Басты бет » Билік » Аграрлық сала: ауқымды жобалар алға басады

Аграрлық сала: ауқымды жобалар алға басады

Өткен аптада аграрлық сала еңбеккерлері өздерінің төл мерекесі — Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнін атап өтті. Биылғы мерекенің ерекшелігі — Тың және тыңайған жерлердің игерілуіне  60 жыл толу құрметімен тұспа-тұс келді.  Мерекелік шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.

 

Қойма, жылыжай және инсинератор

 

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған мерекелік шаралар аясында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған топ алдымен Ақтөбе қаласының Кеңес Нокин ауылындағы «Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ондағы жаңадан бой көтерген көкөніс сақтау қоймасының аяқталуға жақын құрылысымен танысты. Соңғы үлгімен салынған қойма заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда қыс айларында бір мезгілде 3000 тонна картоп пен көкөніс сақтауға мүмкіндік бар. Серіктестік директоры Е.Жұмағазиннің айтуынша, қойма құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, іске қосылады. Өз кезегінде өңір басшысы компания өкілінен бөлінген қаражаттың игерілу жайын сұрап, нысанды белгіленген күні іске қосу қажеттігін айтты.

Мерекелік шаралар көкөніс сақтау қоймасына жақын орналасқан «Ақтөбе жылыжай» кешенін салтанатты түрде іске қосумен жалғасты. Жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын жылыжай кешенінің аумағы — 3 гектар. Жылына жобалық қуаттылығы 1500 тонна көкөніс өсіруге есептелген жылыжай кешенінің құрылысы мемлекеттің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қолдауымен жүргізілген. Жоба іске қосылған соң Ақтөбе қаласы тұрғындарының маусымаралық мезгілде көкөніспен қамтамасыз етілуі едәуір артатын болады.

Салтанатты шарада Архимед Бегежанұлы арнайы қалыптағы топыраққа жылыжайда өсірілетін қиярдың алғашқы тұқымын екті. Содан соң облыс әкімі бастаған топ жылыжай кешенінің ішін аралап, жаңа нысанның жұмыс істеу технологиясымен танысты.

Мереке күні Архимед Мұхамбетов «Ақтөбе жылыжай» серіктестігінің ауласында Ақтөбе қаласы мен барлық аудандардағы ветеринарлық станциялардың басшыларына жылжымалы инсинератордың (ауру малды өртеп, жоюға арналған) кілтін салтанатты түрде табыс етті. Бұл автокөліктер республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа сатып алыныпты. Арнайы жабдықталған  автокөліктер облыстың елді мекендерінде ветеринарлық іс-шараларды дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді.

 

«Қолғанат» пен қымыз

 

Бұл күні мерекелік іс-шара Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде жалғасын тапты. Архимед Мұхамбетов бастаған топ колледж иелігіндегі жылу қазандығының материалдық-техникалық мүмкіндігімен танысты. Колледж директоры Амангелді Есіркепов қонақтарды оқушылармен тәжірибе сабақтар өткізуге арналған машина-трактор шеберханасының, мал шаруашылығы саласына арналған тәжірибе алаңының және шағын жылыжайдың жұмысымен таныстырып, ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлаудағы тәжірибелерін көрсетті.

Содан кейін облыс әкімі колледждің спорт залында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесін тамашалады. Көрмеге Ақтөбе қаласы мен аудандардағы шаруашылық құрылымдары өндірген тауарлар қойылыпты.  Ырғыз ауданындағы «Қолғанат» шаруа қожалығы бұл көрмеге  сары май мен ірімшік, құрт, қымызын шығарды.

Мал шаруашылығымен айналысамыз. Қазір шаруашылықта 15 бие мен елуге жақын сиыр сауамыз. Жылына 30 тонна ауыл шаруашылығы өнімін саудаға шығаруды жоспарлаймыз. Мемлекеттің қолдауына ие болдық.  Несиеге алған қаражатқа асыл тұқымды мал сатып алдық. Шаруашылықтың жұмысын алға жылжыту мақсатында  «Сыбаға» бағдарламасы аясында да едәуір жеңілдіктерге қол жеткіздік, — дейді шаруа иесі Ерік Ержанов.

Көрмеге қойылған тауарларды аралау кезінде Архимед Бегежанұлы Әйтеке би ауданы атынан келген шаруашылықтың қымызын көріп: «Қымыз дайындау әдісін қарағандылықтардан үйрену керек. Олар қымызды май қосып дайындайды.  Қазір Астана қаласының тұрғындары көбінесе Қарағандының май қосылған қымызын алады. Сондықтан бұл істе бәсекелестікті күшейтіп, қымыз сапасын жақсартуымыз керек», — деді ол.

 

14 Жобаның бірі — ет комбинаты

 

Көрме жұмысымен танысқаннан соң облыс басшысы журналистерге сұхбат берді.

— Қазір жылды қорытындылап жатырмыз. Биыл Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні Тың және тыңайған жерлерді игерудің  60 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Мереке күні екі үлкен нысанда болып, оның бірін іске қостық. Бұл — «Ақтөбе жылыжай» кешені. Құны 1,5 миллиард теңгеге бағаланған кешеннің жылдық қуаттылығы — 1500 тонна көкөніс өсіреді. Осы жылыжай кешенінің іске  қосылуымен біз облыс орталығы Ақтөбе қаласын қысқы мезгілде көкөніспен қамтуды 58 пайызға жеткізіп отырмыз. Оның алдында бұл көрсеткіш 35 пайызды ғана құраған болатын. Қазір де облыс орталығында бірнеше жылыжай кешенінің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы екі жылда аймақтағы жылыжай кешендерінің жалпы аумағын 100 гектарға жеткізуді мақсат еттік. Қазір іске қосылған жылыжай кешендері голландиялық, испаниялық, ресейлік технологиялар бойынша жұмыс жасап тұр. Мұндағы ең басты мақсат — облысқа керек көлемді қамту, одан кейін әрі қарай көкөністі Ресей Федерациясына шығаруды көздейміз. Аймақта көкөніс сақтау қоймаларының құрылысын жүргізуді әлі де жалғастыратын боламыз. Қазір бұл бағытта нақты жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. «Пригородный» серіктестігінің көкөніс сақтау қоймасының құны

400 миллион теңгеге бағаланды. Іргелі жұмысқа қаржы бөлген мекеме — «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы. Голландия технологиясы бойынша жұмыс жасайтын қойманың сыйымдылығы — 3000 тонна. Көкөніс қоймасының іске қосылуымен біз Ақтөбе қаласындағы көкөністерді сақтау қоймаларының қуаттылығын 80 пайызға жеткіземіз. Жалпы осы бағытта да алдағы уақытта көптеген жұмыстар атқарылатын болады.

Қазір мемлекеттің үдемелі индустриалды-инновациялық  даму бағдарламасына аймақтан 14 ірі жоба енгізілді.  Осындай ірі жобалардың бірі — облыста сүтті-тауарлы ферма ашылады. Сонымен қатар, қуаттылығы күніне 50 тонна сүт өнімдерін шығаратын жаңа зауыт іске қосылады. Қазір аймақта тері өңдейтін зауыт жұмыс жасайды. Келер жылы бұл зауытта 2,5 тонна тері өңделетін болады. Зауыт облыстағы барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарымен қатар, көрші Ресеймен де тығыз жұмыс жасайтын болады. Бұл бағытта біз жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге көзіміз жетіп отыр.

Қазір аймақта мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріп отырмыз. Бұл орайда Алға қаласында үлкен ет өңдейтін комбинат іске қосылады. Бұл да еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген жобалардың бірі. Ет комбинатының жалпы құны — 2 миллиард теңге. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылы экспорт әлеуетін арттыру, соның ішінде ірі қараның етін экспортқа шығару бойынша нақты тапсырма жүктеген болатын. Елбасы  тапсырмасын орындау аясында қазір облыста  бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Ет өндіретін комбинат бұл бағыттағы тапсырманы орындауға өз үлесін қосатын болады.

Қазір аймақтың аграрлық саласында қиындық тудырып отырған мәселе —  Ресей болмаса басқа елдер  біздегі ірі қараның етін тұрақты сатып алып жатқан жоқ. Алыс-жақын елдер бізден көбінесе өндірілген ет өнімдеріне сұраныс береді. Ет өндіретін комбинаттың құрылысы осы мақсатта салынып жатыр. Бұл нысанды бір жарым жылдан кейін іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.

 

Мемлекеттік қолдаудың шарапаты

 

Ақтөбе ауыл шаруашылық колледжінің мәжіліс залында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары мен облыстық мекемелердің басшылары, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, шаруашылық құрылымдарының өкілдері мен мамандар қатысты.

Өңір басшысы жиналған қауымды Тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығымен  және Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнімен құттықтады. Содан соң облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев жылды қорытындылап, алда тұрған міндеттер жөнінде баяндама жасады.  Биылғы жыл да егін еккен шаруалар үшін оңай болмағанымен, шаруашылық құрылымдарының күш салуымен егін жинау жұмыстары уақытылы аяқталыпты. Жиында мал шаруашылығындағы қол жеткізген бірқатар жетістіктер атап өтілді. М.Жұмағазиевтің айтуынша, ауыл еңбеккерлеріне «Агробизнес — 2020», «Сыбаға» бағдарламалары аясында көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары үлкен көмек болған. Әсіресе, жаңадан енгізілген ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қаржылай сауықтыру мен агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің инвестициялық салынымдарға жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу өзінің тиімділігін көрсетіп те үлгерген.

Салтанатты жиын соңында Архимед Мұхамбетов ауыл шаруашылығы саласы мен тың ардагерлеріне, шаруашылық құрылымдардың озат деп танылған басшылары мен жұмысшыларына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің наградалары мен Алғыс хаттарын, бағалы сыйлықтарды табыс етті.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*