Басты бет » «Ақтөбе»-90 » Оларды «ақтөбе» табыстырды

Оларды «ақтөбе» табыстырды

«… Ақын-көңіл қашан, сірә, қартайған?!

Сүйгенінің меңін көріп марқайған.

Ақтөбе, Орал, Атырау мен Ақтаудың

Горкомдары, сақтаныңдар Ертайдан!»

Бұл әзіл өлеңді сонау сексенінші жылдары ақын Есенқұл Жақыпбеков ақын Ертай Ашықбаевтың «Қос мең» өлеңіне жауап ретінде жазған екен. Шайыр Хафиз арудың бір меңіне екі қаланы «құрбан етіп» жіберсе («…Қос меңіңе Бұқара мен Самарқанды берер ем» деп келетін әйгілі өлеңінде), Ертай Ашықбаев ғашық болған арудың жүзіндегі қос мең үшін төрт қаланы «айырбастап» жіберген:

«… Санамдағы сұлуларды шегерем,

Салтанатпен жария етем досқа да.

Екі меңге мен төрт қала берер ем,

Бір мең үшін берсе Хафиз қос қала»,

деп жырлайды. Есенқұл Жақыпбеков ақынның сүйгенінің меңі үшін «талан-таражға түсе жаздаған» Ақтөбе мен оған жақын жатқан үш қаланың горкомдарын сақтандыруға себеп болған Күләй Бекетова ол кезде «Ақтөбе» газетінің секретариат бөлімінде ақындар арасындағы «сауда-саттықтан» бейқам жұмыс жасап жатыр еді.

… Иә, Ертай Ашықбаев пен оның зайыбы Күләй Бекетованың шаңырағы бүгінде шыға бастағанына 90 жыл толып отырған «Ақтөбе» газетінде қызмет етіп жүргенде көтерілді. Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап келген Күләй 1983 жылы газетке корректорлық қызметке орналасып, кейін жауапты хатшының орынбасары болып ауысты.

— Ол кезде қазақ мектептері аз болатын. Сондықтан оқу бітіріп келген мұғалімдерге жұмысқа тұру оңай емес-тін. Газетке де сауатты, төзімді, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тиянақты мамандар қажет еді. Күләй корректор болып қызмет атқарып жүргенде оның тиянақтылығын, әр ісіне ұқыптылығын байқағаннан кейін секретариатқа ауыстырдық. Газеттегі ең ауыр жұмысты осы бөлім атқаратын еді. Мен осы газетте жиырма бес жыл жұмыс жасадым. Бөлім меңгерушісі де, бас редактор да болдым, алайда, жұмыстың ауырлығымен менің есімде қалғаны — секретариаттағы жұмыс, яғни жауапты хатшылық. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, мақалалар екі рет — әуелі редакцияда машинкамен, одан соң баспаханада линотиппен терілетін. Баспаханаға апарған кезде бір мақалада, мысалы, 10-15 жол жетпей қалса не артып кетсе, жұмыстың барлығын қайтадан басынан бастап жасауға тура келетін. Осындай ауыр жұмыстың барлығын Күләй ер азаматтармен қатар жүріп атқарды, секретариаттың ауыр жүгін бірге көтерісті, — дейді сол жылдары жауапты хатшы қызметін атқарған «Ақтөбенің» ардагерлерінің бірі Идош Асқар.

… Ертай Ашықбаев ол кезде 26-27-лердегі жігіт болатын. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған оған Ақтөбе облысы Исатай аудандық газетіне жолдама беріледі.

— Бұрын да аудандық газетте жұмыс істедің. Бізге де тілші керек. Бізге кел, — дейді сол кездегі «Ақтөбенің» бас редакторы Нұрқайыр Телеуов бастаған ағалары. Ертай Ашықбаев шынында да оқуға түспес бұрын Темір аудандық «Жұмысшы туы»-«Рабочее знамя» газетінде қызмет еткен, арасында әскери борышын өтеп келіп, Алматыға сол газеттен аттанған.

Әйтеуір сол кездегі полиграфия істері жөніндегі облыстық басқарманың бастығы Марат Мырзағұловтың, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Асанғали Шыңбаевтардың рұқсатымен ауданға жіберілмей, облыстық газетке қызметке тұрды.

— Мен газетке 1982 жылы қызметке келдім. Сол жылдары Күләй да келді қызметке. 1983 жылдың күзінде Ертай Ашықбаев газеттің мәдениет бөліміне жұмысқа қабылданды. Ол кезде барлығымыз жаспыз, үнемі бірге жүреміз. Кейде түскі ас кезінде Ертай, Сатыпалды үшеуміз біздің үйге барамыз. Менің келіншегімнің сіңлісі болып келетін Күләй да сол мезет біздің үйде бола қояды. Сөйтіп, Ертай екеуі жарасып, отбасын құрған еді, — дейді газетте отыз жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Нұрмұханбет Дияров.

Қысқасы, 1984 жылдың 1 қыркүйегінде «Ақтөбенің» шаңырағында үлкен той болды. Газеттің мәдениет бөлімінің тілшісі Ертай Ашықбаев пен жауапты хатшының орынбасары Күләй Бекетова отбасын құрды. Бұл тоқсан жылдық тарихы бар қарашаңырақта қызмет істеп жүрген екі адам бірлесіп көтерген алғашқы және әзірге жалғыз шаңырақ.

— Сол кезде рұқсат ала алмай, жолдама бойынша Исатай ауданына кетіп қалсаңыз,  қос меңді аруыңызды кездестірмеуіңіз мүмкін ғой. «Ақтөбенің» арқасы екен ғой бәрі, — деймін әзілдеп.

Былтыр Ертай Ашықбаевтың «Ақтөбе» газетінде қызмет еткеніне отыз жыл болды. Биыл қыркүйек айында ақынның сол кездегі «Ақтөбе» газетінің қызметкері Күләймен көтерген шаңырағына отыз жыл толады.

… «Ақтөбе» газетіне салт басты, сабау қамшылы болып қызметке келген 26-27-лердегі жігіт Ертай Ашықбаевтың отбасында Азамат, Әлихан деген екі ұл өмірге келді. Жолдасы Күләй тұңғышын өмірге әкелген соң Ақтөбеде жаңадан ашылған №32 мектеп-гимназияға өз мамандығы бойынша жұмысқа ауысты. Қазіргі күнге дейін сол мектепте қызмет етіп жатыр, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, гимназиядағы кәсіподақ төрағасы. Азамат Елбасымыздың «Болашақ» бағдарламасы арқылы  Шотландия еліндегі Гордон университетінде білім алды, үйге Индира есімді келін түсіріп, Дастан атты немере сыйлады. Әлихан — жоғары білімді дизайнер.

 

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*