Басты бет » Басты жаңалықтар » Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі.

Қазақстан халқына Жолдауынан.

                        Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда.

Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақ­стан, әлемдік экономиканың бір бөл­шегі және геосаяси қысым­­ның эпи­центріне тікелей жақын орна­лас­қан ел ретінде, барлық осы үдеріс­тер­дің теріс ықпалына тап ке­леді. Нәти­жесінде не болып жатқа­нын біз көріп отырмыз: әлемдік нарық­тарда баға құлдырауда және тұтас­тай алғанда, экономикалық өсім баяу­лауда.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз.

Бүгін менің тапсырмам бойын­ша Үкімет белсенді жұмыс­қа кірісіп кетті. Біз 2015 жылға арналған рес­публикалық бюд­жет­тің пара­­метрлерін қайта қара­дық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экс­порттық шикізат ресурс­та­рына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет – барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

Дағдарыс жағдайларында, әлем­­дік тәжірибе көрсетіп отырғанын­­­­­дай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қол­­­­­да­у­ды экономикалық өсім мен жұмыс­­­пен қамтуда аса үлкен мульти­­пли­ка­тивті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған. Біздің 2007-2009 жыл­дардағы дағдарысқа қар­сы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткілікті. Көріп отырған­­­дарыңыздай, өмір біздің жоспар­лары­мызға түзетулер енгізуде. Және біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрцикл­ды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құры­­лымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл нені білдіреді?

Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнім­дерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлт­­­­­тық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы ор­нық­­­­­­тылығын, оның ішінде, табиғи ­рес­­урс­­­тарға баға төмендеген жағ­­­­­дай­­­да да, жоғарылату болып табылады.

Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсе­­­ріп, экономикамыздың өсімін ынта­­­­ландыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шаралар­ға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айт­қанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын.

Бірінші. Шағын және орта биз­несті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Екінші. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы не­­­сиелер қорын қосымша 250 мил­­­­ли­­­ард теңге көлемінде капитал­дан­­­­­­дыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Үшінші. Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» ар­найы экономикалық аймақтары инфра­құрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Төртінші. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Бесінші. ЭКСПО-2017 қарсаңын­да бізге Астананың көліктік инфра­құрылымын дамыту туралы ойлас­тыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максимал­ды өткізу қабілеті – 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Құрметті қазақстандықтар!

Экономиканы дамытуда жаңа сырт­қы тәуекелдерді есепке ала оты­­­рып,­­­ бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Эко­­­номикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жарияланғалы отырған Ин­­­­фра­­­­­­құрылымдық дамудың жос­­­пары бо­лады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік ком­па­­ниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бес­­­­жылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвес­­­­тициялық портфель 6 триллион тең­гені құрайды, мемлекеттің үлесі – 15 пайыз.

* * *

Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен.

Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық ай­мақ­тар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға ай­налуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, эко­но­микалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ.

* * *

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральды автомобиль, темір­жол және әуе жолдарымен шұ­ғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань.

Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткел және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын.

Екінші. Индустриялық инфра­құ­рылымдарды дамыту. Инфра­құ­ры­лымдық жобаларды жүзеге асы­ру құрылыс материалдарына, көлік­тік-коммуникация­лық, энер­гетика­лық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады.

Осыған байланысты, бірін­шіден, жұмыс істеп тұрған арна­йы экономикалық аймақтарда инфра­құрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі.

Үшінші. Энергетикалық инфра­құрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрия­ландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистральдық желі­лердің шектеулілігі елдің оңтүс­тік өңірлерінде электр энер­гия­сының, орталық және шығыс облыс­тарында табиғи газдың тапшы­лығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары кернеулі желі­лер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Төртінші. Тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажет­тілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды.

Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу- және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ.

Бесінші. Тұрғын үй инфрақұ­рылымдарын нығайту. Агло­мера­циялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жар­наның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз.

Алтыншы. Әлеуметтік инфра­құрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі инди­каторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Индустрияландыру бағдар­ла­малары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын.

Жетінші. Шағын және орта биз­нес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет.

Құрметті қазақстандықтар!

Әлемдік экономикадағы жағдай мынадай, дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі.

Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге сал­ғым келеді. Оның басты міндеті – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс.

Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада эко­номиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.

Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз.

Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет.

«Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­ми­калық Саясаты біздің эконо­ми­камыздың таяу жылдардағы өсімі­нің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын арте­риялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түк­пірлерін орталықпен берік байла­ныстырады. Жүк тасымалы жедел­дейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің аза­маттарымыз заманауи және са­палы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауру­ханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады.

Құрметті қазақстандықтар!

Алда үлкен де жауапты жұ­мыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім –  өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жас­тарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды.

Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!

Алдағы жылы біз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. «Қазақстан, тек алға!» атты біздің басты қағидатымыз та­рих­тың жаңа жауапкершілікті ора­­мында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін!

Қадірлі халқым!

Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық Патриотизм деге­німіздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!

Мәңгілік Ел идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жал­пыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі.

Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

2015 жыл – ұлттық тарихы­мызды ұлықтау және бүгінгі биік­терімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел бірлігі – біздің барша табыс­тарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халық­аралық ЭКСПO-2017 көрмесін табыс­ты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!

«Егемен Қазақстан»

12 қараша, 2014 жыл.

Экономикалық саясаттың жаңа сатысы

 

Елбасы биылғы халыққа Жолдауында «Нұрлы жол» атты экономикалық саясаттын жариялады. Бұрындағы экономикалық саясаттың жаңа бір сатыға көтеріп тастайтындай жалғасы бұл.

Шоқан Уәлиханов: «Әр жүргізілген реформа халыққа пайдалы болу керек. Халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған болу керек. Егер де ол реформа жағымды, қолайлы болмаса, халыққа жақсылық әкелмесе, онда ол реформа қауіпті» деген. Біздің елімізде көптеген реформалар жүргізіліп жатыр. Бұл реформалардың барлығы мемлекетті нығайтуға, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, Қазақстанды озық елдердің қатарына қосуға бағытталған, халыққа қолайлы, мемлекетті нығайтуға арналған.

Реформа жасаушылар дүниежүзінде көп. Горбачев реформа жасады, КСРО-ны құлатып алды, Ресей соғысқа араласып кетті. Миллиардтаған халқы бар Қытай мемлекетінде  Дэн Сяопин социализм кезінде  реформа жасады. Сөйтіп, бұл ел қазір дүниежүзіндегі мықты дамушы мемлекет болып шықты. Реформа жасаудың нәтижелерінің қандай болатынын осылардан-ақ аңғаруға болады.  Қазір Қытай — ұлы державаға айналған мемлекет. Дэн Сяопиннің реформасы жақсылық алып келді, өндірістің, өнеркәсіптің өркендеуіне, дамуына жол ашты. Бізде де «Қазақстан жолы» деген жол бар, сол жолмен келе жатырмыз деп айту керек.

Елбасы өткен жолғы халыққа арнаған Жолдауында  жиырма жылдың ішінде Қазақстан Республикасында мемлекет қалыптасқанын айтты. Енді сол қалыптасқан мемлекетті нығайту, іргесін бекіту керек. Ол үшін елдің қорғанысы мықты, халқы тату, бір, экономикасы мықты, мәдениеті мен білімі дамыған болу керек.

Елбасы биылғы Жолдауында үш мәселені айрықша атап айтты: денсаулықты, білімді, ауыл шаруашылығын дамытуға тапсырма берді. Ол салаларға миллиардтаған қаржы бөлінеді.

Мемлекетіміз саяси жағынан тұрақты, берік, халқымыз тату, экономикамыз мықты, қорғанысымыз күшті болу керек, десек,  міне, осы жолдың барлығын — енді «Нұрлы жол» көрсетеді.

Мемлекетті нығайту, мемлекеттің іргесін күшейту дегенді қалай түсінеміз? Кеше біздің еліміз жайында сырттан: Қазақтың мемлекеті соңғы жиырма  жылдың ішінде құрылған» деген сияқты түрлі әңгімелер айтылды. Мұны аузы дуалы лауазымды адамдар айтты, көшеде жүрген маскүнемдер айтқан жоқ. Сондықтан Елбасының кешегі қабылдаған шешімі өте маңызды, күрделі мәселені шешуге арналған. Тарихи деректерде көрсетілгеніндей, 1465 жылы Қазақ хандығы құрылғаны белгілі. Елбасының шешімі бойынша 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту керек. Елбасы мұны Ұлытау төріндегі толғанысында да айтты.

Қазақ мемлекетінің 550 жылдығы жай той емес, ол — қазақ жастарының, қазақ халқының, барлық қазақстандықтардың жаңа патриотизмін қалыптастыру мәселесі.

Елбасының кешегі сөзінде атап көрсеткеніндей, ертең — «ЭКСПО-2017» көрмесіне бүкіл шетелдерден қонақтар келеді.  Осымен байланысты көп мәселені шешу керек болып отыр. Елбасы Жолдауында айтылғандай, жақсы әуежай, жаңа көлік жолдары, теміржол керек. Кеше ғана 1200 шақырымдық Бейнеу-Жазқазған теміржолы пайдалануға  берілді. Астананың жан-жағында инфроқұрылымдар салынып жатыр.

Біз қазір «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының  игілігін көріп отырмыз. Кеше ғана мен Қарабұтақ, Әйтеке би, Ырғыз бағытымен жүрдім. Бұрын бұл жолдың бойы құлатүз дала еді. Қазір қарасаң, жол бойы екі қабатты мейрамханалар, қонақүйлер. Үлкен жүк көліктері кейінгі жылдары салынған кемпингтердің жанында жөндеу жұмыстарын жүргізуде, мейрамханалардан тамақ ішіп, қонақ үйлерде демалуда. Осылардың барлығы бір жағынан алғанда елдің өркендегенінің белгісі емес пе?

Еркін ҚҰРМАНБЕКОВ,

облыстық ішкі саясат басқармасы

жанындағы қоғамдық

саяси кеңестің үйлестірушісі.

 

 

Сөзі мен ісі қабысқан

 

Павел МАГЛЕЛИ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

 

— Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауын үлкен үмітпен және келешекке деген зор сеніммен ықыластана тыңдаймын. Елбасының қай жылғы Жолдауы да Қазақстан халқының сенімін арттырып, зор мақсаттарға, жарқын болашаққа, алға қарай жетелей түседі. Халықтың мұндай сеніммен қарауының себебі — Жолдауда айтылған бағдарламалардың, жоспарлар мен міндеттердің орындалып келе жатқандығында. Президенттің сезімталдығы, болатын оқиғалар мен құбылыстарды алдын ала сезіп, біліп отыратындығы таңғалдырады.

Нұрсұлтан Әбішұлының айтқандары құр сөз емес, нақты межелерге апаратын мақсаттар. Мемлекет басшысының сөзі ісінен алшақ кеткен емес, қабысып жатады. Сондықтан биылғы Қазақстан халқына Жолдауын да ықыластана тыңдадым. Елбасы жақсы өмірге жету үшін тек еңбек ету керектігін баса айтты.

Жолдау маған несімен ұнады? Мен шағын бизнес өкілі ретінде мемлекет тарпынан жасалып отырған қамқорлықты сезініп келемін. Биылғы Жолдауда: «Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді», — деп нақты айтылды. Бұл шағын және орта бизнес өкілдерінің көңілінен шықты деп ойлаймын.

Ұлттық қордан қаржы алатын кез келді деуі де бекер емес. Өйткені халық үшін жиналған байлықты халықтың өзіне, игілігіне жұмсауына мүмкіндік беріп отыр.

Ата-ана, немерелердің атасы ретінде мектептер, мектепке дейінгі балалар мекемелерін салу міндеттері де көңілімнен шықты.

Елбасы алдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығы салтанатты түрде аталып өтетінін айтты. Мұндай даталарды атап өту қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бекем маңызды екеніне тоқталды..

Қазақстан халқының достығы, бір-біріне мейірбандығы туралы көп нәрсе айтуға болады. Мәселен, біздің облыста мың жарымдай болгар халқының өкілдері тұрады. Біздің ата-бабаларымыздың осы өңірді мекен еткеніне бір ғасырдан асып кетті. Осы ұзақ жылдар ішінде болгарлар кеңпейіл қазақ халқының қамқорлығына бөленіп келді. Аштықты да, зұлмат соғыс зардаптарын да бірге көтерді. Негізінен Алға ауданының Болгар ауылында тұрақтаған менің бауырларым жергілікті қазақтармен әбден араласып кетті. Болгарлар қазақша, қазақтар болгарша еркін сөйлейді. Міне, мұны достықтың бір белгісі деп білемін. Достық, бейбітшілік бар жерде тындырымды еңбек те болады. Еңбек бар жерде табыс бар. Еліміз гүлденіп, әлемде салмағы бар мемлекетке айналсын деп тілеймін.

 

Жаңа жолдау кәсіпкерлік саласын көркейтеді

 

Ержан Нұрғалиев,

«Кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ЖШС директоры: 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол» атты Жолдауын ақтөбелік кәсіпкерлер де мұқият тыңдады. Жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру жөніндегі маңызды құжат еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпін береді.

Әлемде орын алып отырған күрделі ахуалды ескерген Елбасы Ұлттық қордан 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайын 3 млрд. долларға дейін бөлу туралы шешім қабылдаған еді. Соған сай Мемлекет басшысы Ұлттық қордан қаражатты бөлуге қатысты тиісті шешім қабылдауды тапсырды. Және қордан бөлінетін әрбір тиынның тиімді жұмсалатынын қатаң қадағалауды тапсырды.

Банк секторын сауықтыру, «жаман» несиелерді төлеу үшін 2015 жылы проблемалы несиелер қорын 250 млрд. теңге көлемінде қосымша капиталдандыру жөнінде де тапсырма берілді.

Бұған қоса Елбасының жолдауы барысында экономикалық өсу, жұмыспен қамту жұмыстарын жүзеге асыруға жұмсалатын 1 триллион теңге көлеміндегі қаражаттың  500 миллиард теңге көлеміндегі екінші траншы бөлінетіні айтылды. Шағын және орта бизнеске жеңілдік жасау үшін, сонымен бірге ірі кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында қосымша 100 миллиард теңге бөлінетіні де айтылды. Мұның барлығы еліміздегі кәсіпкерлік саласының жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізеді.

2007 жылғы дағдарыс  еліміздің кәсіпкерлік саласына да әсерін тигізді. Алайда, Елбасының салиқалы саясатының арқасында кәсіпкерлік саласына дағдарыс салқыны соншалықты тиген жоқ деуге болады. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы кәсіпкерлерге көп жеңілдіктер ұсынды. Несие алу пайызы төмендетілді, мемлекет тарапынан субсидия беріліп жатыр. Салық саясаты да кәсіпкерлер үшін тиімді болып отыр, себебі басқа мемлекеттермен салыстырсақ, табыс салығын төлеу көрсеткішінің төмендігі жөнінен біздің еліміз алдыңғы қатарларда.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 2 млн. 800 мың адам шағын және орта бизнес саласында жұмыс жасайды екен, алайда бұл тек ресми дерек қана. Ал шын мәнінде, бұл санды қорықпай екіге көбейтуге болады. Яғни қазір елімізде 5 миллионнан астам адам аталған салада жұмыс жасап жатыр деп сеніммен айта аламын.

Елбасы бұрыннан да кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетіп келеді. Ақтөбеде ашылған кәсіпкерлікті қолдау орталығы бұл сөзімнің бір ғана мысалы. Бұл жерде өз кәсібін бастаймын деушілерге барлық жағдай жасалған. Яғни болашақ кәсіпкер үшін бизнес-жоспар жазу, қажетті кеңестер алу, маркетологтар, есепшілермен жұмыс жасау — тегін. Тіпті орталықта прокурор кабинетін де ашып қойдық. Яғни кәсіпкерлер заңсыз тексерулер, басқалай кедергілер мәселесін шешу үшін прокурормен кездесіп, пікірлесе алады. Мұның барлығы бизнес саласы үшін үлкен көмек.

Жолдауда айтылған мәселелер шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеймін деушілер санын одан әрі арттырады деп сенемін. Ал кәсіпкерлік саласы дамыса, халқымыздың әл-ауқаты жақсара түсетіні белгілі. Сайып келгенде, «Нұрлы жол» еліміздің болашақтағы нұрлы жолын көрсететін жаңа саяси экономикалық құжат болды деп есептеймін.

 

Ұлт ертеңі — білімде

 

Гүлзада ЖҰМАБАЕВА, Жем қалалық «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі:

 

— Қоғамның дамуын жеделдете түсетін  білім болса, ол ұстаз арқылы іске асады. Елбасымыздың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында білім жүйесіне ерекше көңіл бөлгенін айта кеткен жөн. Еліміздегі білім жүйесінің алдында тұрған басты мақсат — халқымыздың тәрбиесі мен әлемдік озық тәжірибеге негізделген тұлғаның жеке дамуын нұсқайтын әлемдік білім кеңістігінің шыңын бағындыру болып табылады.

Елбасы алдағы 3 жылда балабақша мен мектеп мәселесін қолға алатынын мәлімдеді. Мектепке дейінгі жастағы балаларға ұжымдық тәрбие беруді қалыптастыратын балабақшаның бүгінде маңызы зор. Жаңа ғасырда бала тәрбиесін сеніп тапсыруға болатын, баланың жан-жақты дамуы мен жетілуін қамтамасыз ететін балабақшалар ауылдық жерлерде де ашыла бастағаны көңіл қуантады. Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсарту жөніндегі нақты тапсырмасы ел ертеңі, ұлт болашағы – жастардың білімді болып өсуіне жасалып отырған үлкен қамқорлық екені сөзсіз. Осындай игі мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру, жас ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбие беру әрбір білім қызметкерлерінің негізгі борышы. Біздер де өз тарапымыздан Елбасы Жолдауына үн қосып, өз міндетімізді абыроймен атқаратын боламыз.

 

«Нұрлы жол» — құнды жол

 

Жайнагүл РАҚЫШЕВА, Хромтау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты кезекті Жолдауы дер кезінде әзірленген жаңа экономикалық саяси құжат деп білемін. Өйткені бүгінде бүкіл әлем шиеленіскен саясаттың құрсауында қалып отыр. Бұған биылғы Жолдауындағы Елбасының «Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. …әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда» деген сөздері дәлел болмақ. Осындай құрсаулардан елді «қанаттыға қақтырмай» алып шығар жол керек. Әрине, ол — «Нұрлы жол» Жолдауы деп есептейміз. Себебі, алдағы барар жолыңды айқындап алмай, биік белестерді бағындыру қиын. Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ… Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз», — деп, елді ширақ қимылдауға шақырды. Осындай қысылтаяң шақта ел дамуына жаңаша серпін беру үшін Ұлттық қорда жинақталып келген қаражатты мемлекет игілігіне жұмсауға шешім қабылдады. Соның нәтижесінде елдегі көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдар, шағын және орта бизнес жаңа қарқынмен дамымақ. Бұл салалардың қайсысы болса да, біздің ауданға тікелей байланысты. Бұл дегеніміз — ел дамуына ерекше серпін беріп келе жатқан Хромтау ауданында қосымша жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатының жақсаруына өзіндік септігін тигізеді деген сөз.

 

Ертеңге деген сенім бірліктен басталады

 

Сәуле ДОЩАНОВА,

«Шынар» гендерлік білім беру орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

 

— Әлемнің әр бөлігіндегі, соның ішінде жетекші державалар да ұрынып отырған экономикалық дағдарыс,  экономикалық өсімнің баяулауы, геосаяси дағдарыстар сынды құбылыстардың біздің елімізге еш әсері, салқыны тимей, айналып өтеді деу, әрине, қисынсыз екені түсінікті. Осы тұста, Елбасымыздың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» Жолдауында айтылғандай, Үкіметтің алдына барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндетінің қойылуы — ел-жұртқа ертеңге деген сенім сыйлайтын маңызды қадам.

Әсіресе, тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту мәселесінің көтерілуі, осы мақсатта қолға алынғалы отырған үлкен істер жастардың болашаққа деген сенімін нығайтады. 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қосымша 180 миллиард теңге қаржы бөлінгелі отыр. Бастапқы жарнасыз, төмен пайызбен берілетін пәтерлер — баспана мәселесінен жапа шегіп жас отбасылар үшін үлкен бір тығырықтан шығудың жолы болмақ. Баспана мәселесіне байланысты отбасын құруды кейінге қалдырумен келе жатқан жастарымыз да бар. Демек, арзан баспана демографиялық ахуалдың жақсаруына да игі әсерін тигізетіні сөзсіз.

Экономикалық өркендеуге, балаларымыз бен немерелеріміздің ертеңін жарқын ететін — тыныштық пен тұрақтылыққа, күнделікті адал еңбекпен, елге, жерге деген жанашырлықпен әр адам өз үлесін қосқанда ғана,  қол жеткізе аламыз. «Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз — Ел бірлігі болуы керек», — деп, Жолдауда Елбасы атап өткендей, жастарымыздың, балаларымыздың бойына Бірлік атты ұлы құндылықты сіңіру жолындағы істерге үлес қосу — әр ата-ана, әр азаматтың парызы деп білемін.

 

Насихат жұмыстары басталды…

 

Әлібек ҚАРАТАЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік

университеті студенттермен және жастар

 ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы:

 

— Жылдағы дәстүр бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» атты Жолдауында мемлекет дамуының барлық аспектілерін назардан  тыс қалдырмаған.  Бүкіләлемдік дағдарыс кезінде ел экономикасына Ұлттық қордан 500 миллиард теңге бөліп, экономиканың дамуына жаңа серпін беріп отыр. Соның ішінде мемлекеттік маңызы бар экономикалық, нарықтық, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ерекше басымдық берген.

Тұрғын үйге ие болу — әрбір кәмелетке толған азаматтың басындағы мәселе. Президенттің кезекті Жолдауында атап көрсетілгендей, тұрғын үйге ие болу шын мәнісінде қолжетімді болғалы тұр. Бастапқы жарнасыз және ең төмен пайыздық мөлшерде ипотекалық несиелендіру реформасын жеке басым түбегейлі қолдаймын.

Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде 10 мыңнан астам жас білім алады. Жолдаудағы қолжетімді тұрғын үй және жастар саясатына қатысты өзге де маңызды жаңалықтарды студенттер арасында кеңінен түсіндіріп, насихаттау жұмысын бастап кеттік. Жалдамалы пәтерлер санын көбейту — университет түлектері, жалпы жас мамандар үшін тиімді болмақ. Бұл — еңбек жолын жаңадан бастайтын жас мамандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау.

«Нұрлы жол» —  әрбір қазақстандықтың мағыналы да, мазмұнды өмір сүруін қамтамасыз ететін, алдымызға нақты мақсаттарды айқындап берген құжат.

 

Жұмыссыздар саны азаятын болды

 

Зағипа АРЫҚОВА,

Қобда гимназиясының мұғалімі:

 

— Елбасының жаңа Жолдауында еліміздің экономикасын дамыту мәселесіне қатысты көп ойлар айтылған. Тіршіліктің күретамыры болып саналатын жолдардың құрылысына қыруар қаржы бөлініп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жолдар — Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең-байтақ жерімізде жолдар бойында әр кезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты», — деді. Мұның бір жағынан екі қолына бір жұмыс таба алмай жүрген жұмыссыздар үшін пайдасы зор, жұмыспен қамтылады, отбасыларының берекесі кіреді.

Бүгінде халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарта түсуді қалайды. Сондықтан Ұлттық қордың мол мөлшерін осы проблемаларды шешуге арнайтын болғаны да көңілге қонады. Әсіресе, баспанасыз жас отбасыларының үй-жайға қол жеткізетіндей мүмкіндіктің туғанына ризамыз, жас мұғалімдер де үй-күйсіз қалмайтын болды деп ойлаймын.

Елбасы: «Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар байлығымыз — Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре беруге тиіспіз», — деп айрықша тоқталған себебі де бізге түсінікті. Бұл сөзді  қолдағы барды бағалай білуге, қыздырманың қызыл тіліне еріп, сүттей ұйып отырған ел бірлігіне нұқсан келтіріп алмауға шақырғаны деп есептеймін.

Жолдауда елдің көкейіндегі мәселелердің айтылғаны қуантты.

 

«Елбасы жолдауы жарқын болашаққа жол сілтейді»

 

Жұмабай Атаниязов,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті экономика ғылымдарының кандидаты, доцент:

 

—    Елбасының биылғы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты туралы жариялаған кезекті Жолдауы өзінің сан түрлі бағдарлылығымен ерекшеленеді. Бұл Жолдауда Елбасы еліміздің экономикасындағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған игі бастамалар мен үлкен жобалардың іске асуына нақты тапсырмалар берді.

Соңғы кездері бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс саябырсымай келе жатқаны белгілі. Бірақ Елбасының көрегендігі арқасында еліміз әзірге оны сезе қойған жоқ. Дегенмен, «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, Нұрсұлтан Назарбаев тағы да даналық танытып, халқының келешегін әріден ойлап, қаржы тапшылығын болдырмаудың, оның алдын алудың жолдарын өз Жолдауында көрсетіп берді.

Елбасы Қазақстанның ұлттық идеясы болмай, болашақтың дамуына бағдар жасамай, елді дамыту мүмкін еместігін баса айтты. Халықтың бірлігін нығайту, елдің тыныштығын сақтау керектігін, бүкіл әлемдегі қаржы дағдарысынан елді аман алып шығудың жолын толық ашып көрсетіп берді. Бұл — ел үшін, халқымыз үшін жасалған үлкен қадам. Елбасының барлық жағдайды қамтып, жан-жақты ойлауы ел халқының қамы деп ойлаймын.

Біздің ендігі міндетіміз — Елбасы Жолдауында көрсетілген жайттарды жадымызда ұстап, өз жауапкершілігімізді сезіне білуіміз қажет.

Осы тұста мен патриоттылық тәрбие жайлы да сөз қозғасам деймін. Елбасы айтқандай, болашақ ұрпақ, әрбір адам өзінің елінің тарихын, тілін, дінін біліп, құрметтеуі қажет. Әр қазақ баласы патриот болуы тиіс. Ел болашағының іргетасын қалайтын басты құндылықтардың бірі болып табылатын патриоттық сезім, отаншылдық рухтың, тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы туралы Елбасы өзінің Жолдауында әр кез айтып отырады. Сондықтан ел жастары, оның ішінде жоғары оқу орындарында білім алушылар осы тұста өздерінің үлесін қосып, еліміздің дамуы үшін атсалысуы керек.

Елбасының «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауы — әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолындағы біздің ауқымды қадамымыз, заманауи құбылыстарға жаңаша көзқарас.

 

Кәсіпкерлікке өзгеше серпін береді

 

Ким ӘБІШЕВ, жеке кәсіпкер, Темір қаласы тұрғыны:

 

— Елбасының бұл «Нұрлы жол» Жолдауын ел өмірінің барлық саласын қамтитын және тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы деп білуіміз керек. «Ол елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту — ортақ парыз, абыройлы міндет болып табылады», — деді Қазақстан Президенті.

Бизнеспен айналысатын Қазақстанның әрбір азаматы үлкен емтиханнан өту үшін үлкен дайындық үстінде деп ойлаймын. Ал Елбасы Жолдауының кәсіпкерлердің еңбекке деген құлшынысын арттырып, серпін беретіні анық. Мен өзім кәсіпкер ретінде Президенттің әр жылғы Жолдауынан қолдау тауып, қамқорлықты сезініп келе жатқанымды айта кеткім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Шағын және орта бизнесті дамыту — XXI ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы», — деп мәлімдеді. Елбасы Жолдауынан бастау алған бағдарламалар аясында кәсіпкерлікті дамыту мен оны қолдау шаралары қоғамның ілгерілеуіне айтарлықтай ықпал етіп келеді. Кәсіпкерлерге артылар міндет те, жауапкершілік те зор. Мұның бәрі барды үйлестіре білудегі батылдықтарын дәлелдеп келе жатқан кәсіпкерлердің өз істеріне жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.

Жолдауда мемлекетіміздің дамуы үшін қажетті тұжырымдар жасалумен қатар, оларды жүзеге асыру мүмкіндіктері мен механизмдері жан-жақты көрсетілген.

Бізді қуантатыны және қанағаттандыратыны Елбасымыз әрбір Жолдауында халықтың тұрмыс-тіршілік ахуалына баса назар аударады, әрқашан алдағыны анық болжай білетіндігімен тәнті қылады. Сондықтан да ел алдына нақты, міндетті түрде орындалатын мәселелерді қоя біледі.

 

Жолдау көңілден шықты

 

Мұрат БАЙТУҒАНОВ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі:

 

— «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» деп аталған Жолдауды мен де ұйып тыңдадым. Өйткені Елбасы мені де толғандырып жүрген бірқатар мәселелерге тоқталды. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының Үкіметке халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындауды қадап тапсырғаны риза етті. Сонымен қатар, ел экономикасының дамуына әсер ететін салаларды қолдау керектігін баса айтқаны мені бейжай қалдырған жоқ. Құзырлы органдарға жүктеген міндеттері де мықты, енді солар жүзеге асса екен деп тілеймін.

Әсіресе, Мемлекет басшысының мына сөзі маған ерекше ұнады: «2015 жыл — ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел Бірлігі — біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың Қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халықаралық EXPO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз».

Ұлт көшбасшысының осы сөзінен республиканың осы шақтағы тыныс-тіршілігі ғана емес, болашаққа қойған мақсат-міндеттері де орасан екенін, оның барлығы егжей-тегжейлі жоспарланғанын байқадым. Мені қуантқаны, экономика мен саясат қана емес, рухани кемелдену де назардан қалыс қалмады. Елдің ертеңін ойлайтын нағыз саясаткер осындай болса керек.

Жолдауды бастан-аяқ тыңдаған мен барлығының халық үшін жасалып жатқанын түсінгендеймін. Ең бастысы, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, енді айтылғандардың баршасын бірлесе отырып атқарсақ игі. Оны біздер, жастар әрқашан қолдаймыз.

 

Болашақтың бағдары

 

Несібелі ЖҰМАҒҰЛ,

С.Бәйішев атындағы облыстық

әмбебап ғылыми кітапханасының

директоры:

 

— Жұртшылық жыл сайын Жаңа жылдың басында асыға күтетін Президентіміздің дәстүрлі Жолдауын биыл ертерек қолға алуының өзіндік себептері бар екені белгілі. 2007 жылдан бергі әлемдік дағдарыс, Ресей мен Батыс арасындағы санкция мәселелері, Таяу Шығыста орын алған жағдайларды ескергендіктен, Қазақстанның осы бір қиын кезеңнен аман-сау өтуі үшін мақсаттарын айқындап алу керек болды. Жолдауды тыңдап отырғанда, өз еліңдегі тыныш та бейбіт өмірдің қадірін бұрынғыдан да айқынырақ сезінгендей болдық.

Өзіміз кейде пендешілікпен  еліміздегі ұлтаралық татулықтың, тыныш, бейбіт өмірдің қадіріне жете бермейміз. Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауда: «Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік — ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік — ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім», — деді.

Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу мақсатында болашақта елімізде жан басына шаққанда ақшалай табыс 22 пайызға өсетіні, 2020 жылға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында 400 мыңнан астам адамның жұмыспен қамтылатыны елдің болашаққа деген сенімін нығайтты. Азия, Европа даму банкілері, Дүниежүзілік банкілердің қамқорлығымен шағын және орта бизнес үшін 155 миллиард теңге берілетіні белгілі болды, бұл да кәсіпкерлердің шаруасын дөңгелетуіне жағдай туғызады.

«Зейнетақы жүйесін дамытудың» тұжырымдамасы аясында  жаңа жинақтаушы жүйенің енгізілетіні зейнеткерлердің күпті көңіліндегі күдікті бір сейілтті деуге болады.

Баспана мәселесі қашанда өзектілігін жойған емес. Жолдаудан 2015-2016 жылы тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту үшін 180 миллиард теңге бөлінгенін естіп, біз де қуанып жатырмыз. Өйткені   мәдениет пен өнер саласының  жас отбасылары  да 1-2 пайыздық несиемен қызметтік пәтерге қол жеткізе алатын болды.

 

Жолдау жігерлендіреді

 

Үмбетхан СӘРСЕМБИН,

философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік – саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі:

 

— Мемлекеттің тәуелсіздігі, еліміздің уақыт талабына сай дамуы елдің мәдениеті мен экономикасына тәуелді. Ал қоғамның мәдениеті мен ел экономикасының дамуына ықпал ететін нәрсе — ғылым. Бұл — Елбасымыздың  қашанда көңіл бөліп отырған мәселелерінің бірі. Мемлекетіміздің ғылымды дамыту, жас мамандарды ғылымға, өндіріске даярлау саясатын  халық ішінен өсіп келе жатқан бүгінгі жастар терең түсінуі қажет.  Елбасымыздың өткен жылғы Жолдауында мемлекет болашағына қатысты ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы осы бағытта қолға алынып отыр. Елдің мәңгілігі оның мәдениеті мен экономикасының қуаттылығында. Мәдениетіміздің қуаттылығы ата тарихымыздың рухымен ерекшеленеді. Осыған байланысты Елбасымыз Ұлытауда берген сұхбатында  мемлекетіміздің ұлттық идеясына қатысты тарихи құндылықтарымыздың феноменін атап көрсеткен болатын. Ал бүгінгі Жолдауда ұсынылып отырған идеялар, мемлекет алдына қойылып отырған мәселелер еліміздің болашағына негізделеді. Елбасымыз ұсынып отырған «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясат еліміздің әлеуметтік мәдени дамуына ықпал ететін идеялардың, қоғамның рухани өміріндегі әлеуметтік проблемалардың оңтайлы шешілуін көздейді. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты шаруашылық түрлерін дамытуды қолға алу, ішкі өнімдерді экспорттау, жаңа әлеуметтік-экономикалық талаптарға сай игеру технологиясын дамыту, жастарды қолдау саясаты  қоғамның мәдени дамуына толықтай ықпал етеді. Қашанда елдің мәдени және экономикалық дамуына кедергі болатын жемқорлық. Бұл алдыменен адамның санасымен шешілетін мәселе. Елбасымыздың ұсынып отырған саясатының болашағын ел мүддесі тұрғысынан әрбір азамат түсінуі қажет. Бүгінгі Елбасымыздың халыққа Жолдауындағы көңіл бөліп отырған стратегиялық идеяларының бір қыры осымен ерекшеленеді.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>