Бұқара

  • Ұлт

 

Домбыраның туған күнін тойлау керек!

 

Мен осы ойымды 1986 жылдан бастап айтып та, жазып та келемін. Бірақ ешкім құлақ аспайды.

Айтайын дегенім кәдімгі өзіміздің домбырамыз туралы. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» дейді Қадыр Мырзалиев. Бұрын әр қазақтың төрінде домбыра ілулі тұратын. Оған асқан құрметпен қарайтын, оны аяқ астына тастамайтын. Ата-бабамыз домбыраны бір елі қасынан тастамаған, қуанышын, қайғысын домбырасымен білдірген. Осы киелі музыкалық аспабымыздың туған күнін неге атап өтпеске? Домбыраның туған күнін атап өтсек, оның атағы дүние жүзіне тарап, біздің ұлттық құндылықтарымызға басқа ел де құрметпен қарар еді. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген сөз бар ғой.

Аңыз бойынша, домбыра 1227 жылы, яғни Шыңғысханның баласы Жошы хан кенеттен қайтыс болғанда шыққан. Жошының өлгенін домбырамен естірткен. «Ақсақ құлан» деген аңызда айтылады бұл туралы. Ертеде Жошы қырық нөкерімен аңға шығады. Кең далада келе жатса, алдарынан үйір-үйір құландар шығатын көрінеді. Қараса, құландардың үйірін бастап бір ақсақ құлан келеді екен дейді. Жошы садағын алып, құландарды атқан кезде, құландар Жошыға қарай лап қойып, ханды талап өлтіріпті деседі аңызда. Сол кезде қырық нөкері Жошының өлгенін әкесіне қалай естіртетінін білмей дал болады. Шыңғысхан көп күтеді, бір күні қырық нөкерін шақырып алып: «Жошының не өлісін, не тірісін біліңдер, оны өлді деп естірткеннің көкірегіне қорғасын құямын, бір ай мерзім беремін» дейді. Сөйтіп, қырық нөкерді жібереді. Бұлар Жошының өлгенін қалай естіртерін білмей, кеңесе келе ақылы таудай дария бір қарияның алдына барып, «Бізді құтқара көріңіз» деп жалынады. Сөйтіп, қарияны өздерімен бірге алып, хан ордасына келеді. Қарияны Шыңғысханның алдына алып келеді. Қарттың қолында домбыра бар екен. Ол кезде домбыраның не екенін ешкім білмепті деседі аңызда. Сөйтіп, қария қолындағы домбырасының құлағын бұрап, шектерін қағып-қағып жібергенде бәрі де қалт тынады. Хан құлақ қойып тыңдаса, домбыра біресе жел боп гулеп, біресе аттардың шапқанына ұқсап, біресе оқтың ұшқаны секілді үн шығады, біраздан кейін үні бәсеңсіп барып, біреудің аттан құлағанындай көріністі көз алдына әкеледі. Сәлден соң адамның үзілген жанындай болып, домбыраның да үні өшеді. Отырғандар төмен қарайды, Шыңғыс та баласының өлгенін түсінеді. Сөйтіп, ханның әмірін екі етпей, Жошының өлгенін естірткен домбыраның шанағына қорғасын құйылыпты деседі. Домбыраның шанағындағы тесік содан қалған екен дейді аңызда.  

Қырық кісіні аман алып қалған домбыра сол замандардан бері киелі аспап саналған. Міне, сол уақыттан бастап санасақ, 2017 жылы домбыраның шыққанына табандай 790 жыл болады екен.

Менің айтайын дегенім, халық болып, ұлт болып асыл домбырамыздың туған күнін атап өтсек жақсы болар еді. Тарихшылар мен мәдениет саласындағы жауапты адамдар осы мәселені үкімет басындағыларға жеткізсе дұрыс болар еді.

 

Жұмабек ҚҰЛБАЕВ,

Қандыағаш қаласының тұрғыны.

  • Тарих

 

Беймәлім деректің бір тіні

 

Қазақ КСР халық ағарту комиссары болған Сұлтан Сүйінішәлин Ырғызда туған. Иә, таңданбай-ақ қойыңыз, біз бұрын осындай лауазымды жерлесіміз Темірбек Жүргенов атқарғанын білетінбіз.

Темірбек Қараұлы 1933 жылдың шілдесінен 1937 жылдың шілдесіне дейін Қазақ КСР халық ағарту комиссары болып қызмет жасаса, сол жылдың соңынан бастап 1938 жылдың маусымына дейін бұл лауазым тағы бір жерлесімізге бұйырыпты.

Ол – Сұлтан (Хансұлтан) Сүйінішәлиұлы Сүйінішәлин.

Біздің Ырғыз өңірінің  тарихы әлі де шашыраңқы күйде жатыр. Өңірдің шежіресі туралы беймәлім деректер жетіп артылады. Осы айдың алғашқы аптасында аудан орталығында  көрнекті мемлекет қайраткері Тел Бұқпанұлы Жаманмұрыновтың туғанына 125 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференцияда сөйлеген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова Ырғызда туған, есімі көпке жария болмаған тұлғалардың бар екенін тілге тиек етті. Олардың бірқатарының аты-жөнін де атады.

Осы ойға түрткі болып Қазақстанға белгілі қайраткерлер арасынан Ырғыз топырағында дүниеге келген адамдарды іздестіріп көргенбіз. Қолымызға тиген Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының ғылыми кеңесінің ұсынуымен шыққан «Қазақстанның халық комиссарлары. 1920-1946 ж.ж. Өмірбаяндық анықтамалық» (Алматы, 2004 жыл) кітабынан құнды деректерді кездестірдік. Мұнда Темірбек Қараұлы Жүргенов, Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов, Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов, Бәймен Алманұлы  секілді жерлестеріміздің суреттері мен өмірбаяндық деректері енген. Осы анықтамалық кітапта Бәймен Алманов «Ақтөбе губерниясы Шалқар уезі №2 ауылда мал өсіруші отбасында туған» деп көрсетілген.

Ал енді оқырманға түсінікті болу  үшін бұған дейін бізге беймәлім болып келген жерлесіміз туралы осы кітапқа енген мәліметті толық жариялағанды жөн көрдік.

«Сүйінішәлин Сұлтан (Хансұлтан) Сүйінішәлиұлы

(1905-1941)

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында мал өсіруші отбасында туған, қазақ. 1925 жылдан Коммунистік партиясының мүшесі. 1932 жылы И.В.Сталин атындағы Бүкілодақтық коммунистік университті бітірген (Ленинград қаласында).

1921-1923 жылдары пошташы, қалалық милиция қызметкері (Шалқар қаласы), Ақтөбе кеңес-партия мектебінің тыңдаушысы. 1923-1926 жылдары БЛКЖО Шалқар уездік комитеті саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі, кейін хатшысы. 1926-1927 жылдары БЛКЖО Қарсақпай уездік комитетінің хатшысы. 1928-1929 жылдары БЛКЖО Қостанай округтік комитеті тарату бөлімінің меңгерушісі, БК(б)П Қостанай округтік комитеті көшпелі партия мектебінің жетекшісі және үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1929-1932 жылдары И.Сталин атындағы Бүкілодақтық коммунистік университетінің студенті. 1932-1933 жылдары БК(б)П «Прибалхашстрой» аудандық комитеті мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі. 1933 ж. сәуір-мамырында БК(б)П Алматы облыстық комитетінің насихат секторының меңгерушісі. 1933-1937 жылдары БК(б)П Риддер қалалық комитеті мәдениет және насихат бөлімінің меңгерушісі, хатшысының орынбасары, екінші хатшысы, ҚК(б)П ОК-нің бөлім меңгерушісі. 1937 ж. желтоқсанынан 1938 ж. маусымына дейін ҚазКСР халық ағарту халкомы.

Қуғындалған. 1938 ж. тұтқындалған, 1940 ж. сотталған, жазасын КСРО ІІХК-нің Сугурман колониясында өтеп жүріп қайтыс болған.

1955 ж. қыркүйекте ақталған».

Бұл — құжаттағы нақты мәлімет. Өйткені «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының» 12-томын, көршілес Шалқар ауданының «Шалқар» энциклопедиясын (2009 жылы шыққан), ғаламтордағы «Уикипедияны» қарағанымызда да Сұлтан Сүйінішәлин туралы ұқсас мәліметтер таптық. Осы арада айта кетейік, Темірбек Қараұлы Жүргеновтен кейін екі ай (қазан, қарашада) Біржан Манкин есімді азамат Қазақ КСР Халық ағарту комиссары болса, желтоқсаннан бастап бұл лауазымның тізгінін Сұлтан Сүйінішәлин ұстаған.

Зұлматты кезеңнің қаһарына ұшыраған ол бұл қызметті небәрі жарты жыл ғана атқарды. Өмірбаян деректерінен-ақ Ырғызда дүниеге келген Сұлтан Сүйінішәлиннің осал адам болмағанын аңғарамыз. Ел тарихынан ойып тұрып орын алған, кезінде елінің мүддесі үшін қажырлы еңбек еткен есімі елеуге тұрарлық азаматтың өмір жолы, өскен ортасы туралы толық зерттеу жүргізу кейінгілердің міндеті болуға тиіс деп білеміз.

 

Марат Мырзалы,

Ырғыз ауданы.

 

 

  • Тіл

 

Құжаттар  мемлекеттік тілде жасалуы тиіс! 

 

1923 жылдың 22 қарашасында Орынборда «Тіл туралы» декретте, қазақ, орыс тілдеріне бірдей мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Қайта құру жылдары елімізде қостілділік саясаты белең алды.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ана тіліміздің дамуы мен нығаюы үшін көптеген заңдар қабылданды. Қазақстан Республикасының Конститутциясы мен «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңында: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жарияланған. Елбасымыз өз сөзінде: «… Қазақстанның жастары мынаны білуге тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарында, сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар — өз функцияларыңды қажетті деңгейге жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек» деп атап өткен болатын.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 161 жекеше нотариус есептік тіркеуде тұр. Ақтөбе облысындағы барлық аудандар нотариаттық қызметпен қамтамасыз етілген. «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының 15-бабында: «Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмілелері қажет болған жағдайда басқа тілдердегі аудармасы қоса беріліп, мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады. Шетелдік жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмілелер мемлекеттік тілде және тараптар үшін қолайлы тілде жазылады» делінген.

Қазіргі таңда, нотариаттық іс «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңына сәйкес жүргізілуде. Алайда, Ақтөбе облысының тұрғындары көбінесе нотариустарға орыс тілінде жүгінеді. Сондықтан «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңына сәйкес, нотариаттық іс-әрекеттер де азаматтардың өтініш білдірген тілінде жүзеге асырылады.

Жергілікті нотариаттық палата және әділет департаменті «Тілдер туралы» Заң аясында нотариустар арасында түсіндіру шаралары, кеңес беру жұмыстарын ұйымдастырып, нотариустарға тәжірибелік көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар, нотариаттық құжаттарды жасау кезінде бірыңғай тәжірибені қолдану үшін республикалық нотариаттық палатасы мәмілелердің үлгілерін дайындады. Қазір бұл үлгілердің екі тілдегі нұсқалары тексерілуде.

«Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының 15-бабы тікелей нотариустарға да қатысты болғандықтан, осы бапқа өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Яғни нотариаттық қызмет істері және құжаттар басқа тілде емес, мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс деп есептейміз, ал азаматтардың талабы бойынша дайындалған құжаттардың өзге тілдегі аудармасы қоса берілсін.

Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде! Тіліміздің мәртебесін көтеріп, оны дамыту — барлығымызға ортақ міндет!

 

Тимур ИСАБЕКОВ,

облыстық әділет департаментінің басшысы.  

 

 

  • Адам

 

Өмірі — өнеге

 

Ақпейіл, абыройлы ағамы Хамит Мүсіров жайлы бір үзік сыр айтсам деп едім.

Соғыстан кейінгі аш-жалаңаш жылдары шешемізге еріп, бұғанасы қатпай жатып, еңбекке жегілген үлкен ағамыз өмір тауқыметін ерте тартты. Ол кезде еңбекақыға ақша алу деген жоқ. Колхоздың бір күнге беретіні — 250 грамм тары, 250 грамм бидай. Тарыны шешеміз қуырып, кебегін ұнтап, көк сүтке былғап беретін. Ал бидайды қол диірменге тартып, ұннан собалақ пісіріп беретін еді. Сол тойғанымызды той көріп жүре беретінбіз. Осы қиындықтың бәрін шешемізбен бірге көрген еді Хамит ағамыз. Анам екеуіне шиеттей бала-шағаны асырау оңай болған жоқ. 

Содан әскерге барып келгесін 1954 жылы Ақмола қаласына барып төрт айлық пошта қызметкерін даярлайтын курсты бітіріп келіп, Каганович атындағы колхозға пошта бастығы қызметіне тұрды. Осыдан бастап тұрмыс-тіршілігіміз жақсара бастады. Ағамыз сол жылдың жазында үйленді. Жұмыс орнында зор сенімге ие болып, оны Алтықарасу ауылына пошта бастығы жұмысына ауыстырды. Бұнда да абыройлы жұмыс жасады, еліне елеулі, халқына қалаулы беделді азамат болды. Сол жылдарда зейнетке шыққанша аудандық Құрмет тақтасында тұрақты түрде суреті ілулі тұрды. Кішіпейілділігінің, қайырымдылығының арқасында тума-туыс, жора-жолдастарының ортасында беделді, өте сыйлы болды.

Ағамыз 11 балалы болды, балаларының бәрі де ержетіп, өмірден өз орындарын тапты. Соңынан ерген інілері Әнет екеумізге әкеміздей қамқор болып, үйлендіріп, енші берді. Ағамыздың бұл жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Әнеттің 7 баласы, менің 4 балам өсіп-өнді, бәрі де үйлі-баранды болды. Осы жақсылықтарыңды ойға алғанда оны қалай қайтарарымды білмей дал боламын, аға. Біздің талай білмей істеген кемшіліктерімізді кешіре біліп, ешбір ұрысу дегенді де білмедің. Әр қазақтың ағасы осындай болсын деп тілеймін.

Қазір ағамыздың жасы 85-ке келді, Аллаға шүкір, денсаулығы жақсы, шөберелерінің қолынан су ішіп отыр. Жеңгеміз екеуінің қосылғандарына биыл 60 жыл болады. Жеңгеміз Ықыласпен бірге Алланың берген жасын жасап жүре беріңіздер.

Қазақта абзал да, асыл осындай ағалар көбейе берсін.

 

Тәжіғали МҮСІРЕПОВ,

зейнеткер.

 

  • Бағдаршам

 

Кітап оқыңдар!

 

Қазіргі таңда кітапқа қызықпаушылық, кітап оқымау жасөспірімдер арасында белең алып барады. Бұл жағдай кімді болмасын алаңдатпай қоймайды. Себебі кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр. Кітап оқитын қоғам ғана болашақта бәсекеге лайық болары хақ.

Әр кітаптың өз құндылығы бар. Мазмұны терең кітапты оқи отырып, шығарма кейіпкеріне сүйсініп, жақсысын үйреніп, жаманынан жиренбек керек.

Еш уақытта маңызы жойылмайтын асыл қазынаны кейінгі ұрпаққа білімнің, адалдықтың кілті ретінде насихаттау қоғамдағы әрбір азаматтың міндеті десем қателеспеспін!

Ал интернет әлемдік қауымдастықтың негізгі ақпараттық-коммуникациялық құрамына айналып отыр. Дегенмен, интернеттің жақсылықтарымен бірге келеңсіз жақтары да барын естен шығармағанымыз жөн. Интернетке қосылу үшін, әрине, бізге компьютер керек. Ал әр күнді компьютер алдында өткізу денсаулыққа зиян екенін білесіздер ме? Ол адам ағзасына қауіп төндірумен қатар сананы улайтыны белгілі. Компьютер алдында ұзақ отырса, адамның көзі, омыртқасы ауырады және қимыл-қозғалысына, адам психологиясына кері әсер етеді. Жүйке жүйесі ауруларына шалдықтырады.

Осы тұрғыда Шәкәрім Құдайбердіұлының мына сөзіне тоқтала кетуді жөн көрдім:

«Сақтық деген — әрқашан байқап жүрмек, Пайда не залал ма, ескерілмек, Көргенін, естігенін есепке алса, Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек».

Сондықтан интернетті меңгеруіміз керек деп, интернетті білмеген заман көшінен қалады деп, таңертеңнен қара кешке дейін компьютер алдына отыра беруден сақтанайық.  Жан азығы — жақсы кітаптар! Сондықтан интернет алдында керексіз мәлімет алып, алтын уақыттарыңызды бос өткізгенше, мағынасы, тәрбиесі мол кітап оқыңыздар!

 

Самал ИГІЛІКОВА,

№4 орта мектептің оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

  • Жаңғырық

 

Тағы да өтежанның өлеңдері туралы

 

Газетіміздің биылғы  27 ақпандағы санында (№27-28) ақын Ертай Ашықбаевтың «Өтежан кешкен өрттің бояуы» деп аталатын мақаласы жарияланған болатын. Осыған байланысты редакциямызға электрондық поштамен келген хатты сол күйі ұсынып отырмыз.

Құрметті Ертай інім! Мен сіз туралы көп білемін деп айта алмаймын, бірақ баспасөз бетінен мақалаларыңызды, жазған өлеңдеріңізді оқу арқылы сырттай таныспын. «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы ретінде сіздің сол газетімізде атқарып отырған қызметіңіз бен газет көтеріп отырған көптеген мәселелердің бел ортасында жүретініңізден бір адамдай мағлұматым бар. Ал ақын ретінде өз жазу мәнеріңіздің (стиліңіздің) де ерекше екенінен хабардармын.

Ал жақында «Ақтөбе» газетінде жарияланған сіздің Өтежан ақынның өмірінен, шығармашылық болмысынан толық хабар беретін көлемді мақалаңызды оқығаннан кейін сізге деген құрметім арта түсті. Себебі Өтекеңнің өлеңдерін оқып, онда жазылғандардың шынайылығына, өмірдің өзінен алынған ақиқаттығына, еш шүбәсіздігіне сене отырып, талай оқысам да, сіздің мақалаңыздан кейін ғана көптеген затты жете түсінбей, үстірттеу қарағаныма көз жеткіздім.

Шындығында, Өтежан қаламы қарымды, өте дарынды ақын. Ол кісінің өлеңдеріне арқау болған кейіпкерлерінің көбін тек кітаптан ғана оқып емес, өмірде кездестіріп, аралас-құралас болғанымыз шындық. Кейіпкерлердің көпшілігінің арамыздан өткеніне көп уақыт болған жоқ.

Уақытында Өтекеңнің елге келіп, еркелеп, базыналық жасап көрсеткен кейбір «мінездерін» оғаштыққа санап, тентектікке балағанын жекелеген басшылар тарапынан жіберілген үлкен қателігі деп есептеймін. Сіз сол бір мақалаңызбен-ақ Өтекеңнің бар болмысын ашып, өлеңдерінің («Соғыстың соңғы жазындағы») бірін де қалдырмай, көзіқарақты жалпы оқырмандарға ұғындырып бердіңіз. Міне, сол үшін сізге айтар алғысым, ризашылығым шексіз. Сіз менің мақтау, марапатыма зәру адам емес екеніңізді біле тұрсам да осы жолдарды жазып, жолдауды өзіме парыз санадым…

 

Байғанин ауданынан Тілеуқабақ деген ағаңыз деп білерсіз.

 

  • Көзқарас

 

Интернет рухани азық па, әлде азап па?

 

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ақпарат заманында ел-елдегі жаңалықты ғаламтор арқылы жылдам біліп отырмыз. Байланыс жасау да оңай болды.

Дегенмен, интернеттің келуімен әлеуметтік желілер де күнделікті өмірімізге енді. Әлеуметтік желілердің тиімділігі де, зияны да көп. Осы мәселелерге қатысты мектебімізде «Көзқарас» бағдарламасының ізімен «Интернет пен әлеуметтік желідегі оқушы рөлі: әлеуметтік желі «азық па», азап па?» тақырыбында  пікір алысқан едік. Алдын ала дайындалған сюжеттерді тамашалай отырып, статистикалық ақпараттар мен әлеуметтік желі тарихына аздап тоқтала кеттік. Әңгіме барысында ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар тарапынан салмақты пікірлер айтылды. 8-сынып оқушылары «Агентке кіргеннен, сабақ оқығаным жақсы» десе, ата-аналар «Балалар тек босқа уақытын жоғалтпай, пайдалы нәрсе үшін пайдаланса…» деген ойларын ортаға салды. Пікірлер екі түрлі болды. Өйткені бірі интернетті заман мен қоғам сұранысына лайық жұмыс жасап жатыр десе,  енді бірі интернеттің тұрмысымызға енуі салдарынан кітап оқуды қойдық деп өткір ойларын айтты. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, әлеуметтік желілердің жаман да, жақсы да тұстары бар. Әр оқушы интернеттен өзіне керегін ғана алып үйренсе, құба-құп.

 

Үміт ЖЕТЕНОВА,

Қызылжұлдыз орта мектебінің мұғалімі.

Аралтөбе селосы,

Әйтеке би ауданы.

 

  • Пікір

 

«Қайраткер» атануға әркімнің бар таласы…  

 

Кейбір адамдармен сөйлесіп отырып: «Осы кісінің аты-жөнінің артынан қанша атақ еріп жүр екен» деген ой болады. Олай дейтінім, қазір атағы атына емес, аты атағына қызмет ететіндер көбейіп кетті… 

Былай қарасаң, мен, сіз, ол сияқты күнделікті өзінің кәсіби міндетін атқарып жүрген адамдардың, соның ішінде жас мамандардың соншалықты алты атанға жүк боларлық атағы бар деп ойламауымыз заңды емес пе? 

Қазақстанда қазір марапаттардың 20 түрі бар. Олардың әрқайсысының кімге, қалай, не үшін берілетіні «Қазақстанның мемлекеттік наградалары туралы» заңда жазылған. Тәуелсіздік алған күннен бастап елімізде 1,5 мың адам мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарға ие болыпты.

«Мемлекеттік қайраткердің саясаткерден айырмашылығы мынау: саясаткер келесі сайлауға дейін, ал мемлекеттік қайраткер ел болашағы үшін қызмет етеді» деген екен Уинстон Черчилль. Ал АҚШ-тың 33-інші президенті Гарри Трумэннің: «Саясаткер — мемлекетті басқара алатын адам, ал мемлекеттік қайраткер — 15 жыл бұрын қайтыс болған саясаткер» деген белгілі сөзі бар. Әрине, бұл «қайраткер» атағын алу үшін 15 жыл бұрын өлуің керек деген сөз емес, мемлекеттің үлкен атағын алған адамның сол елге сіңірген зор еңбегінің жылдар бойы ұрпақтың игілігі үшін қолданылуы қажет деген ойдан туған шығар.

Қайраткер халықты соңына ерте алатын адам болуы керек. Және ол шүлен үлестіргендей жыл сайын емес, мүмкін үш, мүмкін төрт жылда бір рет берілуі керек шығар. Сонда оның салмағы да ауырлап, алатын адамдары да әлдеқайда ірі болар еді…

Себебі… себебі бізде қазір отызға толар толмастан қайраткер атанып жатқандар баршылық. Әлбетте, мәселе жаста да емес шығар. Рас, жетістігін жіпке тізсең, жеті атанға жүк етіп артуға болатын жастар да баршылық. Дегенмен, оларға өз саласына қатысты берілетін атақтар толып жатыр емес пе?

Әйтпесе, үш-төрт киноға түсіп, бір фильмде басты рольді ойнап, болмаса, балетмейстер, әнші болып жүріп, «қайраткер» атануға әркім де таласа алар еді…

Әйтпесе, өз саласында өз қызметін абыройлы, жемісті атқарып жүрген теміржолшы, пошташы, гүл өсіруші, еден жуушы, шаш қиюшы — бәрі-бәрі де «қайраткер» атана алар еді ғой. Себебі ол, мысалы, қайраткер атанып жатқан әншілер сияқты өз саласында барынша еңбектеніп, барынша еңбегін сіңіріп, елдің гүлденуіне үлес қосып жатыр емес пе?.. Бүйте берсек, бәріміз жаппай «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына таласа аламыз ғой?..

Жақында журналист Ержан Байтілестің бір жазбасын оқыдым, ол Мәдина Сәдуақасованың «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» деген атағы бар екенін айта отырып, Шерхан Мұртазамен сөйлескенін жазады:

«Шерағаң осыған дейінгі жеткен жетістіктерін айтып жатыр. Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері деген де атағы бар екен. 
— Ал мынау, —  деді Шерағаң. —  Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері деген нәрсе, — деді кекесінмен.
  Шераға, неге қызметкер? Неге қайраткер емес?
Сұрағымның жақпағанын көзінің аласынан білдім. «Қимайды да!». Жауап осы болды. Айтайын дегенім, Мәдина кім, Шерхан кім? Қайраткер кім, қызметкер кім?»

Иә, анау кім, мынау кім? Сен кім, ол кім?… деген секілді салыстыруларды атын атап, түсін түстеп, тізбелей беруге болады. Ал мен тек ойымды айттым. Сіз не дейсіз? Шынымен, «қайраткер» атағын тым арзандатып алған жоқпыз ба?  

 

Абзал АЗАМАТ,

Шалқар ауданы.  

 

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*