Тұңғыш

«Кедей» басылымның тұңғыш саны Ақтөбе қаласының сол кездегі Сталин және Фрунзе көшелерінің бұрышындағы 16-үйде жарық көрген. Облыстық мұрағат қызметкері Сағыныш Төремұратованың айтуынша, ескі құжаттарда осындай дерек бар. Сақталған құжаттардың арасынан осы ғимарат туралы қандай да бір дерек табылар деген ниетпен Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайына хабарласқан болатынбыз.

— Сталин атындағы көше — қазіргі Алтынсарин көшесі, ал бұрынғы Фрунзе — қазіргі Жанқожа батыр атындағы көше. Кезінде қаладағы барлық әкімшіліктік ғимараттар осы маңда орналасқан сыңайлы. Өткен жылы мұражайға Алматы қаласынан бір режиссер жігіт келді. Арғы атасы Ақтөбе өңірінде сол жиырма-отызыншы жылдары құқық қорғау саласында қызмет еткен екен. Дерек бойынша, ол жұмыс жасаған құқық қорғау органдарының ғимараты әр жылдары Фрунзе көшесіндегі 16, 18 және 24-үйлерде орналасқан болуы керек деп келді. Жергілікті ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан да біраз дерек тапқанын айтты. Белгілі болғаны — сол кездегі Фрунзе көшесінде орналасқан 24-үй әлі бар. Оның қазіргі мекенжайы — Жанқожа батыр көшесі, 70-үй. Ескі үлгімен, ескі сәулетпен салынған ақ кірпішті үйде қазір бір отбасы өмір сүріп жатыр. Ал Фрунзе көшесіндегі 16 және 18-үйлер табылмады, — дейді мұражайдың қор бөлімінің меңгерушісі Базаргүл Тұрлыбаева.

Болжам бойынша, Фрунзе және Сталин көшелерінің, яғни қазіргі Алтынсарин мен Жанқожа батыр көшелерінің қиылысындағы «Ресей Жинақ банкі» орналасқан бес қабатты ғимарат орнында бұрынғы «Кедей» газеті шыққан үй болған болуы мүмкін.

 

***

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлерінің көмегімен жәдігерлер қорынан «Кедей» газеті басылған баспахананың 1931 жылғы суреттерін таптық.

«Кедей» газеті редакциясының тұңғыш жауапты секретары болған Қ.Назаралиннің естелігінен баспахана ісінің де қаншалықты қиын болғанын көруге болады: «Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде оқыған білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен біраз таяқ жедік. Бір сөзбен, газет ісінің әліппесін редакцияда жұмыс істеп жүріп үйрендік», — деп жазады ол.

Баспаханада жұмыс жасағандар зейнеткер Сабыр Зәкіржановтың 1967 жылы жазған естелігінде мынадай деректер кездеседі:

«…Бұл 1924 жыл болатын. Ақтөбеге келдім. Мақсатым — жұмысқа орналасу. Көшеде кетіп бара жатып, «Типография» деген жазуға көзім түсті. Келесі күні «Кедей» газетін шығарушы болып жұмыс істеуге қалдым.

Содан бері саналы өмірімнің еңбек жолы түгелдей осы мамандықта өтті. Алғашқы жылдары газет шығаруға көп уақыт кететін. Біздер цехтарда түн ортасы ауғанша жүретінбіз. Электр болмағандықтан, майшамның жарығында жұмыс жасайтынбыз. Газет басу жұмысы да түгелдей қолмен атқарылатын. Газеттің техникалық жұмыстарын былай қойғанда редакцияның өзіне адамдар жетіспейтін.

Уақыт өткен сайын адамдар іске төселіп, жаңа техника келе бастады. Сөйтіп, бірте-бірте қиындықтар жеңілдене бастады», — деп жазады.

 

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Жаңа әліппе сабақтары

 

Осы нөмірден бастап «Кедей» бетінде жаңа әліппе сабақтарын басып отырмақпыз. Жаңа әліппемен оқи, жаза білмейтін «Кедей» оқушысы қалмау керек. Жаңа әліппенің үйренуге оңайлығы сондай, бұған өз алдына уақыт жіберіп кісіден үйренбей-ақ  осы газет бетіндегі сабақтарын біліп кетуге болады. Жаңа әліппенің әріптері мыналар:

 

№№

Жаңаша

Ескіше

№№

Жаңаша

Ескіше

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

а

в

с

d

e

g

q

i

j

k

l

m

n

ا

ب

ش

د

ه

ع

ئ

ج

ك

ل

م

ن

14

15

16

17

18

19

20

21

22

23

24

n

o

p

q

r

s

t

u

v

z

ь

ض

ق

ر

س

ت

ؤ

 

Жаңа әліппемен жазғанда, оқығанда орыс жазуы секілді солдан оңға қарай оқылады, жазылады. Жаңа әліппе әріптері баспасында бөлек-бөлек  тұрады да, жазбасында әр тұтас сөз қосылып жазылады. Төмендегі басылған бірінші сабақ. Сабақтар бұдан былай жалғасып отырады. «Кедейді» үзбестен алып оқып тұрсаңыз аз ғана күнде жаңа әліппемен оқып жазып кетесіз.

 

Сабақ №1.

а, б, ш, п.

Аш, аша, апа, аба, ша, шаш, шап, шаша, баба, абас, бабас, бапа, ашба, шаппа, абаш, шаб! Апа, шашба! Аш, бапа, бапа, баба, бабаш, шап баба.

Жазылғанда «б» әріпінің жоғарғы басы басқалардан биігірек, жоғарғы озып шығып тұруы керек. Ескі әліппемен жазылған. Мына сөздерді жаңа әліппемен жазып көр: Апа, ашпа! Апа шаппа аш! Аш баба. Абаш аш. Абаш шаппа-шап.

Бұл төрт әріптің жазбасы орыстың а,б,ш,р-ларының жазба түріменен бірдей. Кімде-кім жаңа әліппе жөнінде жөн сұраса, оған «Кедей» бетінде жазып, қайтарылып отырады. Егер 10 тиынның я 5 тиынның маркасын жіберсеңіз, көрсеткен адресімен өзіңе тура жауап беріледі.

 

Жұбанұлы Құдайберген.

 

«Кедей» сайтқа кірді

 

Сонау жиырмасыншы жылдары Кеңес Одағының құрамындағы көптеген республикалардың аймақтарында газет шығару мәселесі қолға алынған болатын. 1924 жылы 6 мамыр күні Ақтөбе губерниялық партия және атқару комитеттерінің бірлескен мәжілісінде Ақтөбеде қырғыз тілінде газет шығару туралы шешім қабылданып, 7 маусым күні «Кедей» газетінің алғашқы саны оқырманына жол тартты. Басылымның тұңғыш саны Ақтөбе қаласының сол кездегі Сталин және Фрунзе көшелерінің бұрышындағы 16-шы үйде жарық көрген.

Ол кезде интернет, компьютер деген түске кірмеген заман. 90 жыл бұрын шығарылған газеттің алғашқы санының қандай болғанын қазір ешкім білмейді. Себебі мұрағаттың өзінде басылымның алғашқы сандары сақталмаған. Онда бар болғаны 1928-29 жылдары шыққан сандары ғана бар, онда да толық емес.

— «Кедейдің» 1928 жылы шыққан 32 саны мұрағатта сақтаулы. 1929 жылғы сәуір-желтоқсан айлары аралығында шыққан 47 саны да бүгінгі күнге дейін сақталған. Бұл жылғы газеттер араб қарпімен жазылған, — дейді облыстық мұрағат қызметкері Сағыныш Төремұратова.

Сағыныш Төремұратова біз үшін құнды құжат болып отырған «Кедейіміздің» ескі сандарын «шаң басқан архивтің» сөрелерінен интернет желісіне шығаруға, сөйтіп, оны көпшіліктің игілігіне жаратуға бар күшін салып жүр.

— Аймақ шежіресіне айналған газеттің ескі тігінділерін сұрап келушілер көп. Араб әліпбиін меңгерген келушілер «Кедейді» сұрап, басылымның ескі сандарында жарияланған деректерді қажетіне жаратып жатады. Дегенмен, қағаз да тозады. Шыққанына тоқсан жылға жуықтаған басылымның ескі сандары әбден сарғайып, үгітілгелі тұр. Сондықтан мұндай құнды құжатты әркімнің қолына ұстата беру де оңай емес, —  дейді С.Төремұратова.

Жақында Сағыныш газет қызметкерлеріне жақсы жаңалығын жеткізді: «Кедей» газетінің осы ескі сандары түгел интернет желісіне енгізілді! «Ақтөбе облысы Интернетте» қоғамдық қорының директоры Александр Гавриловтың көмегімен «Кедейдің» электронды нұсқасы жасалып, миллиондаған оқырманға жол тартты. Енді өңірдің өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы жылнамасын арап әліпбиін түсінетін кез келген оқырман «Ақтөбе облысының тарихы» сайтындағы (www.myaktobe.kz) «Облыстың мерзімді басылымдары» айдары сілтемесі бойынша өтіп, оқи алады. Бұл жерде «Кедейдің» 1928 жылы шыққан 32 саны және 1929 жылы шыққан 47 саны түгел орналастырылған. Алдағы уақытта «Социалдық жол» («Ақтөбенің» отызыншы жылдардағы атауы) газеті тігінділерінің де электронды нұсқасы жасалып, интернет желісіне енгізілетін болады.

«Кедейде» жарияланған бірқатар мақалаларды кириллица қарпіне түсіру мәселесі де мұрағат қызметкерлері тарапынан қолға алынған болатын. Мысалы, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнография институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Кедейдің» 1928 жылғы №31, 35 және 36 сандарында шыққан Құдайберген Жұбановтың «Жаңа әліппе сабақтары», «Жаңа кітаптар», «Округтік жаңа әліппе  комитетінде», «Қорық сақтау керек» мақалалары мен басылымның әдебиет қосымшасындағы «Төрт қызық, мың бейнет, жарық өмір» атты туындысын арап қарпінен кириллицаға түсіріп берген. Сағыныш Төремұратованың айтуынша,  жақында аталған сайтқа «Социалистік жол» газетінің 1945 жылғы сандары да енгізілген.

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

«Рабиске» енген мақалалар

 

Қазір соңғы технологиялық әдістерді қолданудың тиімділігі зор. Интернет ресурстардың ішіндегі ең қажетті әрі маңыздысының бірі — электронды сандық кітапхана. Облыс орталығындағы ғана емес, аудан кітапханалары да орталық кітапхана арқылы басқарылатын «РАБИС» бағдарламасымен (қазақша баламасы — Республикалық автоматтандырылған ақпараттық кітапханалар жүйесі) жұмыс жасайды. Бүгінде тоқсан жылдық тарихы бар «Ақтөбе» газетінде жарық көрген мақалалардың дені «РАБИС» бағдарламасына енгізіліпті.

Қазір Мұғалжар ауданындағы 9 кітапхана «РАБИС» бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Оның 4-еуі — ауылдық жерде.

— Аудан кітапханалары 2008 жылдан бастап жаңа жүйемен жұмыс жасайды. Содан бері «Ақтөбе» газетінде Мұғалжар өлкесіне, жалпы аудан жаңалықтарына  қатысты жарық көрген  900-ден астам мақала «РАБИС» бағдарламасына енгізілді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, ондағы атқарылып жатқан шаруа жайына қатысты жазылған  мақалалардың басылым бетінде көптеп жарық көретінін «РАБИС» бағдарламасына енген мәліметтерден айқын аңғаруға болады. Кешегі күндері атағы алысқа жайылған Мұғалжар жылқысы туралы белгілі журналист Нұрмұханбет Дияровтың «Жылқының ізі жоғалған жоқ па?» атты мақаласы кітапхана оқырмандарының үлкен қызығушылығын тудырды. Көп оқылған мақала бағдарлама бетінде  айқын көрініп тұрады. Бұл — «Рабистің» артықшылығы, — дейді Мұғалжар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Әлима Ниязбекова.

Оның айтуынша, кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану — қызметтің сапасын арттырып, оқырмандар санын толықтыруға әрі рухани құндылықтарды қолжетімді деңгейде пайдалануға мүмкіндік береді.

Шалғайдағы Байғанин ауданының тұрғындары, яғни «Ақтөбе» газетінің сүйікті оқырмандары үшін де мол мүмкіндік туыпты. Бұл туралы Байғанин аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Бәтима Кенжебаева былай дейді:

Жақында «Ақтөбе» газетінде аудандағы Ақбота-Сәңкібай тауына  қатысты мақала шықты. Өлке тарихы туралы жазылған мұндай мақалаларды мамандар «РАБИС» бағдарламасына және «Деректер базасына» мұқият енгізіп отырады. Кітапхана мамандары  оқырманның сұраған тақырыбы бойынша мәліметті бұрынғыдай газет тігінділерінен іздеп жатпайды. Қазір  «РАБИС» арқылы тез табуға мүмкіндік бар.

Байғанин ауданындағы 22 кітапхананың екеуі — аудан орталығында, қалғандары —  селолық жерде. Бұл кітапханалардың  9-ы «РАБИС»  бағдарламасы бойынша жұмыс жасайды. Б.Кенжебаеваның айтуынша, кітапханада жергілікті газеттердің тігіндісін он жылға, ал өзге баспасөз тігінділерін  бес жылға дейін ғана сақтауға мүмкіндік бар.

P.S. «Ақтөбе» газетінің тоқсан жылдық мерейтойын Байғанин өңіріндегі кітапханалар  ұжымы өз деңгейінде атап өтіпті. Оқырмандардың қатысуымен өткен «Аймақтың жаршысы «Ақтөбе» газетіне — 90 жыл» атты танымдық кеш  пен «Кедейден» «Ақтөбеге» дейін» атты тарихи сағат еркін әңгімелесу түрінде өткен. Кездесуге газеттің тұрақты оқырмандары мен ауыл ақсақалдары, жастар қатысыпты.

Жарқамыс, Жем, Сағыз моделді ауыл кітапханаларының ұжымы «Тағылымды тарихы мол басылым» атты іс-шараны да үлкен дайындықпен ұйымдастырған.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*

You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>