Басты бет » Басты жаңалықтар » Ер Тілеудің еңселі ескерткіші

Ер Тілеудің еңселі ескерткіші

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар аясында Сайрам соғысының сардары — Тілеу Айтұлының рухы ұлықталды. Қаламыздың бас көшесі — Әбілқайыр хан даңғылының басталар тұсында әрі батыр, әрі би, әрі қолбасшы шекті Тілеу Айтұлының ескеркіші салтанатты түрде ашылды.
«…Былай барсаң қалмақ бар, қаныңды сығып алмақ бар, Былай барсаң орыс бар, балаңды берсең қоныс бар…» деген ел басына күн туған, сол бір қилы заманда Тілеу батыр Айтұлы:
«Ел-жер үшін қиямыз шыбын жанды,
Төгеміз халық үшін қызыл қанды.
Өзіміз шын ниетпен таққа қойған,
Қолдаймыз Түркістанда Тәуке ханды», — деп інісі Қалдыбай мен ұлы Жолдыаяқ бастаған қалың қолмен Сайрамды жаудан қорғауға еліміздің оңтүстігіне аттанады.
Ескерткішті ашу салтанаты журналист Бердібай Кемалдың сценариі бойынша, қоюшы режиссер Елтай Кемалдың дайындауымен Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының артистері ойнаған «Сайрам соғысының сардары — Тілеу батыр!» атты театрландырылған көрініспен басталды.
Сонан соң облыс басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге төрге озған ұлы тойдың арнайы қонақтары — зиялы қауым өкілдеріне сөз берілді. «Ұлттық намыс тарихи сана арқылы тәрбиеленеді — деген ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Өмірзақ Озғанбаев 331 жыл өткеннен соң туған жеріне ескерткіш боп оралып отырған Тілеу батырды ұлықтаудың тәрбиелік мәні зор екенін айтты. Тілеу батыр мен оның ұлы Жолдыаяққа арналған арналған тағы бір ескерткіштің 7 қазанда Шымкент қаласында ашылатынын атап өтті.
Салтанатты жиында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев ақтөбеліктерді батыр баба ескерткішінің ашылуымен құттықтады. Ал белгілі қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков кезінде Тілеу Айтұлы туралы ардагер Кемейдолла Төлеубайдан естіп білгеннен кейін «Егемен Қазақстан» газетіне үлкен мақала жазғанын, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында атқарылып отырған бұл істің ұрпаққа өнеге екенін айтты. Оңтүстік Қазақстан облысынан арнайы келген қазақтың ақын қызы — Әселхан Қалыбекова:
«…Қалың қол бастап қаһарман Тілеу шығыпты,
Сансыз мың қалмақ Сайранды басып қалғанда…» — деп, батыр баба рухына арнаған өз өлеңін оқыды.
Ескерткіштің шымылдығын белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, көрнекті жазушы Дулат Исабеков және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбаев ашты.
Сонымен Әбілқайыр хан мен Тілеу батыр көшелерінің қиылысында найза ұстаған батырдың асқақ ескерткіші тұр. Салмағы бір жарым тонналық ескерткіштің жалпы биіктігі — 10 метр, мүсіннің биіктігі — 5 метр. Ескерткіш авторы — Әбдікәрім Ахметов. Ал осы шаруаның бәрін үйлестірген — «Тілеу батыр» қоры.
Батыр бабаның рухы пейіште шалқығай! Ал осындай ескерткіш тұрғызған баба ұрпақтарына мың алғыс!

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*