атап өтіп, Әбілқайыр сынды ұлы бабамызға мемориалдық кешен орнатып жатсақ, ол ең алдымен, тәуелсіздігіміздің арқасы. Бірліктің арқасында сақталып қалып, осындай күнге жеттік, алдағы уақытта да сол бірлікке мығым болуымыз керек, — дейді Абдулхамит Райымбергенов.
Той соңы төрт қашықтық (тоқ бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс және аламан бәйге) бойынша ат жарыстары мен ұлттық ойындарға ұласты.

Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*