Басты бет » «Ақтөбе»-90 » Құрметті «Ақтөбе» газетінің редакциясы!

Құрметті «Ақтөбе» газетінің редакциясы!

Сіздерді және газет оқырмандарын  90 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын!

Ғасырға жуық өңір жұртшылығын күнделікті жаңалықтармен сусындатып қана қоймай, талғампаз оқырманды өнер мен мәдениет һәм ғылым мен әдебиеттің келелі мәселелеріне ден қоюға үндеп келе жатқан еңбектеріңіз қашанда мақтанышпен көрсетуге лайық.

Газеттің қалыптасуына еңбек сіңірген ардагер журналистер мен қадірменді қаламгерлердің абыройлы міндетін адал атқарып келе жатқан шығармашылық топтың мерейлі күндері таусылмасын!

 

Құрметпен,

Исламбек САЛЖАНОВ, 

«Алтын қыран» компаниясының бас директоры, Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің аймақтық кеңесінің төрағасы, меценат. 

 

Егемен еліміздегі өзіндік терең тарихы бар, екі ғасырдың куәгері болып, замана ақиқатын айқын жазып келе жатқан басылымдар қатарында біз облыстық «Ақтөбе» газетін алдыңғы лектен көретіндігімізді үлкен сүйіспеншілікпен айта аламыз.

Өзінің бастауын сонау 1924 жылдан өрбіткен бұл газеттің абыз жасы — 90-ға абыройлы келуі — шығармашылық ұжымның кешегі, бүгінгі буындарының үйлесімді жұмысының, сәтті сабақтастығының белгісі.

Газет қаламгерлерін мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтап, алда да биік белестер, жаңа жетістіктер тілеймін. Қаламдарыңыздың жарқылы үдей түссін!

«Ақтөбе» газетінің қалың оқырманы қатары азаймасын, алдағы күндердің шежіресі осы басылым арқылы ел-жұрт игілігіне айналсын!

 

Сейітқазы МАТАЕВ,

ҚР Журналистер одағы басқармасының төрағасы.    

 

Қадірлі әріптестер!

 

Тоқсанның төріне көтерілген торқалы тойларыңыз құтты болсын!

Осы жылдар ішінде облыстық газет өңір өмірінің шынайы шежіресін жазып, ақтөбеліктердің бірнеше буынын отаншылдық рухта тәрбиелеу, халықты елдік істерге жұмылдыру, жетістіктерді насихаттап, кемістіктерді сынау арқылы ортақ істі орайлы ету жөнінде жүйелі жұмыс жүргізіп, оқырмандар ықыласына бөленіп келеді.

Алдағы кезде де осы жемісті жол жалғаса беруін тілейміз. Әрбір отбасында жан жадыратар жақсылық көп болсын!

 

Егеменқазақстандықтар.

 

 

Мерей үстем, мәртебе биік болғай!

 

Біздің қазақ газет шығару ісіне көп ұлттан кенже кіріскен ел. Кең байтақ елдің шашыраңқы орналасуы, көлік, тасымал жүйелерінің болмауы иісі қазақтық басылымдардың жалпыұлттық сипатына селкеу түсіріп отырды. Кеңестік кезеңде Қазақстанның барлық аймағында өңірлік басылымдар пайда болды. Нарықтың қиын кезеңдерінде солардың көбісіне жабылып қалу қаупі туды. Сын сағаттан сүрінбей өткен газет-журналдар халықпен бірге жасап келеді. Солардың арасында Ақтөбенің облыстық газеті мерейлі биікке көтеріліп, мәртебесі артып отыр.

Газет шығару — мехнатты тірлік. Сонымен бірге, оның ел өмірінде алар орны зор. Тұтас бір аймақтың күнделікті өмірін тасқа басып, ғажайып шежіре жасалып жатыр. Сарғайған газет беттерінде қаншама іргелі істер мен қабырғалы азаматтардың шежірелі баяны хатталып тұр. Кез келген уақытта кез келген жылдың нөмірін алып қарауға, қандай оқиғаның болғанын білуге болады. «Ақтөбе» газетінің атынан қазақтың жүріп өткен жолын көруге болғандай: бастапқыда «Кедей», одан кейінгі кезеңдерде «Алға», «Социалистік жол», «Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы»  деген атаумен шықса, 1990 жылғы 12 қазаннан бері «Ақтөбе» деген атпен жарық көріп отыр.

Қазақ басылымдары құрылтайшысы қанша өзгеріп жатса да бірінші кезекте ұлтқа қызмет етуді басты мақсат деп біледі. Осы орайда ақпараттық, ағартушылық, танымдық сипат барлық қазақ газеттеріне тән. «Ақтөбе» газетінде де қаншама ұлтжанды азамат жұмыс істеді: олар кеңестік кезеңнің өзінде партияның қатаң қадағалауына қарамастан қазақтың мұң-мұқтажын сыналап болса да айта білді; еліміздің Тәуелсіздік алуына  нақты үлесін қосты; енді бүгінгі таңда Қазақ елінің арманы мен аңсарын, елдік пен мемлекеттілікті нығайтудың қам-қарекетін барынша кең көрсетіп келеді; ең бастысы қоғамдық сананың қалғып кетпеуі үшін табан тіресіп күресіп келеді.

Газет басшылығы мен шығармашылық ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтаймын!

Ұлт намысы, жұрт жұмысы, ертеңшіл ел үшін аянбай еңбек етуге тілектестік білдіремін. Әр қызметкердің отбасы, ошақ қасы аман болсын!

Биік белесті бағындыра беріңіздер!

Құрметпен,

Нұртөре ЖҮСІП,

«Айқын» газетінің бас редакторы.                            

ҚАЛАМГЕРЛЕР ОРДАСЫ

 

Күні кешеге дейін арнаулы әдеби басылымы болмай келген аймақтарда талапкерлердің қаламын ұштау мен таланттыларды таныту міндетін облыстық газеттер атқарғаны мәлім. Сондай парыздың үдесінен шыққан басылымдардың бірі — бүгінде 90 жасқа толып отырған «Ақтөбе» газеті.

Ақтөбе өңірінен шыққан барлық ақын-жазушыларды тізімдемеген күннің өзінде де, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тахауи Ахтанов пен Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың алғашқы туындылары көпшілікке, ең алдымен, осы облыстық газет арқылы жол тартқанын айтсақ та, көп нәрсеге көзіміз жетер еді.

«Кедей» болып өмірге келген бүгінгі «Ақтөбе» қазір де сол дәстүрді лайықты жалғастырып келе жатқаны қуантады. Бұл өңірде қарымды қаламгерлердің әр буыны кезек-кезегімен жарқырап көрініп келе жатқандығына бұрынғысынша облыстық газеттің көп көмегі тиіп отырғанын ерекшелеп айту керек.

Той құтты болсын, қаламдастар!

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.

 

«Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлына

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиевке

 

Облыс ардагерлерінің хал-ахуалын әрқашан дөп басып, олардың мұң-мұқтажын қамқорлықпен әрдайым жариялап тұратын сүйікті басылымымыз — «Ақтөбе» газетінің 90 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Газет ұжымына алдағы уақытта да зор шығармашылық табыстар, журналист бауырларымыздың дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға құт-береке тілейміз.

Егеменді еліміздің халқы, жастарын тәрбиелеуде жетістіктерге жете беріңіздер.

 

Зор құрметпен, облыстық ардагерлер кеңесі төралқасы атынан Кеңес БІРМАНОВ. 

 

 

 

Облыстық «Ақтөбе» газетінің ұжымына!

Құрметті журналистер қауымы!

Қымбатты оқырман!

 

Сіздерді Ақтөбе өңірінің жетекші басылымы — «Ақтөбе» газетінің

90 жылдығымен құттықтаймын!

Ғасырға жуық, қоғамның сан қырлы даму жылдары ішінде газет ақтөбеліктердің ажырамас серігі, рухани бағдаршысы, айнымас ақылманы, жергілікті биліктің сенімді идеологиялық құралына айналды. Аға басылым бұған дейін де, қазір де облыс зиялы қауымының қасиетті ордасы болып келеді. Болашақта да сол сара жолды жас буын лайықты жалғастырары айқын.

Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен шығармашылық қабілеттеріңіз алдағы уақытта да Ақтөбе жұртшылығының мүддесіне, өңірдің жан-жақты қарышты дамуына қызмет етеді деп сенемін.

Баршаңызға шығармашылық табыс, тың ізденіс, биік жетістік және мықты денсаулық тілеймін.

 

Құрметпен,

ҚР Парламенті

Сенатының депутаты                                                Елеусін САҒЫНДЫҚОВ.

«Ақтөбенің» шәкіртімін деп есептеймін

 

Біз әдетте байқай бермейміз, облыстық, аудандық газеттерде көп білетін, әсіресе, өңірдің тарихы мен өткен-кеткеніне қанық журналистер қызмет етеді. Олар сырт көзге томаға тұйық, тіпті творчестволық ізденісті жиып қойып, күнделікті күйбең тіршіліктің соңында томпиып қана жүрген әдепкі көптің қатарында қалғандай  көрінгенімен,  байқап сөйлесу керек. Ішінде жанартау жатқан жасын мінез жандар — солар. Әңгімең жанына жақпаса, сарт еткізіп айтып тастайды. Өйткені сені орталықтан келді, зиялы қауымның сөзін тыңдап жүр деп сыйлап отырады ол. Ал сол сыйына сай сый-парасат таныта алмадыңыз ба, онда кешіріңіз, сізбен сөз тәмам.

Бауыржан Бабажанұлы екеуміз «Ақтөбе» газетіне біріміз басшы, біріміз қосшы болып барған күні мен осы жайтты құмбыл аңғардым. Көргені көп, алды кең ағалардың бізді өткір сынға алып, «осылар қайтер екен» деп аңыс байқатқанын да іштей бек түсініп жүрдім. Амангелді, Аманқос, Нұрмұханбет ағаларымыз бізді уақыттың талабынан жаңа тыныс тапқан баспасөз майданындағы күреске бастап, жұмысты үйлестіруге, қазіргі іс жүргізу  үрдісінің тіліне салсақ, менеджерлікке жетеледі. Бізді үйретті, біздің үйретпек болғанымызды үрікпей қабыл алды. Сөйтіп жүргенде ай аунап, жыл жылжыпты. Мен Алматыға қайттым. Бірақ «Ақтөбе» газетінен қол үзбеген екенмін. Қазір тіпті жақсы болды: «Ақтөбенің» әр санын ғаламтордағы электронды нұсқасынан көріп отырамын. Қызығамын. «Құдай-ау, мынау астауына алтын төгіп қойған Алматы мен Астанадағы «жаны аяулы» газеттердің аузын ұрып алады ғой» деп айналама дабырлап, айтып та жүремін. Ел жаққа Алматы мойындаған интеллектуал Мейірхан Ақдәулетұлының баруымен әм жергілікті шығармашылық қауымның әлеуеті біріккен бойда Ақтөбеде заманауи журналистиканың жаңа мектебі қалыптасып үлгерді.  Ақтөбеден «жорналшымын» деп келген жас бұл күнде қолдан-қолға өтіп тұр. Мен де өзімді ақтөбелік мектептің түлегі санаймын. Тоқсаныншы жылдар аяқталып, жаңа ғасыр басталған кездегі мектептің түлегі емес, тоқсан жылдық тарихты еңсеріп бастаған газеттің шежірелі мектебінің шәкіртімін деп ойлаймын. Әрине, газеттің түп бастауына, тереңіне жету біз үшін қиындау мәселе. Алайда, осы тарихты жасаған тұлғаларды ойлап, айтулы мерекенің тұсында бүгінгі оқырман мен әріптестерді құттықтап қоюға болатын шығар.  Қуанышқа ортақ адамның көңіл күйімен айтсам: бәрі де құтты болсын, бауырлар!

 

Дәурен ҚУАТ,

abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы. 

 

Құрметті «Ақтөбе» газетінің  ұжымы!

 

Сіздерді бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен құттықтаймыз!

Қазақ әдебиеті  үшін Ақтөбе өңірінің жөні бөлек. Ақтөбе десе, еске ұлы жыраулардың сарқытындай Нұрпейіс Байғанин және  қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейткен  Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Мұхтар Құрманалин, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Құрал Тоқмырзин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы секілді дара таланттар түседі. Ұлт мақтанышына айналған бұл  қаламгерлердің тырнақалды шығармалары «Ақтөбеде» жарияланғаны хақ. Бірсыпырасы осы облыстық газетте еңбек етіп, шыңдалыпты.

Ақтөбеде қазір де қалам қуатын күллі қазаққа мойындатқан дарынды ақын-жазушылар тұрады.  Төрежан Мәндібаевтың, Мейірхан Ақдәулетұлының, Ертай Ашықбаевтың, Амантай Өтегеновтің, Бауыржан Бабажанұлының, Жанна Елеусіздің есімдері республика жұртшылығына кеңінен таныс.  Олардың дені «Ақтөбеде» жұмыс істеуі облыстық басылымның өңірдегі ірі мәдениет ошағы екендігінің айғағы!

Тарихтың соқтықпалы-соқпақты жолдарында өзіндік сүрлеуінен жаңылмаған газеттің алдағы уақытта да талай дарынның түлеп ұшар тұғыры болатынына сенеміз. Өткен ғасырдың басында  екі-ақ бет болып жарық көрген газет бұл күнде 32 бетке дейін жетіп отыр екен. Уақыт өткен сайын мазмұны жағынан байып, биіктеп, тереңдеп келе жатқан басылымның  оқырмандары да жыл өткен сайын көбейе бермек.

Мерейтойларыңыз құтты болсын! Шығармашылықтарыңызға толағай табыстар тілейміз.

 

Құрметпен,

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы.

 

Әйгілі жазушы Марк Твен: «Дүниеге жарық беріп, сәуле шашып тұратын екі-ақ күш бар: бірі — аспандағы Күн, екіншісі — жердегі журналист» деген екен. Төңірегіңдегіні көру үшін Күннен түскен жарық керек болса, өмірді, қоғамды біліп-тану үшін журналист қаламынан туған ақпараттар, мақалалар, очерктер қажет.

Ақтөбе өңірінің шежіресі — «Ақтөбе» газетінің жарыққа шыға бастағанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейтоймен барша ақтөбеліктерді құттықтағым келеді. Ал журналистерге бүкіл халыққа еткен адал қызметтеріңіз лайым мерейлеріңізді үстем еткей деймін.

Әумин!

 

                                                                                                   Үмбетбай УАЙДИН,

                                                                                                                      жазушы.

Алматы қаласы.

 

Соңғы жылдары архив материалдарымен көп жұмыс істеп жүрмін ғой. Осы ретте «Ақтөбе»  газетінің, мысалы, қуғын-сүргін немесе аштық нәубетіне байланысты мақалаларды жеткілікті бергенін анық байқап жүремін. Ұлы Отан соғысы жылдары газет майдангерлер мен тыл еңбеккерлері арасында жария түрде хат алысуларды ұйымдастырып, елге рух бергені, әйгілі тарышы Шығанақ пен сол кезде үрдіс алған, әр аудандарда құрылған берсиевшілер звенолары туралы тұрақты жазғаны да белгілі. Сонау алпысыншы жылдары осы газет облыста ақындар айтыстарын ұйымдастырудың ұйытқысы болып, оған өзімнің де қатысқаным еске түседі. «Коммунизм жолы» деп  аталған кезінде бұл газеттің сын-сықаққа, соның ішінде фельетон жанрына ерекше ықылас бөліп, оны қалың оқырманның елеңдей күтіп отыратын кездері де болған. Жалпы өткен, бүгінгі кезеңдері туралы айта берсем, «Ақтөбе» туралы әңгімем ұзаққа созылып кетер еді.

Сондай жақсы үрдістерді лайықты жалғастырып келе жатқан қадірлі басылымымыздың мерейлі мерекесі құтты болсын. Қаламдастарыма шығармашылық табыс, елге абыройлы амандық тілеймін.

 

Табыл ҚҰЛИЯС,

жазушы.

Астана қаласы.

 

Жетпісінші жылдың басынан бастап облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакциясында қызмет істей бастауым менің қаламымның ұшталуына едәуір септігін тигізді. Оның алдындағы төрт-бес жыл аудандық газетте қызмет атқаруым, облыстық деңгейдегі шығармашылық топтың жатырқамай қабылдауы  жазушылық болашағымды айқындаған кезеңдер болды. Әйтпесе баяғыша тракторшы болып жүрсем, мұндай қалам ұштауға жағдай қайда?  Қай кезде де жеңіл болмайтын облыстық газеттің қара шаруасын атқара жүріп, журналистиканың очерк, суреттеме дейтін жанрларына ауысып, арасында әңгіме, повесімді жазып, баспасөздегі өрісімді кеңейте түскен жылдарым осы.

Өзім үшін сондай ыстық ұяның 90 жасқа толып отырғаны қуанышты жағдай, үлкен мереке. Ақтөбе оқырмандарының сүйікті басылымының шығармашылық ұжымын шын жүректен құттықтап, зор табыс тілеймін!

Құрал ТОҚМЫРЗИН,

жазушы.

Алматы қаласы.

 

 

Мен жұрт жаппай газет-журнал оқитын Кеңес кезеңінде бірқатар басылымдарда қызмет істеген журналистпін. Қазіргі журналистика біздің кезімізден әлдеқайда озық деп ойлаймын. Бүгінгі журналистер батыл да ашық, сонымен бірге, оларды кәсіби деңгейі жағынан да жоғары бағалаймын. Қоғамда алға жылжу бар, ендеше, қоғаммен бірге журналистика көшінің ілгері озуы да — заңдылық.

Бір кезде өзім қызмет еткен «Ақтөбе» газетін қазір де қарап, оқып тұрамын. Мені қуантатыны, «Ақтөбе» — облыстық басылым болғанымен,  мазмұны, журналистерінің кәсіби шеберлігі жағынан республикалық басылымдармен деңгейлес. Газетті басқарып отырған белгілі қаламгерлер ғана емес, қарапайым тілшілері де республикалық басылымдарға ұсынуға әбден лайық дүниелерімен көрініп, сүйсінтіп жүр. Әрдайым осы биіктен көрініңіздер! 

 

                                                           Қажығали МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ,

                                                                                                                         жазушы.

Астана қаласы.

                     

 

Ақтөбе өңірі — тарихы бай, ел қорғаған батырлар мен ел сөзін ұстаған даналар өткен қасиетті де киелі  жер. Бұл өңір — менің ата-бабам Жем-Сағыздың ұлан-ғайыр  алқабын жайлап өмір сүрген жер. Осы жердің кешегісі мен бүгінгісін шежірелеп келе жатқан «Ақтөбеге» 90 жылдық мерейлі тойың құтты болсын деген тілегімді жолдаймын. Газеттің осы жылдар ішіндегі тұтастай өмірбаяны — Қазақ елінің және Ақтөбе елінің өмірімен тікелей сабақтас. Мен газеттің  өткен ғасырдың 60-70 жылдардан бергі авторымын. Алғашқы тырнақалды дүниелерімді — ел өмірінен жазылған очерктер мен  суретттемелерімді өз оқырмандарына таныстырған да осы газет, сондықтан да ол  маған әрдайым  ыстық. Газет — төрткүл дүниеге, қазақ жұртына танымал тұлғалардың — әдебиет пен өнер қайраткерлердің өзіндік бір мектебі.

Елдің рухани бейнесінде алатын орны айрықша «Ақтөбе» газетінің шығармашылық ұжымына  сәттіліктер мен жеңістер  асқар биіктерге жетелей берсін деген әріптестік сәлемімді арнаймын.

 

Мәди АЙЫМБЕТОВ,

жазушы.

Астана қаласы.

 

 

 

«Ақтөбе» — облыс жұртшылығының сүйіп те іздеп оқитын газеті. Өз тарихында «Кедей», «Алға», «Социалистік жол», «Коммунизм жолы» сынды атауларды иемденгенімен, бұл басылым ешқашан тек үкіметтің саясатын жүргізумен, партияның тапсырмасын орындаумен шектеліп қалмаған, қарапайым халықтың өмірін де көрсете білген, әрдайым халыққа керектіні жариялап-жеткізіп отырған. Мен «Актюбинский вестник» газетінде ұзақ уақыт еңбек еттім, біз «Ақтөбе» газетінің қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс істедік. Алдымдағы ағаларым, қатарластарым, кейінгі інілерім бар, «ақтөбеліктердің» қай-қайсысы да мен үшін — өз досым. Қазір де газеттен Ертай Ашықбаев, Аманғос Орынғалиев, Нұрмұханбет Дияровтардың мақалаларын іздеп оқып, солардың сәтті сөйлем, жақсы ойларына жаным жадырап, мақтанып, марқайып қаламын. Олар ұзақ жылдар бойы журналистік өмірдің қызық-шыжығын бірге көрген, туғанымдай болып кеткен адамдар ғой. «Ақтөбенің» беттерінде өзімнің де көптеген өлеңдерім, мақалаларым шықты, сол арқылы қазақ тілді оқырманға танылдым, орысша жазғаныммен, жүрегімнің қазақ деп соғатынын, қазақтың тілін, тарихын, салт-дәстүрін бір адамдай білетінімді осы газет арқылы жеткіздім. Сондықтан да «Ақтөбені» өз газетім санаймын. Бүгінде туған тіліміз өз мәртебесін иемденіп, тұғырына қонды. Қазір тіл туралы анау-мынау деп жүргендер көп. Мен өз басым бұрын ауладан қазақша сөйлеген бала көрмейтін едім, қазір көшеде де, басқа жерде де, үлкеннен де, кішіден де тек қана қазақша сөздер еститін болғандықтан, тіліміздің төңірегіндегі көп уайымды бос сөз деп білемін. Тіліміз өз тұғырына қонған бүгінгі тұста «Ақтөбе» газетінің де мерейі үстем, таралымы жоғары. Алдағы мерейтойларын да осылай қарсы алсын деп тілеймін. Әрдайым оқырмандарын жақсылықтарға, ізгі мұраттарға жетелей берсін!

Амантай ӨТЕГЕНОВ,

                                                                                                                               ақын.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>