Басты бет » Білім » Балалардың бағыттаушысы

Балалардың бағыттаушысы

Арада қырық жыл өтсе де, ол өзінің алғашқы берген сабағын әлі күнге дейін ұмытпайды. Оған дайындала отырып, тәжірибелі ұстаздармен сан рет пікірлесті, ертең мектепке барамын деген күні түнімен ұйықтамай, алуан әдістемелерді ақтарды, кітаптарды қарады.

Оқушылар алдында өзін еркін ұстағанына әлі күнге дейін таң қалады. Сол сенім оған ерекше қуат берді. Одан бері де қаншама кезең ағындап өтті десеңізші.

Алғашқы еңбек жолын Атыраудағы Гайдар мектебінде бастаған Екатерина Картанова  кейін №63 теміржол мектебінде, Ақтөбедегі №20 мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды. Бүгінде алдынан өткен шәкірттерін мақтаныш тұтады. Солардың қатарында С. Нақпаев – Атырау қаласының әкімі, А. Ханғалиев – «Қазақстан теміржолының» жауапты қызметкері, Д. Бурлаков – әнші Киркоровтың менеджері.

Екатерина Хабиевна қазір Ақтөбе қалалық жас туристер станциясын басқарады. Ол Ақтөбе – Бұлақ – Әлия – Абат-Байтақ – Қобыланды туристік маршрутының жобасын дайындауға қатысты. Балаларды туризмге тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Ұлағатты ұстаз ұйымдастырған «Қысқы бақ» балаларды табиғатты сүюге баулиды. Туристік станцияда тәрбиеленуші балалар республикалық конкурстарға қатысып тұрады. Солардың бірі Ілияс Нұрғалиев І дәрежелі дипломға ие болды. Қазір Гүлнар Назарбаева басшылық ететін бір команда туризм бойынша «Ертіс меридианы» сайысына қатысуда.

Екатерина Хабиевнаның өмірлік ұстанымы – болашаққа ұмтылған балаларға бағыт беру. Ол осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқанына қуанады.

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

ҚР білім беру ісінің үздігі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*